«ШЫҢҒЫСТАЙҒА БАРАЙЫҚ...» Ойлап отырсам, күні бүгінге дейін, демек, ат жалын тартып мініп, қолыма қалам, қағаз алып, жазу өнерін қуғаннан бермен, елден ұзап шыққан жиырма жылдың ішінде кезекті еңбек демалысымды бірде-бір рет бөтен жұрт, өзге жерде өткізбеген екенмін-ау. Кейде «биыл көдедей көп демалыс үйлеріне барайыншы-ақ» деп қамданамын, амал не, еме-жемге келгенде, «қайдасың, ауылым» деп, аңырата тартамын-ай, туған жер, өскен елге. Бұл не? Ала бөтен махаббат па, жоқ болмаса қолдан жем жеген құстың алысқа ұшпайтыны сынды үйкүшіктік пе, ол жағын әлі күнге жігін аша түсінген емеспін, әйтеуір, қолым босаса болды, аңсарым ауылға ауады да тұрады. Ауыл хикаялары Шыңғыстайға шынайы ниетпен бар Бұл жерде жазушының ізі қалған. Қиялы қалықтаған. Талай-талай дүниелерін жазған. Бұл - қасиетті топырақ. Бір алапат күшті сіз де бір сәт сезінесіз. Сап-сары сағынышқа көмілесіз. Айналаңызға Оралханның көзімен қарап, сыр болып төгілесіз. Ессіз ғашық боласыз. От болып жанасыз. Бар әлемді жүрегіңізге сыйдырып, әлдилейсіз. Содан кейін... суынасыз... Жалқы сәтте-ақ жат боласыз. Жалғыздығыңыз жаныңызға батады. Қиналасыз, жүдейсіз. Иә, қазір бұл үй иесіз. Бөкей ақсақал да алдыңыздан шықпайды. Күләй шешей де құрақ ұшпайды. Суреттер де үнсіз. Олар тұтынған заттар да жансыз. Мұнда Оралханның бозбала шағында таққан «Слава» қолсағаты бар. 1962 жылы алғашқы еңбекақысына ата-анасына алып берген диваны да тұр. Алматыда бильярд ойнағанда ұстаған кийтаяғы да сақталыпты. Міне, мынау жазу үстелі... Жазушының үстелі. Алақаныңызбен аялай сипайсыз. Бәлкім, бұл үстелге қарыздарсыз. Сізге бақыт сыйлаған, толғана оқып жасыңызды тыймаған шығармаларын ол осы үстелде жазған болар. Сөзсіз, сәттері бар қиналған. Түндері бар көз ілуге қимаған. Осы үстелде сіздің сүйікті жазушыңыз шығармашылықтың ащы азабын тартты. Тәтті ләззатына бөленді. Сірә де, жазушының жұмағы да, тозағы да - жазу үстелі екеніне ешкім де таласпас. Бұл мұражай Оралханның 60 жылдығы қарсаңында ашылыпты. Алғашында Оралханның туған апайы Шолпан басқарған екен. Қазір бұл мұражайға қаламгердің жақын досы Аманжан Нұқсарин бас болып отырған көрінеді. - Мұражайды алдағы уақытта ауданның қарамағына алсақ деген ойымыз бар, - дейді Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов. - Қазір бұл үй Оралханның Алматыда тұратын қарындасының меншігі болып саналады. Оралхан Бөкейдің Катонқарағай ауданының қазіргі орталығы Үлкен Нарында да тұрған үйі бар. 1966-1967 жылдары жазушы аудандық «Еңбек туы» газетінде қызмет атқарған. Аудан орталығындағы сол үйді де көрген болатынбыз. Мәслихат хатшысы Дүйсен Зағыпранұлынан сол үйді мұражайға айналдыруға болмас па деп сұрадық. - Алдағы уақытта аудан орталығынан Оралханның мұражайын ашу ойымызда бар. Бірақ ол үйді қайтарып алу жайы қиындау. Қазір ол үйде сауда орындары орналасқан, - дейді Д. Бралинов. Шыңғыстай... Оның сай-саласы, қойнауы тұнып тұрған тарих. Бұл ауылдың мектебінің ғасырдан астам тарихы бар. Облыстағы көне мектепті кезінде осы Шыңғыстайда отыз жылға таяу болыс болған Әбдікерім деген кісі салдыртыпты. Мұнда қазақтың Абайдан кейінгі дарынды ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров ұстаздық қызмет еткен. Шыңғыстайға барсаң, шынайы ниетіңмен бар. Бұл өлке өтірікті ұнатпайды. Жасаңдылыққа жаны төзбейді. Жылтыраққа құмартпайды. Төр Алтай арзанға алданбайды. Тазалық, пәктік... Байқайсыз ба, мұнда бұлақтар сыңғырлап күледі. Үні қандай! Саф алтындай таза. Осы үн Оралханның шығармаларында бар. Сіздің жаныңызды баурап алған да осы үн. Бұлақтың сыңғыры... Құрақтың сыбдыры... Құстардың қанатының суылы... Алтайдың биігі... Тау алыстаған сайын асқақтай береді... Мейрамтай Иманғали
А. Бегімбет суреттері http://www.neweurasia.net/ru/culture-and-history/na-vostok-posetite-chingistay/ - сайтынан алынған. «На восток? Посетите Чингистай» Шыңғыстай Шыңғыстай - Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы ауыл. Катонқарағай ауылынан шығысқа қарай - 20 шақырым. Сарымсақты тауының баурайында, Бұқтырма өзенінің сол жағасындағы қайыңды, қарағайлы орман арасында орналасқан. Іргесі ХІХ ғасырдың аяғында қаланды. Халқы - 1,2 мың (2006). 1968 - 96 ж. бұғы өсіретін кеңшар бөлімшесінің орталығы болған. Оның негізінде Шыңғыстайда шаруа қожалықтары құрылды. Селодағы қазіргі Әбдікерім атындағы орта мектеп 1905 жылы ашылған. Осы мектепте Сұлтанмахмұт Торайғыров мұғалім болды, өзінің белгілі «Кедей» поэмасын осында жазған. Бір ғана Алтай өңіріне емес, бұл мектеп Қазақстанға талай қайраткер дайындап берді. Оның түлектері жоғары оқу орындарын бітіріп, ғылымның, өнердің, шаруашылықтың әр саласында қызмет атқаруда. Қазақтың ғұлама ғалымы Сәрсен Аманжолов, философия ғылымының докторы Қабдош Дамитов кезінде осы мектепті бітірген. Әдебиетші-сыншы, ғалым Баламер Сахариев, жазушылар Оралхан Бөкей, Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқаров - бүгінде халқымыздың мақтанышы. Шыңғыстайдағы Әбдікерім болыс салдырған Оралхан оқыған мектеп Түркілердің кіндік жұрты Төр Алтайдың кепештігіне ақбауыр бұлттар мәңгілікке бауыр басып алған сынды, арлы-берлі бей-берекет жөңкілгендері болмаса, дәл осы төңіректен басқа қонысқа кете қойғылары жоқ. Қимайтындары да, көздерінің жасын тыймайтындары да рас. Алтайсыз - бұлт, бұлтсыз Алтай жетім сияқты. Алтайға бұлт, бұлтқа Алтай жарасатынын бұл өңірдің еңбектеген баласы мен еңкейген кәрісіне дейін баяғы заманнан бері біледі, оларды бір-бірінсіз елестете де алмасы хақ. Дерек көзі: |