|
Абай Құнанбаевты
еске алу кешіне - 100 жыл
1914 жылы 26 қаңтарда Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай Семей қаласында тұңғыш рет әдеби-көркем кеш өтті. Осы айтулы тарихи оқиғаға биыл 100 жыл толды. Бұл кеш қалай ұйымдастырылды?
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1913-1914 жылдардан бастап Семей қаласында «Шығыс кеші» деген атпен ойын сауық ұйымдастырылып отырған. Осы ойын сауықтарға мұғалімдер семинариясының студенттерімен бірге, қалалық бес класты училище оқушылары Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев сияқты талантты жастар қатысқан. Сол кезде мұндай рухани жұмыстарды өткізіп, қазақтың белсенді жастарын өнерге тартып баулыған семинария мұғалімдері Нұрғали Құлжанов, Нәзипа Құлжанова, ақын Тайыр Жомартбаев, т.б. еді.
Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына арналған этнографиялық, әдеби музыкалық, вокальдық кеш те осы кездесулер аясында өткен. Оны өткізуге Нұрғали мен Назипа Құлжановтар, Абай балалары Кәкітай мен Тұрағұл, Абайдың інісі Шәкәрім қажы және Орыс жағрафия қоғамының Семейдегі бөлімшесі атсалысқан. (Астана ақшамы http://www.astana-akshamy.kz/?p=15394). 1914 жылғы «Айқап» журналының екінші санында берілген кештің арнайы бағдарламасынан белгілі алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың кешке қатысып, Абайдың ғұмырнамасын оқығанын білеміз («Абай» журналы, 1992.№ 2.б.4-5). Ақын мұрасын лайықты бағалаған Нәзипа Құлжанова Абай туралы баяндама жасайды. Нәзипаның орыс тілінде таза сөйлеуі кешке жиналған орыстарды таңдандырса керек. Баяндамада Абайдың қырда өсіп, алған білімі аз болса да Еуропаның озық ойлы әдебиет өкілдерінің шығармашылығымен таныс болғанын, олардың сөзін ұғып, көңіліне тоқып, орыстың Пушкин, Лермонтов, Толстой сияқты мәшһүр адамдарының сөздерін қазақшаға аударып жазып, артына өлмес мұра қалдырғанын сөз еткен. «Абайды туғызған қазақ даласы тағы да талай Абай сияқты бәлкім, одан да артық данышпандар туғызар» - дегенде залға жиналған қазақтар көздеріне жас алып, ұлы ақынға деген құрметін, сағынышын білдірген екен.
Кеш бағдарламасына сүйенсек, оның екінші бөлімінде Абай өлеңдері оқылып, Бахтың увертюрасы рояльда орындалған. Ал үшінші бөлімінде басқа ұлт өкілдері үшін Абай өскен ортадан хабардар етіп, қазақ этнографиясынан бақсы ойыны, бүркіт салу, қонақ күту сияқты көріністер қойылған. Сондай-ақ, Абайдың көзін көрген әнші Әлмағамбет Қапсәләмұлы Абай әндерін шырқаған. Мұңлы да нәзік мақаммен шырқалатын Татьянаның әні жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, көңілінен шыққан. Мұнан кейін майда үнмен шырқалып, бірде ақырындап, бірде көтеріп созып орындалған «Жігіт ғашығы», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» әндерін тыңдаған көпшілік орыс-қазақ демей, шығарушысына да, ән салушы Әлмағамбетке де алғыстарын айтқан. Әлмағамбет - алуан түрлі аспаптарда, скрипкада, сырнайда ойнаған өнерлі адам болған.
Абай өлеңдері оқылады, бақсы ойнайды дегенді естіген зиялы қазақтар кешке отбасымен түгел барған болса керек, кешке көп халық жиналады. Кештің қазақтың мәдени өмірінде алар орны ерекше болғаны соншалық, баспасөз беттерінде жарыса жазып, қоғам өмірінде үлкен толғаныс туғызған. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 51-санында жарияланған «Семейдегі әдебиет кеші» атты мақалада: «26 январьда Семейде «Народный домда» жағрафия жамиғатының (қоғамының - Қ.М.) әдебиет кеші болды. Бұл кеште халық аса көп болып үйге сыймағандықтан, бірсыпыра адамдар кіре алмады... Бұл жағрафия жамиғатының кеші халықты сүйсіндіріп көңілін ашты: «Бізде де Абайдай данышпан адам туады екен-ау, атағы қазақ түгіл орысқа да шығып, өзі өлсе де, терең ойларын, қымбат сөздерін, түрленген күйлерін жұр¬тына мирас қылып артына қал-дырғандай» деп жұрт шаттанды» деп жазған.
«Қазақ» газетінің 1914 жылы маусымның 23 күні 67-санында жарияланған «Абай» деп аталған мақаласында Міржақып Дулатов Семейде өткізілген Абайды еске алу кеші туралы: «…Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып һәм бірінші қазақ әйелінің (Нәзифа ханым Құлжанов жамағаты) майданға түсіп, берген өрнегі еді», - деп ерекше атап көрсетіпті.
Сол кезеңде сауық кештер ұйымдастыру, оның маңыздылығы туралы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың өзі: «Мұндай ойындар көбейсе, ақшасы - бір, екінші - жақсы сөздер жарысқа түсіп, әдебиетіміз ілгері басуға зор себеп болар еді. Сондықтан осындай жақсылық жолдарға ойын істейміз деп кезенген жерлерде жол бөгеу болмайтын қылып, тамам ескі, жаңа сөздерімізді - өлеңі бар, қара сөзі бар - жиып-теріп кітап (сборник) қылып драматическая цензурадан өткізіп алсақ, бір санаулы жұмыс біткен болар еді», - деп жазған.
Қазақ топырағында тұңғыш өткізілген әдеби кеш Ұлы Абайдың қадір қасиетін, атағын жұртшылыққа жария етудегі алғашқы қадам болатын. Осы Абайға арналған тұңғыш кешті ұйымдастырушы - журналист, ағартушы, қазақтың оқымысты қызы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың еңбегін ерекше айту артық болмас. XX ғасырдың басында заман өркениетіне ілесе білген Нәзипа Сегізбайқызы 1887 жылы 27 шілдеде Қостанай облысының Жангелдин ауданында дүниеге келген. Торғай қаласындағы приходская школада оқып, 1902 жылы Қостанайдағы пригимназияны тамамдайды да, 1903-1904 жылдар аралығында Торғайдағы әйелдер училищесінде мұғалімдік қызмет атқарады. 1905 жылы Семей қаласына келіп, Оқытушылар семинариясындағы қызметін өмірлік серігі Нұрғали Құлжановпен бірге бастайды. 1903 жылы 1 шілдеде ашылған бұл семинария (қазіргі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледж) сол кездегі айтулы деген оқу орындарының бірі болатын. Нәзипа Құлжанова қазақ халқының ауыз әдебиет үлгілерін, музыкалық фольклорын жинақтауға, қала өміріндегі маңызды мәдени-ағартушылық шараларды ұйымдастыруға ұйтқы болған. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін алғаш рет орысшаға аударып, орыстың «Сибирский студент» журналының екі санына бастырып шығарады. Шығыс әйелдер сьезін ұйымдастыруға да қатысуы Нәзипа Құлжанованың білгірлігі, өжеттілігі сияқты ерекше қасиеттерін көрсетеді.
Абайға арналған кешті өткізу үшін Нәзипа талай кедергілерге жолығады. Губернаторға хат жазып, жауабын үш айдан кейін алады. Кештің бағдарламасын патшаның цензурасы тексереді. Абайдың жиені, Абай қорының президенті Б. Ерсәлімов: «Нәзипа - үлкен педагог, ол кісі бала тәрбиесі жөнінде үлкен кітаптары шыққан, үлкен журналист, үлкен этнограф. Бұл кісі әйелден шыққан ең бірінші абайтанушы, Әлиханнан кейін Абайды халыққа айғайлатып шығарған осы - Нәзипа», - деп қайраткер қыздың еңбегіне зор баға берген.
Қазақ мәдениетінде айтарлықтай орны бар тұңғыш әдеби кеш Абай шығармашылығын халыққа танытудың бастауы болды. Ақынның дүниеден қайтқанына 10 жыл толуын еске алу кешінен бастау алған мерейтойлары, айтулы күндері, мерекелік шаралары жыл сайын назардан тыс қалған емес. 1995 жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына орай, ақынның мерейтойын бүкіл дүниежүзі ЮНЕСКО көлемінде тойлады. Осының өзі Абай шығармашылығының өміршеңдігінің көрінісі.
Міне, артына өшпес рухани қазына қалтырған Абайдай ұлы тұлғамыз барда, тар заманның құрсауына қарамастан ұлы кемеңгердің әдеби мұрасын халыққа насихаттап, оның құндылығын сол кезде ақ түсінген Нәзипа, Нұрғали Құлжановтар сынды жан дүниесі бай азаматтардың ісінен үлгі аларлық елін-жерін сүйетін ұрпағымыз барда біз - Елбасы жолдауында айтылғандай «Мәңгілік елміз»!
Мұхтарханқызы З.
А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың өлкетанушысы
үстіне
|