Жалпы сипаттамасы

Қазақстан Республикасының солт.- шығысындағы әкімш.- аумақтық бөлігі. 1932 ж. 10 наурызда құрылған. 1997 ж. құрамына Семей обл. енді.

Жер аумағы - 283,2 мың км. кв.

Шекарасы - Еліміз батысы мен солтүстігінде Ресей Федерациясымен, оңтүстігінде Түркістанмен, Өзбекстан және Қырғызстан республикаларымен, ал шығысында Қытай Халық Республикасымен шекараласады.

Халқы - (2007 жылдың 1 желтоқсанынан) 1425,1 мың адам; қала тұрғыны  850,5 мың адам (59,7 %), ауыл тұрғындары  574,6 мың адам ( 40,3 %).

Халықтың орта тығыздығы - 5,1 адам 1 км. кв.

Негізгі этносы - (90 %): қазақ пен орыс халқы.

Әкімшілік бөлуі - Өскемен қаласынан басқа 9 қала, 15 – аудан.

Әкімшілік орталық - Өскемен қ. (291,5 мың тұрғын). Астанаға дейінгі қашықтық – 1038 км.

Өнеркәсіптің негізгі салалары - түсті металлургия, машина жасау, аспап жасау, тау-кен өндірісі, энергетикалық, құрылыс, ағаш өңдеу өнеркәсібі, жеңіл, азық-түлік өнеркәсібі.

Аграрлық сектор бағдарлары - өсімдік шаруашылығы (астық, мал азығы, көкеніс және бақша дақылдары), мал шаруашылығы (ірі қара мал, жылқы, қой, және т.б.)

Көлік түрі - әуе қатынасы, теміржол, автокөлік, су транспорты.

Облыста - 11 жоғары оқу орны, 11 мұражай, 3 театр, 105 және 409 аурухана орталықтары бар.

Облыстық басқарма санағы бойынша http://www.eastonline.kz

 

Шығыс Қазақстан құндылықтары

Қиын-Керіш ескерткіші
Сирек кездесетін геологиялық - палеонтологиялық ескерткіш. Аумағы - 300 га. Топырағы ерекше қызғылт түсті.
Мұзтау
Саяхатшылар Алтайдың осынау ең биік шыңының (4506 м) адамды өзіне тартатын айрықша күші мен сиқырлы қуаты барын растайды.
Марқакөл қорығы
Бұл қорық - Шығыс Қазақстанның нағыз інжу-маржаны. Оңтүстік Алтайдың табиғат кешенін табиғи жағдайда сақтау үшін 1976 жылдан бері қорық аумағын қоршап, адам іс-әрекетінен қорғайды.
Алакөл
Алакөл - Қазақстандағы Алматы және Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан тұйық көл, Қазақстандағы ең ғажайып көлдердің бірі. Сонымен қатар аумағы 20 мың гектардан асатын бұл өлкеге денсаулығын түзеткісі келетіндерден басқа, теңдесі жоқ көлде шомылу мен балық аулағанды ұнататындар келеді.
Ақбауыр үңгірі
Ақбауыр үңгірі - қола дәуірінің ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы. Ұлан ауданы. Бестерек ауылының солтүстігінен 3 км жерде Ақбауыр тауының етегіне орналасқан. Жүйелі зерттеу жұмыстарын 1970 - 90 жылы ҚР ҒА археолог экспед. (жетекші З.Самашев) жүргізді. Үңгір қабырғасындағы қызыл күрең охрамен салынған суреттер б.з.б. 3-мыңжылдықтың басына жатады. Төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір, әсіресе, оның кіре берісіне қарсы суреттер салынған негізгі қабырғасы көп адам табынатын, киелі орын болған.
Берел қорымы
Берел Қорымы - сақ дәуірінен сақталған тарихи ескерткіш. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7-8 км жерде орналасқан. Ескерткіштің координаттары: 490 градус 20 сағат солтүстік ендік, 860 градус 22 сағат шығыс бойлық. Обалар Бұқтырма өзенінен 40-45 метр биік жатқан үшінші террассасында шоғырланған. Сақ және түркі кезеңдерімен мерзімделетін жетпістен астам обалардан құралған қорым 4000х1000 шаршы метр жерді алып жатыр.
Қозы көрпеш - Баян сұлу кесенесі
Қозы көрпеш - Баян сұлу кесенесінің үлгісімен тұрғызылған ескерткіш. Қозы мен Баян қабірінің үстіне тұрғызылған. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданындағы Таңсық станциясының маңында, Аягөз өзенінің оң жағалауында.
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығы
Құрылған жылы: 1968 ж., Бутаково селосындағы мектеп мұражайы.
Мәртебесі: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ШҚО мәдениет басқармасының «Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
Бағдары: көпбағдарлы
Мұражай-қорықтың миссиясы - ҚР халқының дәстүрлі мәдениетінің құрамды бөлігі ретінде ШҚО халқының дәстүрлі мәдениетін салааралық түрде кешенді зерттеу.
Абай мұражайы
Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы–ақынның туғанына 95 жыл толуы қарсаңында Халық Комиссарлар Кеңесінің 1940 жылғы 1-сәуірдегі қаулысы бойынша ұйымдастырылды. Оның негізгі қорын 1885 жылы өлкетану мұражайына Абай тапсырған заттар құрайды. Аталмыш заттардың 30-ға жуығы мұражай қорында сақтаулы. Алғашқы жылдары мұражай Абай ақын Семейге келгенде ат басын тіреп, түсіп жүрген Бекбай Байысов пен Әнияр Молдабаевтың үйлеріне орналасқан болатын. 1967 жылдан бастап, мұражай көпес Ершовтың (Ленин көшесі, 12) үйіне орын тепті. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Абай мұражайы мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайы болып қайта құрылды. Абай қорық-мұражайы қорында 20 мыңнан астам жәдігері, 12 950 кітабы бар ғылыми кітапхана және көшірме жасайтын ғылыми-техникалық бөлім бар.
Катонқарағай ұлттық табиғи паркі
Катонқарағай ұлттық табиғи паркі, Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданының аумағында. 2001 ж. ұйымдастырылған. Солтүстігінде Қызылқарағай және Қатынтау қыраттарына ұласа отырып, Ресеймен шектеседі. Шығысында Үкек даласымен (Ресей, Алтай Республикасы) және Қытаймен, оңтүстігінде Темірқаба өзенін бойлай Марқакөл қорығымен шектеседі. Ауданы 643 мың гектар, оның 215 мың гектары орманды алқап, ағаштарының қоры - 24 мың м3, қорықтық аймақ жері 151 мың гектар. Саябақтың пайдаланылатын аумағы - 492 мың гектар. Катонқарағай ұлттық саябағы жануарлар мен өсімдіктердің түріне бай.
Шығыс Қазақстан облысының өлкетану мұражайы
Облыстық тарихи - өлкетану мұражайы - Қазақстандағы ең ежелгі мұражайлардың бірі. Мұражай жергілікті энтузиаст жинақтаушылардың жиған топтамаларының негізінде 1915 жылы ашылды. Ғасырға жуық тарихының барысында мұражай Шығыс Қазақстан өлкесіндегі көне замандардан бастап қазіргі күндерге қатысты табиғат пен жаратылыстық ескерткіштерді жинап сақтаған үлкен қоймаға, ірі ғылыми - зерттеу орталығына айналды.

Семей қаласындағы аспалы көпір
Көпір құрылысымен, негізінен, жапондық «Аячай» фирмасы айналысты. Жапонияда жасалған көпір қаңқалары алдымен су жолымен, сосын теміржолмен Семейге тасымалданған. Жалпы, екі ел арасындағы келісімге қарай, Жапония мемлекеті көпір құрылысына 165 млн доллар бөліпті. Бұл қаржыны 2,7 пайызбен 30 жылда қайтару мәселесі де алдын ала пысықталған. Ал Түркияның «АлсимАларко» фирмасы көпірге келіп тірелетін ұзындығы 16 шақырым жол құрылысын жүргізумен шұғылданыпты. Сонымен қатар көпір құрылысы жұмыстарына өз елімізден 30-ға жуық фирмалар қатысса, жұмысшылардың 90 пайызын жергілікті азаматтар құрапты. Көпір құрылысы белгіленген мерзімнен бұрын бітіп, 2000 жылдың қазан айында пайдалануға берілді.
Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы
Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы Кенді Алтайдың солтүстік-батыс бөлігінде Шығыс Қазақстан облысының Риддер (Лениногор), Зырян, Глубокое (Орталық кеңсе-үй-жайы Глубокое ауданының Риддер қаласында орналасқан) аудандарының аумағында Поперечное ауылының оңтүстік-шығысында табиғатты пайдаланудан алынып қойылған жерлерде орналасқан.
Курчатов қаласы, Семей полигонының ғылыми орталығы
Курчатов қаласы, Семей қаласының солтүстік батысында орналасқан, Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін кеңес үкіметінің ядролық қару жасақтау орталығына айналды. Дәл осы жерден, 1949-1989 жылдары аралығында ядролық сынақтар жүргізілді. Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды.
Чаган ядролық көлі
Бұрынғы полигонның негізгі назар аударарлық жері - "атом көлі", ол "Балапан" сынақ алаңында орналасқан. Бұл көл 1965 жылы қуаты 140 килотонна термоядролық әскери қару сынағы нәтижесінде пайда болды. Көлдің диаметрі 500 метр, су бетінен түбіне дейінгі тереңдігі - 80 метр. Советтер Одағының шөлейт аймақтарында су қоймаларын совет стратегтері осындай әдіспен салуды жоспарлаған.

Дерек көзі:
http://kk.wikipedia.org/wiki/.kz Казахская Википедия (каз. Қазақша Уикипедия)