ГҮЛСІМГЕ
Жұмақтағы жібек желден,
Мәңгі жайнап тұрған гүлден
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты — ішіпті у.
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді.
Жұмақтағы кәусар судан,
Бетіңдегі алтын будан,
Періштелердің жырынан,
Жұмақ суы сылдырынан,
Жапырағының сыбдырынан,
Тәңірінің дәл өз нұрынан
Жаратылған періште еді,
Мекені оның ғарышта еді
Алмас қанат періште еді,
Мекені оның ғарышта еді,
Жерді көрді қанға батқан.
Жүрегіне қанжар кіріп,
Жапан түзде андай ұлып,
Елді көрді зарлап жатқан.
Елді көрді - жерге түсті,
Жерге түсті - көрге түсті.
Елді көрді - жерге түсті,
Қақты қанат, кезді, ұшты,
Кім зарласа, соны сүйді.
Күлгенменен бірге күліп,
Өлгенменен бірге өліп,
Күйгенменен бірге күйді.
Жабыққанға жәрдем етті,
Қара да, ақ та теңіз өтті.
Алдап, меруерт көбік шашар,
«Кел, - деп, - бері!», қойнын ашар
Тұрмыс - теңіз бір тұңғиық.
Теңізге кім басар қадам,
Басса, басар оған адам
Жанын сатып, жанын қиып!
Тұрмыс - теңіз сылқ-сылқ күлді,
Сұлу суға кірді де өлді.
Өлді сұлу - өтті жылдар,
Өлді сұлу - бітті жырлар,
Жалғыз ерте кешкі таңмен,
Қанды жерге көзін салып,
Көкті ойлап күйіп-жанып,
Қоңырлатқан мұнды әнмен
Ұшады екен қанат қағып,
Көзінен ыстық жасы тамып.
Жан толқытар жыр іздеген,
Әдемілік нұр іздеген,
Қиял құлы - мен бір ақын.
Тұрмыста тар, тайғақ жолға,
Түсіп келе жатып орға,
Күні кеше кешке жақын
Батқан күннің таңын көрдім,
Сол сұлудың жанын көрдім.
Күні кеше жанның жырын,
Жүзіндегі жұмақ нұрын
Естіп, көріп, елжіредім.
Жан-жүрегім, қолым беріп,
Қан аралас жасым төгіп:
«Жолым баста, келші!» - дедім.
Қайрылып та қарамады,
Жас жүрегім жаралады...
«Мен бір жанмын өлген, - деді,
- Періштелер көмген!» - деді,
Бір қарады, кете барды.
Жүзіндегі жұмақ нұры,
Аузындағы мұнды жыры
Жүрегіме сіңіп қалды.
Жүрегімнен кетпес бұл жыр,
Құбылса да мыңға өмір.
Періштелер лебізінен,
Шын махаббат теңізінен
Жаратылған әйел сұлу!
Тұрмыс деген бір тұзаққа,
Азға емес, тым ұзаққа
Кез болыпты - ішіпті у!
Әйел атын Гүлсім дейді,
Тұрмыс атын тылсым дейді...
ГҮЛСІМ ХАНЫМҒА
Бота көз, сиқырлы сөз Гүлсім ханым,
Әр жерде өткізсек те өмір таңын,
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?!
Бота көз, сиқырлы сөз ханым
Гүлсім, Көктегі Күн күлмесін, Гүлсім күлсін!
Гүлсім - Күн, көкте ақырын жүзе білед,
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!
АЙРЫЛҒАНДА
(Г...ге)
Бір жыл болды сені сүйдім, уладым,
Бауырыңа алдың, неге мені қумадың?
Ессізбін мен: айрылуды ерте ойлап,
Қанды жаспен көзім неге жумадым?!
Сүйдің мені, басқа жанды көрмедің,
Жасың төктің, қадірінді білмедім.
Мөлдіреген шын меруерт жасыңнан
Садаға боп, сорлы, неге өлмедім?!
Білдім: бүгін мені тастап кетесің,
Күміс көбік Ақ Еділден өтесің.
Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!
Тірі тастап кетіп мені нетесің?!
Көріскенше қош бол енді, бер қолды...
Қалтырайсың, қолым, саған не болды?..
Жазуға енді, Гүлім, халім қалмады...
Көзіме жас, жүрегіме у толды...
СҮЙ, ЖАН СӘУЛЕМ
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.
Кір қойныма, қыпша белің бүралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.
Шашың - қара, денең - ақ бұлт, жүзің –Ай
Тісің - меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ләззат, рақат, бақыт - бәрі қойнында,
Сұрамаймын еңді ұжмақ - жақсы жай!
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін:
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да!