Мағжанның махаббаты - Гүлсім ханым
немесе
Әйел сүйем, бірақ емес сендерше...

 

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін
Патша тағы, бүкіл дүние малына...

       Мұндай өлең жазу үшін өмірге тек Мағжан сияқты ақын болып жаратылу керек, ғашық-жарын бар ынта-шынтасымен беріле сүю үшін тек Мағжан сықылды отты жігіт болу керек шығар. "Жігіт болсаң шоқ бол, шоқ болмасаң боқ бол" демей ме қазақ.

Әйел сүйем, бірақ емес сеңдерше,
Мен сүйемін, жан-денесін бергенше.
Жан-денесін бірдей алам, улаймын,
Қысып сүйем, қүшағымда өлгенше.
Ол күледі, мен де есалаң күлемін,
Ол жылайды, мен де жасым төгемін.
Құшағымда жан-тәнінен айрылып,
Өледі әйел, мен де бірге өлемін,

-дейді ақын "Сырым" атты өлеңінде.
       Қазақ поэзиясында ер мен әйелдің сүйіспеншілік сезімін дәл осындай шыншылдықпен суреттеген әрі сыпайы-сырбаз түрде берген Мағжаннан басқа кім бар екен? Әрине, "Салмағыңнан жаншылып, қалсын құмар бір қанып..." деген Абай бар. Бірақ Абай мұндай өлең жолдарын бір-екі ауыз сөзбен қысқа қайыратын, себебі ол поэзияға әбден ес тоқтатып барып келді. Ал Мағжан "Сүй, жан сәулемді" жасы жиырмадан жаңа асқан жалынды шағында жазған.
       "Жастың аты жас қой. Жас ақын жастық қуаты мен жігерін, лапылдап тұрған сезімін, жандырып жіберердей лебін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын өлгісі келгенше асыра жеткізді. Біз осыған қарап, бұл біздің жастығымыздың жыры дейміз. Мұндай өлеңдер тек Мағжанда ғана толық. Поэзияға егде тартып келген Абай махаббат жайлы барынша құнарлы, суретті, философиялық мағынасы ірі өлеңдер жазды. Бірақ балдырған жігіттің лапылдаған сөзін айтуды лайық көрмеді", - дейді Ә.Тәжібаев.
       Ал енді "Мағжандай ақынның сүйіктісі болған бақытты әйел кім?" дерсіз. Ол татар келіншегі Гүлсім ханым болатын. Екеуінің қалай танысып, табысып және айырылысуы жөнінде М.Жұмабаевтың шығармаларын құрастырушы ғалымдар (Х.Абдуллин, Б.Дәрімбетов) мынадай деректер келтіреді:
       "Гүлсім ханымға" - Гүлсім Камаловаға арналған алғашқы өлең. Бұл өлеңнің тарихы мынандай: 1920 жылы Омбыдан Қызылжарға көшіп келген мұғалімдер курсында Мағжан әрі директор, әрі мұғалім болып қызмет істейді. Сол кезде Башқұртстаннан Мичурин деген ауқатты кісі жақында ғана үйленген Гүлсім деген жас әйелімен көшіп келеді. Гүлсім Мағжан басқаратын курске математикадан сабақ беретін мұғалім болып орналасады.
       Гүлсім курске келген күннен бастап өзінің асқан сұлулығымен, оның үстіне ерекше тәкаппар мінезімен жұрттың көңілін өзіне аударады. Ол ешкімге сәлем де бермей, берген сәлемін де алмай тіп-тік келіп, тіп-тік шығып кетеді екен. Бір күні Мағжан оқытушылар бөлмесіне кіріп келсе, Гүлсім бір столдың жанында жалғыз отыр екен. Кіріп келген Мағжанға селт етіп қарамайды да, Мағжан Гүлсімге қарама-қарсы отыра қалады. Бірдеңе айтқысы келіп оңтайлана бергенде үй сыпырушы татар әйелі кіріп келіп: "Гүлсім ханым, сізді телефонға шақырады!" - дейді. Гүлсім шығып кетеді. Мағжан столдың үстінде қалып қойған Гүлсімнің қалың дәптерін көреді. Дәптерді алады да оның бір бетіне табан астында шығарып осы 8 жол өленді жазады. Сәлден соң бөлмеге қайтып кіріп: "Мағжан мырза, мені қожам шақырып жатыр, рұқсат етсеңіз қайтайын?" - дейді. Ертеңінде Мағжан басқа мұғалімдермен дәлізде келе жатса, үйге Гүлсім кіріп, Мағжандарға қарама-қарсы жүреді. Әдетте, жан адаммен тілдеспейтін, сәлем бермейтін паң Гүлсім: "Сәлеметсіз бе, құрметті Мағжан мырза" деп қастарынан өте шығады. Сол күні сабақ біткеннен кейін Мағжан Гүлсімге келіп: "Гүлсім ханым, Сізді орта жолға дейін шығарып салуға бола ма?" деп сұрайды. Сонда Гүлсім: "Жоқ, Мағжан мырза, орта жолға дейін емес, жолдың аяғына дейін шығарып салуыңызға болады!" - деп жауап береді...
       Кейіннен Гүлсім Мағжанға өлеңмен былай деп жауап жазады:

Жүрәклар тоңірісі отлы!
Көзіңнің шағласын меннан
Көшір бір озі е алгулға,
Сиқырлы йылдызым, тездан!

       Әйелінің Мағжанмен қарым-қатынасын сезген Мичурин арада бір жыл өткен соң Қызылжардан көшіп кетеді. Ол,тіпті Мағжанды өлтірмекші болды...
       Гүлсім Камалова – татар қызы. 1914 жылы Петербургтегі ақсүйек қыздардың педагогиқалық институтын бітірген. Бірінші дүниежүзілік соғысқа "шафқатлық тәтесі" (медбике) болып қатысқан. Революция кезінде еліне қайтқан соң әкесі әлгі Мичуринге қосқан.

Бота көз, сиқырлы сөз, Гүлсім ханым,
Әр жерде өткізсек те өмір таңын,
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?!
Бота көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім,
Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін!
Гүлсім-Күн, көкте ақырын жүзе білед-
Сүйдіріп, күйдіргенін қайдан білсін!

       Мағжанның Гүлсімге арнап жазған өлендері көп. Олар "Гүлсімге", "Г...ге", "Айрылғанда", "Тірілдім" және жоғарыда сөз болған "Гүлсім ханымға", "Сүй, жан сәулем" деп аталады.

"Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін"-

деп басталатын өлеңі де Гүлсімге арналуы мүмкін.
       Ақынның өмірбаяны туралы еңбектерге қарағанада М.Жұмабаев екі рет үйленген және ол екеуінен басқа екі қызға ғашық болған.
       Жалпы Мағжан ақынның неке-отбасылық тағдыры да қайғы-мұңға толы. Бірінші әйелі Зейнеп 1919 жылы 10 ақпан күні бала туу үстінде қайтыс болады. Баласы Граждан келесі жылы қатыгез ажалдың қармағына ілігеді. Ақынның әкесі Бекен Мағжанға Қызылжар қаласындағы тағы бір байдың қызы Жәмиләні алып бермек болып құда түседі, қалыңмалын төлейді. Бірақ Мағжан сол қаладағы Хасан деген башқұрт байының жесірі Зылиқамен бірге Уфа, Челебі жаққа рұқсатсыз кетіп қалыпты. Одан әрі Ташкент асып кетеді. Құдалар бір-біріне ренжиді.
       Ақын өлеңдерін талдап оқыған адам Мағжанның Гүлсім Қамаловаға ғана өлердей ғашық болғанын байқайды. Ол Гүлсім көшіп кеткенде былай деп жырлайды:

Білдім: бүгін мені тастап кетесің,
Күміс көбік Ақ Еділден өтесің.
Бота көзім, өлтіріп кет қолыңнан!
Тірі тастап кетіп мені нетесің?!

       Кейін Москвада тұрған кезінде Мағжан әйелі Зылиқа екеуі трамвайда кетіп бара жатып, Гүлсімге кездесіп қалады. Гүлсім де, Мағжан да үндемейді, беттеріне бір-бір қарап бұрылып кетеді.

Ертіс өңірі, 7 қазан.- 2004