Нұржәмила

Ер бала боп еріп келдің әкеңмен,
Әкеңе де ел ырза еді әкелген.
Ұл шығар деп ойлап қалдық бәріміз
Күнде көріп жүргенде осы пәтерден.

Қабылдандың медресеге ұлмын деп,
Ұлтым қазақ, Ұлытауда тудым деп.
Тайсалмастан дайындалдың дәріске,
Міне, енді сіздерменен бірмін деп.

Жас та болсаң, жанып тұрған от едің,
Екі көзің тостағаңдай бота едің.
Егер қыз ғып киіңдіріп шығарса,
Таңдай қағар тамаша қыз - тоты едің.

Домбыра мен сырнай тартып, ән салдың.
Талантыңа тәнті болып тамсандым.
Қыз қылықты он үш жасар баланы
Өз інімдей еркелетіп қарсы алдым.

Інішегім, тыныс-едім, Бекенім,
Кетеріңді білмедім ғой қапелім...
Балалардың алды болып оқып ең,
Айтқанынан шыға алмадың әкенің.

Бәкен, жаным, мүлде кетіп барасың,
Жанды үзуші ед қарақат көзқарасың.
Өткірлігің отқа жанып кеткендей,
Көтере алмай тұрмын жүрек жарасын.

Әкетпе деп айтар меңде тіл кайда,
Күш-қуатты қайдан табам мұндайда?
Кетеріңде келбетіңе көз салып,
Ең болмаса тартқызбадым сырнай да.

Менің ішім қайнап-жанып, өртеңді,
Үйге кіріп жаптым бетке көрпемді.
Қоштасуға дәрменім жоқ, қайтейін,
Жарық дүние маған бүгін көр теңді.

Жас та едің, лағындай киіктің,                
Маған болдың қол жетпейтін биік күн.
Медреседен алып кетіп барады,
Ортамыздан кеттің енді, сүйіктім.

Қоқыс күнді алар кім бар тазалап,
Осы дәуір қыз, жігітке азап-ақ.
Балаларын бақытынан айырып,
Жалғызын да жатыр, міне, жазалап.

Кетем мен де қызығы жоқ қаладан,
Осы өмірден өзіңді тек қалағам.
Махаббатты танымайсың әзірше,
Менше күйіп-жанғанда іздеп таба алам.

Көрем біраз өзің үшін тіресіп,
Бақытыма ашылса алдан бір есік,
Жер бетінде жүрсең іздеп табамын,
Саудагердің шанасына ілесіп.

 Тым жас едің, жарық жұлдыз, шолпаным,
Атар деген атпай қалды-ау, сол таңым.
Түсінсең де, түсінбеген болдың да
Тамырларын талдап үздің қолқаның.

Үш жылдан соң айтам деген сөзімді,
Құп алар деп жұбатушы ем өзімді.
Жаралы аңдай жалғыз қалдым далада,
Сенсіз енді қайдан табам сезімді.

Ақылды едің, сырымды іштей сезетін,
Жастығың тек жаншып жанды езетін.
Мағи аға! - дегенінді естісем,
Езіліп ішім, уайым ойдан безетін.

Сен кеткелі қиын болды жер басу,
Алдымда көп тұр ғой тұтас белді асу.
Қорланамын, зарланамын, кайтейін,
Сенсіз дүние - қара кезді шел басу.

Уфадан өзің кеткелі,
Қақпадан көзім кетпеді.
Жарқ етіп кіріп келер деп,
Алдады үміт тек мені.

Маза жоқ күн мен кешімде,
Елесің қалды есімде.
Киінген кыз боп кезіңді
Көрсем деп едім Есілде.

Ұмытсын мені дедің бе,
Тигізген аяп себің бе?
Гармонсыз қалай айтасың,
Әніңді жүрген жеріңде