Мағжан Зейнепке мұғалімдер семинариясын бітірер алдында үйленеді. Кейбір ұлы адамдарға тән отбасында кездесетін бақытсыздыққа жас Мағжан да ұшырады. Қызылжар қаласында тұратын атақты да ауқатты Шоқан Тастеміровтың Зейнеп атты сұлу қызына (Зейнептің шешесі - Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің Хадиша атты қызы) ыстық махаббатпен қосылған Мағжан үйленгеніне екі-үш жыл толмай-ақ есінен мәңгі кетпейтін қасіретті қайғыға кезікті. 1919 жылдың 10-ақпаны күні Зейнеп баладан қайтыс болады. Азамат соғысының дәуіріне байланысты атын Граждан деп қойған кішкентай нәресте екі жасқа жетпей жатып ол да көз жұмды. Осы кезде ақынның Зейнеп пен Гражданға арнаған талай мұң мен зарға толы өлеңдері дүниеге келді. «Баланың қабір тасына», «Өлгені емес, жерді тастап кеткені, ізгі оймен жайлы жаннат төрінен орын алып, ата-анасын күткен дейді ақын. «Мені де, өлім, әлдиле» деп ақын күңренеді. Бірінен соң бірі кенеттен қаза, оған тағдырдың сайқымазағындай көрінеді де, ашынған көңілден:
«Өлім күйі тәтті күй.
Балқиды жаным бұл күйге:
Мені де, өлім, әлдиле,
әлдиле, өлім, әлдиле»
- дегізеді.
Жастайынан бірге өмір сүріп, ақырында сүйіп қосылысқан жары Зейнепке арнаған «3-ға» деген өлеңінде:
«Қосылған жас күнімнен жарым едің,
Сүйікті анық досым, жаным едің,
Алысқа ұзақ жолға шыққанымда,
Сарғайып мені күтіп қалып едің»