Жұмабайдан тараған бір қауым ел

Алыстан мұнарланып шалқыған көл,
Бетінде күннің нұры балқыған көл.
Жарысып саф күмістей ақ көбігің,
Мәп-мәйда мөлдірінде қалқыған көл.
Сасық деп еркелетіп ат қойған көл...
От-суға иең тұрсын жат тойған көл,
Назданып жүйрік мініп, тарлан шүйіп
Көксілдер тұс-тұс жақтан ат қойған көл...

- деп келетін Мағжанның «Туған жерім — Сасықкөл» өлеңі бастан-аяқ тұнып тұрған сурет қой. Оны оқығанда кебісін шешіп, су алған қыз-келіншектер, атын келіп суарған жігіт-желең, тайға мініп жарысып, сазға аунап алысып, ертелі-кеш күрескен балалар, айдында шоршып ойнаған балықтар мен қыздай сыңсып, құспен қосыла әндеткен қамыстар, сыртындағы ақ балтырлы қайың шоғының саясына тігілген ақбоз үйлер, сары қымыз сапырып, кеңес құрған қариялар, бай мен кедейі тең бұрынғы ауылдың тыныс тіршілігі маржандай тізіліп көз алдыңа келеді. Көл жағалай қоныстанған сол Атығай ауылдары кешегі күштеп ұжымдастыру жылдары осы айналасы сыңсыған ақ қайың Сартомарға келіп, мал-мүлкін орталыққа өткізіп, артельге ұйысқан еді. Солардың ортасында ауқаты әжептәуір Жұмабай әулеті де болатын. Ұлттың ұлы ақыны Мағжанның туған жері осы Сартомар ауылы саналатыны да содан.
       Сартомар кезінде тұрғындары жүз түндікке жуық ақар-шақар ауыл болыпты. Алғаш ауылдық кеңестің кеңсесі де осында орналасыпты. Сол төңіректегі тұңғыш телефон да осында орнатылған көрінеді. Ол туралы ел аузында бір әзіл әңгіме де бар. Кеңес төрағасы жұмыс бабымен көрші «Теңелдік» ауылына бара жатып, хатшысына «анау телефонды әкеп, арбаның алдына сал, барған соң ауданмен сөйлесуге керек болады», дейді. «Ойбай, орнынан қозғаған соң ол жұмыс істемейді», деген хатшы сөзіне бақпай, қабырғадағы ағаш телефонды жұлып әкеліп, арбаға салдырады. Барған жерде жұмыс қай көңілден шыға қойсын, басекең «бәріңді ауданға телефондап соттатып жіберейін» деп жалма-жан телефонның құлағын бұрап: «Алло, алло, аудан!» дейді. Үн жоқ. «Алло, алло, аудан!» дейді. Үн жоқ. «Алло, алло, аудан!» дейді, үн жоқ. Сонда ыза боп кеткен ағамыз: «Сартомарда сайраушы едің, теңелдікке келгенде, тілің байланып қалды ма?» деп телефонды теуіп жіберген екен.
       Дүрілдеп тұрған сол Сартомар бертін бөлімше боп қалып, біраз үй жұмыс жағдайымен, бала оқыту қамымен кеңшар орталығына көшіп кетіп, ауыл іргесі әжептәуір сөгілді. Тың игеруге келгендердің кеңшар орталықтарын қасақана орыс селоларынан ашқаны белгілі ғой. Сонда да құт қонып, бақ дарыған жер емес пе, Сартомар ұлы перзентінің атына көлеңке түсірмей, сол өңірдегі қаласы бүтін ауылдардың бірі болып отыр. Көшелері оқтай түзу, үйлерінің іргесі қоршалып, ағаш отырғызылған. Қасында кітапханасы, көркемөнерпаздар үйірмесі бар сәулетті мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Ауылдың өз мешіті бар. Жанында қоғамдық интернат жұмыс істейтін орта мектепте жүзден астам шәкірт сапалы білім, саналы тәрбие алып жатыр.
       Сырт сәулеті көз тартатын сол мектептің алдында қазақ жырының шын мәніндегі құлагері, жорға тілді, жарқын үнді ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың еңселі ескерткіші анадайдан көзге түседі. Осы ескерткіштің алдында оңға қарай ақынның өзі туған үйінің үлгісін сақтай отырып салынған мұражайы тұр. Дүлдүл ақынның жүзжылдық мерейтойы тұсында жан-жақтан келген құрметті қонақтармен бірге бұдан он бес жыл бұрын бір кіргеніміз бар еді оған. Одан бері ғимарат жаңадан жөнделіп, жаңа жәдігерлермен толығып, жұмысы недәуір жанданыпты. Алдыңғы бөлмеге кіргенде ақынның ақ мәрмәрдан жасалған кеуде мүсінін көріп, бас иіп тағзым етесің. Үлкен бір бөлме оның шығармашылық еңбегін баяндауға арналған. Онда алғаш жарық көрген «Туған жер» өлеңі мен 1912 жылы Қазан қаласында басылып шыққан тұңғыш жыр жинағының көшірмесінен бастап, шығармашылық белестерін баяндайтын түрлі құжаттар мен суреттер бар. Бір бөлме — ақынның тұтынған заттары, киген киімдері. Ал жұмыс кабинетінде жазу үстелінің тұсына ілінген В.И. Лениннің суретіне қарап, таңданып тоқтай қалдық. Мұның мәнісін мұражай меңгерушісі баяндады. Баяғы Мағжанның шығармаларын былай қойып, атын атап, суретіне қарауға тиым салынған тұста бір досы осы портреттің сыртына ақынның қазіргі белгілі суретін жасырып, сақтаған екен. Сондықтан көсем суреті де құнды жәдігер ретінде мұражайдан орын алыпты.
       Мұражайдың ең жаңа жәдігері — Кәкімбек ағамыздың, кәдімгі көрнекті қоғам қайраткері, айтулы ақын Кәкімбек Салықовтың «Мағжанға тағзым» атты жыр жинағы. Бұл кітапқа оның ұлы ақынға арналған өлеңдері мен дастандары кіріпті. Мағжанға арналған лирикалық көріністер мен тың ұғымдар жинақтың шырайын ашып, мазмұнын айшықтап тұр. Жинақтың алғашқы беттерін ашқанда көзіңе шалынатын:

Төте жүрді, бұра тартып шашылмай,
Жалау етті жан кеңесін жасырмай.
Әр сөзінде мұң мен шердің ізі бар,
Тазалығы көздің мөлдір жасындай.
Қысқа ғұмыр...
Маңызы бір ғасырдай,
Ойы сергек, тілі сайдың тасындай,

- деген жолдарын оқып, ұлы ақынның алаулаған жан әлеміне сүңгіп, көз жасындай мөлдір, мірдің тасындай өткір жырларын тағы бір еске алып, терең тебіренетінің анық.
       Жалпы, ғимараттың іш-сырты халқымен жарты ғасырдан кейін әрең қауышқан жыр пайғамбарының рухымен тыныстап тұрғандай.

С. Көкшеұлы.

       Мен жазушы да, журналист те емеспін. Бірақ өмір бойы көрген қорлық, шеккен жапа, тартқан тауқімет қолыма қалам алуға мәжбүр етті. Дүниеге сонау сұрапыл сұм жылдарда келген екенмін. Мен туғанда Мағжан ағатайымыз Карелияның ызғарлы орманында айдауда жүр екен. Оның інісі, менің әкем Қалижан болса елде тұрақтай алмай, сырт жерлерде күн кешіпті. Сырт болғанда, біресе Ресейдің Омбы, біресе Қырғызстанның Пішпек, болмаса Өзбекстанның Андижан қалаларын паналапты. Мен түрмеге жабылып, итжеккенге айдалған жоқпын, бірақ басқа қорлықтың бәрін бастан кештім. Ең бастысы өзіңнің кім екеніңді, қайдан шыққаныңды, тегіңнің кім екенін айта алмау қиын болды. Ең болмаса қызым аман қалсын деген болу керек, әкем фамилиямды арғы атамның атына жаздырыпты, онда да Шонаева (Жұмабайдың әкесі Шонай) емес, Чунаева деп мүлде орысшалап жіберген, өз атын да өзгертіп Қалижанқызы деудің орнына Галимовна деп жаздырған. Сөйтіп мен 59 жыл бойы Райхан Галимовна Чунаева болып келдім. Жақында ғана сот шешімімен өз атымды өзіме қайтардым. Қазір Райхан Қалижанқызы Жұмабаевамын.
       Мағжан ұсталған күннен бастап Совет өкіметі бүкіл Жұмабай әулетіне соғыс жариялады. Інісі Сәлімжан бір емес, екі рет түрмеге отырып, айдалып келді. Ағалары Абамүсілім мен Қаһарман 1937 жылы ұсталғаннан хабарсыз кетті. Інісі Мұхамеджан ғана он жыл сүргінде болып, туған жерге аман оралған. Ал менің әкем Қалижан мен ең кенже інісі Сабыржан қырғыз ағайындарды паналап, онда да бір жерде тұрақтамай үнемі үреймен өмір кешті. Сабыржан болса паспортына қырғызбын деп жаздырып алып, сол қырғыз күйінде өмірден өтті.
       Күні кешеге дейін Мағжанның інісінің қызы екенімді айта алмай келдім. Біле қалған біреулер болса сырт айналып кетуге тырысатын. Халық жауы деген таңбаның зіл-батпанын өмір бойы сезіп келдім. Мағжан сияқты ұлы адамға туыстығың бар екеніңді сезіну қандай мақтаныш тудырса, сені өз ішіне қабылдағысы келмейтін тас жүрек қоғам, көздері үрейге толы адамдардың арасында өмір сүру сондай қиын еді. Екі жүзді алдамшы қоғамда бүкіл өміріміз зая кетіпті.
       Мағжан ақталғаннан бері үрейден құтылып, көзіміз ашылғандай болды. Бірақ көңілге қаяу түсіретін нәрсе: күні кеше Мағжанды қаралап жазып, тамақ тапқандар бүгін мағжаншыл бола қалып, жаңа бір өтіріктің басын қылтитып жүр. Ш. Елеукенов деген бір «ағамыз» Мағжан ағатайымның шешесі Гүлсім әжемді өзбектің қызы деп, ал Бекен атамызды қаныпезер деп жазды. Зылиха деген Мағжанның сүйікті жары болған деп те сүйкеп қояды. Тап Мағжанмен бірге жатып, бірге тұрып жүргендей жазады. Осындай ойдан шығарылған, Мағжан есіміне көлеңке түсіретін қаңқу сөздің кімге пайдасы бар? Әлде олар жетпіс жыл бойы Мағжан төңірегінде айтылып келген неше түрлі өсек-аяңды онан әрі жалғастыра бермек пе? Мүмкін бұл олардың жаңа қоғамдық жағдайдағы әдісі болар.
       Біздер Мағжан туыстары, Жұмабай әулеті, бұған мүлдем қарсымыз. Мағжан туралы жазғыңыз келсе, түрлі-түрлі жанрды қамтитын ұланғайыр творчествосы дайын тұрған жоқ па? Кез келген тақырыпты алыңыз да жазыңыз. Мағжанның өмірі, оның ата-ана, үрім-бұтағы, ата-бабалары - бұл жағын бізден артық кім біледі.
       Қазір Жұмабайдың Бекенінен 20 немере, 85 шөбере бар екен. Осылардың бәрі туғаннан Мағжан есімін жаттап өсті, Мағжан туралы бір жалған сөз, қаңқу әңгіме олардың жүрегіне қадалған тікенек. Жетпіс жыл бойы шемен боп қатқан жараны тағы да тырналай бермеңіздер, зерттеуші ағайындар, демекпіз.
       Тағы бір көңілге күдік туғызған нәрсе:
       Мағжан туралы жазып жүргендер бізге, нағыз туыстарына жоламайды. Бір айтылған өтірікті бір-бірінен қақпақыл қылып, алып қашып, бәрі қайталап жүр. Осы рас па, жалған ба деп келіп сұраушылар жоқ. Қалижанның қызы, мен, Мұхамеджанның қызы, Гүлқаныс, бар. Елде Сәлімжанның зайыбы, Мағжан ағатайымның көзін көрген, тәлім-тәрбиесін алған, Бекен атам мен Гүлсім әжемді бар баласы қуғын-сүргінге түскенде бағып-қаққан Бибізайып апайым бар. Бұлардан келіп сұрап жатқан, анығын білгісі кеп ізденіп жүрген жан кемде-кем.
       Мағжан творчествосы ақталғалы бері де бес жылдай уақыт өтіпті. Содан бері оқитынымыз ойдан шығарылған қисынсыз өтіріктер. Әсіресе Жайық Бектұров деген қарағандылық «ағамыз» шындыққа жуыспайтын неше түрлі «деректерді» жазып жүр. Әлдекімдердің жеке бастарының пайдасы үшін бір кезде айтылып қалды да, басқалары соны үнемі қайталаумен келеді. Біз бала кезден Мағжан туралы, атам, әжем, өз әкелеріміз туралы әңгімелерді естіп өстік. Беріде, сексенінші жылдарда, қайтыс болған Мұхамеджан ағатайым нағыз шежіре болатын. Бүкіл Жұмабай әулетінің қайдан шыққанын, қайда тарағанын айтып кеткен де осы кісі.
       Енді осы атақты әулет туралы бірер сөз. Жұмабайдың екі ұлы, екі қызы болған. Нұрмахамбет деген үлкен ұлының Ахмеджан, Мәди деген екі баласы болған. Ахметжанның Сайран деген ұлынан Талғат деген баласы бар. Ал Мәдидің Жиһанша деген ұлы көп жыл Омбыда бір ресторанның директоры болды. Одан қазір Бағлан, Болат, Гүлмира, Әлфира деген ұрпақтары бар. Мәдидің қызы Қайныш қазір Арқарлы деген кеніште тұрады. Оның Еркін, Раушан, Ерсайын деген балалары бар. Кенжесі Болат жақында жер астындағы апаттан қаза тапты. Үлкені Еркін Сартомарда, Мағжанның туған жерінде, мектепте, оқу ісінің меңгерушісі. Ортаншысы Ерсайын, кинорежиссер, «Батыр Баян» фильмінің продюсері.
       Бекмағамбет, Бекеннен, 9 бала болған, 7 ұл, 2 қыз. Бұлардың бірде-бірі қазір өмірде жоқ. Немерелерінен Күләй мен Сара (Абамүсілімнің қыздары) Сартомарда тұрады. Қаһарманның ұлдары Ғадылша мен Баян, қызы Гүлбану Бурабайда, Мұхамеджанның ұлы Серік пен қызы Гүлханыс Жамбылда, тағы бір қызы Райхан Солтүстік Қазақстан облысында, Сәлімжанның ұлы  Тасболат Солтүстік Қазақстан облысы Возвышен ауданы «Бастомар» совхозында, Қалижанның бір ұлы Бернард Душанбеде, екінші ұлы Ғалым мен қыздары Райхан мен Ғалия Алматыда, Күландамның қызы Күлзипа мен Гүлбарамның ұлы Смағұл Қызылжарда тұрады. Сабыржан ағамның орыс әйелінен бес ұл бар көрінеді. Бәрі де Жезқазғанда тұрады, бәріне де орысша ат қойған: Владимир, Юрий, Олег, Игорь, Михаил.
       Шөберелердің өзі де бір қауым ел. Олар да өздерінің Мағжанға туыстығы бар екенін жақсы сезеді, Мағжан есімін қастерлеп ұстайды. Бұның бәрін тізбектеп отырған себебім: Жұмабай әулеті құрып кеткен жоқ, өсіп-өркендеп, тамырын тереңге жаюда. Олардың бірде-бірі Гүлсім әжемді өзбек қызы дегенге көнбейді. Ол әжеміз Әшірбек деген бізге рулас құрметті кісінің қызы. Сондай-ақ Зылиха - Мағжанның сүйген жары деген сөзге де қапамыз. Ондай сөз біздің көңілімізге ешбір қонбайды, өйткені, біз, туыстары, бұл мәселені егжей-тегжейлі білеміз. Зылиханы Мағжан туыстарының, әкесі Бекеннен бастап, бірде-бірі қабылдаған емес. Мағжан - ақын адам, ол Г-ге де, Р-ға да, N-ға да ғашық болған, өлең арнаған. Бірақ бірде-бір өлеңінде Зылиха деген сөз жоқ. Рас, Зылиха Мағжанмен бірге Ташкентке барды, Мәскеуде бірге болды. Бірақ Мағжан онымен некеге тұрмаған. Зылиха Мағжан түрмеге отырған соң елден кетіп қалды. Соғыс кезінде Ленинградта тұрды. Сол жақта жүріп екі рет тұрмысқа шығыпты. Мағжан ағам соңғы рет түрмеге жабылғанда қалдырып кеткен бүкіл архивін жойып жіберген. Осы әйелді бетке ұстап, Мағжанның мұрагері болғысы келгендердің ойдан шығарған өтірігін кейбір «зерттеушілер» қайталаумен келеді. Мағжанның шын сүйген жары, некелескен зайыбы бала үстінен 1919 жылы қайтыс болған, Ш. Уәлихановтың жиені, Зейнеп болатын. Одан кейінгінің бәрі өткінші, уақытша нәрселер. Сондықтан журналистер мен зерттеушілерге айтарымыз Мағжан туралы, оның өмірі мен қызметі туралы жазғанда абай болыңыздар. Қолмен ұстап, көзбен көргенді ғана жазыңыздар, документке қана сүйеніңіздер демекпіз.
       Жұмабай әулеті туралы айтқанда оның Ғалия, Разия деген қыздарынан тараған жиендерін аттап өтуге болмайды. Бұлар да кезінде Мағжан үшін қуғын-сүргін көрді, жапа шекті. Мысалға Разияның ұлы Серғазы 1937 жылы аудандық сот болып тұрған жерінен ұсталып, Мағжанның немере інісі, Алашорданың «мүшесі» ретінде 10 жылға сотталған. 10 жыл түгел отырып қайтты. Жұмабайдың жиендерінен қазір Ғалияның қызы Жамал тірі. Разияның Серғазыдан басқа Бибізәйібі (Сәлімжанның әйелі) тоқсанға келсе де тың, Мағжан елінде тұрып жатыр. Басқа балалары Қажытай мен Райхан да сол жақта. Бұлардан және басқа жиендерінен тараған жиеншарлар да өздерін Мағжанмен, бізбен туыс санайды, үнемі араласып тұрамыз.
       Енді бірер сөз Мағжанның шын жанашырлары туралы. Мюнхенде тұратын отандасымыз Хасен Оралтай 1964 жылы Мағжан туралы түрікше кітап жазып, оның есімін Түркияға танытқан, одан бері де істеп жатқан жанашырлық қызметі аз емес. Бұл кісіге Мағжанның бүкіл туыстары атынан алғыс айтамыз. 60 жылдарда проф. X.Махмудов Мағжанды ақтамақ боп біраз қимылдады, өлеңдерін орысшаға аудартты, бірнеше жиналыс өткізді, бірақ әдебиеттің «генералдары» оған қарсы болып, еңбегін еш етті.
       Мағжанның көзін көргендер ішінен біз үшін ең қымбаттысы, жерлесіміз Разия апайымыздың барған жерінің тумасы, Бекен атамыз «құда бала» деп жақсы көріп кеткен ақын Хамза Абдуллин. Мағжан туралы тек қана шындық жазылсын деп шырылдап жүрген осы кісі, 1960 жылы Түркістан әскери округінің басшыларына хат жазып, алғаш ақтау қағазын алған да Хамзекең. Ол Мағжан мұрасын зерттеуге ден қойған, докторлық диссертация жазып жүрген Батырхан Дәрімбетовпен бірге ақын ағамыздың кітаптарын баспаға дайындады, жарыққа шығуына көп күш салды. Бұл азаматтарға да айтар алғысымыз мол.
       Сонымен Мағжан ағатайымыздың туғанына 100 жыл толды. Бұл күнге Жұмабай әулетінен аман жеткендер шексіз бақытта. Ерте, еріксіз көз жұмғандардың жаны жәннатта болсын!

Райхан Қалижанқызы Жұмабаева
Азат // тәуелсіз саяси газеті
І993, 15 ТАМЫЗ

Мағжан
жырымен жұртын оятқан