Сайын Мұратбеков

 

«Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында Сайын Мұратбековтің жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз».

Ғ. Мүсірепов




PDF      EPUB
Үстіне

«Бір ел - бір кітап» акциясының тарихы

Жобаның идеясы АҚШ-та өте танымал болған. Бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік-батысындағы ірі қала Вашингтон штатына қарасты - Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылған. 1998 жылы «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» тақырыбымен алғаш өткізілген акцияның мақсаты - Сиэтл халқының бірлігін нығайту және оларға оқуды насихаттау. Бұдан соң осыған ұқсас мәдени шаралар Чикаго, Буффало, Рочестер қалаларында да ұйымдастырылды.

«Бір кітап, бір Чикаго» бағдарламасы Чикаго көпшілік кітапханасында басталды. Оның негізгі мақсаты қаланың ересек тұрғындары мен жастарын бір кітапты бір уақытта оқуға және оны ұжым болып - отбасында, жұмыста жолдастары мен таныстары арасында, кітапханаларда, оқу мекемелерінде, кітап дүкендерінде, діни ұйымдарда, кафелерде және басқа да қоғамдық орындарда талқылауға ынталандыру болып табылады.

2000 жылдың қазан айында Чикаго қаласында «Чикагода кітаптар апталығы: Оқуға құмар қала» тақырыбымен тұңғыш рет қалалық фестиваль өтті. Осы фестиваль аясында қоғамдық талқылаумен және авторлар баяндамаларымен бірге кітап тұсаукесерлері, сондай-ақ семинар, экскурсия секілді басқа да шаралар ұйымдастырылды. 7 апта бойы Чикагоның он мыңдаған халқына ауқымды іс жүргізіліп болған соң, американ жазушысы Харпер Лидің (1926 ж.) «Убить пересмешника» (1960 ж.) атты романы талқылауға түсті. Кітап авторы бүкіл әлем мен осы замандық Чикаго үшін өзекті болған толеранттық және нәсілшілдік сияқты маңызды мәселелерді алға тартады. Бүгінде «Бір ел - бір кітап» жобасының идеясы әлемдегі көптеген елдерге кең тараған (Испания, Латын Америкасы елдері және Корея т.б.). авторы Испанияда Габриэль Гарсиа Маркестің 80 жылдығына арнап «Сто лет одиночества» романынан оқу марафоны өткен еді. Қалаушылар романды бірнеше күн бойы үздіксіз дауыстап оқыды. Осы марафонды Испания Үкіметі басшысының орынбасары Мария-Тереса Фернандес де ла Вега ашты. Бұдан дәл 40 жыл бұрын жарыққа шыққан романды 7 бетке сыйғызып айту үшін әрбір қатысушыға 15 минуттан уақыт бөлінген.

2003 жылы Кореяда бірлесе оқуға негізінен балалар кітабы таңдалды. Бұл жоба одан кейін «Бір кітапхана - бір кітап», «Бір ауыл - бір кітап» деген жобалар түрінде көрініс тапты.

«Жаппай оқу оқиғасы» жыл сайын Англияның оңтүстік-батысында өткізіліп тұрады. Мұнда әр жылдың қаңтарынан наурыз айына дейін бір кітап оқуды қолға ала бастады.

Қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегелілікке тәрбиелеу, сондай-ақ, оқырмандарды әдеби-көркем кітаптарды оқуға, кітапханаға тартуға бағытталған «Бір ел - бір кітап» республикалық акциясы биыл сегізінші рет ұйымдастырылуда.

Ұлттық академиялық кітапханада академик Ғарифолла Есімнің төрағалығымен өткен ұйымдастыру комитетінің отырысында оқырмандардың ең көп дауыс жинауына байланысты, 2014 жыл кітабы болып Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның...» атты шығармалары таңдалып алынды.

Үстіне

Өмірі

Сайын Мұратбеков 1936 жылы 15 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданына қарасты Қоңыр ауылында дүниеге келген. 1957-1963 жж. ҚазМУ-де сырттай оқыған, 1971 жылы Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. 1954-1962 жж. туған ауылында колхозшы, мұғалім, аудандық, облыстық газеттердің әдеби қызметкері, 1962-1972 жж. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші, Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, 1972-1977 жж. Қазақстан КП Орталық Комитетінде жауапты қызметкер, 1977-1980 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1980-1984 жж. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1984-1986 жж. «Жазушы» баспасының директоры, 1988-1991 жж. ҚЖО-ның екінші хатшысы болған. XІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.

Балалық шағына көз жүгірсек, Мұратбек ата оның үлкен атасы. Баласы қайтыс болғаннан кейін, бірі бес, екіншісі үш жастағы қос немересімен қалады. Бес жастағы немересі Сапарғалидан өмірге Сайын келеді. Кішкентай бала күні соғыспен дәлме-дәл келіп, әкесі майданға аттанып кетеді. Содан кішкентай шөбересін бауырына басып, Мұратбек атасы бағып қағады. Тегі де сол кісінің атына «Мұратбеков Сайын Мұратбекұлы» деп жазылған.

Алты жасқа келгенде, сонау «42-ші» жылы шешесі Рәзия қайтыс болады. Соғыс кезінде тылдағы еңбек күшінде қаншама әйел адамдар аянбай тер төкті. Қапалдың маңайында сол шақта басқа ұлт өкілдері көп қоныстанған еді. Солардан келген болуы керек, астық күзетіндегі Рәзия ананы ұрып-соғып, өлтіріп, өздері астықты жымқырып кеткен. Содан Сайын алты жасында жетім қалады. Ал, әкесі қанқұйлы соғыстан аман-есен оралып, балаларға жетімдікті сездірмеуге тырысып қайтадан Сақыпжамал деген кісіге үйленеді. Ол кісі екінші анасы болды. Осы алты жасынан кейінгі өмірінің біраз жері «Жабайы алмада» кеңінен суреттелген.

Жазушының алғашқы шығармалары 50-жылдардың аяғында жариялана бастаған. Содан бергі уақытта әңгімелері мен повестерінің «Менің қарындасым» (1961), «Ауыл оты» (1964), «Көкорай» (1967), «Отау үй» (1968), «Жабайы алма» (1972), «Дос іздеп жүрмін» (1973) жинақтары, таңдамалы шығармаларының бір томдығы (1981), 1986 және 1991 жж. екі томдығы, 2004 жылы «Ескек жел» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. 1989 жылы «Қалың қар», 1995 жылы «Өліара» повестері кітап боп шықты. Алматы баспаларынан орыс тілінде «Дом молодых», «Камен тугай», «Дикая яблоня», т.б. кітаптары, Мәскеу баспаларынан әр жылдары жарық көрген «Дикая яблоня», «На вершине Учкары», «Запах полыни», «У теплого родника», т.б. кітаптары, Ташкентте өзбек тілінде «Евшан иісі», Қазанда татар тілінде «Әрем иісі», украин, белорус, грузин, армян, әзербайжан, литва, т.б. туыстас халықтар тілдерінде әңгіме, повестері, араб тілінде «Жусан иісі» повестері мен әңгімелері жеке кітап болып шықты.

Аударма саласында Ә.Әлімжановтың белгілі роман-повестерін, сондай-ақ Г. Толмачевтің Д. Қонаев, Н. Назарбаев туралы деректі повестерін, Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын қазақшалаған. «Тел өскен ұл» (реж. Ш. Бейсенбаев, 1976) кинофильм сценарийінің авторы. 2003 жылы «Жабайы алма» повесі үшін Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. 1990 жылы «Қалың қар» повесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығы, 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2007 жылы дүниеден озды.

Үстіне

«Жусан иісі» қалай жазылды?

Сайын көбіне түнде жазатын. Күзде қарлы жауын жауады ғой. Әсіресе сол кезді қатты жақсы көретін. Ондай уақыттарда жұмыстан келе сала жазуға отыратын. «Алғашқы қар», «Қысқы кеш», «Ананың арманы», «Отау үй» әңгімелерін, «Қыран құс көк жүзін шарлап кетті» атты очерк-диплом жұмысын сол әуежай маңындағы үйде тұрғанымызда жазды. Төрт-бес жылдан кейін қаладан пәтер берілді де, сонда көштік. Ол үйде «Көкорай», «Күсен-Күсеке», «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Басында Үшқараның» сынды шығармалары дүниеге келді. «Жусан иісін» жазып біткен соң ол керемет көңіл күйде жүрді. Сірә, оқырман қауымға, балаларға ұнайтынын сезген шығар.

Аянның ертегі айтатындығы Сайынның өзіне аздап келеді. Бірақ, Аянның прототипі бар. Ол - ауылда тобығы тайғандықтан, аяғын қисаңдатып, сәл ішіне басатын Ұзақбай деген бала. Сол баланың тағдыры шығармаға арқау болған. «Жабайы алмадағы» Қанат та өмірде бар адам. Қанаттың тағдыры - Сайынның ауылындағы Науқан деген баланікі. Оның да әкесі соғыста қайтыс болған. Шешесі соғыс уақытында колхоздың жұмысынан зорығып өлген. Қазір Науқан ауылда тұрады. Ақсақал болды. Он алты баласы бар. «Жабайы алмадағы» балалар Сайынның ауылындағы «Қызыл жұлдыз» бригадасының балалары. Ал «Басында Үшқараның» деген әңгімедегі Әсет - Сайынның өзі. Бір жылы Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Сайын үшеуі Қапалдағы Сайынның атасының жайлауын аралап, Бұрхан бұлаққа барып қайтқан. Келгеннен кейін ойыма бірдеңелер келіп жүр. Бір шығарма жазсам ба екен деп жүрді. Келер жылы Әкім Тарази өз ауылының жайлауына шақырып кетті. Содан келді де, күзге салым «Басында Үшқараның» әңгімесін жазып шықты. «Мұң жапырақ» деген повесі болатын. Шағын үзіндісін бір журналға жариялаған да: «Аса жақсы жазылған жоқ. Өзіме ұнамады», - деп жүрген. Бірде үйге кірсем пештің алдында керек емес қағаздарын, біраз қолжазбасын бұрқыратып жағып отыр. «Мұның не?» - десем, ««Мұң жапырақ» жақсы шыққан жоқ. Өртеп жібердім. Ойланып қайта жазармын», - деді. Бірақ, қайта жазуға отыра алмады. «Енді бір үлкен дүние жазсам, соған отырсам», - деуші еді. Үлгермеді…

/Мәриям апайдың естеліктерінен/

Ертегіші Аянның тағдыры бар Сайын ағаның балалық шағында...

«Балалар, тоқтаңдаршы. Мен сендерге кешегіден де қызықты ертегі айтып беремін» деп аяғын сылти басып, балалардың соңынан еріп жүретін Аянның аянышты тағдыры бүгінгі оқырманға таңсық болмас. «Жусан иісі» әңгімесін оқыған сайын, әуелі есімізге жусанның иісі оралады. Жусанның иісі ауылда өскен, ауылда дүниеге келген, ауылдың қара топырағын иіскеп өскен әр баланың есіне оралатыны анық. Аян тағдырына қатысты сауалыма Сайын аға бір кездері: «Бұл біздің ауылдағы соғыс кезіндегі балалардың барлығының тағдырынан жинақталған» деп еді. Сол жолы күліп отырып, ауылдағы жерлестері айтқан мына бір әңгімені еріксіз еске түсірген. Жазушының Ғұмар деген досы былай деп айтқан екен. «Сенің «Отау үй» атты кітабыңда «Жусан иісі» атты әңгімең бар емес пе?! Міне, соны оқыған біздің ауылдың Тәжібай, Науқан деген ағайынды механизатор екі жігіттің үлкені: «Бұл мен туралы жазылған екен», - дейді қызып отырып. Оны естіген кішісі: «Жоқ, мұндағы Аянның тағдыры тура маған ұқсайды», - деп оған қарсылығын білдіреді. Сөйтіп, екеуі шартпа-шұрт төбелесіп, ақырында оларды әзер айырып алатынын» айтқанда, Сайын ағаның жүзіне еріксіз күлкі үйірілген еді. Әңгіменің тым шынайы жазылғандығы да шығар, жерлестерінің ол шығарманың өн бойынан өздерін іздеп, өз болмыстарын танып жатқандығы. Әрине, Аянның тағдыры тым аянышты. Жусан иісін ұмыта алмайтын баланың ауылды, жусанды ұмытып кетуі мүмкін емес. Әңгімедегідей біз де Аянның жусанды ауылға қайтып оралуын тілеп едік. Естеріңізде болса, Аян былай дейтін еді ғой әңгімеде:

«- Әй, мен сендерге бір қызық айтайын ба,- деді ол сүйінші сұрағандай қуанышты үнмен, - Мен бүгін таң алдында түсімде ағамды көрдім. Рас айтам. Түнде жатар алдында ағамның пальтосын басыма жастап, көпке дейін иісін иіскеп жатқам. Ағамның иісі сіңіп қапты. Біртүрлі жусанның иісі сияқты жақсы иіс. Мен бүйтіп жағасына мұрынымды тығып алдым да ұзақ-ұзақ иіскедім... Әжем ылғи: «ағаңды анау Жусанды төбенің үстінде, мал қайырам деп жүргенде айдалада тапқанмын дейтін... Менің ағамда жусанның иісі содан қалған...Сөйтіп жатып ұйықтап едім, түсіме кірді...», - дейді. Сайын ағаммен болған алғашқы сұхбатым әлі есімде. Сайын аға редакцияға өзі келді. Сол жолы аға маған шығармалары жайлы, иә тек шығармалары жайлы, кө-ө-ө-п сыр шерткен. Өзiнiң де Қанат кейіпкері сияқты хат тасығанын, Ырысбек сияқты ағаларының кейбiр қияли қылықтарын шығармасына арқау еткенiн риясыз әңгiмелеген едi. Өткен күндерi еске түстi ме, ағамның әңгiме ауанына қарап, мен де сөзiн бөлгiм келген жоқ. Ара-арасында өткен күндердегi балалық қылықтарына өзi де риза боп, күлiп алады. Әсiресе, ең алғаш ересек балалардан хат жазуды үйренгенiн, хат жазамыз деп бүкiл балалар бiр-бiрiнiң көкелерiнiң атын хатқа жазып жiберген сәттерiн айтқанда, мен де ерiксiз күлгем. Мен үшін Сайын ағаның шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі - «Жабайы алма». «Жабайы алманың» әрбір сюжеті менің санамда жаттаулы. Кез келген сәтте сол бір повестен үзінді айтып бер десе, қиналмай айтатыным рас. Қанаттың бойындағы кейбір көріністерді соғыс кезіндегі балалардың бәрі бастан кешкені анық. Соғыс туралы жазылған шығармалардың көбінде «Жабайы алманың» кейбір эпизодтары қайталанып жатады. Бұл шығарманың қайталануы деген сөз емес, бұл сол қоғамның нақты көрінісін көрсететін шығарманың шынайылығында. Өйткені сол қоғамдағы оқиғаның бәрі солай біркелкі қайталанып жатты. Ауылдағы тұрмыс, балалық шақтағы қиындық, ұрлық-қарлық, әйелдердің колхоз жұмысындағы ауыр тірлігі, аналардың екі қолға бір күрек деп, таңның атысы, күннің батысы үй көрмей, дала кезуінің өзі сол қоғамдағы көріністі айқындап тұр.

/«Менің қарындасымнан» басталған жол / Түркістан.- 2011.- 17 қараша (№ 46). - 10/

Шағын жанрды шығармаға сыйдырған талант

«Алыста қалған балалық шағым… Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, есі қалмай далбақтап жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын» деген жалынышты үнін естимін» деп басталушы еді, бала кезімде оқыған «Жусан иiсі» деген повесть. Авторы Сайын Мұратбеков. Шығарманы оқи отырып, күрсінбеген, көзіне жас алмаған оқырман кемде-кем-ау. Шағын жанрдың шебері атанған жазушы Сайын Мұратбековтiң мықтылығы да сол, оқырманын самарқау қалдырмайтын. Бірге жетелейді, күрсіндіреді, күйіндіреді, қуандырады. Сонау қолға кітап алып, оқи бастаған шақта-ақ. Анау «Жабайы алма», «Басында Үшқараның», «Жусан иісі», «Менің қарындасым», тағы да басқа туындыларын бас алмай қайталап оқи беруші едім. Бөлек дүние-тұғын. Кейіннен КазГУ-дің журфагіне түскен соң бірнеше мәрте жазғандарымды Жазушылар одағына апарып жүріп, Сайын ағаны сұрастырғанмын. Ойым жақын танысу еді. Үлкен жазушыны көргім келген. Тіпті шығармаларындағы кейіпкерлер өмірде бар адамдар ма, жоқ, қиялдан туған жандар ма, соны да білгім келген. Бірақ ол кісімен кездесе алмадым... Бірақ Сайын Мұратбеков мен үшін жазуы бөлек, мықты қаламгер ретінде қала берген. Әлі де үйдегі сөреде тұрған кітаптардың ішінен ол кісінің жазғандарын құмарым қанбаған адамдай қайтадан отырып оқи беремін. Сонау алыста қалған ауылға қарай жетелеуші еді, Сайынның әңгімелері... Ауылды, жүйткіп өте шыққан бала дәуренді сағынушы едім... «...Аянның ертегі айтатындығы Сайынның өзіне аздап келеді. Бірақ Аянның прототипі бар. Ол - ауылда тобығы тайғандықтан, аяғын қисаңдатып, сәл ішіне басатын Ұзақбай деген бала. Сол баланың тағдыры шығармаға арқау болған. «Жабайы алмадағы» Қанат та өмірде бар адам. Қанаттың тағдыры - Сайынның ауылындағы Науқан деген баланыкі. Оның да әкесі соғыста қайтыс болған. Шешесі соғыс уақытында колхоздың жұмысынан зорығып өлген. Қазір Науқан ауылда тұрады. Ақсақал болды. Он алты баласы бар. «Жабайы алмадағы» балалар Сайынның ауылындағы «Қызыл жұлдыз» бригадасының балалары. «Басында Үшқараның» деген әңгімедегі Әсет - Сайынның өзі. Бір жылы Берді-бек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Сайын үшеуі Қапалдағы Сайынның атасының жайлауын аралап, Бұрхан бұлаққа барып қайтқан. Келгеннен кейін ойыма бірдеңелер келіп жүр. Бір шығарма жазсам ба екен деп жүрді. Келер жылы Әкім Тарази өз ауылының жайлауына шақырып кетті. Содан келді де, күзге салым «Басында Үшқараның» әңгімесін жазып шықты. «Мұң жапырақ» деген повесі болатын. Шағын үзіндісін бір журналға жариялағанда: «Аса жақсы жазылған жоқ. Өзіме ұнамады» деп жүрген. Бірде үйге кірсем пештің алдында керек емес қағаздарын, біраз қолжазбасын бұрқыратып жағып отыр. «Мұның не?» десем, «Мұң жапырақ» жақсы шыққан жоқ. Өртеп жібердім. Ойланып қайта жазармын» деді. Бірақ қайта жазуға отыра алмады. «Енді бір үлкен дүние жазсам, соған отырсам, деуші еді. Үлгермеді…» деп еске алады жазушының жары Мәриям апай «Ақ желкен» журналына берген сұхбатында. Сайын Мұратбеков өткен ғасырдың 50-жылдарының соңы, 60-жылдардың басында әдебиет көшіне өзіндік қолтаңбасымен келген талантты қаламгер. Шоқтығы биік «Жабайы алма» романы үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Сайын аға бар болғанда биыл жетпістің жетеуіне толар еді...

/Қалихан Ысқақ, жазушы, драматург/

Үстіне

Басында Үшқараның...

Әдебиет табалдырығын имене аттаған жас күндердің бір күнінде жүрегі лүпілдеп тұрып Жазушылар одағының есігін ашатыны белгілі. Өйткені, Жазушылар үйі - қаламгерлер Меккесі болып келген бұл үйге келсең, кешегі өткен ұлылардың өзі болмаса да, ізін көресің, бүгінгі арамызда жүрген айқасқалардың өзін көресің. 1966 жылы 1-курста оқып жүріп сондай күйді біз де бастан кештік. Қолжазбамызды қолтықтап, жүрегіміз лүпілдеп, үрке басып Жазушылар үйінің екінші қабатына көтерілдік. Оңға бұрылған қанатта проза бөлімі болатын. Кіріп осы бөлімнің пікірін білгім келіп, алғашқы әңгімелерімді сол бөлімде отырған бір бұйра шашты аққұбаша жігітке табыстадым. Кім екенін сұрауға батпадым. Ол мені сыпайы қабылдап, қолжазбамды алып қалды. Содан кейін бірінші қабатқа түсе беріп, әлгі кісінің аты-жөнін сұрап білдім. «Сайын Мұратбеков қой» дегенді естігенім сол, шалт бұрылып, екінші қабатқа зулап көтерілдім.

- Сайын аға сіз боласыз ба?! - деп, жапырылып келіп ағамыздың екінші рет қолын алдым. Осының алдында ғана «Жұлдыз» журналында жарық көрген шағын, ең ұсақ әріппен терілген «Таңғы шық», «Кәментоғай» әңгімелерін оқып, ерекше тебіренгенім бар-ды. Әсіресе «Таңғы шықты» қайта оқып, сюжетсіз мына алақандай әңгіменің қай жерінде сезім тұтқындар құдірет тұр деп аударып-төңкеріп қарағаным бар, автордың аты-жөнін жаттап алғаным бар. «Жаттап алдым» деу аз сөз, осы бір «Сайын Мұратбеков» деген жазушы ныспының өзі бізге беймәлім бір сыр бүгіп тұрғандай еді. Бұндай бірнеше парақ қара сөзбен кісі жанын астан-кестен етерліктей құдіретке ие сөз шебері тегін жан емес екені анық еді. Табиғатына бұндай суреткерлік магия дарыған жазушы бір ерекше адам болуға тиіс. Ондай жанды өмірде кездестірудің өзі бір ғанибет, бір сирек оқиға болатыны анық еді. Бұны әдебиетпен ауаланған балаң қиял десек те, сөз құдіретін сезгіш адастырмас түйсіктен туған қиял еді. Бізге таңсық қолжетпес жұлдыздай талант иесінің Жазушылар үйінің екінші қабатында күйкентайдың ұясындай бір бөлмеде қағаз шұқылап отырарын кім білген?

Менің қайта келіп аты-жөнін айтып, аптығып сәлем беруім жаңа таныс ағамызға ерекше әсер етті. Қарақат жанары ұшқындап, көктем күніндей жадырап сала берді. Студенттің өз шығармасы жайлы айтқан жүрекжарды шындығына сыпайы жымия отырып құлақ түрді. Осы кездесуден кейін араға бірер күн салып ағамыз менің алғашқы әңгімелерім жөнінде ақыл-кеңесін айтты. Мінеки, содан бері салдыртып 40 жыл керуені көшіпті. Былай қарасаң, тұтас бір ғұмыр. Қалай тез... айтып ауыз жиғанша өте шыққан?! Әсіресе Сайын ағамыз бүгіндері көптен шырғалаған қатыгез сырқат шеңгелінде жатқанда осылай өткен күндерге бұрылып, өзге бір көзбен қарауға мәжбүр болдық. Ағалық-інілік ынтымағымызға сызат түспеген екен. Соған тәуба. Өнерге ешкім де ұстаз қалпында келмейді. Шәкірттік балаң шақты бастан кешеді. Ондай кезеңнен біреу баяу, біреу тез өтеді. Өмірде бар майталмандар, жоқ майталмандар мектебінен қалай да өтеді. Үйренеді. Үйрену машақаты да өнердің әр саласында әрқилы болады екен. Бастан кешкеннен кейін әдебиеттегі үйренудің машақаты туралы бірер сөз. Жас қаламгер әдетте оқырман ретінде өзге үлгілерді оқу арқылы әдеби талғамын ұштайды. Қалыптастырады. Сөйте жүріп өзі де әдебиетке әрпіл-тәрпіл қадамдар басады. Өзіне рухтас аға қаламгерлерді жағалайды. Сонда не іздейді? Жазу сырын тез де терең меңгере салуды көздейді. Бірақ жас қаламгердің бұл арманы іске аспайтын арман. Алдағы үлкен ағалар өздері меңгерген сөз сиқырын мөлдіретіп әкеліп құлағына құя салар-ау деу балалық. Еш қаламгер Тәңір сыйы - сөз өнерінің ең басты қасиеті сыр сиқырын саған ашып бере алмайды. Тіптен ашқысы келсе де ашып бере алмайды. Өйткені талант-жұмбақ. Рухани құбылыс. Бәрін айтуға болар, бәрін талдауға болар. Бірақ таланттың неге талантты жазатынын түсіндіру қара жерден көз жауын алардай қызыл гүлдің неге өсіп шығатынын түсіндірумен пара-пар, бос әурешілік. Себеп: талант - Тәңір сыйы, адам басына сирек қонатын Тәңір сыйы. Сайын Мұратбеков өнеріне тәнті болған сол шәкірт-студент түйсігінде аға қаламгер жазуындағы сол бір көзге ілеспес сағымдай сусыған сезіммен әдіптелген сөз сиқырын ашсам ба деген балаң қиял болған сияқты. Ол қиял алдамшы балаң қиял болғандықтан да, арадан 40 жыл өтсе де, іске аспаған қиял күйінде қалыпты. Осынау ұзақ жылдар желісінде Сайын ағамен әдебиет туралы немесе осы мақала авторының шығармалары туралы талай-талай әңгімелер болды. Алайда шәкірт-студент сонау бір жылдары аға қаламгерден естісем деген жазушы шығармаларындағы оқырманды аласапыран сезімге бөлер қарапайым сөз құдіреті жайлы сыр ести алмады. Бұл тақырыпқа қалай қақпақылдағанымызбен, жазушы біз күткен сұраққа жауап бермепті. Беруі де мүмкін емес екен. Өнер иесі өзі көтерілген шыңға (шартты түрде ол шыңның атын Үшқара дейік) жетер жолда қандай қағидаттарға сүйенгенін немесе өнер шыңына бет алған жасқа қандай қағидаттар ұстану керек екенін айта алады. Бірақ дәл өзі жүріп өткен соқпақты, яғни стильді ашып айта алмайды.

Өйткен стиль - адам. Ал адамның жаратушысы - Құдай. Бұлардың бәрі пенденің санасынан тыс бірінен-бірі өткен құпия. Сол себептен де өнері баяғыда-ақ Үшқараның басына ұя салған Сайын Мұратбеков әдебиет жайлы 40 жыл әңгіме шертсе де, өз шығармаларына тән сөз сиқырын, яғни өз өнерінің мәйегін ашып бере алмапты. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, талант иесінің маңдайына жазылған сый - Тәңір берген суреткерлік тылсым өнерпаздың қолындағы, ырқындағы құбылыс емес еді.

Адамзаттың өнер туындысына ғасырлап бас иетіні содан болуы керек. «Джоконданың» миық күлкісі - ғасырлар бойы кісі назарын тұтқындап келген жұмбақ. Жаратқан Иенің Жер бетінде өргізген өмір сыры қашан да тылсым дүниенің басты жұмбағы. «Джоконда» миығында да сол адам ырқынан тыс күш - өмір жұмбағы ұшқын атып тұр. Шын өнер туындысымен кезіккенде біз сол үлкен құпиямен беттесеміз. Сол ұлы құпияны аша алмай, атын атай алмай әлек боламыз. Ал көзді жұмып, қалай да ашуға ұмтылу тіптен әурешілік. Сирек құбылыс болып суреткер өз құпиясымен өмірге келеді, өз құпиясымен өтеді. Өзінен кейін өнері қалады, бірақ жеке басына Жаратушы дарытқан дарынын қалдыра алмайды, өзімен бірге ала кетеді. Талант ұлт байлығы делінетіні де осыдан шығар. «Басында Үшқараның...» - С.Мүратбеков шығармашылығының шыңы. Осы әңгімеде жазушы таланты бар қырынан ашылып, шарықтайды. Тағы да сюжетсіз әңгіме. Ауыз толтырып айтатын пәлендей оқиға желісі жоқ. Бірақ сөз құдіретіне арбалып, оқи бергіңіз келеді. Осы әңгіме бітпесе екен дейсіз. Араға жиырма шақты жыл салып, Әсет Алматыдан өз туған ауылына оралады. Пойыздан түскен бетте біз ауылын сағынған, бүгінде қалалық болып кеткен азаматтың көзімен далаға қараймыз. Балауса шақты еске аламыз. Әсет сияқты ауылын тастап ешқайда кетпеген балалық жастық шағы бірге өткен қатар-құрбыларының бірінен кейін бірімен кездесеміз де отырамыз. Бұл жайт көбімізге таныс. Әсеттің көзімен бейне өзіміздің өткенімізбен кездескендей, өз ауылымызды, өзімізді-өзіміз қайта танығандай, қайта ашқандай боламыз. Талантты туынды бұлайша ауызша баяндап беруге көнбейді. Оның құнын кетіреміз. Сондықтан аздап та болса мәтінге жүгінелік.

«Әсет далаға көз тастаған. Сол баяғы талай рет аттылы-жаяулы жол шеккен бел-белестері. Бұрынғысынан басылып, кішірейіп, көзге қораш тәрізденіп қалған. Бұрын станция мен ауыл арасы өте алыс көрінуші еді, енді қараса, мына тұрған жер сияқты. Есінде өзінің шаршап-шалдығып жаяу жүрген кездері қалыпты, әнеу бір дөңесте демалғаны, әнеу бір жырада шөлдеп кеп бұлақтан су ішкені - бәрі де қазіргідей анық есінде».

Әсеттің араға ұзақ жылдар салып ауылға келгеніне жалғыз әпкесі өлердей қуанып, мал сойып, көрші-қолаңды шақырады. Бала кезде бірге өскен талай қыздарды Әсет танымай қалады. Біразы салпыетек бәйбіше болған. Солардың ішінде балалық алғашқы махаббаты Зағипа да бар. Қонақтар тарайтын түннің бір уағы болған. Әсет сыртқа беттейді. «Бу бұрқыраған ас үй толған әйел екен, дастарқан әзірлеп, күні бойы тамақ пісірген келіншектер, кексе қатындар, енді ғана есе тиіп ішуге кірісіпті. Солардың орта тұсында басындағы орамалы бір жағына қисайып кеткен Зағипа көзін жұмып теңселіп отыр. Әнді аңыратып отырған сол екен.

Басында Үшқараның қос барабан,
Сол таудан дария шалқар су тараған.
Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда.
Апырмай, неге келдім сол арадан...

Жасы ондар шамасындағы дөңгелек көз қара бала оны бірдеңе деп иығынан тартқылап тұр. «Апа, жүр, кетеміз» дейтін тәрізді. Әсет енді байқады, Зағипа жылап отыр екен. Мас болып қалған-ау шамасы.

Әсеттің көңілі тағы да алай-түлей болып кетті. Жеткізбейтін алыс армандар, қиялдар көктемгі қара суық желдей бүкіл тұла бойын діріл қаққызып азынап берді. Не үшін өмір сүріп жүрміз осы?! Не үшін тірлік етеміз?! Аңсаған шақ, қимас сәттер неге баянсыз болады, осы?! Неге тез айырылып қаламыз?! Әне, Зағипа да аңсап отыр ғой сол бір шақты.

Сүлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда,
Апырмай, неге келдім сол арадан...

Жастық шақ, балауса сезімдер туралы және солардың бәрін сағымға айналдырып сынаптай жыл-жып өткен жылдар туралы, сынаптай жылжып уыста тұрмаған өмір шіркін жайлы шарықтатып шырқап бір салған әндей, осынау қара сөзбен жазылған толғау осылай аяқталады. Осы арада әдебиеттің мәңгі шешілмеген бір тартысты сауалы біздің де алдымыздан шығып отыр. Яғни «Сіз бұл шығарманы керемет дегенде қандай критерийге сүйеніп айттыңыз?» деген сауал. Бұл сауалға да әркім әртүрлі жауап береді. Өйткені, көркем туынды қандай да бір болмасын теориялық өлшемге симайды. Үнемі жаңарып отырады. Әдеби заңдылықтар аясынан шығып кетіп отырады. Десек те, шығарманы бағалауға бәрібір өлшем керек. Жақсы мен жаманды ажыратар өлшем болмаса тағы болмайды. - Сонда сіздің өлшеміңіз қандай? Өз өлшеміңізді айтыңызшы? Жақсы мен жаманды Сіз қалай ажыратасыз?

- Біздің өлшеміміз, тіпті қарапайым. Шығармаға ет пен сүйектен жаралған қарапайым оқырман көзімен қараймыз. Мысалы, кейбір шығармалар бір рет оқуға жарамайды. Оның заты мәлім. Кей шығармалар бар, бір оқуға жақсы, үйіріп әкетеді. Бірақ оны оқып болысымен, неге екені белгісіз, Сіз оған қайта айналып соқпайсыз. Қазіргі дүниені дүрілдетіп жүрген коммерциялық әдебиеттің дені осы тақылеттес. Ақшаңызды суырып беріп, бір оқуға жақсы. Одан әрі жоқ. Ұмытасыз. Жаныңызды сыздатып қалдырған ізін таба алмайсыз. Ол шығармаға қайта айналып соқпайсыз. Ол Сіздің ғұмыр сапарыңызда рухани серігіңізге айналмайды. Ал енді үшінші бір шығармалар бар, оны «Сіз бір оқып алғаннан кейін ұмыта алмайсыз. Ол Сіздің бұдан кейінгі өміріңіздің рухани серігіне айналады. Жаныңыздың тереңіне шөгеді. Жадыңыздың ажырамас бөлшегіне айналады. Ол шығармалардағы кейіпкер сүрген өмірді Сіз де бастан кешкендейсіз. Сөйтіп, ол кітаптар ғұмырнамаңыздың бір бөлшегі болып алады. Әлсін-әлсін жадыңызда жаңғырады да тұрады. Әдебиеттің құдіреті, мүмкін, осы болар. Бұл кітаптарға Сіз ескі досыңызды іздегендей қайта оралып отырасыз. Әр оралған сайын шуақты сәтке бөленесіз. Мінеки, өлшем жайлы Сіздің сауалыңызға жауабымыз. Осы топқа жататын шығармаларды алғашқы екі топқа жататын шығармалардан бөліп аламыз, жоғары қоямыз. Осындай шығарма жазу әр жазушының арманы. Тіптен жазушының көп шығармасының ішінде осындай бір шығарма жүрсе де аз емес. «Басында Үшқараның...», біздіңше, сондай туынды. Еске Э.Хемингуэйдің «Килиманджаро қарларын» түсіреді. Екеуі де әңгіме. Екеуінің де кейіпкерлері жазушының прототиптері. Екеуінде де «не үшін өмір сүріп жүргенін» білмейтін, бірақ та тынымсыз шарқ ұрған рухани ізденіс үстіндегі қазіргі заман кейіпкері, ой адамдары. Екеуінде де тау бейнесі - адамды алыстан арбап тұрған армандай. Бірінде - Үшқара, бірінде - Килиманджаро. Екеуінде де жазушы саналыға тән тіршілік мәні жайлы мәңгілік экзистенциалистік сұрақтарға беріледі. Екеуінде де кейіпкерлер сол «не үшін өмір сүріп жүрміз осы?» деген сұраққа жауап таба алмай тығырыққа тіреледі. Екі әңгіме де бізге осынысымен қымбат. Тіршіліктің мәңгілік сауалын оқырман алдына қоюымен қымбат. Екі әңгіме де бір оқып тастап, ұмыта салатын шығармалар емес. Сізді өмір бойы өкшелеп отыратын рухани серіктер. Бір шүкіршілігіміз, қазақ сөз өнері бұндай дүниелерге кенде емес. Баршылық. Алдағы 21-ғасыр әдебиеті қандай боларын Құдай біледі. Алайда өткен 20-ғасыр әдебиеті жайлы қорытынды пікір айта беруімізге болады. Социализм салған құрыққа қарамастан, сөз жоқ, 20-ғасыр - Қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры». 20-ғасырда қазақ эпикалық прозасында да, шағын жанрында да, поэзиясында да бір ұлттың телпегіне тар келмес ұшан-теңіз рухани мұра жасалды. Кемелденген әдеби тіл жасалды. 20-ғасыр әдебиеті арғы ғасырлардан келе жатқан телегей теңіз эпикалық көшпелілер рухының соңғы серпін толқыны болды. Немесе 20-ғасыр әлі жаһандану дауылы шайқамаған қазақы рухтың соңғы ғасыры болды. 21-ғасырдың қазақшылдары 20-ғасыр әдебиетімен әлі «жылап көріседі» деп білеміз. Осындай кескін-келбеті бүгінде ірге теуіп жатқан болашақты ойлағанда, қазақша жазу-сызу былай тұрсын, қазақы ойлау, сөйлеудің өзі мұң болып бара жатқан болашақты ойлағанда, біз әңгіме етіп отырған 60-70 жылдар әдебиеті бізге өзге бір қырынан танылады. Тек соның асылын жасығынан ажыратып, төкпей-шашпай келер ұрпақ қолына ұстата алармыз ба? Ұстату парыз.

Сайын Мұратбеков прозасы сол «алтын ғасыр» әдебиетінің саф таза, маржан мұрасы. Дегдар қаламгер жазғыштыққа салынбапты. Бар жазғаны екі том. Көп те емес, аз да емес. Бірақ та осы екі томдағы қай шығармасына көз салсаңыз да, жазушы асықпаған-аптықпаған. Өткінші заманның ұран-сүрендеріне ауланбаған, ілеспеген. Ақ парақ бетінде «төбе көрсеткен» кейіпкерлеріне адалдығын сақтаған. «Күсен-Күсеке», «Отау үй», «Жусан иісі», «Жабайы алма», «Қылау», «Ұлтуған», т.т. өткен дәуір, социализм заманында өмір кешкен, күйген-сүйген ауыл адамдары. Айна-қатесі жоқ. Қан тамыры бүлкілдеп соғып тұрған өмір. Буы бұрқырап тұрған өмір. Өтіп кетсе де, сол өмір қаламгер құдіретінің арқасында кітапты ашсаң, ақ парақтың бетінен жамырап қоя береді.

«Шырт ұйқының құшағында жатқан. Бас жағынан дарылдай сөйлеген әкесінің даусы оятып жіберді.

- Әй, Сатай, тұр, балам, барып шананы алып қайт, - деді.

Сатай көзін сығырайтты. Үйдің іші әлі қараңғы екен. Терезеден бұлыңғыр ғана жарық түсіп тұр. Түн ортасынан жаңа ғана ауған мезгіл сияқты. Нағыз тәтті ұйқының шағы да. Бүкіл тұла бойы маужырап ұйып, дәл осы күйде талықсып ұйықтап жата бергісі келеді. Бірақ, ендігі жерде әкесі ұйқы береді дейсің бе? Әнеки, шақырған тауықтай бас жақтан тағы қылқылдай бастады.

- Сатай-ау, таң атты ғой, тұрсаңшы енді, - дейді» (Қылау).

Мінеки, осылай жазушы қаламының астынан қарапайым өрілген сөйлемдер тасасынан жан бітіп, ауыл адамдары өріп шыға бастайды. Қара сөздер тіріліп, ақ парақтың беті өмір майданына айнала бастайды. Егер де ә дегеннен ақ параққа жан бітіре алмайды екен, бұл жазушы қаламын қолға алмайтынын білеміз. Айлап-жылдап жазу столына жоламайды. Өнер деген де өзінше бір дін. Ол дінге сенбесең, адалдығыңды сақтамасаң, аяламасаң, түк шықпайды. Ол дінді алып жүру ұлы ерлік. Иығымызға салмағы батқан кезде көбіміз тайқып кетіп жатамыз. Онда өз обалың өзіңе, өнер діні сені кешірмейді. Жазаланасың. Сенен аруақ қашады, сөз пірі көтеріледі. Бұл сырды талант иелері іштей сезеді. Бірақ ол жайлы ешкім де ашықайтпайды. Қант диабеті деген сырқат шырғалаған ағамыздың көңілін сұрай барып отырып: «Жазып жүрген жаңа шығармаларыңыз болса, беріңізші, 70 жылдығыңыздың қарсаңында журналға шығарайық!» - дедік. Сәкең көптен аяқтай алмай, дұрысы, үстінен қарап шығуға дәті бармай жүрген бірер әңгімелерінің бар екенін айтып, үстінен қарап шығып, келесі жолы дайындап қоюға уәде берді. Жаз аяғында Сәкеңнің тау бөктеріндегі үйіне тағы бардық. Ағамыз көлеңкедей қозғалып, сыртқа шығып кеткен екен. Мәриям жеңгеміз ағамыздың халінен хабар берді. «Райгүлдің қазасынан оңала алмай қалды ғой... Іштей ағаң менен де күйрек боп шықты...», - деп өткен жазда мезгілсіз дүниеден өткен тұңғышын еске алып, күрсінді. Ашық есіктен күн ыстық болса да, жылы киініп алған Сайын ағаның бойы көрінді. Құшақтасып көрістік. Маған Сәкең қаңбақтай жеңіл көрінді. Әбден жүдеген. Көлеңкедей қозғалады. Денсаулығы жайлы әңгіме үстінде Сәкең күлбілтелемей, мына ауру мен оның салдарын мойындағанын айтты. «Бала-шаға аман болсын. Өздерің аман болыңдар», - деді. Біз не айтарымызды білмей, тіліміз байланып отырып қалдық. Жамандыққа қимайтын жаннан бұндайды есту ауыр еді. Әлдене деп, сөзіміз божырап, басу айттық. Бірақ, ұтымды емес, әсері шамалы сөздер түсті ауызға. Аздасын жаңа әңгімелерін жөндеп беремін деген уәдесін еске салдым. «Шамам келмеді. Қарай алмадым», - деді Сайын аға. Еңсе ауырлап, есеңгірегендей қалыпта келіп көлікке отырдым. Таудың бұралаң жолымен қалаға қарай асфальт қуып, төмен түсіп келемін. Бір бұрылыста тау бөктерінде қалған Сәкеңнің үйіне жалт қараппын. Неге қарағанымды білмеймін. Сол қарағанда арғы жақтағы арса-арса болған Алатау шыңдары да қоса назарға іліккен. Алда көк мұнарға тұншығып Алматы жатыр. Мыңғырған қала менің жабырқау көңіл-күйімнен хабарсыз. Қыбыр-қыбыр. Жыбыр-жыбыр. Көз алдымда Алматы болса да, көңіл көзімде - тау бөктерінде қалған Сәкеңнің қоңыр шатырлы үйі. Сол үйді көңіл көзімен көріп отырмын. Ар жағынан бірінен-бірі биіктей берген шоқылар. Қарлы шыңдарға ұласады. Үшқара. «Басында Үшқараның...». Сол тұстан, әлде көңіл түкпірінен сыңсыған бір мұңлы ән бас көтеріп келеді. «Басында Үшқараның...». Сол әңгімедегі ауыз үйде ән салып отырған әйелдер елестеді. Солардың ортасында ішіп алып, мұңлы әнді аңыратып теңселіп отырған Зағипа. Көзі жұмулы жылап отырғаны байқалып еді-ау!..

Басында Үшқараның қос барабан,
Сол таудан дария шалқар су тараған.
Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда.
Апырмай, неге келдім сол арадан...

/Елубай С. / Жалын.- 2010. - №4./

«Басында Үшқараның» әңгімесінің жазылу тарихы былай еді...

1967 жылдың жазында Сәкең Тахауи Ахтанов, Бердібек Соқпақбаев үшеуі Сайынның ауылына барып, екі аптадай жайлауды тамашалап, отағасымыздың ата-бабалары, нағашы аталарының мекенін аралап қайтты. Жайлаулары Қапал тауы мен Текелі тауының арасы. Ортасында Қора өзені ағып жатыр. Өте асау, тасығанда малды да, адамды да ағызатын долы тау суы. Сол өзеннің жағасында жаздай малшылар қоныстайды. Жоғарыдағы жазықта Мұратбек атасының жайлауы. Одан әріректегі текше нағашы атасы Тілеудікі. Екі жүз метрлік биіктен «Бұрқан бұлақ» деп аталатын сарқырама құлайды. Үшеуі сол жерлерді аралап, демалып, риза болысып қайтқан.

Келгеннен кейін бір күні Сайын маған: «Ойыма бір керемет сюжет келді, соны жазамын», - деді. Басын бастап, ойланып жүрді. Келесі жылы Әкім Таразимен бірге Жамбыл облысына кетті. Содан келгеннен кейін күзде жазуға отырды да әлгі бастаған дүниесін аяқтап, «Басында Үшқараның» деген атпен жариялады. Туындысының басына «Әкім Таразиге арнаймын» деп жазды.

Әңгімесін Әкім ағаға арнау себебі, екеуі бір туғандардай тату, адал дос еді. «Әкім көкеміз 1962 жылы жазда оқуды Мәскеуден бітіріп келгенде алғаш Тахаңмен бірге барып танысып едік», - деп отыратын Сәкең. 1964 жылдан бастап ағалы-інілі бауырлардай бірін-бірі сыйлап, соңғы күндерге дейін жақсы араласты. Саяжайдағы үйде терезесі тауға қараған бір бөлмені Әкім Тарази қатты ұнататын, келген сайын сол бөлмеде жататын. «Бұл жерден Найзақара тауы жақсы көрінеді, сонысымен ұнайды», - деуші еді. Әлі күнге дейін қоңырау шалып, Алматыға келсе, үйге соғып, амандық сұрап, қамқор болып жүреді. Дәл қазір ондай адал достыққа әркім де зәру емес пе. Ал біздің жолдастығымыз тамырын тереңге жайып, бірге туған бауырлардай жақындасып кеткенбіз.

Шығарманың басты кейіпкері Әсет - Сайынның өзі. Зағипа - әлі де бар, ақсары, ақжарқын келіншек-тін. Қазір ауылда тұрады. Малшының әйелі. Шын аты - Сәруар. Алматыға келсе, міндетті түрде үйге соғады. Сәулетайға келетін болсақ, әңгімеде баяндалған жағдай шынымен де болған оқиға. Оны Сәкең біраз өңдеп, шығармаға қосқан ғой. Ал әпке деп отырғаны - Мұратбектің інісі Мұратудың қызы. Әңгімедегі ұзатылып жатқан сол қыз болатын. Басқа кейіпкерлер де осы Қоңыр ауылының тұрғындары.

Сәкең туған ауылын, оның әсем табиғатын, мөлдір бұлағы мен асқар тауын сүйетін… Несін айтайын, келмеске кетті ғой көп күндер…

Ол шығармаларын көбінесе түнде отырып жазатын. Жыл мезгілдерінен күзді жақсы көрді. Жазуға жаңбыр не қар жауып тұрғанда отырғанды ұнатушы еді. 1987-1988 жылдары қатты жөтел қысып, дәрігерлер демікпе (астма) деген диагноз қойды. Тау жақта саяжайымыз бар еді. «Сол жақта кішкене тыншимын», деп сонда жиірек барып жүрді. Күзде үлкен бір бөлменің ортасын пешпен бөліп, екеуміз сонда көшіп алдық. Жыл өтпей жөтелі caп қойып кетті. «Мына жердің ауасы жақты маған, енді осында тұрамын», деп сонымен ол жерде тоғыз жыл тұрдық.

/Мариям апаның естеліктері/

Үстіне

Әдебиет - оның өмірі

Жақсы көретін жолдасың, қатарласың туралы жазудан қиын нәрсе жоқ. Бізге де оңай тимейтін сияқты. Достар бірін-бірі көзінше мақтап, мадақтауға сараң келеді ғой. Бірақ кейде осы біз мына тіршілікте бір-бірімізден жақсы сөзімізді, жақсы лебіз-тілегімізді, ақ көңіл ниетімізді несіне аяймыз деген ойға қаласың.

Бүгінгі сөз бірге жүрген досымыз, өмір жолымыз, қызметіміз, барлық ісіміз бірге қатарласымыз -еліміздің аяулы перзенті, қазақ әдебиетінің таңдаулы өкілдерінің бірі - Сайын Мұратбеков туралы болмақ. Оның шығармашылығы - жан-жақты, көп қырлы мол қазына. Тақырыбы да сан алуан. Оның жазбаған, арнамаған саласы жоқ. Бірақ, соған қарамастан, біз бөліп алып, өз алдына бөлек атайтын басты тақырыптары да бар. Ол - өмірге жаңа ғана қадам басқан жас балаң жігіт, олардың бастан кешкен қиыншылықтары мен қуаныштары, алдағы үміті, алғашқы махаббаты, адамгершілік, тамаша өмірдің шұғыла сәттері, ауыл азаматтарының бір қарағанда ерсілеу көрінгенмен, адамды еріксіз езу тартқызатын қылықтары, сонымен бірге адам бойындағы сұмпайы мінездер мен сұрқайы әдеттері, қашанда жақсымен бірге ілесе жүретін жиіркенішті жат қылықтар мен жайсыз мінездер. Бір сөзбен айтқанда, жарық пен күңгірттің, жаман мен жақсының шарпысып, шалысуы, кезек жығысуы.

Сайынның достары көп. Бәрі өзімен бірге әдебиетке қатарласып, қабырғаласып, үзеңгілес келген серіктері - Олжас, Әкім, Қалихан, Рамазан, Қабдеш, Мұхтар (Мағауин). Олар тобын жазбай әдебиетке бірге келіп еді, қазір де қатарларын бұзбай келе жатыр. 60-шы жылдардың басында бастапқыда оларды «жас жазушылар» дегенмен, алғашқы тақырыптары, көтерген мәселелері, шеберліктері, жазу мәнері, әдебиетке шынайы берілуі - тым ірі әрі өміршең еді. Олар жастар қатарында көп жүрген жоқ, әдебиеттің қиын шаруасына білек сыбанып кірісіп, ауыр жүгін мойымай, белдері қайыспай, бірден көтеріп әкетті. Мүмкін, уақыт та сондай болған шығар. 60-шы жылдар - қоғамдық өмірде, әдеби процесте елеулі өзгерістер мен жаңалық құбылыстар айқындалып, жаңа қатынастар қалыптаса бастаған кезең еді. Ендеше, олардың шәкірттік кезеңнен аттап өтіп, бірден ұстаздық дәрежеге қадам басуы заңды еді. Ендеше, Сайынның алғашқы жинағын бірден сол кездегі Қазақстан комсомол Орталық Комитетінің бюро мәжілісінде арнайы талқылап, арнайы қаулы алуы да сондықтан болар.

Әдебиетіміздің ақсақалдары да ол туралы жылы лебіздерін аяған жоқ. Мұхаметжан Қаратаев арнайы баяндама жасады. Ғабит Мүсіреповтің мына бір сөздері оның бүкіл шығармаларына берген әділ бағасы еді: «Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында Сайын Мұратбековтің жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз». 1978 жылы Мәскеуде жоғары әдеби курста жазушылардың халықаралық тақырыпқа арналған семинарында орыстың белгілі жазушысы Василий Шукшин қазақ жазушысының әңгімелерімен танысып, өзімен мүдделес, рухани жақын, шығармашылық қуаты, тынысы, тақырыбы ортақ, үндес екенін түсініп, «Менің қазақ бауырым, туысым» деп бауырына тартып, құшағына алуы да көп жайды аңғартпай ма?!

Ал Сайынның бойындағы тағы бір ерекшелік әлеуметтік жайларға лирикалық нақыш қосып, ішкі нәзік әуендер арқылы жеткізе білуі. «Новелла - адам сенгісіз оқиғаны әңгіме ету, сендіру» - деген екен Гете. Осы қасиет Сайынның да бойында бар. Сайын-көркем әдебиеттің табиғатын, оның ішінде әңгіме мен повесті жан-тәнімен, жүрегімен сезіп, жаратылысын, табиғи сырын терең түсінетін (қалай сезетінін бір Құдайдың өзі біледі) сезімтал жазушы. Бұл да жазушы бойындағы асқан талғампаздықтың белгісі екенінде сөз жоқ.

60-шы жылдардың басында дағдарыста болған әңгіме жанрына жан бітірген Сайын дер едік. Осы кезде әдебиетшілер қоғамдағы елеулі өзгерістерге үн қосамыз деп тым асқақтаған тақырыптарға үйір болған шақта, Сайын жер бетінде күнделікті тіршілік пен жеке адамның жеке өмірі бар екенін еске салды. Әуезов, Мүсіреповтердің кезінде жұртты тамсандырған қысқа да ұтымды, әсерлі әңгімелерінің дәстүрлерін әрі қарай жалғастыруға тырысты. Өз үні, өз тақырыбымен келіп, қарапайым өмірлік құбылыстарда да қоғамдық үлкен мән-мағына жатқанын көрсетті. Әңгіме жанрының классикалық үлгілерінен кем түспейтін өзіндік ұлттық ерекшелігі, көзқарасы, қазақы танымы бар әңгімелер тудырды.

Сайынның бұл еңбектері қазақ әдебиетінің бай қорына косқан өзіндік үлесі. Ал бұл үлес - қомақты, баға жетпес қымбат мұра еді. Жоғарыда біз айтқан топпен бірге Сайын да осы кезеңдегі қоғамдық қақтығыстар мен заман тудырған қайшылықтардың, әлеуметтік өзгерістер мен ағымдардың қақ ортасында жүріп, осы құбылыстар өмірге әкелген оқиғалар мен образдарды шығармаларына арқау етті.

Адамдардың сан алуан, сан қырлы бейнесін жасады. Сол бейнелерді қазір ұмыту қиын. Бәрі етене жақыныңдай жанасып қасыңда жүреді. «Жабайы алмадағы» сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы қиыншылықты молынан кешкен жаралы Қанай мен оның құрдастары - шешен Бакке мен неміс Оттоның өзара достығын, сол қиын кезеңнен аман өтсек деген әрекеттерін іштей қолдап, қостап отырасың. «Кәмен тоғайындағы» Кәменнің жасыл желектері өзі өрбіткен ұрпағының келешегін мегзейді. «Менің қарындасым», «Райгүлдегі» лирикалық саздар мен әуендерге жүрегің елжіремей ме? «Жусан иісіндегі» адамдық қатыгездіктің құрбаны болған Аянды аяп, жүрегің сыздайды. «Бекеңнің құбылысындағы» қарт шопан Бекеннің өмірдегі жаңа құбылыстарға икемделуіне де сенесің. Сайын тіпті газет тапсырмасымен барып жазған очерктерінің өзін көркем әдебиет заңына бағындырып, әдеби шығарма дәрежесіне көтерді. «Қыран құс көк жүзін шарлап кетті» деген әңгімедегі Мұхтар Әуезов бейнесі ұлы жазушының көркем публицистика арқылы шешімін тапқан зор тұлғасы деуге болады.

Сайын әңгімелерінде кейіпкерлері қандай қиыншылықтарға, тағдырдың талқысына түссе де, адамдық бейнесін, адамгершілік қасиетін жоғалтпауға, өмірге деген үмітінен түңілмеуге, тағдыр тауқыметіне мойымауға, адалдық пен әділдікті баян етіп, адал жанын, таза ниетін бойында сақтап қалуға тырысады.

Жазушының өмір жолы тек шығармашылық саласымен ғана шектеліп қалмайды. Жазушы әдетте өмірдің әр саласынан, қалың жұрттың қайнаған қақ ортасынан келеді. Кейде өмірдің сол әртүрлі салаларына қайта оралып, қоғамдық іс-әрекеттерге қайта араласуына тура келеді. Бұл жазушының шығармашылық қайрат-жігерін, талантын қайта жанып, қайта қайрап, шыңдай түспесе, қуатын кемітпейді, зиянын тигізбейді. Бір жолмен келе жатқан Сайынның шығармашылық кезеңінде осындай бұрылыстар да болды. Оның тікелей жазушылықтан ауытқып барып, басқа іске ауысуы сол кездегі республикалық партия ұйымының Орталық Комитетінен басталды. Үшеуміз де Орталық Комитетте бір кезеңде бірге жұмыс істедік. Сайын үшін бұл мүлдем жаңа сала еді. Бұған дейін газеттерде, Жазушылар одағында жұмыс істеп келген жазушыға үйреншікті әдетінен, ісінен қол үзіп, қиыншылығы мен жауапкершілігі мол, әсіресе аяқ астынан, жоқ жерден мәселе туындап, тосыннан килігетін, шешімін тез тауып, жауабын тез беруді қажет ететін күрделі қызметке ол көпке дейін көңілі көншімей, бойын үйрете алмай қиналып жүрді.

Сайынның бұл жұмысқа келуі де, кетуі де өз алдына бір әңгіме. Екеуінде де ол қиыншылыққа тап болды. Ол кезде кадр мәселесі қазіргідей қолма-қол, тез шешіле қоймайтын кез. Жан-жақты зерттеуден өтіп барып қана жоғарғы деңгейге ұсыныс енгізілетін. Осындай әдетпен айлап жүріп алдық. Мұндайға өте сақтықпен қарайтын идеология жөніндегі хатшымыз Саттар Нұрмашұлы Имашев алдына екі рет барған Сайынның құжаттарын әртүрлі себептермен кері қайтарды. Мәдениет болімінің меңгерушісі Михаил Иванович Есенәлиев ақыры шыдамы таусылып, сол кездегі Орталық Комитеттің кадр жөніндегі хатшысы Василий Кузьмич Севрюковқа барып, осы мәселені шешуге араластырып, ақыры Имашевты да көндіріп, қағаздарды Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың алдына жеткізді. Ол кісі мәселені ұзаққа созбады, сол бойда қолын қойды. Ал бұл сергелдеңнің сыры - Сайын сияқты өз мінезі, өз көзқарасы бар, еркін сөйлеп, еркін пікірге баратын жазушының номенклатуралық қызметкерлерге тым ыңғайсыздығы. Жоғарғы номенклатура ондай адамдарды жаратпайтын. Сайынның бұл мекемеден кетуі де осылай болды. Қызметке аларда көп ойланып, көп толғанған Имашев енді шығармашылық жұмысқа кеткісі келіп, қызметтен босатуды сұраған Сайынның арызына қол қоймай қойды. Енді жібергісі келмеді. Үш-төрт жыл қатаң мекеменің қатаң тәртібінен өтіп, жұмысқа төселе бергенде Сайынның шығармашылық еркіндікті аңсап, сүйікті кәсібі - жазушылыққа оралғысы келіп, мына жұмысынан айни қалмасы бар ма. Тағы да арыз жазылды, тағы да хатшыға барды. Араларында мынадай әңгіме өтті.

- Саттар Нұрмашевич, мен кетейін, бұрынғы жұмысыма барайын.
- Неге?
- Мына жұмысқа көңілім қонбайды.
- Мұндай жұмысты да біреу істеу керек қой.
- Ондай адамдар табылар.

Имашев ойланып қалды. Оның кеткісі келгенін түсінгендей болды. Екі күннен кейін жазушы Сайын Мұратбеков қайтадан өз ортасы - «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып оралды. Сайын Мұратбековтің келуімен «Қазақ әдебиеті» газетінің жаңа кезеңі басталды. Газеттің көлемі ұлғайып, қазіргі форматқа көшіп, жаңаша безендіріліп, жаңа тәсілмен, жаңа бағытпен шығарыла бастады. Газеттің тиражы өсті. Газет бетінде жаңа проблемалар көтерілді. Сайын редактор ретінде де, жазушы ретінде де қазақ әдебиетінің даму процесіне ықпалын тигізді.

Сол кезеңдегі шығармашылық маңызды проблемаларды шешуге белсене араласып, қазақ әдебиетінің беделін көтеруге атсалысты.

Әрине, бұл жылдар Сайын үшін шығармашылық табысты, жемісті жылдар болғанмен, оның азаматтық бағытына, қоғамдық белсенділігіне де үлкен сын кезең болды. Ол өзінің принципшілдігі, адамгершілігі, іскерлігі, әдебиетке деген шынайы қарым-қатынасы, жауапкершілігі арқасында бұл сындардан сүрінбей өтті.

Сайын Мұратбеков осы кезеңдерде «Қазақ әдебиеті» газетінен кейін «Жазушы» баспасын басқарып, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болғанын атай келе, соңғы жылдардағы қызметтеріне, іс-әрекеттеріне де тоқтай кетейік. Ақиық ақын Олжас Сүлейменовпен бірге ядролық жарылыстарға қарсы бағытталған «Семей-Невада» қозғалысын ұйымдастырып, осы бағытта да көптеген жұмыстар жүргізіп, «Халық конгресі» газетін шығарды. Газет жер бетінде ядролық сынақтарды тоқтатып, бейбіт өмірді баянды ету - қазіргі әлем алдында адамзат баласының ең басты міндеті екенін айта келіп, бұл қауіпті әрекеттің зияны мен зардаптарын атап, жұртшылықты мұндай қылмысқа жол бермеуге шақырды.

Жазушы қашанда «жасым жетті, енді болдым- толдым» деп жан бағуға кіріспейді. Ақырғы демі таусылғанша бар өмірі жазу столының басында, іздену үстінде өтеді. Ол бұрынғы әдетінен жаңылмайды, көңілдегі ойларымен, жан дүниесімен арпалысып, кейіпкерлерінің өміріне араласып, олардың қуанышы мен қайғысына ортақтасып, көкірегіне ұялаған ғажап көріністерді қайта ашып, қағаз бетіне түсіруге тырысады.

Құрметті, Сәке, осындай творчестволық толғаныс сәттерің көп болсын, көп жаса!

/Бекежан Тілегенов,
Владислав Владимирович
/Жалын. - 2010. - №4/

Кемел келісім

Қазіргі жалпы совет әдебиеті, оның ішінде ұлт әдебиеттерінің күрт дамуына да Ұлы Октябрь революциясы мен Ұлы Отан соғысының әсері тимей отыр деп те айта алмас едік. Бұл екі тарихи оқиға да әдебиетіміздің өрісін кеңейткен негізгі тақырыбы болумен қатар, өзін көрсетуге тиіс жаңа типті суреткерлерін де дүниеге ала келгендігі анық еді. Өйткені суреткер өмірді емес, өмірдің өзі суреткерді туғызатындығы мәлім. Сондықтан да қаламгер атаулы уақыттың ұрпағы болып саналады. Айталық, бүгінде орта буын санатына енген, әдебиетімізге елуінші жылдардың соңын ала, алпысыншы жылдардың бас кезінде имене енген ақын-жазушылардың біразы Ұлы Отан соғысының тауқыметін бастан өткеріп өскендер екен. Бұғаналары бекіп, қабырғалары қатпастан қыруар қиыншылықты бастан кешіріп, қаршадайынан қағылездікке үйренген бұл ұрпақтың бойындағы сезімталдық пен сергектікті, азаматтық пен аяушылық, қайсарлық пен қайраттылықты сол сұрапыл уақыттың рухы қалыптастырған-ау деген де ойға қаласың. Бұл ұрпақтың айтары да аз болмаса керек.

Жазушы Сайын Мұратбеков те бар балалық балауса кезі - бұла шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарына тап келіп, тар кезеңдегі тағдырдың татымсыз талқанын ерте татқан буынның өкілі. Ол, атап айтқанда, отызыншы, қырқыншы жылдардың рухани атмосферасына тән материалдық жұтандыққа жүйкесін жұқартпай, қайта керісінше, моральдық байлықты мұрат тұтқан, тазалықты, адалдықты, темірдей тәртіпті, коллектившілдікті, қоғамдық мүддені ту етіп ұстаған, социалистік қоғамның жарқын болашағына деген зор сеніммен, асқақ идеямен күн кешкен аға ұрпақтың адамгершілік тәрбиесін алғанын қашан да мақтаныш етуге тиіс деп ойлаймыз. Сайын 1941 жылы 22 июньде не бәрі бес жаста ғана екен. Ауылдағы ер-азамат майданға аттанып жатқанда жаратылысынан сезімтал, сергек баланың ет жүрегі езілмейді дейсіз бе?! Әкелері мен бауырларының басым көпшілігі енді қайтып туған жердің топырағын баспайтыны сонда сол қара сирақ балалардың естеріне де кіріп шықпаған болар... Адамды қашан да уақыт есейтіп, жағдай жар жағалатқан ғой. Сол әкелері маңдайынан аялы алақандарымен соңғы рет сипаған балаларды қытымыр уақыттың да еркелетпей қыл шылбырымен қысып ұстағаны күні бүгінге дейін де олардың түсіне кірмейді дейсіз бе?!.

Сайын ғана емес, оның құрбы-құрдастары сол бір жаралы жылдары жар құлағы жастыққа тимей, шөп шауып, шөмеле тартқаны, үлкендермен бірге еңбекке араласқаны да рас. Сөйтіп жүріп жетімдік пен жесірліктің желке қияр қамытына талша мойындары талса да үлкендерше табандылық көрсетіп, қара қағаздың қасіретін тартқан қам көңіл қаралы елдің қайғысын бөліскен бала ұрпақтың ішінен суреткер шықпауы да мүмкін емес еді. Ендеше туған әдебиетіміздің киелі табалдырығын алпысыншы жылдардың басында аттаған талантты топ - табанды буын бүгінде әдебиетіміздің әдемі бір әуені болып отыруында да белгілі бір зандылық бар екен. Әрбір талантты жазушының әдебиетке келуі ұлттың рухани өмірдегі қуанышты құбылыс екендігіне ешкім де таласа алмайды. Сондай талантты суреткер өзімен бірге өзіне дейін болмаған беймәлім бір идеялық-көркемдік жаңалық ала келетінін өмірдің өзі көрсетіп келеді. Сайын Мұратбеков те әдебиет әлемінде шу деп төбе көрсеткеннен өзіндік өрнегімен жұртшылық назарын өзіне аударғаны жақсы мәлім. Ол қандай өрнек еді?

С. Мұратбековтың алғашқы әңгімелерінен бастап бүгінгі жазғандарына дейін үміт отындай маздап, үзілмей келе жатқан жібек орамалдың жанға жайлы желпігеніне ұқсас жылы бір нәрсе бар. Бәлкім, Сайын әңгімелерінің сыры да, сыны да осында шығар? Ол жазушы творчествосындағы мөлдір сезім шынайылығы, осыдан келіп туындайтын табиғилықтың адам жанының нәзік пернелерін тап басуы дер едік. Былайша айтқанда, Сайын әңгімелеріндегі психологиялық лиризм яғни қобыздың үніндей сыршыл сарын, психологиялық тереңдік көңілге қонақтап қалып отырады. Жазушы не туралы жазса да, өмірдің ащы немесе тұщы шындығын қай қырынан суреттеп отырса да сол бір лирикалық пафосынан танған емес.

Сайынның ең тұңғыш көркем дүниесінің бірі осыдан жиырма бес жыл бұрын жарияланған «Менің қарындасым» атты әңгімесі де кейіпкер сезімінің шынайылығымен өз оқушысын баурап алып еді. Міне, осындағы оның адам жанының нәзік те бейтаныс қырлары мен беймәлім сырларын лирикалық планда мөлдіретіп табиғи жеткізе білуі әдебиетімізге өз жаңалығы бар жаңа жазушы келгендігін жария еткен болатын. Автор бұл әңгімесінде еліктің лағындай ерке де еркін өскен қыздың бейкүнә бейнесін жасауы арқылы бәріміздің де қарындасқа деген ағалық, бауырлық сүйіспеншілігімізді тағы да оята түскен. Әңгіме қылымсуды білмейтін бір ғана қылықты қарындастың аяулы мінезін көрсеткенімен барша қарындастарымыздың бойынан іздейтін жан дүние сұлулығы мен рухани тазалық, ақшаңқан адал сезім туралы ойға қалдырады. Сондай-ақ, Сайынның осы әңгімесінен кейін ақ бантикті қыздар жайында әр түрлі дәрежедегі шығармалардың да көбейіп кеткендігі бәріміздің есімізде. Сөз жоқ, бұл осынау жақсы әңгіменің әсерімен тікелей байланысты еді. Әсер дегеннен шығады, Мұратбековтың «Жусан иісі» атты әңгімесінен соң да жусан туралы жамырай жазбаған жас жазушы жоқ та шығар, осыдан бірер жыл бұрын жусан деген сөзден көз қарығатын еді, қайта енді-енді азая бастаған сияқты. Асылы, әр жазушының творчестволық жаңалығы ол бейнелеген көркемдік шындықтың өзгешелігінен, сол арқылы әдебиетке «таныс-бейтаныс» характерлер әкелуінен, қысқасы, адам жанының диалектикасын өз көзқарасы тұрғысынан ашуынан көрінсе керек. Міне, осы бір эстетикалық өлшем биігінен қарағанда С. Мұратбековке тән суреткерлік жаңалықтың кейбір қырлары ашыла түседі. Мәселен, жоғарыда айтып өткен «Менің қарындасымдағы» Әлима сияқты еңлікгүлдей ерекше сүйкімді еркебұлан қыздар өмірде аз емес болатын. Алайда, солардың бәріне тән бізге белгісіз ортақ сырды Сайын Мұратбеков Әлима бейнесі арқылы ашып бергенін атап айтуымыз керек. Сайынның әрбір жаңа әңгімесінде бұрын айтылмаған жағдай, ашылмаған сыр, көрінбеген характер алдыңнан шығып отырады. Және осының бәрін ол мен мұндалатып көзге ұрмай, сол өзінің лирико-психологиялық пландағы сырбаз, сыпайы, жайма-шуақ жазу стилімен жеткізеді. Ол не нәрсе туралы айтқысы, қандай жағдайды көрсеткісі, нендей шындықты ашқысы келсе де қамырдан қыл суырғандай баппен, байыппен жазады. Сондықтан жалпы С. Мұратбеков прозасының табиғаты тау өзенінің тасып аққанынан гөрі, тұма бұлақтың бірқалыпты бүлкілінен туатын күміс сылдырды көбірек еске түсіреді. Тіпті оның жан сезімінде жаңалықтары мол образ, характерлері де есіктен кіре төрге ұмтылмайтын жайлы да жайдары, қайырымды да қарапайым болып келеді. Жазушы геройларының прототиптері өз арамызда жүрген адамдар болғанымен, көбісінің жандүниесін, ой әлемін, мақсат-мұратын, қуанышы мен мұңын, дүниеге көзқарасын, адамгершілік бет-бейнесін Сайын әңгімелерін оқыған соң тереңірек тани түсіп, бұрын білмей келген, байқамай жүрген жаңа сырлар таптық дер едік. С. Мұратбековтың әрбір әңгімесіндегі суреттелетін өмір шындығына көңіл аударып, адамдарының мұңы мен мұратына ортақтасқан сайын біздің ойымызға халық әндеріндегі қайталанбас мұңды әуен, сағынышты саз, терең толғаныс, ойлы, ойнақы наз, қимас сезім орала берді. Біздіңше, мұның өзі жазушы творчествосындағы халықтық сипаттың жақсы әсері де болу керек. Осы сипат оның әдеби геройларын бізге ет жақынымыздай жақындатып та тұр. Тағы бір атап айтатын нәрсе, Сайын әр әңгімесінде кем дегенде екі-үш адамның көзге ыстық, көңілге жақын жанды бейнесін лирикалық планда жасап, олардың психологиясын өзгеше өрнектейді. Міне, сол геройлар оз бойындағы адалдық сезімімен, аңқылдақ мінезімен, бір сөзбен айтқанда, адамдық аяулы болмысымен оқушы есінде қалып қояды. Сайын характер диалектикасын ашуда, яғни адамды табиғи бар болмысымен көрсетуде ерекше шеберлік танытады. Мәселен, «Кәментоғайдағы» Зағипа, «Ескек желдегі» Рысжан, «Ұлтуғандағы» Ұлтуған, «Ана арманындағы» әже, «Отау үйдегі» Ұзақ пен Тана бейнелері туған әдебиетімізге Сайын Мұратбеков әкелген жаңалықтар, соны образдар, айшықты характерлер. Жазушы мүсіндеген көптеген геройлар жан дүниесіндегі жарқындық, іс-әрекетіндегі адалдық, сезімталдық, қайырымдылық, бауырмалдық сияқты қасиеттер үшін оларға деген симпатиямыз да арта түседі. Сайын өз творчествосында сүйікті геройларының өмір жолы арқылы осы аталған адамдық қастерлі қасиеттерді көркемдік қисынын тауып дәріптеуді басты суреткерлік мұраты санайды. Жазушы әңгімелерінің басым көпшілігін оқушы қауым енжар қабылдап, сыншылар да елеусіз қалдырған емес. Әсіресе солардың ішінен жұртқа оның «Күсен-Күсеке» атты әңгімесі қатты ұнаған сияқты. Ол жайында кезінде Москва сыншылары да бір ауыздан жылы лебіз білдірді. Қазақ әдебиетін Одақтық көлемде насихаттауға едәуір еңбек сіңірген белгілі сыншы, марқұм И.Н. Крамов, сол сияқты жазушы әдебиетшілер П. Ульянов, В. Руденко-Десняк және тағы басқалар Сайынның бұл әңгімесін осы жанр бойынша Одақтық масштабтағы елеулі құбылыс деп бағалағаны баспасөз бетінен жақсы мәлім. «Күсен-Күсеке» әңгімесінде жазушы Сайын Мұратбеков мүлде жаңа қырынан көрінді, жаңаша творчестволық ізденіс үстінде екенін танытты. Анықтап айтқанда, ол бұрын оқиғаны негізінен лирикалық ракурста беретін және адам жанының терең де нәзік пернелерін, ішкі сезім иірімдерін тамыршыдай тап басатын психолог, лирик жазушы ретінде көбірек көрінсе, мұнда ол өміріндегі әлеуметтік күрделі мәселелерді аңғарғыш әрі соларды орнымен көтере білетін ойшыл суреткер екенін де дәлелдеп шықты. Жазушы осы әңгімесінде сырын терең білмеген сырт көзге алаңғасар, аңқау, аңқылдақ, тіпті берекесіз көрінетін Күсен секілді қазақ Дон-Кихотының жаңа типін жасаған сияқты. Ал шындығында мүлде олай емес. Рас, Күсен өзінің адамгершілік қасиеті, сезімі жағынан Сайынның бұрынғы кейіпкерлеріне ұқсас. Сөйтсе де бұл образ өзінің әлеуметтік салмағымен әлдеқайда күрделі. Күсен ой көзімен қараған адамға ешқандай да комикалық герой емес, керісінше езу тартқызып отырып еңсеңді көтеріп тастайтын, ойламаған жерден терең ойға қалдыратын ойлы образ. «Халық іші - қазына» демекші, Күсен сияқты тұрған бойы көркем тұлға боларлық ақ көңіл адамдар ел арасында жүздеп кездесетіндігі анық. Жазушы солардың типтік бейнесін Күсен арқылы әдебиетімізге алып келді. Кейбіреулер үшін Күсен ақ қар, көк мұзда қоғам малын бағып жүріп тапқан-таянған мол ақшасын бей-берекет шашушы, дүниенің ығын білмейтін берекесіз көрінуі де әбден мүмкін. Себебі, табан ақы, мандай термен келген ақша түгіл, жолдан тауып алған қара бақырын да шығаруға қалтырап, соны қарақан басы үшін ортаймас олжа көретіндер жоқ па екен?! Тоғышар, дүниеқоңыз адам үшін дүниенің кілті тек ақша ғана екені түсінікті. Сондықтан да оның тар да тайғақ жолында арын да, арманын да аяққа басып кететіндер де жоқ деу көпе-көрінеу көз жұмбайлық болар еді.

Мұратбековтың Күсені өз ақшасын қайда жұмсау немесе қалай сары майдай сақтау керектігін ешкімнен кем білмейді. Алайда, Күсен үшін ақшадан да асқақтап жоғары тұрған, тіпті есепсіз ақшаға да сатып алуға болмайтын асыл нәрселер бар. Күсен үшін адамға қолыңнан келгенше жақсылық жасаудан, оны қуантып, көңілін табудан, адамға адамның шын көңілімен қол ұшын беріп, риясыз көмектесуінен, онымен сыйласып, сырласудан артық еш нәрсе жоқ. Сондықтан да Күсен сияқты адамды қуантудан рақат алатын және одан асқан ештеңе жоқ деп білетін қарапайым кісінің қолында адал еңбегінің мол ақшасынан басқа беретін несі бар?! Демек, Күсен өз ақшасын ағайын-туғанға анда-санда осылай үлестіру арқылы оларға деген көлеңкесіз көл-көсір көңілін көрсеткісі келеді. Оларды қуанттым деп ойлайды. Олай болса, Күсеннің осы мұраты оның адамгершілік қасиеті емей немене?! Бойында осындай қасиеті бар адамдар аз болса, мынау кең дүние де тар көрінер еді-ау. Егер Күсен әнші болса әнімен, дәрігер болса емімен адамға қуаныш, бақыт, сұлулық сыйламай тұра алмас еді. Өйткені жаратылысынан жақсылық жасау үшін туған жандар мейлі қой бақсын, мейлі ой бақсын С. Мұратбековтың Күсені сияқты адамға деген ақ көңілімен, қарымтасыз мөлдір қарым-қатынасымен, шексіз сүйіспеншілігімен айналасын ақ нұрға бөлеп жүретіндігі күмәнсіз. Ендеше өмірдің күңгейінен гөрі көлеңкесін, жеңілінен гөрі ауырын көріп жүргендеріне қарамастан алғанына емес, бергеніне дән риза Күсен сықылды адамдардың өз басынан бұрын ағайынның аман-саулығын көбірек ойлайтындықтары олардың жамандықтары емес екен! Жазушы Сайын Мұратбеков аталмыш әңгімесіндегі Күсен образы арқылы үлкен әлеуметтік идея көтеріп, оқушыны оймен бетпе-бет қалдырады. Сайынның концепциясы бойынша, адамның адамгершілік қасиеті, мейлі ұлық бол, мейлі кішік бол, көлеңкесіз көңіл тазалығынан, өзінен бұрын өзгеге деген сүйіспеншілік сезімінен көрінеді екен. Сондықтан да Күсен жақыны мен жамағайынына ақшасын үлестіруші емес, шынайы көңілін үлестіруші. Ол үшін дүниедегі ең қастерлі нәрсе ақша табу емес, адамның көңілін табу, адамның қуанышына да, қайғысына да ортақтаса білу. Міне, осының өзі біздің қоғамымыздың әлеуметтік моралінен, адамгершілік принципінен туындайтын қасиет. Демек, Күсен өз әрекетімен әлеуметтік тұлға екен, Күсеннің жанына бататын нәрсе, кейбір адамдардың бір-біріне деген қайырымының жетпей жататындығы, тым өзімшілдігі, көңілдерінің көрсоқырлығы. Күсенді тағы бір мазалайтын жағдай, ағыл-тегіл молшылықтың, барлық пен байлықтың кезінде көңілдің тарылуы, сезімнің жұтаң тартуы, шынайы сүйіспеншіліктің азаюы. С. Мұратбековтың «Күсен-Күсеке» әңгімесіндегі көтеріп отырған адамгершілік проблемасы оның бүкіл творчествосының негізгі пафосы болып табылады. Жазушы қай туындысында да адамның адамшылығы, азаматтығы, рухани биіктігі, жан дүние сұлулығы, сезім шынайылығы туралы сыр шертіп, ой толғап келеді. Сондықтан да Сайын мүсіндеген негізгі геройлар «өмір - адам, адам - өмір» деген күрделі философиялық зандылықтарын өз тұрғысынан түсіндіруге тырысқан суреткер мұратының көрінісі деп қараймыз.

Суреткер мұраты! Бұл өте қиын ұғым, оны бірден тап басып тану оңайға түспейді. Себебі әрбір суреткерді өмір - адамның әр түрлі жайттары толғандырады. Көркем шығарма сол толғаныстарға көркемдік тұрғыдан берілген жауап болса керек. Сондай-ақ бұл жауаптар оқушы көкейіндегі сауалдарға да дөп келсе құба-құп. С. Мұратбековтың суреткерлік мұраты адам бойындағы сезімталдық пен аяушылық сезімді дәріптеу, өмірдегі ізгі де игі істерді, адамгершілік қасиеттерді көрсету. Адамның моральдық байлығын, жан дүние сұлулығын, рухани биіктігін, әр қырынан ашу Сайын творчествосының негізгі кредосы. Жазушының, «Отау үй» атты әңгімесі адамға ең қажетті қасиет - сезімталдық пен аяушылық асыл сезімнің жас адамдардың семьялық қарым-қатынасындағы оянуы мен дамуы туралы шертілген мөлдір сыр десе де болғандай. Мұндағы Ұзақ пен Тананың бойындағы рухани тазалық, жан сүлулығы, ішкі әлеміндегі психологиялық нәзік құбылыстар ерекше суреткерлік шеберлікпен ашылған. Әңгімеде «сүйдім», күйдім» деген бір ауыз сөз жоқ, сөйтсе де Ұзақ пен Тананың бір-бірін іштей тереңнен шығар, сөйтсе де солардың көбісі өмірдің ағынымен жүріп, сол туған жерге көп жылдар бойы барып қайтудың реті бола бермеуі де мүмкін ғой. Ал сәті түсіп бара қалған жағдайда адам бойында қандай сезім, қандай көңіл күй болуы мүмкін? Мұны кез келген адам қағазға түсіріп бере алмаса керек. Сайын аталған әңгімесінде, міне, осы сәттегі сезім құбылысын нақты да нанымды детальдар арқылы психологиялық шынайы қалпында көрсетіп береді. Уақыт бір орында тұрған ба? Өмір деген толы өзгеріс емес пе? Ендеше сол ауылдағы адамдар бойындағы әлеуметтік- психологиялық өзгерістер жазушы қаламынан өзгеше өрнек тапқан. Осы әңгімедегі Сәулетай, Зағипа, Шынар секілді геройлардың тағдыры, мінезі, сезімі, іс-әрекеті өмірдегі жүздеген, тіпті одан да көп таныс-бейтаныстарымызды еріксіз еске түсіріп, ойымызға ұмыта бастаған көп нәрселерді түсіретіндігімен жанымызға жақындай түседі. Әңгімеде көңіл босатар мұнтаздай таза мұң, жастық шақ, сазын еске түсіретін сағыныш әуені, ең бастысы - ұядай жылы сезім бар.

С. Мұратбековтың соңғы кезде жазғандарының ішінен оның «Біреу» атты әңгімесін айрықша атап айтқан жөн сияқты. Сайын мұнда тақырып аясын кеңіту, оқиғаның әлеуметтік мазмұнын тереңдету, жанр табиғатын түбегейлі игеру, характерді күрделілендіру, жаңа идея айту, тың концепция ұсыну, адам жанының қат-қабат қайшылығын ашу, ішкі драматизмге терең бойлау, интеллектуалдық психологизмге ден қою жағынан өскендігін танытты. Сайынның бұған дейінгі әңгімелерінде оның стиль ерекшелігін айқындайтын сүйікті тәсілі - психологиялық лиризм болатын. Яғни ол оқиғаны да, ойды да, образды да лирикалық планда алып, психологиялық этюдтер түрінде өрнектейтін еді. Сол этюдтер іштей сабақтасып, өзара байланыса келіп, біртұтас көркемдік жұмыр дүние болып шығатын. Сонымен бұл әңгіме жазушы Сайын Мұратбековтың творчествосындағы көркемдік бетбұрысты, ізденісті, суреткер ретінде диалектикалық іштей өсуді көрсететін эстетикалық фактор. Әңгіме аты «Біреу», ондағы негізгі герой да аты-жөні нақты айтылмаған белгісіз біреу. Әрине мұның өзі бұрын Сайын творчествосында ұшыраспаған көркемдік шарттылық екенін ұмытпауымыз керек. Бұл біреу дегені кім, ол неғылған белгісіз жан, мезгілсіз, мекенсіз жүрген ол қандай адам деген оймен әңгімені оқып шыққанда, көз алдымызға белгісіз біреуіміз таныс-бейтаныс біреулерге ұқсай берді, соларды еске түсіре берді. Біз осынау біреудің характерінен, тіршілігінен, өмір сүру принциптерінен қазіргі уақыттың кейбір шындығын, әлеуметтік нышандарын, біраз адамның басындағы типтік жағдай мен ортақ психологияны көргендей болдық. Әңгіменің атында ғана емес, затында да символикалық терең мән, әлеуметтік астар бар. Жазушы бұл әңгімесінде адамның өз мүмкіндігіне лайық өмірдегі орнын табуының қиындығы жайлы қиын мәселені қиюын тауып көтере біліпті. Нақтырақ айтқанда, өмірден өз орныңды табудың, өз үлесіңді алудың жөні осы екен деп табиғи және рухани мүмкіндігінің төмен екеніне қарамастан биікке ұмтылып, сөйтіп әлін білмей әлекке түсіп, бақталастықпен, көрсеқызарлықпен, атаққұмарлықпен жалған өмір сүру - тоғышарлық принцип екені туралы толымды сыр толғайды. Адам баласының бойы ғана емес, ойы да әр түрлі емес пе? Ендеше неге сол ойымыздың дәрежесіне қарай мақсат қойып, арман қумасқа? Көрпеңе қарай көсілмей, мүмкіндігінді асыра бағалап, кез келгеніміз биік мансап, жоғары атаққа, қол жетпеске ұмтылу шарт па екен. Мәселе тек абырой қуып, атақ алып, жеңіл жолмен ақша табуда, ішіп-жеуде ғана ма екен? Жазушы оқушысын осындай өткір сауалдар төңірегінде ойға қалдырады. Әңгімедегі негізгі герой біреу, яғни сол таныс-бейтаныс замандасымыздың бар ойы жеңілдің асты, ауырдың үстімен күн көріп өмір сүру. Сол жеке басының мүддесін көбірек ойлайтын Біреу көздеген көкейтесті мақсаттарына өз еңбегімен ат арытып, тон тоздырып жетуді бос әурешілік деп қарайды. Одан гөрі тамыр-таныстықтың күшімен, өзі сый-сыяпат көрсеткен адамдардың көмегімен қиындықсыз жетуді ғана ойлайды. Біздің арамызда мұндай типтер ұшыраспайды деуге болмас еді. Жазушы осындай тоғышарлық психологияның шылауында шырмалып жүргендердің типтік образын нанымды жасай отырып, олардың рухани жарымжандығын батыл сынайды. Сондай тек аларман адамдардың асығы алшысынан түсіп, алшаңдап жүруіне, ойлағанның бәрін ойдағыдай орындауына жол бермеуге үндейді. Иә, автор солардың рухани-творчестволық әлсіздігін көре тұра көрмегенсу, тіпті кей тұста оларға өліп-өшіп қамқорлық жасап, қолтығынан демеу - азаматтық болмысымызға нұқсан, адамгершілік мұраттарымызға сын екенін ескерткен. Жазушы Сайын Мұратбеков туған әдебиетімізде жиырма жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатыр. Ол осы мерзім ішінде оннан астам кітап шығарып үлгерді. Әрине, сандық жағынан алсақ бұл аз емес, ал сапалық өлшем тұрғысынан қарасақ әдебиетімізге елеулі үлес болып қосылғанын атап айтуға тиістіміз. Сөйтсе де Сайын творчествосында саннан гөрі сапаның салмағы үстем екенін көрер едік. Бұл түсінікті де. Себебі сан қуған жерде сапа жоққа шығады, ал сапа салтанат құрған жерде сан аяғын тартып басатыны мәлім. Яғни олардың бірін-бірі жоққа шығармай тұра алмайтындығы әлімсақтан белгілі жай. Диалектиканың ұлы заңдылығы бойынша екеуінің тепе-тең түсіп жатуы мүмкін емес, мүмкін болған жағдайдың өзінде оның өзі өте сирек құбылыс. Олай болса, Сайын Мұратбековты аз жазады деп қарау ағаттық болар еді. Оның жиырмадан аса таңдаулы деген әңгімелері жеке дара тұрған бір көркемдік әлем сияқты. Бұл әңгімелер болмаған болса, төл әдебиетіміздің бір бүйірі ойсырап, олқы тұрған болар еді. Қазір өзімізді айтпағанда, Одақтық және шет елдік әдебиет сынында «Мұратбековтың әңгімелері» деген әдеби термин де қалыптаса бастады. Мұның өзі «Шукшиннің әңгімелері», «Распутиннің повестері» дегендегідей жұртты елең еткізе түседі.

Сайын Мұратбеков творчествосының негізгі тақырыбы ауыл өмірі деп көп айтылып жүр. Біздіңше, мұнда жалпыламалық басым да нақтылық жете бермейді. Ал шындығына келсек, Сайынды моральдық үлкен проблемалар көбірек мазалайтындай, сондықтан да оның басты тақырыбы адамгершілік, ар-ождан мәселесі дер едік. Өйткені жазушының қай әңгімесін алып қарасаңыз, адамның рухани байлығы: жан дүние сұлулығы мен сезім шынайылығына, көңіл тазалығы мен мұрат биіктігіне айрықша назар аударылады. Сондықтан да ол үшін өмірдегі, адам бойындағы жақсылық, сезімталдық, қайырым, ізгілік, сезім сұлулығы, тазалық, адалдық сияқты моральдық-этикалық категорияларды жазу мұраттың мұраты сияқты.

Әңгіме көркемдік қиюы оңайшылықпен табылмайтын қиын жанр. Сол себепті де Флобердің «әңгіме жазу қиын болғандықтан да роман жазуға мәжбүр болдым» деген сөзінде шындық бар секілді. Жеке дауыста ән айту кез келгеннің қолынан келе бермейді ғой. Ал хорға қосылып екінің бірі айта бермей ме? Әңгіме жазу да жеке дауыста ән салуға ұқсас өнер. Адам көзінің еш нәрсені жасыра алмайтыны сияқты, әңгіме жанрында да жазушы жетістігі мен кемістігін жасыра алмайды. Әңгіме -жазушы шеберлігінің айнасы, мұнда бәрі көктамырланып көрініп, бәрі алақандағыдай анық әрі сайрап тұрады. Яғни шағын жанрдан жазушы шеберлігін әлдеқайда айқын көретін болсақ, сөз өнерінің үлкен жолындағы Сайын Мұратбеков әңгімелері де оның суреткерлік кемел келісімін танытады.

1980
/Әшімбаев С. Екі томдық шығармалар жинағы.
Т. 2 : Әдеби сын, 2006./

Ізденіс бағдарын барлағанда

Жас жазушылардың әңгіме жанрында ізденістері жайында сөз козғағанда Сайын Мұратбековтың есімін бөлек атар едік. Сайын қазақ әдебиетінде алғаш рет қарапайым ауыл адамдарының 20-30-жылдардағы психологиясын, сана-сезіміндегі әлеуметтік түбірлі өзгерістерді өз шығармаларында реалистікпен суреттеген Бейімбет Майлиннен көп үйренген жазушылардың бірі. Оның әңгімелерінде «Шұғаның белгісіндегі» лирикалық психологизм мен тау суындай тұнық та мөлдір реализмнен көп үлгі алушылықты, соларды байсалдылылықпен зерттеген творчестволық ізденіс бедерлерін байқауға болады.

С. Мұратбековтың «Менің қарындасым», «Ауыл оты» жинақтарындағы әңгімелерден алпысыншы жылдарғы қарапайым ауыл адамдарының тамаша мінездері мен іс-әрекеттерін көреміз. Біздіңше Сайын әдебиетімізге осы бір кезеңнін талай-талай қайталанбас жаңа образдарын әкелген жазушы. Сайынның ізденісін ауыл адамдарының ішкі-сыртқы бейнесін өзгеше суреткерлік бояулармен өрнектеп бергенінен анық танимыз. Сондықтан да Сайын творчествосы әдебиетіміздің әңгіме жанрына тән ізденушіліктің бір дәлелі дер едік.

Қайсыбір жазушылардың сыралғы тақырыптары болатыны мәлім. Олар «алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, сол тақырыптардың соңына шам алып түседі. Сайын Мұратбековты де сондай авторлар санатына қосуға болар еді. Сайын әрбір кітабында ауыл өмірін, оның бүгінгі терең сырлы, жаңа мазмұнды қызық тірлігін алғаш жаза бастағаннан-ақ арқау етумен келеді. Оның кітаптарының ішіндегі айрықша «Отау үйінің» де негізгі тақырыбы осы. Әдебиет өмірдегі оқиғалардың, мінездердің, тартыстардың жалаң сырт көшірмесі еместігі әлімсақтан белгілі жай. Жазушы көз кәргендерін сол қалпында бейнелеп қана қоймайды. Өмірден алатыны, өз жанынан қосатыны анық. Былайша қарағанда шығарма жазушының идеалы мен антиидеалының көрінісі. Өйткені жазушы ең алдымен күрескер азамат. Алдаспаны - қаламы мен парықты сөз. Жазушы жаны сүйген құбылысты мадақтап, жиренгенін мансұқ етеді. Оның бұл ойы шығармада бүркеулі жататыны анық. Өйткені әдебиет жалаң публицистика емес, онда идея образға айналып кетеді.

Сайын Мұратбеков әңгімелерінен осы сипаттарды мол табамыз. Әңгімелерінде идея менмұндалап тұрмайды. «Күсен-Күсекесі» осы пікірімізді бекіте түседі. Бір қарағанда әңгіме арқауы тым ұсақ тұрмыстық күйкі жайлар секілді. Алайда оны оқып болған соң әлгі ойыңыздан тез ораласыз. Әңгімедегі кейіпкерлеріне деген автор сүйіспеншілігі мен жек көруін сезінбеу мүмкін емес. Жазушы Күсенді дәріптеуге ұмтылмады. «Өмірдің тұтқасы Күсен сияқты жандар». Ол дәл бұлай демегенмен, әңгімеде қылан беретін түпкі идея осы. Енді бірін жек көрмеді. Олар анау алаяқ, жылпос сатушы мен т. б. Олар «күріш арқасында су ішкен күрмек» тәрізді, адал жандарды «ағалап», ретін тауып алдап күн көргеніне мәз тоғышарлар. Сайын осылардың үстемдік алып, алшаң басып, шалқып жүруіне әбден қарсы. Жазушы ананың жаны ақ, мынанікі қара деп айғайлап ештеңе де айтпаған. Ол жағын оқушы өзі ажыратып, танып алуға тиіс.

Күсен. Оның мінезі, адамдық кескін-тұрпаты жан дүниесі айналасындағылармен қарым-катынас үстінде жан-жақты ашылады. Ол кісіге бергеніне, біреуге жақсылық жасағанына риза жан. Күсен кейбіреулердің өзі сияқтыларды алдап су ішіп, жер басып жүргенін сезеді де, бірақ олардың ісін жамандыққа жорудан ат-тонын ала қашады. Бұған оның Бисұлтанмен кездесуін айтсақ та желкілікті. Біз Күсен сияқты жаны жайсаң, жүрегі кіршіксіз адал адамдардың бүгін өмірде көп екендігіне күмәнданбаймыз. Ал, Бисұлтан сияқты жылымдардың да іс-әрекеті ауылдық жерде типтік жағдай деу шындыққа сыймас еді. Сайын бұл әңгімесінде проблемалық мәселелерді қозғаған, ауыл адамдары арасындағы ішкі тартыс суреттелген.

Сайын Мұратбеков әңгімелерінде лирикалық психологизм басым. «Басында Үшқараның» әңгімесі осының айғағы. Мұнда бас кейіпкер, жанының күнгейі мен теріскей жағы қарайлас Әсеттің көңіл күйі, толқуы, сезім құбылулары әңгіменің өн бойына әдемі өріліп отырады. Әңгімедегі автордың айтпақ болған ойын, көтерген идеясын мынау деп бір сөз, бірер сөйлеммен тұжырымдай салуға келе бермейді. Жазушы біраз нәрсені сығымдап айтуды мақсат еткен. Айталық, ауыл және ондағы адамдардың моральдық-материалдық өсу, өзгеруі, Әсеттің бұрынғы құрбы-құрдастарының бүгінгі тірлігі, олардың басындағы әр түрлі хал, жүріп бара жатқан максат, мұрат жолдары, өмірге көзқарас, түсініктері, т. б. сөз болады.

Суреттелетін кейіпкерлерді жағымды, жағымыз деген схемаға маңайлата алмаймыз. Олардың қай-қайсысы өз тыныс, өзгеден белек қоңырқай тірлігімен алдыңнан шығады. Әсеттің әпкесі Зағипа, Әбдібай, Сәулетай, Шынар, осылардың іс-әрекетіндегі, сөзіндегі табиғилық, нанымдылық оқушысын сүйсінтпей қоймайды. Сайынды Майлинмен жақындастыратын жазушылық қасиеті де осында жатыр. Тағы бір көңіл аударатый кейіпігер - Зағипа. Жазушы симпатиясы да соған көбірек бағышталған. Зағипа мінез жағынан көп қаламның ұшына ілінбей жүрген әдебиетіміздегі жаңа бейне деуге де болады.

Зағипа көктемгі дала қызғалдағы секілді. Өз қарапайымдылығымен сүйкімді. Оның той үстінде ағыл-тегіл жылап отырған сәті де соншама шыншыл. Онысы жылау емес, Зағипаның қайырылмастан өтіп бара жатқан жастық шағын аңсауы, жастық дәуренін сағынуы, соны қимауы деп білеміз. Бұл да адамның басында кездесетін жайт. Өмірдегі талас пен тартыс, жалпы жақсылық пен жамандық атаулының туу себептері көп. Соның бірер себебі - характерге байланысты. Белгілі бар жағдайдан соңғы дұрыс, не бұрыс әрекеттердің тікелей мінезге қатысы бар. Өмірдің күрделілігі де мінездердің әр қилылығымен, қым-қиғаштығымен сабақтас. Адамдардың түр-тұлғалық, дене бітімі, бет-пішіні жағынан ұқсас еместігі сияқты мінездері де әр алуан. Сайын осындай бір мінездерді жіті көре біледі де соны көркем шындықпен белгілі ситуацияға байланысты иланымды жеткізеді.

«Отау үй» әңгімесінде де солай. Бір үйде төртеу тұрады. Мінездері де төрт белек. Олар әкесі, шешесі, баласы, келіні. Әкесі сөзге жоқ, әріден, терең ойлайтын адам. Оған қоса өте сабырлы. Ал, Ұзақтың шешесі болса адуын, қатал қазымыр кісі. Осы мінездерімен шектен шығып кетеді. Ұзақ пен Тананың, бөлек шығуының бас себепшісі де өзі. Ұзақ - сөзге сенгіш, аңғал жігіт. Адалдығы да негізгі қасиеті. Ол «ашуы алдымен, ақылы сонынан» дейтіннің тап өзі. Тана - тіпті бейкүнә жан, неге болса да мақүл. Қарсылығы да, құптауы да іштей болады. Жалпы бұл әңгімесі жазушының кейіпкер психологиясын шебер жеткізуге әбден төселгендігінің айғағындай.

Алайда, осы әңгіме кейіпкерлерінде, сол сияқты «Үскірік» әңгімесіндегі кейіпкерлер бойында даралылық сипат бар да, уақыт, дәуір талабына жауап берерлік жинақтаушылық қасиет жетіңкіремей жатады.

Кейіпкерлердің парасаттылығы (интеллекті) деген - жай сөз емес, әдебиетке, жазушыға уақыт қойып отырған ортақ та заңды талап. Бұл жай да Сайынның, мықтап ескеретін мәселесі деп ойлаймыз. Кейіпкер парасаттылығын көрсетудің бір жағы-замандастарды көрсетуі, олардың ойларын, көзқарастарын, түйсік-түсініктерін, азаматтық-моральдық бет-бейнесін, мұрат-мақсатын жазу екені мәлім.

Өмірде кездейсоқ және заңды құбылыстар мен шындықтар қат-қабат келіп, иін тіресіп, қойындасып жатады. Негізгі шындықты дұрыс екшеп, талғап, әлеуметке қажетті-ау дегенін ала білу қиын міндет. Жазушылық өнердің қиындығының бір кілтипаны да осында.

Шығарма өміршеңдігі - жалпы әдебиет жасампаздығы. Жазушы мерейі өз кезінің рухын көрсететін әлеуметтік мәселелерді көтеруімен, бейнелеуімен тығыз байланысты. Шығармада әлеуметтік салмақ жоқ жерде оның өрісі ұзақ еместігі аян.

Әдебиет - көркем сөз философиясы. Шын мәніндегі келісті шығармалардағы образдардың ішкі астарының философиялық ойлармен көктелетіні тегін емес. Әдебиетте таразының бір басы эстетикалық дүмпу, дабыл. Сүйсінту ғана емес, шошыту, жылату ғана емес, күлдіру, қуанту. Бұл айтылғандарды біз сөз етіп отырған Сайын Мұратбековке ғана катысты, соған ғана арналған деп қарау мүлде сыйымсыз.

«Құдықты су шығатын жерден қазады» дейді екен. Біз Сайынның атына жоғарыдағы кейбір ескертпелерді айтқанда, оның талантына сеніп айтамыз. Талантты талап өсіреді. Талант мүмкіндігіне сай дүниелер күткендіктен ойымызды ешбір бүкпесіз білдіруді мақсат еттік. Ал, жалпы алғанда Сайынның ізденіс үстінде келе жатқан суреткер екендігі даусыз.

1970
/Әшімбаев С Парасатқа құштарлық:
Әдеби-сын мақалалар. - Алматы: Жазушы, 1985./

Үстіне

«Зергер сөздің шебері»

Сайын Мұратбеков шығармаларының қазақ әдебиеті тарихынан алар орны зор. Оның шығармалары мазмұнының тереңдігімен, тілінің көркемдігімен, айшықты қолданыстарымен ерекшеленіп, төл әдеби тілімізді байытуға өзіндік үлесін қосты.

Арай Ахметжанова

Бізде шағын жанр-әңгімені жаңа форма, тың тақырыппен байыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің ізгі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөлдірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасаған психологизм ұшқындары бар.

Тахауи Ахтанов

Сайын Мұратбековтың «Таңғы шық», «Райгүл» сияқты алғашқы әңгімелері мен «Басында Үшқараның...», «Жусан исі» сияқты повестері барша оқырман қауымды елең еткізді. Алматы жоғары оқу орындарындағы жатақханаларда бұл шығармалар қолдан-қолға өтіп оқылды. Студенттер жай оқып қана қоймай, ақ езу, көк езу болысып, өзара талқыласып та жатты.

Ұзақбай Доспанбетов

Жалпы, қазақ әдебиетінде шағын жанр, әңгіме жанрын шыңға шығарған сөзсіз дүлдүл Бейімбет Майлин еді. Оның жолын қумаған, ықпалына түспеген жан прозада кемде-кем. Бәрімізді Бейімбеттің шекпенінен шықтық деп айтуға болады. Сол Би-ағаңның жолын қуған, шағын жанрға бүкіл өмірін арнаған жалғыз жазушы болса, ол Сайын Мұратбеков еді. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ әңгімесін жаңа белеске көтерген осы қаламгер десем қателеспеймін. Мен Сайынды мақтағым келмейді. Кез келген көзі ашық оқырман оның прозасына көз жүгіртсе, оның ірі талант, жазғандары шетінен дүр дүние екеніне көз жеткізер еді.

Смағұл Елубаев

Стиль - адам. Ал адамның жаратушысы Құдай. Бұлардың бәрі пенденің санасынан тыс бірінен-бірі өткен құпия. Сол себептен де өнері баяғыда-ақ Үшқараның басына ұя салған Сайын Мұратбеков әдебиет жайлы 40 жыл әңгіме шертсе де, өз шығармаларына тән сөз сиқырын, яғни өз өнерінің мәйегін ашып бере алмапты. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай талант иесінің маңдайына жазылған сый - Тәңір берген суреткерлік тылсым өнерпаздың қолындағы, ырқындағы құбылыс еді.

Смағұл Елубай

«Жусан иісі» Сайын Мұратбековтың творчествосындағы үздік жетістіктерінің бірі болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылындағы ауыртпалықты суреттейтін шығарма да, бала кейіпкер де мол. Бірақ бұл туынды олардың ешқайсысына да ұқсамайды. Оқиғаның өрбуі мен құрылымы да, логикалық ақыл-ойдың дара сабақтаса дамуы да, лирикалық шығарманың ішкі жан-дүниесі де оқшау. Көз алдыңнан қара жолдың шаңын аспанға шығара жарысып бара жатқан балалардың соңында аяғын сылтып басып, жете алмасын білгенде: «Әй, тоқтаңдаршы, бір қызық ертегі айтайын», - деп соқпақ шетіне отыра кететін Аянның бейнесі кетпейді.

Тұрсын Жұртбаев

Сайынның туындылары - оқиға желiсiнiң шыншылдығымен, тiлiнiң көркем де өрнектiлiгiмен, кейiпкерлерiнiң биiк адамгершiлiк қасиеттерiмен бiр сөзбен айтқанда, табиғи нанымдылығымен ерекшеленiп, оқырманын баурап отырады. Қазақ ауылының қиын кезеңiн шынайы бейнелеп, полотнолық ғажап шығармалар жазған бақытты жазушы.

Төлен Қаупынбайұлы

Сайын Мұратбеков шығармашылығындағы шынайылығы, өмірсүйгіштік қуаты арқылы бұл көркемдік тенденцияның қоғам тынысын әсіресе жарқын тұстарынан барынша жан-жақты бейнелеу талаптарын жүзеге асырудағы елеулі үлесіне күмән тудырмайды. Ол роман жазған жоқ. Оның романы - әңгімелері. Ал әңгімелері мәңгілік даңқтың иелігіне шақыру алған. Қаламгер бақыты сондай-ақ болсын...

Бақытжан Майтанов

Зергер сөздің шебері жазушы Сайын Мұратбеков, өмірдің болмысын шынайы бейнелейтін таңғы шықтай мөлдір шығармалары арқылы оқырмандардың жан жүрегін баурап, ықылас-құрметіне бөленген сирек дарын иесі. Сайын біздің - ұлттық құндылығымыз оның шығармасының ғұмыры ұзақ. Бүгін болмаса ертең, ұлтына қарамай-ақ өз оқырманымен ажырамастай табысатыны кәміл.

Шерхан Мұртаза

Сайын Мұратбеков өзіне ғана тән тақырыптық, жанрлық, стильдік даралығы, ерекше сөз нақышы, ашық үні, өзіндік бояуы бар шығармалармен танылады.

Мырзатай Серғалиев

Үстіне

Фотогалерея

 

Үстіне

Жүректің қылын тербеген

Қашанда қабырғалы қаламгерлердің творчестволық талғамына зер салып, даралық сипатын саралағанда ол бейнелеген өмірдің қат-қабат сырына үңіліп, оны философиялық тұжырымына ден қойып, олардың өмірлік мақсатын, шеберлік шырайын анықтауға ұмтыласың.

Әрбір жазушының жүрегіне жақын, өзі жақсы біліп, тамылжыта суреттейтін творчестволық әлемі бар, сол арқылы айтар ойын өмірмен өзектесе өріп, адамдардың жан дүнесінің құпиясын ашып, тиянақты тұжырым жасайды. Қаламгер творчествосының қыры сан-салалы. Эпикалық, лирикалық, драмалық сарынды бір адамның туындыларынан іздестіру әбестік. Әрине, ізденістің нәтижесіндегі жанрлық барлаулар, оны нышындардың қылаң беруі кез-келген өнер иесінің парасатты парызы. Дегенмен де шынайы шығармалар дарын табиғатымен астасып, қамшының өріміндей сабақтасып, жүректің қылын тербейді.

Көркем шығарманың басты тұлғасы - адам. Мейлі ол қалада тұрсын, ауылдың тұнық ауасымен тыныстасын кейіпкер міндеті географиялық жағдаймен сараланбайды қаһарман дара интелектуалды қасиетке ие тұлға ма, қарапайым, тіршілік кешкен қатардағы қоғам мүшесі ме, бәрібір, әдеби туындының өзегіне желі ретінде тартылады. Тек жазушы өзінің суреттеуінің нәтижесінде әлеуметтік астар беріп, не лирикалық толғанысқа құрып, парасатта дүние дәрежесіне жеткізіп, тағылымдық нысананы меже тұтуы тиіс. Бұл орайда қазақ жазушыларының орта буын өкілдерінің арасында өзіндік өрнегімен, қоңыр әуенімен, нәзік нақышымен, жеңіл психологиялық толғамымен дараланатын Сайын Мұратбековтың творчестволық лабороториясы ерекше назар аудартады. Он тоғыз жасында жарық көріп, жұртшылықтың ықыласына бөленген «Таңғы шық» атты әңгімесінен бастап күні бүгінге дейін ауыл өмірін көркем шығармаларының артын арқауы етіп келеді.

Тақырып-қаламгердің өскен, өзі етене араласқан ортасына тікелей қатысты. Суреттелетін өмір көрінісін жете зерттеп, тыныс-тіршілігін бойына толық сәңіргенде ғана көркем шығарманың алдына қойған мақсаты орындалады. Бүгінгі таңда көкей-кесті тақырыптың атын жамылып, қаламын әр қияға сілтеп, өзін де, оқырманды да жаңылдырып, із тастап жүрген қаламгерлер аз емес. Сайын Мұратбековтың бір ерекшелігі де осы бір тақырып тұрақтылығында. Оның кейіпкерлері де өз замандастарымыз. Күнделікті қарым-қатынаста көріп, әңгімелесіп, сыр шертісіп, әзілдесіп жүрген жандар. Әсіре қызыл сөзге, жасанды желіге әуес емес. Оның қаламынан шыққан әр оқиға өмірдің өзінен алынып, көзқанық, сыралғы жайлардың негізінде өрбіп, лирикалық жылы леппен баяндалып, тазалығымен, жеңіл мұңымен жүрегіңді шымырлатып, сезім тұнығына батырады. Әсем әлемге жетелейді. Жазушының ұшқыр қиялы нәзік суреттеумен қабыса өрнектеліп, өзіне баурап алады.

Қазіргі әдебиетте ауыл өміріне арналған шығармалар оқырмандардың ықыласын аударып, бұл құбылыстың даму бағыттарына жіті ден қоюда. Одақ көлеміндегі әдеби пікір алысуларды есептемегенде, үстіміздегі жылы Алматы қаласында село еңбеккерлерінің көркем шығармадағы бейнесі қақында халықаралық конференция өтті. Сол мәжілісте еңбек адамының психологиясына терең үңіліп, әлеуметтік мәселе көтеру қақында көптеген пікірлер айтылып, дара тоғысып жатты. Осы бағытта қалам тартып, үздік шығармаларды өмірге әкелген совет жвзушыларының бір шоғырының қатарында Сайын Мұратбековтың да есімі аталып, орынды бағаланды. Бұл жиырма жыл бойы тың тынысын суреттеген, ауыл адамдарының өмірін жырлаған жазушы еңбегінің әділ бағасы.

Бір қызығы - Сайын Мұратбековтың туындыларының дені әңгімелер. Әрине, әдебиеттің қай жанры да дара тамырлас. Бейімбет Майлиннің бір әңгімесінде кейбір бүйірі қалың повесть, романдарда кезіге бермейтін типтік бейнелер, кесек оқиғалар, салмақты әлеуметтік астарлар бар. Сондықтанда жазушының қысқа жанрды іш тартып, аз сөзбен көп мағына беруге ұмтылуы талант иесінің талғампаздығын, жауапкершілігін танытады. Мөлдіреген таңғы шықтай таза сезімге құрылған «Райгүл», «Қылау», «Алғашқы қар», «Менің қарындасым» атты әңгімелердегі жас жеткіншектердің пәк махаббаты, сырлы жан-дүниесі, арманшыл қиялы қоңыр әуенмен, лирикалық толғаныспен тамылжыта баяндалады. Онда бозала таңдағы бозторғайдың әнін тыңдап, жарқын болашақты аңсайтын бозбала мен жанарына нұр тұнған қарақат көз қыздың көктемдегі бүр ашқан гүлдей ояна бастаған махаббаты нанымды да шырайлы суреттеледі. Олардың көкіректеріндегі ықыласты ойларын, тәтті армандарын сыртқа шығармайды, іштей егіліп, елжіреп, қиялдың тұнық та терең тұңғиығына батырады. Бір-біріне ұласып, шытырманға жетелейтін күрделі оқиға да жоқ. Бүкіл шығарманың желісі психология мен сезім иіріміне негізделген. Шағын да шымыр шығарма оқырманның жүрегін дірілдетіп, толқытады. Әңгіме аяқталса да сен сол кейіпкердің болашағын көз алдына елестетіп ұзақ уақыт сол әсерден айыға алмайсын.

Психологиялық лиризм қазақ прозасысында 60-жылдардың басында нышан танытып, бүгінгі таңда қанатын кең жайып отыр. Осындай тың тынысты лептің алғашқы көрінісі Сайын Мұратбековтың творчествосында қылаң берді. Қаламгердің осы бағыттағы ізденістері әр шығармасынан анық байқалды. Автор адамның ішкі сырына үңіліп, жан тебіренісі арқылы кейіпкерінің іс-әрекетін, мүдде-мақсатын, сағыныш-өкінішін ашады. Әрбір қаһарманның өз тілі, өз ұғымы, өз пікірі бар. Қаншама ұқсас тақырыпты жазса да кейіпкерлердің бейнесі мен тұжырымдалған ой-пікір бір-біріне ұқсамайды. Оқшау, жеке дара қалып танытып, соны қырынан көрінеді. Жазушы болмашы оқиғаның өзін әсерлі, айшықты тілмен өрнектеп, жүрекке жеткізеді. Мұның басты сыры - психологиялық лиризимнің күші. Сайын Мұратбеков шығарманың бояуын қоюлатпай, артық дыбыс қоспай, таза, поэтикалық дүние жазуды өзінің творчестволық мақсаты ретінде тұтынады. Сонымен қатар философиялық терең тұжырым мен, пайымды пікір де туындының салмағын арттырып, салауатты көркем шығарма дәрижесіне көтелген.

Қарапайымдылық-қарабайырлық емес. Жазушының барлық кейіпкерлері ауыл адамдары. Сырт көзге қарағанда бір өңірдің тұрғындарының тағдырын роман-новелла ретінде алып, олардың әрқайсысына жеке дара тоқталған тәрізді. Осы орайда Г.Матвеоянның «Буйволы» мен «Тарғыл табыны» оралады. Бірақ әр әңгіменің айтар ойы мен көркемдік шешіміне көз жүгіртсең, автордың жеке адамның ғана бір өтпелі шағын емес, сол дәуреннің жиынтық бейнесін жасағаның, соған саналы түрде творчестволық ізденіспен, зор дайындықпен, келгенің анғарасын. Ол өмір толқынында екшелудің нәтижесінде жүрекке тұнған сезімнің бір сәтін, яғни адамның қуанышын, өкінішін, сағынышын қаз-қалпында көкем тілмен қағазға түсірген. Қаламгер адамның ғұмырындағы шешуші кезеңді ғана алып, қамырдан қыл суырғандай ептілікпен, дәлдікпен баяндап, оқырманға үлкен философиялық тұжырым ұсынады. Әсерлі әңгімені оқып шыққан соң ешқашанда бей-жай күйде қалмайсыз. Қуанасыз, тебіренесіз, ренжисіз.

Адам өміріндегі қимас сәттердің, жаныңда жас сұлудың бейнесі жатталып қалатын мерейлі мезеттердегі сонау бір балдәурен балалық шақты аңсаған сағыныш, жеткіншек жүрегіне түскен алғашқы жара - «жусан иісі», «ананың арманы», «қылау» атты әңгімелердің деніне алтын арқау болған «Үш айдындының» кейіпкері де бала. Оқиға да таныс. Бірақ автор үш шығармада бір дәуреннің үш түрлі қырын суреттеп, үш түрлі көркемдік шешім тауып, философиялық тұжырым жасайды. Қаламгер сол арқылы әр жеткіншектің өміртану түсінігінен қоршаған ортаға көзқарасын, психологиялық толғанысын тілге тиек етіп, поэтикалық қуаты мол, лирикалық сазы сан үнді шығарма жазған.

«Жусан иісі» Сайын Мұратбековтың творчествосындағы үздік жетістіктерінің бірі болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылындағы ауыртпалықты суреттейтін шығарма да, бала кейіпкер де мол. Бірақ бұл туынды олардың ешқайсысына да ұқсамайды. Оқиғаның өрбуі мен құрылымы да, логикалық ақыл-ойдың дара сабақтаса дамуы да, лирикалық шығарманың ішкі жан-дүниесі де оқшау. Көз алдыңнан қара жолдыңшақын аспанға шығара жарысып бара жатқан балалардың соңында аяғын сылтып басып, жете алмасын білгенде: «Әй, тоқтаңдаршы, бір қызық ертегі айтайын», - деп соқпақ шетіне отыра кететін Аянның бейнесі кетпейді. Ғажйып қиялдарға беріліп, қызық-қызық ертегілерді айдан шығарып, сонау майдандағы көкесін сағынған кезде оның күрткесін иіскеуі, күндіз ойнауға мұршасы келмей, түнде басқа баланың шанасымен сырғанақ тебуі тәрізді детальдық көріністер өзінің шынайылығымен жүрегіңді шымырлатып, Аянның әрбір қимылына зер салып, елжірейсің. Аян ертегіші. Оның өзі ақыл-парасатына сай шағын әлемі бар. Рухани серігі - қиялы. Сол ұшқыр ойының жетегіне ілесіп, адамдармен, дүниеден ерте кеткен анасымен, майдандағы әкесімен сөйлеседі. Өзге құрбыларынан кішкене, бірақ өмір оны ерте есейткен. Тіпті, оны жұбатуға келген балалардың өзін қайсарлығымен таңдандырады. Әңгіме соңында Аян қаладағы балалар үйіне аттанады. Өзі кетсе де ауылдағы достарының көп нәрсеге деген түсінігін өзгертіп, өшпес әсер қалдырды. Сондықтан да лирикалық қаһарманның «...Тіпті, күні бүгінге дейін, сонан бері талай ондаған жылдар өтсе де, кей күні түнде далаға шыға қалсам, қараңғыда бөрікше шошайған Ешкі өлмес шоқысы астында жалғыз көзді дәу ұйықтап жатқандай соның қарқыраған демінен теңселіп тұрғандай көрінеді. Сол дәумен алысатын бала қойда екен деймін сол сәт... Шынында да бұл күнде Аян қайда екен? Тірі ме екен? Ондай бала тірі болуы тиіс. Ондай бала алдына нендей мұрат қойса да жетеді. Ал тірі болса жусанды төбеге» бір оралмауы қалай?! Жусанның иісін сағынбауы мүмкін емес қой?» деп түйіндеп, оқырманның өзіне сауал қойып, Аянның қалған өмірінің қалай сабақталатынын қиялдауға, көз алдыңа елестетуге мензейді. Жусан иісі - баланың майдандағы әкесінің тері күртесінің иісі. Жусан иісі туған даласының иісі. Автор осы концепциямен Аянның адамгершілік рухының өрелігін, парасатты байсалдылығын, оның қиялы балалық қызығушылықтан туған ұшқыр ой емес, асқаралы мақсатпен астасқан арналы арман екендігін анықтайды. Онда игі сезім балдәурен шақта жүрекке ізін салатындығын аңғартып, моральдық тазалықты оқиға арқылы жырлайды. Иә, қара сөзбен жырлайды. «Жусан иісі» әңгімесінің композициялық құрылымы, поэтикалық суреттелуі, лирикалық қоңыр әуені, кестелі тілі аталмыш туындының поэзиялық қасиеттерімен ұштастырып, жақындастырып тұр.

Ал дүниенің, жеткіншектік дүниенің есігін жаңа ашқан жеңістің өмірдегі қилы-қилы құбылыстарды: жақсы мен жаман қасиеттің алмасып жатуын, ең аяулы адамыңның ренішін, күнделікті тіршіліктегі күрделікті, әрбір нәрсенің психологиялық шешуімен түйінін ұғуға ұмтылған бір талқымалы шағын суреттеуге арналған әңгіме - «Ана арманы». Бәрі де бұрынды-соңды көркем шығармаларда суреттеліп жүрген етене таныс жандар. Әже, ұл, немере, келін. Олардың арасындағы қарым-қатынастар да қайшылықтар да шағын көріністік тартыстар да санылық емес. Бірақ, бұл әңгіме өзінің логикалық құрылымымен, оқиғаны құру әдісімен, характерлік қалтарыстарды ашуымен, философиялық астарымен өзге туындылардан оқшауланып тұрады. Сырт көзге әже бақытты жан. Балалары беделді. Ал іштей үлкен күйзеліс бар. Оны немересі кеш аңғарады. Әже өз ұлдарының арасындағы алауыздықты, әрқайсысы өз қамын ойлайтынына, ынтымақтың, шынайы ықыластың жоқтығына налиды. Тек немересі Жеңіспен сырласады. Бітеу жара асқынған дертке айналады. Дерттен көрі ана жанына өзегін жарған төлдерінің, қызы мен келіндерінің қырғи қылықтары жанына тікендей қадалады. Ашық айтпайды. Автор олардың мінездерін баянда жатпай, бірақ штрихпен аңғартады.Сол штрихтің өзі төбе шашыңды тік тұрғызады. Ана әл үстінде. Барлық ұл келіні жанында. Үзіліп барады. Ұлдары көрші бөлмеде көңіл көтеріп, бас жазып, «Ана жырын» айтып отыр. Келіндері әжелерінің қасында. Бәрі жылап, көзіне жас алады. Әсіресе: «оң қолының білегінен ұстап алдырған Әсембайдың әйелі: Әкетайымяжау!!! - деп булығып еңіреп жіберді. Еңіреп отырып қайта-қайта еңкейіп қолынан сүйгендей болды. Сөйтіп отырғанда оның аржағындағы Мәржәпия (Әженің кенже қызы - Т.Ж.) кенет аяғын біреу басып кеткендей баж ете түсті.

- Аулақ әрі, Әкел, шешемнің жүзігін, өзім алам, - деді.
- Ей-й, қыз-ау, жәй-іңә от-тыр-саң-шау, - деп жылай сөйлеген күйінде Әсембайдың әйелі әжемнің қолына тағы еңкейген. Мәржәпия оны қағып жіберді. Ұмтылып кеп әжемнің қолына өзі жармасты. Бұл тағы да еңкейіп, әжемнің саусағын тілімен жалап, жүзікті ары тартты, бері тартты, бірақ шығара алмады».

Осы көріністі оқығанда қайран ананың көңілі неге мұңлы екендігін, неге көңілі талмағандығын түсінесің. Автор ешқандай түсініктеме бермейді, қызы келінін қараламайды да. Тіпті, таңсәріде, қаралы қаза үстінде немересі Жеңіс сыртқа лақтырып жіберген алтын сақинаны қызы мен келіні іздеп жүргенде де қалалық өз кейіпкеріне деген бейтараптық пен салқынқанды арақатынасын жоғалтпайды. Пікір айтумен тұжырымды талғамды, олардың іс-әрекеттеріне деген бағаны оқырманның өз еркіне қалдырады. Тек оң жақта жатқан әжесін көргенде бала: «Әжем, шынында да әппақ боп созылып, ұйықтаған адамша жатыр. Ұрты суалған, қабағындажалғыз мен ғана танитын кейістік бар. » дейді. Әңгіме осымен бітті. Ал одан туындайтын философиялық ой, көркемдік шешім қандай. Бұл оқиғаның барлығын автор неге баланың көзқарасы арқылы баяндайды. Себебі Жеңіс әлі тіршіліктің қилы-қилы тартысына түскен жоқ. Оны дүние-мүлік, атақ-даңқ қызықтырмайды. Демек, жан дүниесі таза, адамгершілік сезімі мол. Автор Жеңіске өз әке-шешесінің, аға-әпкелерінің қатігездігі мен дүниеқоңыздылығын әшкерелеп, өмірдегі қалтарысы мол құбылыстардың себебін түсіндіруге ұмтылады. Оқырманды да соған мензейді. Жаман мінез жаттан ғана жұқпайды, жақыныңнан да табылады. Өз ортаңның, семьяңның кері әсері де тиеді. Бұл текке Жеңіске айтылмаған. Не соның басындағы оқиға емес, кейіпкердің жеткіншек жасындағы өмір есігін жаңа ашқан жастардың типтік үлгісі. Адамгершілік өз аулаңнан басталады. Қандай да болмасын қатігездікті, бейтараптықты, немкеттілікті, дүниеқорлықты дер кезінде дұрыс бағалауға нұсқайды.

«Қылау» - табиғаттың түлеуін -, жеңіл ғана көмкерілген ақша қарды білдіреді. Ал адамға қаратыла айтылғанда көңілдегі тазалықты, не жүрекке ерекше әсер қалдырған сезімді аңғартады. Сайын Мұратбековтың «Қылау» атты шағын да шырайлы, нәзік сезімге құрылған туындысы осы бір сөздің екі ұғымының тоғысуын, яғни, табиғаттың жаңаруымен кішкентай Сатайдың ояна бастаған махаббатын, пән тілегін сыр ғып шертеді. Жарыстырмалы психологизм, табиғат пен адам тағдырын астастыра бейнелеу - әдебиетте ірге тепкен тәсіл. Дегенмен де «Қылаудағы» шендестірудің ерекшелігі өзгеше. Психологиялық паралелизмді қаламгерлер үлкен оқиғаны шегіне жеткізе отырып, оның күйреуімен не түлеуімен сабақтастыратын. Ал Сайын Мұратбеков домбыраның құлақ күйін қоңыр әуенге келтіріп, Сатайдың бір күнгі сезімін қылаулаған қармен шендестіре суреттейді. Өйткені Сатайдың оянған сезімі оның өміріндегі алғашқы құлпыруы, оның жүрегіндегі алғашқы із қалдырушы.

Тіршіліктің ыстық көктемі, атты жазы, найзағай-бораны, сүйініш-күйініші алда. Бұл қылаулаған қордай ғана пәк те кіршіксіз сезімі. Сатай мен Рабиғаның тіл қатулары, елегізулері, ашық та бүкпесіз сұхбаты, ізгілік ілтипаты табиғаттың сол бір қылаулаған шағынан аумайды. Көңілдерінде тыныштық та жоқ, бірақ аласұрған сапырылыста байқалмайды. Алгебра оқулығын Сатайға сыйлап тұрып: «- Сөйтіп, ендігі жылы бірге оқимыз ба... Байқа, класта қалып қойып жүрме», - деп Рабиғаның күліп тұрып ескертуі арқылы автор олардың өмір жолында әлі талай тоғысарын, табысарын, шынайы ыстық сезімге бөленерін мензейді. Ол кезде бұл шақ қос жеткіншектің ең қызық дәуренін кешер, не осы арман күйінде қалар, ол белгісіз. Сондықтан да табиғат та аяздатпай, брандатпай, қылаулаған қалпынан айнымайды.

Міне, үш әңгіме, үш тағдыр. Үш туында да балалық шақтың бір сәтін қамтыған. Көркемдік шешімі, мегзер ойы, орындалу мәнері, лирикалық толғанысы мен жеке дара. Автордың тектес тақырыпқа баруының және оны үш қырынан көрсетуінің мәнін ұғынып, парасатты ой түйгенін мойындайсың. Қаламгердің басты мақсаты да көркемдік шешімнің оқырманды ойға қалдырып, толқыта білуінде болса керекті.

Мелодрамалық оқиғалардың әдебиетте кеңінен қанат жайып, көркемдік сипаттың санатына қосылғанына ұзақ уақыт өткен жоқ. ХХ ғасырда үстемдік алып, тамырын тереңге жаңған тәсіл. Мопасан Моэм із-таңбасын салған соқпақ. Күрделі жайларды қамтитын Стендальдың, Мерименнің, Э. Поның шығармаларының көлемі қазіргі орта буын повестің өлшемінен алып кетіп жүр. Қазақ әдебиетіндегі Бейімбеттің дәстүрі. Сайын Мұратбековтың «Көкорай», «Жабайы алма» атты повестеріне басқа шығармаларының композицияға негізделген. Мәселе көлемде емес, көбігінде емес - көрігінде. Шамасында емес - шырайында, шындықта, оның ішінде көркем шындықта.

Өмірдің сан-саласын, қат-қабатын қамтыған, адам сезімінің құпиясын ашып, жүрегінің түбіне терең бойлаған, сан үнді әңгімелер соның айшықты айғағы. Елеулі оқиғадан өрелі ой туғызу, аз айтып, көп мағынаны білдіру, сараң баяндап, сырағы мән таныту - Сайын Мұратбековтың творчестволық мақсаты. Өзара тұтасып жатқан, алайда мінез-құлық, психология, көзқаас тұрғысынан мүлдем басқа ша өрнектелген «Үскірік», «Алғашқы қар», «Басында Үшқараның», «Күлен-Күлеке», «Кәмен тоғайдың бұтақтары» атты туындыларды оқығанда осы пікірге зейін қойып, пайымды пікір, байсалды ой түйесің.

Аталмыш шығармалардың арасындағы мелодрамалық сипаты басым, ақыл-оқиғамен тосын тұжырымға жетелейтін туынды. «Үскірік». Мұнда қаламгердің көркем дүниелерінде кездесе бермейтін шиеленіс, іштей психологилық тартыс, ашық арбасу бар. Дәнеш-Қайрақ арасындағы психологиялық тартыстың түп тамыры тереңде. Екеуі құрдас. Әзілдерінің астарында да зіл, ащщы запыран аңғарылады. Күле сөйлессе де, іштерінен күңіреніп тұрады. Үндерінде кіжіліс бар. Оның себебі де сонау әріден басталады. «Бір-біріне өмір бойы жинаумен келеді. Далалы жерде, жусанның арасында бір тұтам қара шұбар жылан бір рет қана шағатын уын бүкіл жаз бойы жинайды екен. Бұл екеуі де сол сияқты, құрдастың қақында әзілдескенмен, шым-шымдап жиналып жатқан бар улары ішінде. Ол үші екеуі де кінәлі емес. Кінәлі әкелері... Әкелер арасында болған жауығу ана сүтімен бұлардың бойларына да тарады.» Айдалада екі адам. Қыс. Аяз. Ойыннан от шығып , Қайрақ Дәнештің малақайын құздан лақтырып ібереді. Басына суық тиген Дәнеш ауруханада дүние салады. Оқиғадағы қақтығыс жан дүниенің, көзқарастың қақтығысы. Натуралистік сарын аңғарылғанмен, өмірлік дерекке топшыланған шынайы реалистік туынды. Екі адам бір-бірін жек көруі, бақталастық, бәсекелестік қылықтары ақыры асқынып тынды. Бұл шығарманың тұтқасы логикалық желімен тартылған сонан мен сезімнің тартысы. Жас қабірдің топырағын көрген Қайрақтың өкініші, өзін-өзі лағынеттеуі, ар алдындағы қылмысы, көкірегін жегі құртша кеміріп, онан сайын удай ашытып, ит бұралқы күйге түсіреді. Демек оның рухани күйрегендігі. Автор психологиялық қақтығыс арқылы кейіпкердің ішкі сырын суреттей отырып мерез дерттің себебін ашады.

Жастық шақтың өтпелі көпірінен асып, отызға іліккенде әр адамның жүрегінде өзінің өзінің бозбалалық дәуреніне деген сағыныш пен қимастық сезімнің тууы сөзсіз. Дәл осы шақтағы толқу мен толғану «Басында Үшқараның» атты көлемді шығармада қамтылады. Лирикалық жылы лепті, шырайлы шығарма. Автор Әсеттің ойы арқылы көп нәрседен мағлұмат береді. Он сегіз жастағы махабатты, әнші келіншек, жас сұлу жүйелері арқылы қаһарманның мінез-құлқы ашылады. Әсет жеңілген емес, бірақ айналадағы құбылысқа енжар да қарамайды. Оның ауылға оралуы - түлеу жастан асқандағы мезеті. Өткенге есеп беріп, жаңа байсалды өмір бастауы тиіс. Кейбір сағынған көріністері көзге қараш көрінсе, ойламаған жерден соны бір құбылысқа тап болады. Ол өмірден біраз нәрсе жоғалтқан, табатыны да мол. Шығарманың философиялық бағыты да соны мегзейді.

Диалог көркем шығарманың басты бір қажетті арты. Ұқсатқан адам ұтады. Оның оқиғаны шиеленістірудегі, шешімін табудағы, кейіпкердің характерін сомдаудағы орыны зор. Сайын Мұратбековтың «Ескен жел», «Күзгі бұралық жас», «Басында Үшқараның», «Үскірік» тәрізді әңгімелеріндегі негізгі тартыс осы диалогпен өрнектеліп, оқиға өрбиді. Автор сөз жарысындағы астарға көп назар аударып, шығарманың желісін ширатады. Диалогтерді орынды пайдаланып, ретімен ойната біледі. Кейбір қилы көркемдік детальдық міндетін атқарады. Мысалы: «Күзгі бұралаң жолдағы» Қанатай диірменшінің білегіндегі суретке қызығады. Гришкадан оның құпиясын сұрап, бұғанда салып беруін өтінеді. Диірменші келісіп әкесінің басқа әрпін жазады. Осыдан соңғы диалогке зер салыңызшы.

- Әкең қайда? - деп сұрады Қанатайдан.
- Соғыста өлген.
- Мәссаған... Әй, ол қайдағы соғыста өліп жүр?
- Отан соғысында.
- Тоқта, тоқта. Сен жаңа қай жылы тудым дедің?
- Қырық жетінші...
- Ал енді не оттап отырсың, онда. Отан соғысы қай жылдарда болды?!
- Отан соғысында, - деді Қанатай міз бақпай.»

Осы үзіндіден-ақ оқырман көп мәселені аңғарады. Асылы, диалогтың шымырлығы қашанда көркем шығарманы құлпыртып, шымырлатады. Қабырғалы қаламгердің мұндай тілдік, ішкі ырғақтың ізденістері әр әңгіменің шоқтығын көтеріп тұр.

Жазушының «Көкорай» атты бір томдық кітабы оның ұзақ жылдардан берә творчестволық еңбегінің жемісі. Қаламгердің жазу мәнерінен, шеберлік нысанасынан, ізденіс ізінен толық хабардар етеді. Оқырман әр әңгімеден көңіл толқырлық әсер алып, шынайы қуанышқа бөленеді. Одақтың оқырмандарға Москва баспалары арқылы ұсынылған көлемі ауқымды «Жусан иісі», «Жабайы алма» атты кітаптары да жүрекке жетті. Сайын Мұратбековтың өз оқырмандарына жиырма жылдағы еңбегіне берген есебі. Алда үлкен асу бар. Жүйрік қаламның саны туындыларға жетелері анық. Жазушы үшін тоқмейілсу жат қасиет. Шынайы талант иесінің жүрек тебірентерлік шығармасы да болашақтың үлесінде. Парасатты, байсалдды туындылардың шоқтығы қашан да биік. Асқаралы мақсат, қана асқар шыңға шақырады. Сол сапардың күйінішінен сүйініші басым болғай. Қаламгердің бабы да, бақыты да еңбекте. Ендеше, оқырмандардың ойлы жазушыдан өрелі дүниелер күтуі де заңды.

/Тұрсын Жұртбаев, жазушы, филология ғылымдарының докторы/

Үстіне

«Таланты мен жандүниесі үйлесіп тұратын» Мәриям Мұратбеккеліні

Атақты ақынымыз Қасым Аманжоловтың:

Отбасы шағын мемлекет,
Мен - президент, сен - премьер,

- деген жарына арнаған өлеңі бар. Шындығында, әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, басқару тәртібі мен міндет бөлінісі, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері болатыны секілді әр отбасының болмыс - тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның құрылымы да басшылық пен қосшылықты, оның бірінің - әділ, ұстамды, екіншісінің мейір-шапағатты болуын қажет етеді. Қабақ жарасымдылығымен жан жарасымдылығының үйлесімді болуы отбасы мәртебесін арттыра түседі. Әйтсе де, бір құдайшылық анықтама бар, ол отбасының отын лаулатып отырған әйел еңбегінің өзгеше ерекшелігі мен өзгеше жауапкершілігі дер едік. Әйел отбасына күннің қызуындай мейір-шапағат, бақытты кескін-келбет береді. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбековтың үйіндегі Мәриям апай да шарапатшыл, иманды, аяулы жан. Сайын ағамен елу жыл бірге тұрып, сол уақыттың оқыстан қас-қағым сәтте өте шыққанына өзін әлі көндіктіре алмай жургенін әр сөйлеген сайын аңғартып қояды. Естелігін сағынышпен бастап, аяғында көз жасын көл қылып жылай салады.

- Мәриям апай, Қадыр Мырзалиевтың мынадай өлеңі бар.

Байқамайды екенбіз,
Бақыт деген - екеуміз.
Аяқ екеу, қол да екеу,
Көз жанарың ол да екеу.
Екеу қас та, құлақ та,
Жүрек жалғыз, бірақта!
Сондықтан да сол жүрек
Елегізіп, елжіреп,
Естісем деп лебізін,
Іздейді екен егізін!

Сіздер бір-бірлеріңізге қалай жолықтыңыздар? (Апай нұрлы жанарын бір төңкеріп қарады. Сыры кетсе де сыны кетпеген әдемі жүзіне қызыл арай тарады. Құпия сезімді айтудан қысылатын секілді. Ибалы, иманды кейіпте біраз унсіз қалды).

- Біз туыстай болып кеткен жандар едік. Сайын Талдықорған облысы Қапал ауданының Ақешкі деген аулынан ғой. Менің әкем сол жаққа мектеп директоры болып барған. 1957 жылы медицина институтын бітіріп, ауылдағы аурухананың меңгерушісі болып орналастым. Екі үй ет жақын адамдардай араласып тұрады екен, мен де КазГУ-дің журналистика факультетінде оқитын Сайынмен алабөтен ойсыз әңгімелесіп кеттім. Ол - студент. Ол кезде студенттер сабақ басталардың алдында бір айға күзгі жұмыстарға баратын. Қостанай жаққа кетіп бара жатып: «Мені күт!» - деді. Мен еш ойланбастан, айтылған сөзге мән берместен басымды изей салдым. Кешкісін үйге келсем шешем: «Жәмәли (менің шешем Сайынның әкесін осылай атайтын, ол кісінің шын аты - Сапарғали) келіп, құда болсақ дегенді айтты, сен қалай қарайсың?», - деді. Менің бойымда махаббат шұғыласы, сүйіспендік жалынынан гөрі құрбылық, тілектестік, достық сезімдер басым болды ма, әлде бәрі біте қайнасып, араласып кетті ме, сабырға, ақылға жеңдірдім бе, шешемнің өзіне қарсы сұрақ қойдым: «Сіз өзіңіз ол баланы қолайлы көресіз бе?» Шешеммен бұлайша ашық, батыл тіл қатысуымның да себебі бар, мен нағашымның қолында өскенмін, сондықтан онымен құрбымдай еркін сөйлесемін. Әкем аз уақыт бұрын аттан құлап қайтыс болған. Үйдің үлкені - менмін. Менен кейінгілер әлі кішкентай. Сондықтан сезім мен тұрмыстық жағдайдың арақа-тынасын бағамдап алу қажеттігін жас та болса ұғып тұрмын. «Басыңды сыйлайтын сияқты», - деді. Осы сөзге тоқтадық. Елу түтіні бар кішкене ауыл. 1958 жылдары ғой, жүк машинасының қазіргі «Мерседестей» қадірлі кезі. Ауылдан бидай алуға келген осындай бір машинаға мініп Сайынның үйіне келіп түстім. Шымылдыққа кіргізді ме? Ол отауға жарасымды, ырымды нәрсе ғой.

- Шымылдық әдепті, ибаны, құпияны сақтаушы ғана емес, татулықты, тірлікті қорғап тұратын отбасы сырының құпия қоймасы секілді емес пе?

- Сұрағың орынды. Дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сана өзегінде тәрбие талаптары жатады. Дәстүрсіз халық жоқ. Бірақ кешегі кеңес заманында біраз жақсы салт-дәстүрімізден қол үзіп қалдык қой. Сондықтан ба екен, басыма орамал салып, шымылдықта отырмадым. Өз қыздарындай тастай батып, судай сіңіп кеттім.

- Жалпы үй болудың алғашқы қиын кезеңдері болмады дегенге сенбеу қиын.

- Біздегі сезім достықтан тілсіз, үнсіз тұтанғандықтан, орамды, нәзік ара-қатынастың көбесі сөгіліп көрген жоқ. Сайынның отбасындағы әке-шеше, іні-қарындас сондай бір жұмсақ, мейірімді еді. Енем Сақыпжамал ауруханада акушерка болып істейтін. (Сайынның алты жасында өз шешесі Разия қайтыс болып кеткен). Әкесін аға деймін, себебі Сайынды Мұратбек ата жалаңаш төсіне салып жүріп өсірген екен. Сондықтан ата баласы іспеттес, жолы үлкен болып есептеледі. Үйде екі сиыр бар. Енемнің оларды саууға қолының күші келмейді. Келін болып түскен күннен сиыр бауырына отырдым. Жұмысыма үлгеріп баруым қиындап кетті. Жас та болсам білдей бір аурухананың меңгерушісімін. Жұмыс басталмай тұрып лездеме өткізуім керек. Кейде киімімді реттеп, шашымды өруге уақыт таппаймын. Шашым әрі ұзын, әрі қалың. Тоқпақтай екі бұрымды тастай етіп өруім керек. Сиыр сауып отырып қайдағы-жайдағы есіме түсіп, бір жылайын. Сөйтсем аға көріп тұрыпты. Қасыма келіп не болғанын сұрады. Өксіп тұрып жұмысқа үлгере алмайтынымды айттым. «Қазір» - деп үйге кіріп кеткен. Үйден тарақ алып шығып, менің шашымды өруге кірісті. Сиыр сауып болғанымда жылауым да тоқтап, киім киісім де дұрысталып, шашым да ретке келді. Жүгіріп жұмысқа келіп, жиналыс өткізіп жатырмын. Күбір-күбір, сыбыр-сыбыр көбейіп кеткен секілді. Арасында шиқылдаған күлкі де естіледі. Қатты күліп отырған – енем. Сөйтсем ол кісі жұртқа менің бұрымымның біреуі ішке, біреуі сыртқа қарай өрілгенін көрсетіп, балаша мәз болып отыр екен. Шашымды әкейдің өріп бергенін де айтып қойыпты. Ұлты татар еді, өсек-аяңмен ісі жоқ, еркелеп, айналасына күлкі үйіріп жүретін. Мен ол кісінің туған сіңлісіндей болдым. Өз ісінің жақсы маманы болды да, үй шаруасының қатты- қайырымына мойын бұрмайтын. Ауылда туған балалардың кіндік шешесі ғой. Қазақ баласының кіндік шешесінен не аясын, қойын сойып, етін терісіне орап үйге әкеліп тастайды. Мен салалы жүні бар терілерді өткізуге қимай жүнін жидітіп аламын. Жуып көрпеге саламын, түтіп иіремін. Енем ондай жұмыстардың жанына жоламайды. Бірақ әкей осындай жұмыстардың бәріне колғабыс тигізеді. Тіптен көрпе көктеседі, немесе мен тігіп жатқанда басын басып отырады. Бастаған ісімді тындырып барып бірақ орнымнан тұратын адаммын. Бір күнде көлгемедей көрпені көктеп тастаймын. Ондайда енем: «ұзын ине сусылдақ» деген, сусылдатып жібердің бе?» - дейтін. Мен өкпелегенімді білдірмей, үндемей қалатынмын. Ондайда: «Мұның құлағы жоқ» дейтін жарықтық. Кейінгі келіндеріне осы мінезмді үлгі қылып айтып отыратын.

Біздің үйде кішкентай балаларды көрсе қуалап жүріп шоқитын жеті-сегіз әтеш болды. Бір күні осылардың көзін құртайыншы деп ойладьм. Жем шашып тұрып төрт-бесеуін ұстап алдым. Бауыздап беретін еркеккіндік болмады. Үйде әжеміз бар болатын. «Қайтеміз?» деп сурадым, «Сол үшін кімнің алдына барасың, бұтыңа таяқ қыстырып тұр да, басын балтамен шауып жібер. Құдай өзі кешірер», - деді. Үй артындағы томарға апарып, өзім теріс қарап тұрып, бір қолыммен әтештің басын ұстап, қолымдағы балтамен басын шауып қаламын. Басынан айырылған дене біраз жерге дейін қалбалақтап барып жалп ете түседі. Екіншісі, үшіншісі де солай. Жүнін жұлып, дәу қазанға төрт әтешті асып, кеспе жасадым. Үй салып жатқамыз. Құрылысшылардың да, өзіміздің де бүйіріміз шығып бір тойып алдық. Бір кезде көршіміз Жайлаубай басқарма кірді үйге. Тамақ ішіп отырған әкемізге қарады. Ол кісіге де құйып бердім.

«Сапаке, келін тауықтың басын қақшып тастайды екен. Қолын шауып ала ма деп катты қорықтым», - деп қарап отыр. Мен қысылып қалдым. Сасқалақтап тұрып: «Аға, мен ағашқа мініп тұрып шаптым», деп ақталдым. Орынсыз іс істегеніме ұялдым. Іштей мұны әкемнің ерте өліп қалғандығының салдары деп мүжілдім. Мені бұл қолайсыз жағдайдан ағамның өзі құтқарып жіберді: «Білмегенді Құдай кешіреді. Мәкенім білсе бұлай істемес еді ғой, оның үстіне тамақ харам болса бойымызға жұқпай, сыртқа теуіп тұрар еді, ал біз тағы да іше түскіміз келіп отырған жоқ па?», - деп жуыл-шайып жіберді. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген ғой. Менің де пәсейген көңілім көтеріліп, ол кісіге деген ықылас-пейілім арта түсті.

- Таланты мен болмысының арасы үйлесіп тұратын адамдар болады. Сырт көзге жазушы Сайын Мұратбеков сондай жан секілді. Қазымыр, қытымырлығы демей-ақ қояйық, сырт жұрт байқамайтын, бірақ сіздің шыдамыңызды тауысып жіберетін мінезі болды ма?

Мұратбековтар отбасымен жібектей есілген жандар. Атасы, әкесі, өзі, іні-қарындастарының бойынан ізгілік есіп тұратын. Ол жазу-сызуды студент кезінен қолға алған. Біз қосылмай тұрғанда-ақ оның әңгімелері баспасөз беттерінде жарияланып, ауыл-аймағы оның жазушылығын мойындап қойған. Тұңғышымыз Райгүл өмірге келіп, ат қоятын күні оның «Райгүл» деген әңгімесі журналға басылыпты. Алдында ғана ауылдың үлкен-кішісі қоятын атқа таласып, дуылдасып отырған. Пошташы журнал әкеліп, ондағы Сайынның әңгімесін көрген соң: «Болды, әкесінің кейіпкерінің есімін иеленсін, - деді де, - азан шақырып «Райгүл» деп атадык. Балаларына сондай мейірімді болды, біреуінің де шекесінен шертіп көрген жоқ. Райгүл мен Әлім момындау, кіші қызым Құралай еркелеу болды. Құралай мектептегі терезе, кафельдерді сындырып, сырттан карбит апарып суға салып, мектепті көп шулататын. Бірде Фонтамасқа ұқсаймын деп қасын тықырлап қиып, кірпігін кесіп тастапты. Сонда бар ашуланғанда айтқан сөзі: «Әй, затсыз-ай!» - болды. Құралай орыс мектебінде оқитын. Сөздің мағынасын түсінбеген шығар деп ойлап едім, жоқ әкесінің сол сөзін күні бүгінге дейін «менікі не жындылық» деп есіне алып отырады. «Мәкен, мына баланы қолға ал!» - деді. Ол енді қаталдау ұста дегені.

Сайынның жазу жазғаннан баска қолынан шаруа келмейтін. Тіптен мен үйде жоқта газ тұтатып, шай қойып іше алмайтын. Соңғы жылдары таудағы саяжайда тұрдық. Бірде «Мәкен, ренжімей далаға шықшы!» - деді. Қыс кезі, үстімдегі жеңіл киіммен далаға жүгіріп шықтым. Сөйтсем, су қоймасында тұрған ыдыстан су атқылап, төбесі лапылдап жанып жатыр. «Не болған?» деп сұрап үлгердім. «Қоймада тышқан қаптап кеткен екен, соларды қуып жіберейін деп шүберекті бензинге батырып от қойып едім, әлем-тапырақ болып кетті ғой» деп қарап тұр. Жанұшырып қоймаға жүгірдім. Есігінің алдындағы шұңқырға омақаса құладым. Сонда да су келетін кранды тауып, бұрап тоқтаттым да, енді бөшкеден су алып өрт сөндіруге кірістім. Қора лапылдап жанып жатыр, енді болмаса іргедегі Нұрлан Қапаровтың ағаш үйіне тиіп, жайпап кетпекші. Әупірімдеп өртті өшіріп, үйге кірсем аяғым күп болып ісіп кетіпті. Шұңкырға құлағанда цементтің ернеуіне ұрып алған болуым керек. Сонда Сайын: «Өзің де бір жаныңды аямайтын өлерменсің ғой, ақырын арық қазып, суды бұрып қойсақ, көшеге ағып кететін еді, қыс кезінде шыққан өрт қанша ұзай қояр дейсің, қар жауып тұр, тоқтар еді ғой» - деп қарап тұр. Ондайда күйіп кетемін, әрине.

Шаруаға қырсыздығы сондай, сол саяжайды салғанда дарбазаны бір шеттен, гаражды екінші тұстан салдырыпты. «Сенің машинаң торғай ма гаражға ұшып кіретін» деп сөйлеп жүрмін. Сонда ғой Әкім Тарази: «Сайын, сен, шаруашылыққа басшылық жасамай-ақ қойшы, бірнәрсені бүлдіресің», - деп менің сөзімді сөйлейтін.

Дүниедегі алуан құбылыс жақсылық, жамандық деп аталатын екі арнамен ағып келіп, бір кезеңде оның бірі ақтарыла арнасынан асып жатса, бірі баяулап, тіптен қозғалысын тоқтатып, аңдысын аңдитындай. Бұл өмірде бірде ақ атқа, бірде қара атқа мінген жолаушыдайсың. Жақсылық арнасындағы өмір басталғанда бүкіл тіршілік әсем нұрға малынып тұрғандай болады. Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Асқар Егеубаев, Асқар Сүлейменов, Әкім Тара¬зи, Зейнолла Серікқалиевтармен күнде араласып жүрген сәттер қандай еді... Жарқ-жұрқ өмір еді ғой. Ондай¬да жігіттер де шарқ ұрып кететін. Бір жолы Сайын ұзақ жоқ болып кетті. Қайдан іздерімді білмей, іштен тынып жүрген бір күні таңертең үйге келді. Қасында Әкім Тарази бар. Шаршаған. «Жөн-жосығыңды айтып кетпейсің бе, жүрегім ұшты ғой» - десем, «Ой, мен қайда кетемін, қасымда Әкім ағам барда», - деп жайбарақат жауап береді. Осы тұста әйелдікке салынып кеттім-ау деймін: «Әкім ағаңа да сенбеймін», - деп шарт кеттім. Есік сарт ете түсті. «Ағаң өкпелеп кетті» деді. Артынан тұра жүгірдім. Жаңа ғана тұрған адам жоқ. Сөйтсек, Комсомол мен 8 март көшесінің қиылысында тұрған трамвайға 1 сом төлеп, мініп кетіпті. Соңынан жоқ болып кеткен олар емес, оларды өкпелеткен мен кінәлі болып кешірім сұрап, ашуын таратып алғанмын.

«Жалаңаш» дүниенің ортасында қалғанда жамау-жасқаулы ой иектеп алады екен. Бау-бақшаны күтіп- баптағанға Сағат Әшімбаев шебер еді. Оның шешесінің де көзін көрдік. «Жалғызымды қолтыктарыңа қыса жүріңдерші» деуші еді. Бірде Сағат үш түп алма ағашының көшетін әкеп берді. Соның бірі көктемей жатып қурап қалды, екіншісі көктеді, бірақ жеміс бермеді. Үшіншісі жайқалып, мәуелі жеміс беріп тұр. Осы үш ағаш мені түрлі ойға жетелейді. Құбылыстардың табиғат заңына бағынуы деген осы ма...

- Сайын Мұратбеков өз шығармаларына қалай қараушы еді? Л.Н.Толстой «менің талай шығармамды жыртып тастау керек, әлде атымды өзгертіп олардың түкке тұрмайтындығын әшкерелейтін сын жазсам ба екен» дейді күнделігінде. А.П.Чехов өзі ұнатпаған шығармаларының көзін аяусыз құртып отырған.

- Өз шығармасын өзі жыртқан өз бетін өзі тырнаған секілді елестейді екен. Жазғанын өңдеп, толықтыруға, тіптен қайта жазуға болады ғой. Сайынның «Жабайы алмасын» оқырмандар жақсы қабылдады. Маған да сондай ұнайды. Таныс жер, таныс кейіпкерлер. Ешкілінің күнгей жағындағы тау қоршап тұрған алаңқай еді. Сарқырап ағып жататын бұлағы болатын.

Соңғы кездері естеліктер жазам деп жүретін еді. Әбу Сәрсенбаев рухани әкесі еді. Сол кісіден бастаймын деп отыратын. Үлгере алмады. «Мұң жапырақ» деген повесть бастаған. Сонысын өзі өртеп жіберді ме, әлде мен қойған жерімнен адасып қалдым ба, таппай жүрмін.

Мәриям апай бұл жолы жылаған жоқ, бірақ көз жиектері талауланып, қызарып кетті. Әңгімені жалғастыруға құлықсыз секілді. Мен де үнсіз қалдым.

Үндістердің бір тайпасы үй болып, жеке түтін түтетеміз деген қыз, жігітті көпшіліктің көз алдында аспа бесікке тыр жалаңаш дерлік жатқызып қойып, екі себет толы ашыққан құмырсқаларға тұла бойлары күп болып ісіп кеткенше шақтырып, соған тырп етіп қимылдамай, қыңқ етіп үн шығармай шыдағандарына ғана: «Ал беттеріңнен жарылқасын!» дейтін көрінеді. Енді бір тайпа «үйленіп, оңаша ошақ көтереміз» дегендерге киім-кешек бермей, жалаңдаған жыртқыштарға толы ну орманға кіргізіп жіберіп, мөлшерлі мерзімде содан жол тауып, аман-есен оралғанда барып, некелесуге ризашылықтарын береді екен.

Ал біздің қазақ: «Үйлену оңай, үй болу киын» деп ескертеді де, өмір қайығына салып жібереді. Дұрысы осы шығар, қолдан қиындық жасап керегі не, онсыз да өмір өз сынағынан өткізеді ғой. Сол тірлікте Сайын аға мен Мәриям апайдай сезімнің ақ шымылдығын жоғалтпай, үйлесіп, жарасып өмір сүру мың қайғының бетін қайыратын махаббаттың бар екендігін аңғартпай ма...

Әңгімелескен Ділдәр Мамырбаева

Сайын Мұратбеков туралы сөз

Ұлы ақынымыз Абай негiзiн салған көркем жазба әдебиетiмiз ұдайы дамып, айдынын кеңейтiп келедi. Өткен ғасырда болған сұрапыл соғыстан кейiнгi кезеңге де көркем әдебиетiмiз кейiнгi толқын - тың күштермен толығып, мықтап дами түстi. Бұл толқын сапында тың дарын иелерi - Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза-Әлi, Тұманбай Молдағалиев, Сайын Мұратбеков, Зейнолла Шүкiров, Ақан Нұрманов, Қалихан Ысқақ, Жайсаңбек Молдағалиев сынды туасы бөлек, өрнегi өркендi, тiлi құнарлы дарындар ерекше көзге түсiп, халық құрметiне бөленгенiн бiз жақсы бiлемiз. Мен солардың қалың тобынан жазушы, Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, көркемсөз зергерi, бөлекше дарын иесi Сайын Мұратбековтың шығармашылығы жөнiнде әңгiме қозғамақпын. Көркемсөз өрнегi ерекше, сұлу сөз иесi, сүйкiмдi шығармалар жазған халық жазушысы Сайын Мұратбеков Алматы облысындағы бұрынғы Қапал ауданындағы Құйқалы жер - Қоңыр тауының баурайында 1936 жылы, 15-шi қазанда дүниеге келген. Сайынды жастайынан атасы Мұратбек бауырына салып, өсiрiп-тәрбиелеген. Өз әкесi Сапарғали Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Демек, ауыл тақырыбын өзек етiп, жазушының Жыр төгуiнiң негiзi мен түп тұғыры осында жатса керек.

Соғыс жылдарындағы ауыртпалықтар мен қиындықтарды Сайын, өз көзiмен көрiп, сол тiрлiкке қоян-қолтық араласқан қаламгер. Жазушыны қоғамдық орта, ел-жұрт тәрбиелейтiнi аян. Бұл ретте де Қоңырдың ежелгi тарихы өте бай өңiр. Мұнда Жоңғар жойқыны, Ұлы Отан соғысы жылдарында халық батыры Шынқожа, Найзагер сынды азаматтар ел қорғаудың асқан үлгiсiн көрсеткен. Қазақтың аса көрнектi ақыны Ғали Орманов пен Сайын Мұратбеков сол халық батыры Шынқожа баһадүрдiң ұрпағы болады. Сондай-ақ, осы Ешкiөлмес, Қоңыр тауларының бөктерiнде атақты Қойлыбай күйшi-қобызшы күңiренте күй төккен, атақты ақын Бiржан сал мен сара сөздiң шеберi Сара Тастанбекқызының айтысы да осы қызыл тобылғылы, Қоңыр тауының баурайында Ешкiөлместе өткенi белгiлi. Ұлы ақын Iлияс Жансүгiров осы өлке жайлы «Арынды менiң Ақсуым» деп жыр төккен.

Тарихи зерде ғой, зерттеушiлерге керек болар, әйгiлi Қапал батыр осы саумал ауалы Қоңырда жоңғарлармен соғыста ерлiкпен қаза болған. Оның ата-тегi ұлы жүздегi Дулат атадан тарайтынын жақсы бiлемiз. Сол Қапал батырдың зираты Қоңыр ауылының шығысында қоян жонындай бұлтиып жатыр. Осы Қызыл Қоңыр тобылғылы Қоңырда қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов әйгiлi Құлжа сапарын бастаған. Осындай тарихы бай, құйқалы өңiр Қоңырда Сайынның дарынды жазушы болып өсуi әбден заңды болса керек. Әрi сол өткен ғасырдың елуiншi жылдары партияның ХХ съезi болып, ерiк-жiгердi, ой-сананы бұғаулап ұстаған сталинизмнiң темiр қақпанына тосқауыл қойылған - Жылымық кезеңi келгендi. Және сол кезде бүкiл одақта деревенская прозаға - ақын өмiрiне бетбұрыс жасалған едi. Сол бетбұрыстың шуағы қазақ әдебиетiн де дүр сiлкiндiрдi. Жазушы Сайын Мұратбеков мiне, осы кезеңде батыл еңбек етiп, өз өрнегiн, тың серпiнiн таныта бiлген жазушы, көркемсөз зергерi. Жазушының алғашқы кiтабы «Ауыл оты» - оқырманды елең еткiзiп жақсылық нұрын, жандүниенi жаңғыртатын жылылық шуағын ала келдi. Бұдан кейiн жазушы «Жабайы алма», «Жусан иiсi», «Кәмен-тоғай», «Дос iздеп жүрмiн», «Қалың қар» деген кiтаптарын, тамаша хикаяттарын қалың оқырманға ұсынды. Сайынның туындылары - оқиға желiсiнiң шыншылдығымен, тiлiнiң көркем де өрнектiлiгiмен, кейiпкерлерiнiң биiк адамгершiлiк қасиеттерiмен бiр сөзбен айтқанда, табиғи нанымдылығымен ерекшеленiп, оқырманын баурап отырады. Қазақ ауылының қиын кезеңiн шынайы бейнелеп, полотнолық ғажап шығармалар жазған бақытты жазушыға «Жабайы алма» атты кiтабы үшiн мемлекеттiк сыйлық берiлдi. Сайын Мұратбеков қоғам қайраткерi ретiнде де абыройлы, үлкен қызметтер атқарған қаламгер. Ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнде жауапты қызмет атқарды. «Жазушы» баспасының директоры, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы бола жүрiп, Қазақ ССР Жоғарғы Советiнiң депутаты болып сайланды. Жазушы Сайын Мұратбеков жас қаламгерлерге қамқорлық көрсетiп, ұстаздық етуде де үлкен азаматтық өнеге, тәрбие ұсынды. Мен Сәкең ағамыз депутаттыққа сайланарда оның жұрт сенген өкiлi болып, жанында жүрдiм. Сәкең адам баласына «сен» деп қатты сөз айтпайтын мейiрман, өте мәдениеттi, кiшiпейiл азамат ретiнде менiң жадымда қалды. Халықтың сүйiктi жазушысы Сайын Мұратбековтың жұбайы Мария әпкемiзден: - Сiздер қалай таныстыңыздар? - дегенiмде, ол: - Мен Талғар қаласы түбiндегi «Солдат сайы» деген жерде тудым. Қазақтың дәстүрлi ғұрпымен айтсам ата-бабам - қара қаңлыдан тарайды. Училищенi бiтiрген соң, Талдықорғанға жолдама алдым. Онда облыс басшысы Әрiпбай Алыбаев аға жылы қабылдап, Қапал ауданына жiбердi. Сайынмен сонда таныстым. Сайын шағын тиражы бар газетте iстейдi екен. Кейiн Қаратал аудандық газетi Үштөбе қаласына ауысты. Сол кезде жас журналист, бойында қаны қайнап тұрған кезi ғой. Көшедегi адамдардан бiр қазақ шалының өз кемпiрiн көкала қойдай етiп сабап салғаны туралы әңгiме естидi. Оған шыдамай, қатты ашуланған Сайын әлгi оқиғаны лақап есiммен газетке фельетон етiп жариялайды. Мұны оқыған әлгi қазақ ақсақалы атпен редакцияға шауып келiп, зiкiр салып, әңгiртаяқ ойнатып:

- Менi жазған жiгiттi тауып берiңдер, оның көкесiн көзiне көрсетемiн, - дейдi айбат шегiп. Жiгiттер:

- Бұл жазуда сiздiң аты-жөнiңiз жоқ қой, ол бөтен адам болар, - десе де, шал өңештеп:

- Сол кемпiрiн ұрған шал менмiн, - деп ызбар төгедi. Жiгiттер:

- Босқа сотталып кетесiз, - деп қорқыта уәж айтып, әлгi ақсақалды үйiне қайтарады. Осы оқиғаны еске түсiрiп: - «...сөздiң құдiретi-ай», - деп Сайын басын шайқап, iшек-сiлесi қатып күлiп отырушы едi. Мезгiл өткен сайын мен ота-ғасының күлкiсiн сағынып, балаларға осы әңгiменi қаз-қалпында айтып отырамын. Көркемсөз шеберiн сағынғанда, әрине, бiз оның шығармаларын оқып мауқымызды басамыз.

Төлен Қаупынбайұлы, жазушы,
Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты,
Алматы облысының Құрметтi азаматы.
Қазақ әдебиеті №32

Үстіне

Сайын Мұратбеков шығармалары

1. Мұратбеков С. Екі томдық таңдамалы шығармалар [Мәтін] / Мұратбеков С. - Алматы : Қазығұрт.
2. Мұратбеков С. Шығармалар жинағы [Мәтін] / Мұратбеков С. - Алматы : Өлке, Б. г. - 320 б.
3. Мұратбеков С. Шығармалар жинағы [Мәтін]. Т. 2, 2006. - 240 б.
4. Мұратбеков, Сайын. Басында Үшқараның... [Мәтін] / С. Мұратбеков. - Алматы : Қазақстан, 2010. - 480 б.
5. Мұратбеков, Сайын. Жабайы алма [Мәтін] : повесть / С. Мұратбеков. - Алматы : Ан Арыс, 2010. - 400 б.
6. Мұратбеков С. Шығармаларының екі томдығы [Мәтін]. Т. 2 : повестер, әңгімелер. - Алматы : Жазушы, 1986.
7. Мұратбеков, Сайын. Жабайы алма [Мәтін] : повесть / С. Мұратбеков. - Алматы : Атамұра, 2002. - 400 б.
8. Мұратбеков С. Шығармаларының екі томдығы [Мәтін] : повестер мен әңгімелер. Т. 1 : Жусан исі, Жабайы алма повестері, әңгімелер, 1986. - 408 б.
9. Мұратбеков С. Шығармаларының екі томдығы [Мәтін] : повестер мен әңгімелер. Т. 2 : "Көкорай" повесі, әңгімелер, 1986. - 408 б.
10. Мұратбеков С. Екі томдық таңдамалы шығармалар [Мәтін]. Т. 1 : Повестер мен әңгімелер, 1991. - 464 б.
11. Мұратбеков, Сайын. Жусан иісі [Мәтін] / С. Мұратбеков. - Алматы : Олжас кітапханасы, 2012. - 180 б.
12. Мұратбеков С. Шығармалары [Мәтін] : әңгімелер. Т. 1. - Алматы : Ан Арыс, 2013. - 320 б.
13. Мұратбеков С. Шығармалары [Мәтін] : повесть. Т. 2. - Алматы : Ан Арыс, 2013. - 328 б.
14. Мұратбеков С. Шығармалары [Мәтін] : повестер, әңгімелер, очерк. Т. 3. - Алматы : Ан Арыс, 2013. - 320 б.
15. Мұратбеков С. Шығармалары [Мәтін] : сұхбаттар, очерктер, аудармалар. Т. 4. - Алматы : Ан Арыс, 2013. - 320 б.
16. Мұратбеков С. Шығармалары [Мәтін] : аудармалар. Т. 5. - Алматы : Ан Арыс, 2013. - 320 б.

Үстіне

Сайын Мұратбеков туралы

1. Аупбаев Ж. Бәйге аты мүсінін жасырады [Мәтін: [Белгілі жазушы С.Мұратбеков 60 жаста] / Аупбаев Ж. // Егемен Қазақстан - 1996 - 12 қазан.
2. Байырбаева Б. «Бәйге аты мүсінін жасырады» [Мәтін] / Байырбаева Б. // Тәрбие құралы. - 2007. - №4.- Б.46-52.
3. Досанов С. Сымбаты бөлек сырлы әлем [Мәтін] / Досанов С. // Егемен Қазақстан. - 2008. - 8 ақпан.- Б.6.
4. «Жабайы алманың» дәні мен дәмі [Мәтін: [Некролог] // Жас алаш. - 2007. - 15 наурыз.- Б.5.
5. Жұпарғалиева А. Сайын Мұратбековтың адам образын жасаудағы шеберлігі [Мәтін] / Жұпарғалиева А. // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2006. - №6.- Б.73-76
6. Қамқа К. Тас бұлақтай мөлдір, жас құрақтай көркем [Мәтін]: [Жазушы Сайын Мұратбеков туралы 60 жаста] / Қамқа К. // Түркістан. - 1996. - 30 қазан-5 қараша
7. Мұратбеккеліні М. «Таланты мен жан дүниесі үйлесім тауып тұратын» [Мәтін] / Мұратбеккеліні М. // Жұлдыз. - 2008. - №2.- Б.204-208.
8. Тілегенов Б. Әдебиет-оның өмірі [Мәтін]: [Жазушы Сайын Мұратбеков 60 жаста] / Тілегенов Б., Владимиров В. // Қазақ әдебиеті. - 1996. - №8 қазан.- Б.(N41).-12
9. Ыбырайымұлы Ә. Сайын [Мәтін]: эссе / Ыбырайымұлы Ә. // Егемен Қазақстан. - 2006. - 13 қазан.- Б.5
10. Лепсибаева Ж.Е. Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесіндегі соғыс жылдарындағы ауыл өмірі [Мәтін] / Лепсибаева Ж.Е. // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы = Вестн. КазНУ. Сер. филологическая. - 2004. - № 3. - С. 189-191 б.- Библиогр.: 5 атау
11. Бектасова Г. «Менің қарындасымнан» басталған жол жазушы Сайын Мұратбековтың мөлдір әлемі [Мәтін] / Бектасова Г. // Түркістан. - 2011. - 17 қараша (№ 46). - 10
12. Мұратбекова М. Балалық шақтың «Жабайы алмасы» [Мәтін] / М. Мұратбекова // Қазақ әдебиеті. - 2011 - 21 қаңтар.- Б. 5.
13. Мәриям Жібектей жұмсақ жан еді [Мәтін] / Мәриям // Жалын. - 2010. - № 4. - С. 28-30 б.
14. Елубай С. Басында Үшқараның [Мәтін] / Елубай С. // Жалын. - 2010. - № 4. - С. 11-14 б.
15. Баянбай Қ. Құпия кездесу [Мәтін] / Баянбай Қ. // Жалын. - 2010. - № 4. - С. 26-28 б.
16. Бердібаев Р. Өмір суреттері [Мәтін] / Бердібаев Р. // Жалын. - 2010. - № 4. - С. 24-26 б.
17. Тілегенов Б. Әдебиет - оның өмірі [Мәтін] / Тілегенов Б., Владимирович В. // Жалын . - 2010. - № 4. - С. 15-17 б.
18. Аупбаев Ж. Бәйге аты мүсінін жасырады [Мәтін] / Аупбаев Ж. // Жалын . - 2010. - № 4. - С. 18-24 б.
19. Бекболатов, Серікхан. Сайын Мұратбеков. «Қылау» [Мәтін] / С. Бекболатов // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2012. - №5.- Б.39-44.
20. Сеңгірбекова, Жамиға. «Жусан иісі» повесіндегі Аян бейнесі [Мәтін]: (7-сынып) / Ж. Сеңгірбекоа // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2013. - №8.- Б.60-64.

Үстіне

Сұрақ-жауап


1. Сайын Мұратбековтың туған жері?





2. «Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан: жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген ақсақ қара бала бір кетпейді» деп басталатын әңгіме?





3. Сайын Мұратбеков 1977-1980 ж.ж. қай газеттің бас редакторы қызметін атқарды?





4. Қай повесі үшін Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды?





5. С. Мұратбековты «Менің қазақ бауырым, туысым» деп бауырына тартқан орыстың белгілі жазушысы?





6. «Жусанның иісі» кітабы қай баспадан тұңғыш рет орыс тілінде жарық көрді?





7. «Әсет далаға көз тастаған. Сол баяғы талай рет аттылы-жаяулы жол шеккен бел-белестері» деген жолдар қай әңгімеде кездеседі?





8. Жазушы шығармасындағы ғажайып қиялдарға беріліп, армандайтын бала кім?





9. «Жусан иісі» әңгімесінің идеясы?





10. С. Мұратбековтың шығармашылығының шыңы болған әңгіме?






Үстіне