1.
Мен – қазақпын, жаныммен, жүрегіммен,
Еңбек өмір, ер өмір, жыр өмірмен.
Алабөтен болмаймын өзгелерден,
Өзгемен бір өзім боп жүремін мен.

«Қазақ елі - мереке» күйдің аты.
Аясындай аспанның күй қанаты.
Дірілдейді жас қыздай жігіт күткен
Табиғаттың тау атап құйған заты.

Қонақ келсе, қымыз да, қазы да бар,
Құсбек болса, бүркіт те, тазы да бар.
Жерге отырса, көрпе мен жастық әзір,
Өзге десе, өзге де қазаны бар...

Мен – қазақпын, қаныммен, сүйегіммен,
Сән-салтанат, салтымды сүйемін мен.
Бақ орнатам басына моланың да,
Мұрагермін оған да иемін мен.


Н.Ә. Назарбаев қазақтар мен қазақстандықтар туралы

Бізді біріктіретін жеке бастың қамы емес, бізді ел туралы биік  ұғымдар, ортақ мүдделер ғана біріктіре алады.

Ел болу үшін – ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек.

Әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерін, басқа халықтардың рухани қазыналарын бойымызға сіңіру қанша маңызды болса да, біздің әрқайсымыз өзіміздің терең тамырымыз – туған жеріміз туралы есте ұстап, қай елдің азаматтары екенімізге есеп беруіміз қажет.

Ары үшін жанын садаға ететін қазақтай қасиетті халықтың, осы елдегі сан түрлі ұлттың баласының басын қосып, басшылығында жүру тұрмақ, қосын тігіп, қосшылығында жүрудің өзі жаныңды тербейтін бақыт емес пе?!

Ал бүгін ше? Бүгін мен азаматпын,
Жаза алатын, ғылымды қаза алатын.
Жаза алатын дүниелік дастандарды,
Жаза алатын тарихқа қазақ атын.

Мен – қазақпын, бір биік белеспін мен
Европа да, Азия да емеспін мен.
Аралықпын, жетінші материктей,
Бірақ барша адаммен тел өстім мен.

Тақтар өшті елімді елсінбеген,
Шақтар өшті мендейді менсінбеген.
Атым бар да, жоқ еді фамилиям,
Енді о да бар, оны да сенсің берген.
Қандай дүние жетеді балауыңа!
Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!
Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып
Қазақстан гербі де, жалауы да.


Қазақстан туралы

Қазақстан 1991 жылы мемлекеттілігін құрағаннан кейін өзін әлемге таныта бастады. Ел аумағының 2 724 900 шаршы километрді алып жатқаны және батыста Еділдің төменгі ағысынан бастап шығыста Алтай тауларына дейін, солтүстікте Батыс-Сібір жазығынан бастап оңтүстікте Тянь-Шань тау жоталарына дейін созылатыны көпшілік үшін жаңалық болды. Қазақстан көлемі жағынан әлемде Ресейден, Қытайдан, АҚШ-тан, Аргентинадан, Бразилиядан, Канададан, Үндістаннан, Австралиядан кейін 9-орынды иеленеді және Еуропалық  Одақтың 12 елінің аумағынан асып түседі.

Қазақстан халқы 15 миллионнан астам адамнан – 100-ден астам ұлттың өкілдерінен, барлық негізгі әлемдік діндер мен конфессиялардан тұрады. Көптеген табиғи ресурстардың қорының сан алуандығы жөнінен Қазақстан - әлемдегі ең бай өңірлердің бірі. Пайдалы қазбаларында Менделеев кестесінің іс жүзінде барлық элементтері бар. Қазақстан барланған мырыш, вольфрам және барит қоры жөнінен әлемде бірінші орынды, күмістің, қорғасынның және хромиттің қоры жөнінен екінші орынды иеленді. Сондай-ақ,  Қазақстанда елді әлемдегі аса ірі мұнай өндіретін он мемлекеттің қатарына қоюға мүмкіндік беретін мұнай мен газдың едәуір қоры шоғырланған.

Бүгінде Қазақстан әлемнің саяси картасында «терра инкогнита» болудан арылды...

«Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық салада, сондай-ақ  ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде үлкен табыстарға қол жеткізді. Қазақстан өңірлік жанжалдарды шешудің бастамашысы болуға және ядролық қарусыздану үшін батыл әрекеттер жасауға қабілетті болып шықты. Қазақстанның іс-тәжірибесі ұлтаралық және конфессияаралық сан алуандыққа кесір ретінде емес, игілік ретінде қарау керек екендігін көрсетеді.
Республика көптеген басқа елдерге үлгі бола алады».

Кофи Аннан, БҰҰ-ның бас хатшысы.


«Саяси тұрғыдан да, сондай-ақ экономикалық тұрғыдан да Қазақстан өңірдегі ең тұрақты ел бола отырып, Орталық  Азияда үлкен рөл атқарады. Бұған Үкімет және ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі жүргізіп отырған данагөй және батыл саясаты арқылы қол жеткізілуде...»

Иоан Талпеш, Румынияның ұлттық қауіпсіздік, еуропалық интеграция және әділет мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі (Премьер-министрдің орынбасары).


«Қазақстанның азиялық өңірдегі рөлі баға жеткісіз, бұл оның географиялық жағдайының ерекшелігіне және табиғи ресурстардың үлкен қорына ие болуына байланысты. Қазақстан дүниежүзілік аренада және осы өңірде өзекті позициялардың бірін иеленді».

Уильям Перри, АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі.


3.
Мен – солдатпын сол үшін шаужайлаған.
Ұлт атында жоқ енді дау жай маған.
Украин, белорус, орыспын мен,
Азат етем жерімді жау жайлаған.

Жалғыз қалсаң жасисың, әл кетеді.
Жақсы жолдас сүйейді, әлді етеді.
Орыс, өзбек, украин, қырғыз, татар,
Қосылады, көтеріп әндетеді.


Конфессияаралық  диалог пен ұлтаралық  келісім туралы

«Ұлы даланың татулығы мен келісімі зор таңданысқа бөлейді және көпұлтты мемлекетте бейбітшілікті сақтауға болатынын дәлелдейді».

Рим Папасы ІІ Иоанн Павел.


4.

Мен – Жамбылмын, жаугер жыр ел тілеген,
Қазған ормын дұшпанға ентелеген.
Мен – Москва қорғаны, Жиырма сегіз,
Мен - Әлия, мен – Мәншүк, мен – Төлеген.

Аз алған жоқ шапқындар ғұмырымды,
Аз болған жоқ халықтар шұбырынды.
Соғысқа емес, соғысты құртқанға орнат,
О адамзат, ең биік тұғырыңды!


Қауіпсіздікті нығайту туралы

Қазақстан Орталық Азия аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесінің белсенді қатысушысы әрі бастамашысы болып табылады. Қазақстанның бастамашылығымен және тікелей қатысуымен ТМД-ның алты елінің басшылары аймақтағы қауіпсіздік кепілдіктерінің бірі болып саналатын ұжымдық қауіпсіздік туралы Келісімге қол қойды.

Азияда өзара әрекеттестік және сенім шаралары жөніндегі Кеңес құру туралы Қазақстанның бастамасы - құрлықта қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.

АӘСШК құрылғалы бері өзін Азия құрлығындағы алдын алу дипломатиясының тиімді тегершігі ретінде көрсете білді. Қазіргі кезде АӘСШК 15 мемлекетті, оның ішінде Ауғанстанды, Үндістанды, Израильді, Қытайды, Пәкістанды, Палестинаны, Ресейді біріктіреді. Қазақстанда құрамына Белорусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін Еуразиялық  экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭҚ) қызметіне үлкен мән беріледі.
Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық  ұйымының (ШЫҰ) толыққұқықты мүшесі болып табылады.. ШЫҰ-ға қатысу - Қазақстанға ұлттық қауіпсіздікті және аймақтағы тұрақтылықты  нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан қазіргі заманның жаһандық кеселі - лаңкестікке, экстремизмге, есірткі трафигіне, заңсыз миграцияға қарсы күресте әлемдік қауымдастықтың сенімді серіктесі болып табылады.

Республика лаңкестікке қарсы күресте басқа мемлекеттермен тығыз ынтымақтасады. Қазақстанның бастамасымен ТМД-ның Лаңкестікке қарсы орталығы құрылды. Ауғанстанда лаңкестікке қарсы операциялар басталғаннан бері Қазақстан халықаралық  коалицияға кіретін мемлекеттердің қажыр-қайратын қолдап келеді.


5.

Айсыз түнде қыз торып, мал қорыған
Қандай сырлы «Ал қоңыр» - бал қоңыр ән!
Әнмен бірге кемелер кетіп жатыр
Старт алып космосқа Байқоңырдан.

Байқоңыр бұл – екі сөз: бай да қоңыр,
Бай да қоңыр қанатты байтақ өңір.
Адамзаттың алдында жатқалы тұр
Сол баспалдақ арқылы Айдағы өмір.

Биіктіктің даламмен бірге есігі,
Өз атымдай естілген елге есімі.
Орыс ұлы Гагарин – менің де ұлы,
Менің жерім оның да бір бесігі.


Қазақстандық ғарыш бағдарламасы туралы

«Қазақстан таңдаулы ғарыш державаларының тобына кіруге ұмтылуда: ел қазіргі заманғы зымыран-ғарыш кешенін, байланыс жер серіктерін салуды, ғарыш ақпаратын алудың ауқымды жүйесін құруды және өз ғарышкерлерін даярлауды жоспарлап отыр».

«Financial Times» АҚШ.


6.

Жалындатып бесжылдық жалауларын,
Әр төбенің басында алауладым.
Әр кірпіштің сәбидей жауырынын жазып,
Әр шешектен арадай бал ауладым.

Турксиб боп төселдім поездарға,
Поездарша жүк артып ой озды алға.
Қарағанды аталған кочегар боп,
Отан пешін қыздырдым аяздарда.

Тіреу болдым Жезқазған шақтасына,
Бақыт жатты сары жез саф тасында.
Жер астынан көр емес, жұлдыз көрдім,
Түстім қызыл екпінді тақтасына.

Құнықтым мен еңбекке, дәндеп алдым,
Тамшы болдым, шық болдым, дән де болдым.
Әлдиленіп заводтың гудогымен,
Соныменен оянып ән боп өрдім.


Аграрлық реформа туралы

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені ұлттық экономиканың базалық салаларының бірі болып табылады.

«Ауыл шаруашылығы саласында орасан мүмкіндіктер ашылуда, мұны экономикалық өсумен ғана емес, сонымен бірге Қазақстан Үкіметінің Жерге жеке меншік туралы заң мен Мемлекеттік ауылды қолдау бағдарламасын енгізуді қоса есептегенде, осы секторды қолдау жөнінде нақты шаралар қабылдауымен де түсіндіруге болады».

Л.Катлер, Канаданың экспортты дамыту жөніндегі Агенттігінің директоры.


Қазақстаның мұнайы мен газы туралы

Қазақстан көмірсутегінің айтарлықтай ресурсына иелік етеді, бұл таяу уақыттағы перспективада ел энергоресурстарының әлемдік рыногын қалыптастыруға ықпал етуіне мүмкіндік береді деген сөз.

Мұнай өндіретін 55 елдің ішінде Қазақстан әлемдегі дәлелденген қор бойынша 12-орын алады. Өнеркәсіптік санаттағы мұнай қоры 2 миллиард тоннаны құрайды, оған қоса 70-тен астам мұнай кешені әзірлену үстінде. Өндірілетін мұнайдың көлемі бүкіл ТМД елдері өндіретін мұнайдың 17-бөлігін құрайды.

Қазақстан газының қоры 70-тен астам  конденсаттық және мұнай-газ кеніштерінде барланған және 2 миллиард текше метрге бағаланып отыр. 30-ға жуық газ кешені әзірлену үстінде. Бүгінгі күні өндірілетін мұнайдың жыл сайынғы көлемі 5 миллион тоннадан асып жығылады.

Қазақстанның ресурстық әлеуеті 2015 жылға дейін мұнай өндіру деңгейін 120-150 миллион тоннаға, ал газды 30 миллиард текше метрге көтеруге мүмкіндік береді. Белгіленген межеге жеткен жағдайда Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы бестіктің құрамына кіре алады.

Мұнай тасымалдау мәселесінде Қазақстан әр түрлі векторлы саясатты ұстанады, мұның өзі оның энергетикалық және экономикалық тәуелсіздігіне кепілдік болып саналады. Қазақстанның мұнай-газ секторы елдің бүкіл экономикасын дамытудың сенімді негізі болып табылады.


7.

Қол ұстасып халықтар, тұрды сапқа,
Қосыл, қазақ, бас, қазақ, нұрлы шаққа!
Отан деген ұлы ана перзентісің,
Бауырларың өзіңмен бір құшақта.


Халықаралық ынтымақтастық туралы

Бүгінде Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа мықты енген ел, оның егемендігін әлемнің 120 елі танып отыр.

Бұл ел негізгі халықаралық жүйе құрушы барлық ұйымдарға БҰҰ-ға, ЕҚЫҰ-ға, Ислам Конференциясы ұйымына, НАТО Ынтымақтастық Кеңесіне, Дүниежүзілік Банкке, Халықаралық валюта қорына, Еуропаның қайта Құру және Даму Банкіне, Экономикалық ынтымақтастық ұйымына және басқа да халықаралық құрылымдарға мүше болды.

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан бұрынғы Кеңес үкіметінің құрамындағы мемлекеттердің арасынан бірінші болып ЕҚЫҰ-ны басқарып отыр.

Сондай-ақ 2009 жылдың 31 желтоқсанында елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халық алдында айтқанындай, «Біздің мемлекет үшін бұл аса жоғары халықаралық мәртебе және оны абыроймен орындау - біздің тарихи міндетіміз».


Қазақстан Республикасындағы адам құқығы туралы

«Қазақстан қиын аймақта тұрақтылық аралы болып қалып отыр және бүгінгі күні адамның ең маңызды құқығы - бейбітшілік құқығы мен аз ұлттарды сыйлау құқығы - Қазақстанда сақталған».

Паскаль Кушпен, Швейцария президенті.


Қолданылған әдебиет:

Қазақстан: табысқа жету тарихы әлемдік қоғамдастық көзімен. - Алматы: Таймас, 2005. – 260 б.

Молдағалиев Ж. Мен – қазақпын. Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Раритет, 2007. – 240 б.

Назарбаев Н. Ой бөлістім халқыммен. - Алматы: Мектеп, 2006. – 248 б.