Өзім туралы, өлең туралы

Өзім өз болғалы мен әр қилы анкеталарды сансыз рет толтырдым және бірер парақ қағазға жазылған өмірбаянымды соған қоса ұсынып келдім. өз басым жайлы одан бөтен ештеңе жаза қойғаным жоқ. Егер оқырман қауымы мен туралы аз-кем хабардар болса, тек өлеңдерім арқылы ғана. Кейде, рас, жарық көрген кітаптарымның аттары аталатын. Әлбетте, бұл өзім туралы айтарым жоқтан емес. Мен тіршілік еткен жарты ғасырдан балалық шақты алып тастағанның өзінде тұтас бір ғұмыр қалады екен. Сол уақыттың ішінде қаншама жоспарлар кейін қалды, қаншама оқиғалар бастан өтті. Біздің заманда, ғылым мен техниканың ғаламат жаңалықтары тұсында, электрон-есеп машиналары сан жетпейтін нәрсені көріп-біліп отырғанда, адамның туғалы қаншама шақырым жол жүргенін санап шығару, әрине, оншама қиынға соқпауы ықтимал. Ал сол адам өз өмір жолының метрінде қандай шытырман жәйіттерді басынан кешірді десек, мұны есептеп білуге адамы бар, электроны бар – ешкімнің миы жетпеуі хақ. Туғалы көріп-білгендерін жіпке тізіп, өз өмірбаяндарынан талай том қалдырған данышпан адамдар да бастан кешкендерін толық айтып жеткізе қойды ма екен? Ендеше өз өмірімнің өзгелерден пәлендей артық өзгешелігі жоқ мендей пендеге «кадр жөніндегі карточканың» өзі-ақ жарап жатады. Қала берсе, мен өзім туралы сол карточканың көлемінде, соның сұрақтарының ауқымында баяндауға дағдыланған жанмын. Сонымен мен Орал облысының кәзіргі Тайпақ ауданындағы Жыланды деген жерде дүниеге келіппін. Бұрын анкеталарда Жыланды қарайтын ауылдық советтік атын да көрсетуші едім, бірақ сол совет аттарының көп ауысқаны сонша, кәзір тіпті қайсысына тоқтарымды да білмеймін. Осы арада «Жыланды» деген сөздің мағынасына назар аудара кеткім келеді. Ол не «жылан», не «жылану» деген ұғымнан шықса керек. Екеуі де өз атына ғажап дәл келеді. «Жылан» деген сөз түбірі оқырманға өзінен өзі түсінікті: бұл жердің жыланы көп болыпты. Ал сөздің екінші мағынасына тоқтасақ, көктемде көз жасындай сығып шығарып, жыланып ағатын, жазда мүлде кеуіп қалатын жыланбел өзенсымақты көз алдына келтіріңіз. Осыған қарап менің руластарымның қалай тіршілік еткенін де шамалауға болады. Олар бір жұтым су үшін жасағанға жалбарынып, сол үшін шын мағынасында алысып өтті. Мұң-мұқтаждық жағынан өз әкем Молдағали да кенде қалмапты. Жұрттың айтуынша, ол жуас, сауатсыз, жарлы кісі бопты. Әкем жөнінде өзгенің мінездемесіне жүгініп отырған себебім: ол кісі дүние салғанда мен қаз тұрып та үлгермеген екем. Сондықтан оны, әлбетте, «папа» деген тұңғыш сөзіммен де қуанта алмай қалыппын. Сөйтіп, мен әлеуметтік тегім жөніндегі сұраққа жауап бердім ғой деймін.

Туған жылым ба? 1920 жылы деп жазып жүрмін. Бұлай деуімнің де себебі бар: ол уақытта біздің ауылдарда сәбидің дүниеге келгені еш жерде тіркелмейтін, демек ешқандай куәлік те берілмейтін. Ата-аналары не десе, сол болатын. Айтпақшы, өзімнің дәл қай жылы туғаным жөнінде бірде анам екеуіміз келісе алмай қалдық. Бұл 1935 жылы, мен комсомол қатарына өтерде болған жай еді. Қызығы сол, ақыры қай жылы туғанымды шешемнен гөрі өзім жақсы білетін болып шықтым...

Ұлтым – қазақ. Патша өкіметі тұсында біздің саяси правомыз болмағаны былай тұрсын, тарихымыз да танылмады, ұлтымыз да өз атымен аталмады. Біздің қырғыз бауырларымыз өз алдына дербес, ежелгі ел бола тұрса да, оларды өз атынан айырмақ боп, бізді «қырғыз» деп кемсітіп атады.

Халқымның қасіретті кешегісі мен бүгінгі бақытты шағы маған «Мен – қазақпын» деген поэма жазу жөнінде ой салды. Бұл поэма Алматы мен Москвада қазақ және орыс тілдерінде бірнеше рет қайталанып басылып шықты.

Оқуым – жеті жылдық мектеп, техникум, әскери-саяси курстар. Ал жалпы алғанда ғұмыр бойы оқып-үйреніп келе жатырмын деуге болады, өмір мен кітаптан, аға мен ініден, ақылды мен ақымақтан үйреніп келем. «Ақымақтан» деген сөзге ешкім таңырқамай-ақ та, күлмей-ақ та қойсын. өйткені ондайлар, амал не, әлі де аз емес. Солармен кездесе жүріп, біздің әр қайсымыз өзіміз үшін азды-көпті пайдалы қорытынды жасаймыз ғой.

Жоғарыда айттым, комсомол түлегімін және тұңғыш рет өз өмірбаянымды соған өтерде жаздым. Соның кепілдемесімен партия қатарына келдім, 1942 жылдан бері коммунистердің ұлы армиясының қарапайым жауынгерімін.

«Армия» деген сөзді ауызға алған соң, өз өмірімнің өзім үшін ең бір жарқын жылдары - 1940 жылдан 1947 жылға дейін совет қарулы күштерінің қатарында болған уақытты айта кетуім керек. Бұл жылдар ішінде мен әуелі қатардағы артиллерист, сосын батарея комиссары, ақырында әскери журналист боп бірінші күннен ең ақырғы күніне дейін Ұлы Отан соғысына қатыстым.

Соғыстан кейін, ақындық қызметпен айналыса жүріп, республикалық газеттер мен журнал редакцияларында, Қазақстан жазушылар Одағының аппаратында жұмыс істедім.

Өлеңім газетте тұңғыш рет 1939 жылы жарық көрді. «Ленин тірі» деп аталды ол. Сол өлең шығатын күні елең-алаңнан келіп, газет басылатын Орал қаласы баспаханасының қақпасы алдында бірнеше сағат бойы сарылып тұрғаным әлі есімде.

Өлеңдерімнің тұңғыш жинағы содан дәл он жыл өткен соң - 1949 жылы «Жеңіс жырлары» деген атпен жарық көрді. Содан бері қазақ тілінде және СССР халықтарының бірсыпыра тілдеріне аударылып өз шығармаларымның отыз шақты кітабы шықты.

Тағы не айтайын? Ия, үкімет наградаларым бар. Сайлау және сайлану жөніндегі өзімнің конституциялық правомды толық пайдаланып келем. Егер  ақындық    талғамым  туралы    айтсам,  мен  бүкіл көркем әдебиет сияқты поэзияның да мейлінше азаматтығын, солдаттай ер, әйелдей сұлу болуын көксеймін. Әрине, сұлудың махаббатына екінің бірінің ие бола бермейтіні секілді, нағыз ерліктей өлеңнің биік қасиеттеріне де қол жете бермейтіні өз алдына  бір  басқа.

Кемеңгерлер  мен  ұстаздарды  мойындаймын,  бірақ  ешкімді  пір тұтпаймын.

Тұрағым - Алматы. Дүние жүзіндегі ең таңғажайып қалалардың бірі, асқақ Алатаудың ақшақар шыңдарының бөктерінде, жазда тау самалы мен сансыз арықтардың саясымен тыныстап тұратын осынау жасыл бақ шаһарды мақтан етемін. Әйтседе жалғанда даладан, оның көкжиекпен көмкерілген ұлан-байтақ кең жазығынан, көк майса шабындықтары мен алтын дән теңіздерінен жақсы көретінім жоқ. Даладағы түнгі дауысты айтсаңызшы, қандай құдіретті, қандай асқақ келеді! Екі ауылдың әндері біріне бірі қосылып жатады. Ал қазақ ауылдарының, тіпті жақын дегендерінің өзі, әдетте бір емес, ондаған километрлеп саналады. Дала дегеніңіз мен үшін - халқымның жаны сияқты жомарттық пен кеңдік, өрлік пен аңқылдақ-ашықтық, ешқандай қалтарысы жоқ, бәрі де көз алдыңда. Дала маған әр дәйім қанат береді, қуаныш ұсынады.

Міне, өзім туралы қысқаша айтарым  сірә осылар болса керек.

Тағы бір ұсақ-түйек жәйіттерді «Анкетама қосымша» деген өлеңнен білуге болады. Жалпы, ақын туралы жақсы да толығырақ айта алатын - оның поэзиясы ғана.

Өзім туралы Москва баспасы үшін айтылған осынау деректерге қоса тағы да не деуге болады? Шынында да өлеңге жүгіну керек.

Поэзияда ақындық, лирикалық кейіпкер кейде, тіпті көп жағдайда деуге де болады, «Мен» деп, автордың өз атынан сыр шертіп отыратыны мәлім. Сондай «Мендер» менің шығармаларымда да аз емес. Оның бәрін ақынның өз басының тарихы немесе өзін дәріптеу деп ұғыну, әрине мүлде қате болар еді. «Айттым сәлем» атты поэмамда:

Жүрдім өмір - өлімнің қиясында.
Қызыл қандай сол күннің сиясы да.
Мен болмасам Жер деген жұмыртқа -доп
Жүзер ме еді осынау ұясында? -

деген сияқты шумақтар арқылы көп жағдай «Мен» деген сөзге тіреліп отырады. Осыған қарап «Жұбан жер шарын сақтап қалған - тек менмін деп отыр» деп ұғынушылар да табылуы ықтимал. Сондайлардан сақтанғандық па екен, бірнеше шумақтан кейін:

Мен дегенім - романтик, жыр достары,
Жиырмасыншы ғасырдың құрдастары,
Мен дегенім - Октябрь түлеткендер,
Жайлағандар жайлау ғып нұрлы аспанды,-

деп түсінік беріппін.

Ақындық «Мен» көптің ой-тілегімен, көптің тағдырымен ұштасып, соған сүйене сөйлегенде ғана үлкен қоғамдық мән-мақсатқа, зор дауысқа ие бола алады, сонда ғана әсерлі, асқақ естіледі. Егер мен «Туған жер» деген поэмамда:

Оқушым, сен де қабылда,
Сөйлесем «Мен» деп, сөкпе де.
Кеудеме кіріп дамылда,
Сырымды бүксем, өкпеле.
өзіңсің менің «Менім» де,
өзіңсіз тұлмын, жетіммін.
Демім бар сенің деміңде,
Бір кесек жүрек етіңмін, -

деп жырласам, бұл - менің азаматтық адал сырым, ақындық мұратым. Сонымен қатар мен сол «Мен» деген сөзді көбіне өзіме қатысты, өзім қатысқан, өзім куә жәйіттердің төңірегінде ғана қолданамын. Сондықтан ол бір жағынан өз биографиямды да шертеді. Әрине, ақындық биография тек «Мен» арқылы ғана көрінеді деу сыңаржақтық, болар еді. Сайып келгенде «Мен» деген - ақындық әдіс-тәсіл ғана. Жұртшылық үшін маңыздысы да - ақынның жеке басының күйкі-шүйкі жәйіттері емес, оның азаматтық тұлғасы, қоғамдық сыр-сипаты. Ал бұлар қалай, қай әдіспен жазылса да, оның әр өлеңінен, сол өлеңнің эстетикалық-көркемдік талғамынан, идеялық мұратынан танылып отыруға тиіс.

Әр адам сияқты, әр шығарманың да тарихы, өмірбаяны болады.

Мен, жоғарыда айттым, Жыланды деген жерде туыппын. Сол Жыландыны 1961 жылы ғана көрдім. Дүниеге келген жылым аты-шулы аш жылына тап келіпті де, сонда ата-анам басқа жерге көшіп кеткен екен. Сөйтіп мен Жыландының келбетін де, ешқандай қызығын да, жақсылығын да көрмеген едім. Әйтсе де, қырық жылдан кейін оралғанда, сол Жыланды «Туған жер» атты поэманың дүниеге келуіне себеп болды...

Өзім туралы әңгімеге байланысты тағы бір шығармамды ауызға ала кетейін. Ол - «Жесір тағдыры» атты поэма. Ондағы жәйіттер қазақтың әр ауылында болған оқиғалар, өмір шындығы. Сонымен бірге сол шындықтың өз өмірбаяныма да көп ұқсас жақтары бар. Біріншіден, поэмада сөз болатын Құл руы - өз руым болса, екіншіден, дастанның бас кейіпкері Айшада өз анамның да кейбір кескіндері бар.

Менің анам да Айша сияқты төрт баламен жесір қалып, өмір жүгін, семья тауқыметін жалғыз көтерген кісі. Ол да Ұлы Октябрь арқасында азамат санатына қосылып, жаңа өмір орнату ісіне жасымас жігермен, қажымас қайратпен атсалысты. Ғұмырының тең жартысын коммунист партиясының қатарында өткізіп дүние салды. Айшаның:

«Мамалап» бала жар салған,
Мойнына келіп асылды,
Дамбалсыз, қыңбай қарсы алған
Қаһарлы жұмбақ ғасырды, -

деп бір ауыз өлеңде ғана сөз болатын қара баласы бір кездегі өзіме ұқсас тәрізді. Немесе сол поэманың эпилогындағы:

...Жарлы елі, жесір елі, жетім елі
Мақтан ғой көз алдында жетілгені.
Дамбалсыз қара тірсек алаңкөз ұл
Бүгінде қалпақ қырын кетірмейді.
Дәулетті, қолы ұзын ел Құл ақыры,
Жыр толғап Алматыда жүр ақыны.
Мұғалім, агроном – Смағұлдар,
Инженер - Ерғалидің Рахымы, -

деген шумақтар да нақты  жағдайды көріп отырып жазылған мәселелер.

Мен әкесіз - жетім өстім,
Жоқ,дей алман кетік өстім.
Түкірген жоқ бетіме ешкім,
Нысанаға жетіп өстім.

Бұл азулы ананың, советтік құрылыстың арқасы еді. Әйтсе де әкесі бар балаларға қызығушы едім. Әсіресе «алақай, көкем келе жатыр» деп, алдынан шауып шыққан баласына астындағы атын түсіп берген әкені көргенде балғын көңілде әлдеқандай бір өкініш, нала пайда болатын.                      
 
Ең бақытты дәуірде де
Әке керек, дос керек, -

деген өлең жолдары, тегі сол балалық шақ мұңынан тууы ықтимал.

«Анкетама косымшада» айтқанымдай, өлең-жырға өте ерте әуестендім. Жас кезінде ақын атанып, айтыстарға түскен аяулы анам кейін жесір қалып күңдік қамытын кигенде, сәл қолы босай қалса, мені алдына алып отырып, өзінен-өзі өлеңмен сыр шертетін, шер тарқататын. Қазақ эпосының көптеген шығармаларын жатқа білетін сол кісі мені шын мәнінде өлеңмен ауыздандырды.

Менің 5-6 жасымда шешем «ликбезге» қатысып, сауатын ашты. Соның жанынан қалмай жүріп, жәдитше хат танып кеттім. Алғаш қолыма ұстағаным – «Әйел теңдігі» журналы. Ал ресми мектеп есігін тек 1930 жылы ғана аштым. Ол мектеп - Қызылжар жұмысшы-шаруа жастары мектебі деп аталатын.

Өлең шығаруға да ерте талпындым. Мектеп қабырға газеттерінде 13-14 жасымда көріне бастадым. Газет бетінде, жоғарыда айттым, 1939 жылдан бері. Нағыз ақынды, тірі ақынды бетпе-бет көргенім де сол жылы. Мен онда Оралдың ауылшаруашылық техникумының студенті едім. Орал мен Гурьев жас әдебиетшілерінің біріккен слетін өткізуге Алматыдан Қасым Аманжолов келді. Сол слетте Гурьевтен келген Хамит Ерғалиев пен Жәрдем Тілековты де көрдім. Бұлар мендей емес, сол кездің өзінде қабырғасы қатып бұғанасы бекіп қалған дарындар еді. Тұңғыш рет мінбеге шығып оқыған «Кел, жолдастар, жырлайық» деген өлеңім солардың өр дауыстарының екпіні астында қалып қойған сияқты болды.

Сонымен 1940 жылы армия қатарына алынғанда, жәшік түбіне екі-үш дәптер өлеңімді салып ала кеттім. Бұлар Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінің бірінде өртеніп кетті. Әрине, олар бір әдеби мұра болғандай дүниелер еді демек емеспін. Тек өлеңге қашан, қалай келгенімді ғана сыпаттайтын нәрселер болатын.

Сөкпе мені, сұлуы ертеңгінің,
Құрбыңдай көр бір сәтке, бер теңдігін.
Тұңғыш жырлар дәптері өз алдына,
Шүберектей алаулап өртенді үнім.
От ішінде сыналды жігіттік те,
Жас үмітті жүрдік бізтүйіп түпке.
Винтовканы қолтықтап қыз орнына,
Бойдақ қанмен окопты жібіттік те.
Сонымен:
Дәптерде қалып қойды тұңғыш өлең
ЬІнтық қыз, құмар халық, құлақтанбай.

Майданның алғы шебінде бір жыл болғанан кейін ойда жоқта қолыма қайтадан қалам алу қажеттігі туды. Батарея коммисары боп соғысып жүрген кезімде майданның саяси басқармасы шақырып алып, «За родину» деген майдандық газеттің жанынан қазақ тілінде «Отан үшін» атты газет ашылатынын, менің соған қызметкер боп тағайындалатынымды айтты. Мен бұған қайран қалдым және күні бүгінге дейін қайран қалам. Бұрын газетте істемеген менің кандидатурама қалайша тоқтады екен?

Кездейсоқ па әлде, мүмкін, содан үш-төрт ай бұрын сол майдан шебінде қысқа мерзімдік әскери-саяси курсты үздік бітіргенім себеп болды ма? Әйтеуір соғыстың басталғанына дәл бір жыл толған күні, 1942 жылдың 22 июнінде, мен «За родину» газетінің редакциясына кеп тоқтадым. Келсем, мен сияқты тағы екі-үш жігіт жиналған екен. Тікелей газет қызметінен олар да бейхабар боп шықты. Сонымен, «аңқау елге арамза молда дегендей» іске кірістік. Әрине, адалдығымызда қапы жоқ еді, бірақ, газет шаруасын білмейтініміз де бірден көзге шалынды. Айналып кетейін арызқойлар майданнан да табылды: газеттің алғашқы екі-үш номерін қып-қызыл қылып сызып-сызып, саяси басқармаға жіберіпті, әсіресе тілін қатты сынайды. Тосыннан тосын кеп газет жасау өз алдына, бүкіл қазақ баспасөзі тарихында тұңғыш рет әскери газет жасау, оның әскери тіл-терминін қалыптастыру қайдан оңай болсын?

«Көш жүре бара түзеледі» дегендей, газетіміз бірте-бірте оқырмандарға таныла бастады. Атап айту керек, әсіресе екі-үш айдан соң Сағынғали Сейітовтың кеп қосылуы көп жақсылығын тигізді. Сағынғали бізге қарағанда әдебиетшілік жағынан да, журналистік жағынан да әлдеқайда тәжірибелі еді. Қала берсе ол Алматыда оқып, жазушылар қауымында танылып қалған жігіт. Көп ұзамай Есбатыров Сапар, Зейнолла Садықов сияқты басқа жігіттер де қызметке төселіп кетті. 1944 жылы газетіміз «Майдан ақиқаты» аталып, басқа майданға ауысқанда тәжірибелі журналист Ахмет Елшібеков келіп басшылық етті.

Бұл жігіттерге көбірек тоқталып отырғаным: осы газет жұмысы менің барша тағдырымды, соның ішінде ақындық тағдырымды шешті демекпін. Маған әсіресе орыс газетінің редакциясы үлкен мектеп болды. Онда Михаил Матусовский, Александр Исбах, Борис Изаков, Борис Бялик сияқты белгілі әдебиетшілер істеді, ал Михаил Светлов, Сергей Михалков, Степан Щипачев, Маргарита Алигер секілді ақындар ұдайы келіп-кетіп жүрді. Татар газетінде Хатип Усманов, Шараф Мударис, Ғұмер Насри сияқты белгілі ақын, жазушылар болды. өзіміздің, редакцияға Асқар Тоқмағамбетов пен Әлжаппар Әбішев екі-екі айдан келіп кетті. Ал соғыс соңында қазақтың қуатты ақындарының бірі Қалижан Бекхожинмен кездесіп, бірнеше қуанышты күндерді бірге өткіздік.

Сөйтіп сөніп бара жатқан ақындық үміт қайта тұтанды. Бірде редакцияда отырып, бірде алғы шепте газетке материал жиып жүріп, өлең толғатуға тура келді. Бұл менің өзім үшін ғана емес, газет үшін де қажет болды. Жауынгерлерді батылдыққа, батырлыққа уағыздау, жаудан кек алуға өшпенділікке шақыру - бірінші міндет еді. Насихат, ұран өлеңдер, әрине, көп жасаған жоқ, тез ұмытылды. Мұның басты себебі жалпы, қазақ жазушылары қауымынан шет жүргендік, әдеби білімнің, ақындық тәжірибенің кемдігі болса керек. Оған қоса қазақ совет поэзиясының алғашқы дәуіріне тән дидактика, риторика дегендер сол күндердің, сол майдан сағатының ұран-талабына келіп үндесті де, өлмес поэзия жасау туралы ойлануға мұрша да бермеді. Біз өлеңдеріміздің көбін «өлтір, шегінбе, алға бас» үш-төрт сөздің төңірегіне құрдық. Жалпы алсақ, сондай шығармалардың ішінде   совет   поэзиясының алтын қорына кіріп мақтаныш боп қалғандары да аз емес.

Әлбетте, бүгінгі көзбен қарасақ бұл өлеңдердің көркемдік шешімдегі ұйқас, ырғақтағы кедір-бұдырлары, кейбір дәстүрлік жәйіттері байқалмайды емес. Бірақ оларда өз өмірбаяным ғана емес, заман биографиясы, ерлік жолы, күрес жолы бар. Бұл біздің аға буындар поэзиясындағы асыл қасиет, артықшылық қасиет. Мен кейінгі жылдар поэзиясына дәл осы қасиетті молырақ тілер едім. Көркем әдебиеттің, қоғамдық міндетін, азаматтық парызын ешуақытта, ешнәрсеге мансұқ етуге болмайды.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертеңгіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін, -

деген ұлы Абай қағидасы   бәріміздің   есімізде   жүретін ұлы   өсиет сияқты.

Біз - совет ақындарымыз, біз буржуазиялық идеологияға қарсы бітіспес күрес майданындағы ақындармыз. Адамзаттың ең нәзік те сұлу перзенті - әйел де, күн туғанда, ел қамы үшін солдат болып сапқа тұрса, поэзия да сыланып-сипанып үнемі айна алдында отыра алмайды. Ол - ең алдымен халық қызметшісі, үлгі-тәрбие беретін уытты ұстаз. Біздің биік поэзиямыз осы бағытта өсіп-өркендеп, ой сұлулығын да, бой сұлулығын да өзек етіп келеді.

Сонымен бірге соңғы жылдардың поэзиясында «қусырма жақ, қызыл тіл, қайдасың» деп, құр шешенсу де жоқ емес. Бір айтылған, біреу айтқан ойды өзге ұйқас, өзге ырғақпен отыз рет ойнатып, өңін ішіне айналдырып әкелуді - қаншама «балталаса бұзылмайтын ұйқасқа» салса да - сылдыр сөз, тек бір версификация деп қарау керек. Поэзияға модашыл көрсеқызарлық та, мини-көйлек те жараспайды. Поэзия - сұлулық. Бірақ сұлудың да естісі бар, есері бар. Біз есті сұлуға, ер сұлуға, еңсесі биік сұлуға қызығамыз. Бүкіл жалынын, бүкіл жастық қуатын, ерке назын сақтай отыра поэзия есті сұлу, жан-жақты сұлу болуға тиіс. Арудың беті көрікті болсын да, аяғы қисық болсын, аяғы әдемі болсын да, өңі ажарсыз болсын деп ешкім айтпайды. ІІоэзияға да солай қарауымыз керек.

Бірақ «әкені көріп ұл өсер» дегендей, кейінгілер алғашқылардың жалғасы емес пе? Әрбір ұзақ сапар алғашқы адымнан басталмай ма? Сұлу қыз, өзімдей жас, сымбатты емес деп, туған анасынан тана ма? Оның үстіне, о баста айттым, сол жауынгер жылдар мен жас жылдардың  өлеңдерінде ел өмірінің әр қилы көріністері бар екен. Оны қалай ұмытарсың? Сондықтан оларды мен оқырмандар қауымы алдына да, жас қаламдастарым алдына да мақтанышпен ұсынуды мақұл көрдім.

Мысалы, бір мезетте   көп өлеңмен    қатар «Нұрлы жол» атты поэманы да алып тастасам қайтеді деген ой келді. Бірақ осы поэманың да өзім үшін елеулі ерекшеліктері бар сияқты. Біріншіден, менің тұңғыш поэмам. Екіншіден, ең маңыздысы сол - мен осында бір-екі жәйітті едәуір бұрын көргендеймін. Соның бірі — кәмілетке толған жасөспірімге  тұңғыш паспорт бергенде оны азамат болуымен, ер жетуімен құттықтап, паспортты салтанатты жағдайда табыс ету. Бұл кейінгі жылдарда ғана дәстүрге айналды. Сондай-ақ поэманың кейіпкері Жігер жастың өз аулында жетпей жатқан мамандықтан игеріп, қайтсе де туған колхозына оралуды, онда жаңа станок, жаңа мастерской орнатуды аңсауы да өз уақытында жаңа лебіз еді. Бір ғажабы, жалпы сәтті дүние деп бағалай отырып, әдебиет сыны осы поэманың шын жақсылығын  да,  дер кемшілігін де ашып көрсете  алмады. Кәзір әжептәуір жазушы аталып жүрген бір жолдас:

Қайырлап қалған кемедей,
Далада тұрды комбайн.
Алтын дән теңіз-телегей,
Күн қақтап жатты маңдайын, -

деген шумаққа жармасып, бұл шындыққа жатпайды, комбайн тоқтап қалса оған керек тетіктер МТС-тен табылады деген сияқты пікір айтты.

Өз басым әдебиет сынына пәлендей өкпелі кісі емеспін. Бірақ, жалпы алсақ, поэзия сынына әлі бірсыпыра асу бой бермей жатыр. Көптеген сыншыға өлең табиғатын, оның көркем түйіндеу-тәсілдерін түсіну жағы жетіспейді. Сондықтан кейде ақынға жақсы десін, жаман десін, үш ұйықтаса түсіне кірмеген нәрсені таңатыны бар. Дарынсызды дәріптеп, жақсыдан жамандық іздейтіндер де жоқ емес. Асылы поэзия сынына ақындар өздері де ат салысып, әділ төрелігін айтып отыруы керек.

Тағы да өмірбаянымның кейбір жәйіттеріне оралсам, соңғы жиырма жыл газет, журналдар мен Қазақстан Жазушылар одағында өтті: «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты секретары, редакторының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасары, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретары…

Жоғарыда сайлану правомды да толық пайдаланып жүрмін дегенді айттым. Оны кеңірек түсіндірсем: ҚКП Алматы облыстық комитетіне мүше боп екі рет сайландым, Алматы қалалық советінің депутаты болдым. Сосын ҚКП Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақ, ССР Жоғарғы Советінің депутаты және Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі болу абыройы тиді.

Ақынның қуанышы да, реніші де - өлең. өмірі де сол. Ендігі сөзді көп ұзартпай, өлеңнің өзіне берген жөн болар. Бұдан он бес жылдай бұрын:

Демесем данышпанның бер салымын,
Сондай-ақ ғұмыр-жасын жер шарының,
Ризамын тағдырыма, табыма да,
Тұрмын мен аясында дер шағымның, -
деп жазған екем. Соған қосарым:
Ұлына Отан-ана болса риза,
Мен оған өле-өлгенше ризамын.

1970 жыл.