«Жеңіс жырлары»

Қазақ поэзиясы талантқа бай. Оның ақындық беті мен жазу мәнеріне дейін біріне-бірі ұқсамайтын, бірін-бірі қайталамайтын талантты өкілдері көп дауысты хорға ұқсайды. Осы бір көп дауысты поэзия хорында өз даусымен танылып, творчестволық жолын игі бағытта жақсы дамытқан ақындарымыздың бірі - Жұбан Молдағалиев.

Жұбан Молдағалиевтің поэзия төрінен өзіне лайық орын алу кезеңі әріден, соғыстан кейінгі ұлы дүбір дәуірінен, елімізді қайта қалпына келтіру заманынан басталады. Соғыстың алдында ақындық өнерге талап жасап, бірен-саран өлеңін бастырғаны болмаса, Жұбанның әдебиетке келуі мен осы жолда өмір мектебінен өтуі - Ұлы Отан соғысының қаңды майданы тұсына келеді.

Соғыстың алғашқы кезіндегі өлеңдерін де Жұбан негізінен, үгіттік сарынға құрады. Оның «Бір бассаң да алға бас», «Бізжеңеміз» атты өлеңдерінде халықтың соғыс талап етіп отырған ерлікке үндеу идеясы басты орын алады. Ақын сөзін кеңес жауынгерлеріне тікелей арнай отырып, оны халық ызасы мен кегін қайтаруға, батырлыққа шақырады, біздің жеңісімізге сенім білдіреді. Көркемдік жағынан алғанда идеясының жалаңаштау берілетіні байқалса да, дәуірдің уақыт талабынан туғанын танытады. Онда:

Өжет елдің жігіті,
Өшін алмай шыдар ма?
Кескілескен дұшпанын,
Кесіп түспей тынар ма? -

деген сияқты халықтық поэзияның нақылдық дидактикалық сарындары молырақ көрінеді.

Майдан өмірінің алуан түрлі шындығы талапты жастың поэзиядағы ізденістерін де белгілі бір қалыпта түсіріп, тезден өткізгенін көреміз. Кеңес жауынгерлерінің ауыр соғыс жағдайындағы батырлық істері мен ерлік мінездері, туған жер, сүйген жар мен сүйікті ата-анаға деген сағыныш пен сәлемнің сезім күйлері ақын ойын қозғап, оның өлеңдерінен көбірек орын ала бастайды. Бұл оның жалаң ұраншылдық пен үгітшілдіктен біртіндеп арылып, сыршылдық әсерлерге ойысуына, өмір шындығын шынайы бейнелеуге талаптануына жол ашады.

Майдан солдаттарының ерлігін «Атака», «Батыр туралы баллада», «Ер қабірі», «Әлия» атты өлеңдері де ақынның құрғақ сөзуарлықтан босап, жинақты образ жасауға ден қоя бастағанының куәсі тәрізді. «Батыр туралы балладада» шынында да балладалық сипат бар. Онда ажалмен тоғыз рет бетпе-бет келіп, оны жеңіп шыққан коммунист жауынгердің ғажайып ерлігі паш етіледі. Баллада уақиғасы әдеттегі жұпыны шындықтан тысқары, қанды майдан төрінде өтеді.

Атакаға ұмтылған кезде оқ тиіп жараланған герой жау оғы тесіп өткен партбилетін қолына ұстап, «Алға!» деп ұмтылады. Осы бір қарапайым көріністен ақын үлкен поэтикалық патриоттық сурет жасайды:

Бір қолында қанды көйлек,
Бір қолында партбилеті —
Екеуін де көтерді ол
Жалау етіп құдіретті.—

дейді. Ерлікті мадақтаумен қоса, ақын бұл арқылы күрес майданында көтерілген қызыл жалаулардың құдіретті рухын танытады. Бұл - коммунистердің күрескер идеясының салтанатындай елес береді.

Желпіп жаздың желі кеулеп,
Желбіреді қанды көйлек.
Сәл іркілген солдаттарды
Кекке бөлеп, күшке бөлеп,

Уақиғаны жалаң баяндауға құрмай, суреткерлікпен шешкен ақын майдан табиғатының да жарқын көріністерін жасайды.

Тұрды батпай әлденеге,
Тауға сүйеп күн иегін.
Қызыл қанға боялғандай,
Қызғылт басты көк жиегін, -

деген әп-әдемі өлең жолдары бұған дәлел болғандай.

«Ер қабірінде» Жұбан соғыста қаза тапқан ерлер туралы ойлайды, олардың өмірдегі орны мен еңбегіне тарихтық

Бекер бұл! Өлімнің де өлімі бар,
Өлім бар өшпейтұғын өмірі бар.
Табынтса тірілерді, ұрпақтарды
Өмірден кімдер оны бөліп алар, -

деген өлең жолдарынан анық естіледі. Осы ретте ол өзі өліп, дүниені азат еткен кеңес жауынгерінің қабіріне бас июдің қарызын еске салады.

Соғыстағы жауынгердің жастық, адамдық жылы сезімдерін танытуда «Жауынгер хаттарынан», «Солдат сыры», «Жауынгер қызға» атты өлеңдері мен туған жерді еске салатын тартымды лирикалары едәуір маңызды. 1942—1943 жылдары жазылған бұл өлеңдер ақын қаламының әлі де берік еместігін байқатса да, оның жырына жылы сезім кіріп, өлеңнің көркемдік дәрежесіне лайықты ықпал ете бастағанын көрсетеді.

Рас, бірінші хаттағы сүйгеніне сәлем жолдап отырған солдат сөзінің нанымсыздау жақтары да байқалмай қалмайды. Оның:

«Арбамен асықпаған қоян алар
Көрерміз қорған болып елдің арын»,—

деген жолдарындағы отан қорғау мүддесін бірінші орынға қоюын мақұл дегенмен, «Асықпаған арбамен қоян алу» деген сөзі көңілге жетпейді. Бұл, қайта жастық, өткір сезімді, кұмарлықты тым мұжылтып, доғаландырып тұр. Геройдың мұндай шектен тыс салқын қандылығы, сабырлылығы хаттың рухына лайық емес. Алайда ақын кейінгі хаттарында бұл олқылығының орнын толтыра білген. Екінші хаттағы:

Сарғайып жетер бұл қағаз,
Сағынышым тәрізді.
Сақтаулы жүрді ол біраз,
Сатпағын салды тер ізі.

Жолшыбай тағы кім шалар,
Сонда да, сәулем, жерінбе!
Қадыры мол қасиет бар —
Солдаттың ащы терінде,—

деген сөздер жауынгердің сүйгеніне деген ыстық сезімін ғана көрсетіп қоймайды, оның майдандағы өмірінің шынайы шындығын да бейнелейді. Сарғайып жеткен хат - солдаттың сарғая күткен сезімі болумен бірге оның қалтасында жүріп сатпақтанып, оның үстіне шын мағынасында ұзақ сапар кешіп сарғайып барған қағаздың да нақты бейнесін танытады. Хаттың әлі де жолшыбай кірлене түсуі мүмкін.

Сүйе білсең, сондай сүй! -
Деп жүрсін қыз бен жігіттер.

Осы ой - оның тәтті арманының белгісі. Солдат соғыс бітіп, сүйгеніне қосылып, басқа жастарға аңыз боларлық сағынышы мен сезімін паш етуді аңсайды.

Үшінші хат солдаттың анаға деген ыстық махаббатын танытады. Ол өзінің орнына хатын жіберіп, сол арқылы сүйікті анасына деген жалынды сезімін жолдайды.

Тайпақтан сонау тапшы іздеп,
Майданшы солдат анасын.
«Қарағым қашан қайтар»,— деп
Сағынған шығар баласын.

Хатқа солдат сәлемін әкеткен жанды адамның бейнесін береді. Ол анаға қонақ боп барып, сақтаған сүрін жеп, қою шайын ішпек. Ерлердің ерлігін әңгімелеп бермек. Өлең ойлылығымен, тапқыр сөз кестесімен көңілді тербейді.

«Солдат сырында» солдаттың сүйген жарға деген жастық сағынышы еске алу түрінде беріледі. Ол Жайық толқынында қайықта тербелген түнгі жұп көлеңкені еске алып, «Сағындым, ұзап барасың, жылдам кел» деген хатын келтіреді.

Ұзаған сайын ілгері
Келемін саған жақындап, -

дейді солдат жауабы. Тапқыр айтылған. «Бір жол бар - алыс, алыс та болса - жақын. Бір жол бар - жақын, жақын да болса - алыс» дегеннің кебі. Сағынышқа жеңдіріп асығып қайтатын кез емес. Ұзаған сайын жеңіске жақындап, жеңіс арқылы мәңгілік махаббатына табысу идеясы өлеңде жылы сыршылдықпен берілген. Жайықтағы түн суретін де ақын тапқыр жолдармен қысқа, ұтымды бейнелейді («Көгілдір сәуле төгілген»).

Махаббаттың өлімге қарсы тұрар құдіретті күшін Жұбан «Жауынгер қызға» арнаған екі шумақ өлеңінде де тапқырлықпен айта білген.

Косайық кос жүректің махаббатын,
Қос жүрек жеңдірмейді бір өлімге,—

дейді ол.

Жас ақын қаламының біркелкі еместігі, оның кейде берік ұсталып, кейде босаң тартып қалатыны бұл кездегі өлеңдердің көбінен-ақ байқалады. Абай айтқан «айналасы теп-тегіс жұмыр өлеңге» келу - Жұбанның кейінгі ақындық жолына, ізденістеріне тән. Аталған өлеңдердің өзінде ақынның жып-жылы сезім күйлері, сыршылдығы кейде мағынасыз, сылбыр, ұраншыл өлең жолдарымен араласып кетіп те отырады. «Жауынгер хаттарынан» деп аталатын циклдің екінші хатындағы солдаттың сүйгеніне деген ыстық сезімін бейнелейтін сәтті шумақтардың арасында:

Қан майданда жүр солдат
Қамы үшін туған елінің.
Айқаста жауды талқандап
Ақтайды халық сенімін, -

деген ұрандау стиліндегі жолдар да жүретіні бар. Бұл жолдар геройдың ыстық сезім күйін прозаландырып әкетеді.

Ұрандау сарыны Жұбанның отан, туған жер тақырыбына жазылған алғашқы өлеңдерінде де ұшырайды. Оның «Отан», «Туған елге» атты өлеңдерінде ақынның сезінуінен гөрі білгенін айту, оған деген ықыласын сыршылдықпен емес, пікірмен таныту жағы басым. Ал, «Сағындым, Жайық», «Ән», «Шығыста туған елім бар», «Туған елді жырлаймын», «Менің халқым» өлеңдерінде туған жер сағынышы тербеген ақынның жан толғанысы байқалады. Бірақ бұл сезім күйі өлеңге түскенде біркелкі көркемдік жинақылық тауып кете бермейді. Кейде ақын ойы нақтылықпен, образбен бейнеленсе, кейде сәтті сезімдер ұранмен араласып, ала-құлалық тудырады.

Сонымен бірге бұл өлеңдердің совет жауынгерлерінің патриоттық сезімін бейнелеуде ақын творчествосында елеулі орны бар. Әсіресе соңғы өлеңдерде Европаның бірқатар елдерінде азатшы болып жүрген солдаттың өз отанына деген ыстық махаббаты жырланады. Шет өлкенің сыйы да, құрметі де лирикалык геройдың сезім күйіне жат. Ол «Шығыста туған елім бар» деп советтік Отанына, туған Қазақстанына қарайды. Европаны азат етуге қатысқан «Қазақтың ұлымын» деп мақтан тұтады. Сүйікті республикасының жиырма бес жылдық тойына сәлем жолдай отырып:

Дариға-ай, дәурен жетіп көрсем сені
Тойыңа толған шақта толы ғасыр, -

деп бақытты болашағына тілек қосады. «Толған», «толы» деген бір түбірлі сөздер қайталанып қолданылған өлеңнің кедір-бұдыр жолдары болмаса, ақын сезімі таза, кіршіксіз. Ол халқының бүгінгі толысқан бақытты өміріне ризалық білдіре отырып, ширек ғасырда осындай күйге жетіскен ерікті елдің толы ғасыр өткеннен кейінгі өмірін көруді армандайды. Лирикалық герой бойында Европа жерінде туған отаншылдық мақтаны да осы сезімнен нәр алады.

Осы бір отаншылдық, патриоттық сезімнің айқын бір көрінісі «Соқ, сағатым», «Қайран менің өз елім» атты өлеңдерде нақтылықпен берілген.

- Айтпайсыз ба, — дейді поляк
Пан офицер, уақыт қанша?
- Казір он бір.
- Дұрыс па бұл?
- Әрине, пан, Москваша!
«Москваша» деген сөзім,
Сағатыма болды бедел.
Әлгі поляк өз сағатын,
Дәл он бірге қойды жедел.

Өлеңнің бүкіл уақиғасы осы бір екі шумақ көлеміндегі сюжетте айқындалып, оның идеялық түйіні «Москваша» деген бір сөзбен шешіліп тұр. Бұл — уақыт мөлшері ғана емес. Ұлы Отан соғысында дүниені фашизмнің қанды тырнағынан құтқарған совет елінің, Москваның беделі, сонымен өлшенген коммунистік идеяның уақыт өлшемі ретінде ұғылады. Алайда өлеңнің соңғы шумағында осы бір шағын сюжетпен шешілген қарапайым идеяны ұранға айналдыру сарыны байқалады. Қарапайым, жұпыны шындықтан туатын идеяға жұпыны түйін лайықты.

Осы тұрғыдан алғанда екінші өлең ұтымды жазылған. Онда поляк жеріңде «пан» деген сөзді көп естіген жауынгердің «жолдас» деген сөзге зар болғаны айтылады. Қарулас, мүдделес халықтың салтын сыйлап отырса да, лирикалық геройдың ішкі күйі «панды» қабылдамайды. Осыдан келіп онда бірін-бірі «жолдас» деп сөйлейтін өз елін сағыну сезімі келіп туады.

Жалпы «жолдас» деген сөз Жұбанның ақындық ұғымында совет адамдарының өзгеше, жаңаша қарым-қатынасын бейнелейді. 1948 жылы жазған осы аттас өлеңінде ол жарты әлемді аралап қайтқан солдаттың көзімен қарай отырып, осы сөздің қоғамдық сыр-сипатын, жанға жылы өзгешелігін танытады. Жат жерде «жолдас» деп естісе жалт қараған геройдың сезімі осы сөз арқылы туған елмен жалғасады. Қатерлі соғыс майданында жауды жеңген біздің халықтарымыздың туысқандығы, достығы да осы сөзден тарап жатқанын түсінесің. Ақын осыны мақтан етеді. Сол негізде жаңа қоғамның жаңа адамдарының өзгеше қарым-қатынасын әлемге паш етеді.

Елімде еркек, әйел, кәрі мен жас,
Министр, колхозшы, ақын — бәрі жолдас.
Жолдаспыз — ойымыз бір, жанымыз  бір,
Төскейде мал, төсекте бас аралас.

Сүйемін сол үшін де жолдасымды.
Жолына арнай алам өз басымды.
«Жолдастан» басқа атақ керек емес,
Мысалы, «мистер», «сұлтан», «мырза» сынды,—

дейді ақын.

Соғыс кезі тек Жұбан қаламының майдан өмірінің ауыр шындығы жағдайында жаттығып, жетілуінің ғана емес, оның отаншылдық, патриоттық сезімінің күрес үстінде өсе түскенінің, ақынның идеялық шыңдалуының дәуірі болды. Ақындық тәжірибенің жетіспеуі, сыршылдық лептің аздығы байқала тұрса да, соғыс ақынды өмірдің ащысы мең тұщысының елегінен өткізіп, оның азаматтық үнін жетілдірді. 1945 жылы жеңіс күніне арнап жазған «Жеңімпаздар сәлемі» атты өлеңінде Жұбан туған халқын тарихи ұлы жеңіспен құттықтай отырып,

Жең түріп түстің енді сен,
Жолына бейбіт еңбектің, -

деген еді. Бұл - ақынның соғыс табы кеппей жатып, жаңа дәуірдің кезек күттірмейтін міндеті бейбіт еңбекке көшу, соғыс салған жараны жазу екенін түсінгеннің белгісі болатын.

Ақынның бейбіт еңбекті жырлауы «Азамат қуанышы» (1947) өлеңінен басталады. Бұл өлеңнің лирикалық геройы — Ұлы Отан соғысының солдаты Берлиннен жеңіспен оралып, бейбіт құрылыстан өз орнын табады. Ақын оны колхоздың егінді даласында көріп, оның көңіл күйі арқылы бейбіт еңбек куанышын жырлайды.

Елуінші жылдар ішінде жазылған «Жыр туралы жыр» атты туындысы - Жұбан поэмаларының бір биік белесі. Бұл шығармасында ақын Ұлы Отан соғысы кезінде фашистер қолыңда тұтқын болып, азапты өмір кешкен, бірақ Отанына деген махаббатын берік сақтаған, жалынды жырымен дұшпанын түйреген татар ақыны, Кеңес Одағының Батыры Мұса Жәлелдің ерлік істерін, аянышты тағдырын жыр етеді. Дәлірек айтқанда, бұл - Мұсаның фашистер қолында еркіндікті аңсаған күрескер жыры туралы жыр. Жұбан ақынның өзімен бірге өліп кетпей, ерліктің өлмес рухын туған еліне жеткізген, сөйтіп кейінгі ұрпақпен, достарымен тілдесіп отырған Мұса жырын жанды бейнеде алады. Достары күткен ақын орнына оның жыры сөйлейді:

Ақын ше! Ақын келмеді,
Бос күтті төрде бір орын.
Күмбірлеп залды кернеді,
Сөз алып сонда жыры оның.

- Іздесе мені кімде-кім,
Шырағдан етсін жырымды.
Жырымның жайса өрмегін,
Табар да ұғар сырымды.

Мұса жырының құдіретті күшін Жұбан ақын өзі азап кешкен ортаның шындығына сай суреттейді. Жыр Мұсаның азаматтық, патриоттық сезімдерінің айқын да батыл көрінісі есебінде тұтқындар ортасына тарап, қоғамдық күрескердің қызметін атқарады. Фашистердің мұсылман халықтары тұтқындарын Түркістан легионына қатыстырмақ болған ниетін Мұсаның қабылдамауы өз алдына, оның жыры басқа тұтқындарды да бұл ұсыныстан бас тартқызады. Ақын жыры кеңес адамдарын жау тұтқынынан қашуға рухтандырады. Қапастағы ақын жаны Отанына, еліне, халқына осындай пайдалы қызмет істегеніне риза. Фашистер қысымында ол жырын ұшырып, әртүрлі жолмен еркіндікке, бостандыққа қол бұлғап жатты. Фашистердің батыр ақынды Моабиттің тас түрмесіне тығып, өлім жазасына бұйыруы да оның өзін азаптағанмен, жырына бұғау сала алмайтынын түсінген әлсіздігінің көрінісіндей еді. Осы бір тұста Жұбан тар қапаста ажал күткен ақынның қолынан назалы да дауылды жырлардың тууын, өзі өлетініне көзі жетсе де, өмірге оптимистікпен қарап отырған ақын ерлігін тебірене жазады. Ақын қиялы туған отанымен тілдесіп, Еділдің бойын жағалайды, татардың сырлы жырларын тыңдап, туған анасымен, жарымен, ұлымен тілдеседі. Өлім алдындағы осы бір сезім күйін Жұбан нәзік те тапқыр өлеңмен шебер бейнелейді.

Түн кірді қара кебіндей,
Түрмеге кештен көп ерте.
Мезгілсіз өткен өмірдей,
Жоғалды сәуле, көлеңке.

Әзірге сөнбей тұрды тек
Екі от — екі қарашық.
Өлеңге біткен өр жүрек
Өмірге, нұрға ала ұшып.

Тұр олар жанын жақсы оймен,
Тұр көріп таңын елінің.
Жүр олар жерде жан сүйген,
Жағалап бойын Еділдің.

Солармен Жәлел жеткізіп,
Жолдайды соңғы сәлемін.
«Болғам жоқ тұтқын серт бұзып,
Сауғаның іздеп сәл ебін.

Болса да тәтті жан шіркін,
Басқан жоқ арым жаңысақ.
Бұлқындым торда сан дүркін
Бұза алмай кеттім жалғыз-ақ!»

Жұбан ақын қиялын отан-анамен тілдестіре отырып, отан-ананың сүйікті ұлының ерлігіне ризалық сезімін айтқызады. Хабарсыз жау қолында өткен жылдардың барлығында да отан-анасы ұлына шексіз сенім көрсетіпті. Оның арманы тірі қалатынына, тірілердің қызметінде көрінетініне шәк келтірмепті. Осы бір диалогта күшті рух, өткір сезім бар.
Мұса:

Қарсы ұшар күшім бар әлі,
Жете алсам, әттең, арманға
Төлеусіз кетіп барады
Партиялық жарнам да»,—

деп тіл қатса, отан-анасы оған жұбату айтып, ризалығын білдіреді:

«Төледің, Мұса, төледің».
Дегендей тағы бір дауыс.
Мәңгілік жарна өлеңің
Партияң үшін зор табыс!

Өлім жазасы алдындағы елмен, отан-анамен осы тілдесулер арқылы Жұбан Мұсаны өлімді қайсарлықпен қарсы алуға дайындайды. Сондықтан да ақын азасы оқушыны егілтпей, Жәлелдің өзіндей ер мінезге, оптимизмге бастайды.

Таянып екі мықынын
Қасқия тұтқын тұр қарап.
Қарсы алып ажал үкімін
Адамдай мүлде бейтарап.

Сыз түрме сорған жүзінде
Қараңғы жеген көзінде
Тұрды от, ерлік, сұлулық.
Осы бір шақтың өзінде.

Осы соңғы суретте Жәлелдің өлімді қалай күтіп алғанын көріп, оның қайратына таңырқасақ, сол кайраттың шын көрінісін ақын өлеңдерінен табамыз. Жәлел өлеңдері, оның жау тұтқынында туған патриоттық жырлары туған отанына жетіп, өлең иесінің ерлік істерін әлемге паш етті. Мұса жыры әрбір ізгі ниетті адамзаттың соғысқа, фашизмге деген өшпенділігін арттырып, оларды жаңа күреске дайындады. Совет адамдарына отан сүюдің, патриоттықтың асқан үлгісін көрсетіп, жаңа істерге жігерлендірді. Поэманың идеялық күшінің өзі де Жәлел жырының осындай халықтық сырын танытуда жатыр. Бұл мына өлең жолдарынан толығырақ байқалады.

Жақсы өлең - шексіз, жасамыс -
Жасайды біздің Жәлел де.
Жанымен дидарласамыз,
«Көзі жоқ» деген дәлел ме?!

Жырда тұр соғып жүрегі,
Жаны да сонда Жәлелдің.
Аңыз ғып оны жүреді,
Азат халқы әрелдің.

...Бөленді ақын жырлары,
Отанның ыстық деміне.
Қартайтып қатал жылдарды.
Қартаймай қайтты еліне.

Жұбанның ақындық табысы Жәлел жырының рухын, күшін дұрыс түсініп, сол арқылы батыр ақынның күшті характерін аша алуында. Ол Мұсаның жау тұтқынындағы өмірін шын сезімталдықпен тебірене жаза отырып, оның жырын жауыздықты жеңер ұлықоғамдық күш ретінде бағалайды. Сол арқылы жалпы өлең-жырдың өлмес құдіретін бейнелейді. Поэманың «Жыр туралы жыр» атануы да осыдан.

Поэманың көркемдік табысы да, формасы да осы үлкен идеялық мазмұнынан туады. Ол лиризмге толы. Мұсаның өз жырындай сезімтал, өткір, тапқыр. Сондықтан да Жәлелдің жанымен сырласа, жалынды жырларынан нәр ала отырады. Ақынның өз өлеңі жолдарын пайдалана отырып, оның идеясын тереңірек аша түседі.

Поэманың тапқыр да ұтымды, қысқа өлең жолдары көп суреттерді аңғартады. Бұл - Жұбан ақындығының елеулі табысы.

Ой да үзілді заматта
Орнады қайта түн-түнек.
Бұрауы біткен сағаттай
Самарқау соғып тұр жүрек.

Сол ғана ояу — сол тірі,
Санайды азап күндерін.
Өзгесін фашист өлтірді
Дәрменсіз — дене, тіл, ерін.

- Ғафу ет, Өлім емес бұл!—
Мазасыз түстің тек бірі.
Алдымда талай белес тұр
Махаббат тірі, кек тірі.

Осы бір үш шумақ өлеңде фашистер тұтқынында көрген азаптың өткір суреті бар. Жан өлімі болмаса, ақын тән өлімін бастан кешкен. Дене өлі, ерін де, тіл де — бәрі де мылқау күйге келген. Тек баяу соғып тұрған жүрек бар — сол ояу, сол тірі. Жүрек тірлігі арқылы ақын махаббаттың тірлігін, кектің тірлігін тапқыр бейнелеген.

Моабиттің сасық түрмесінің суреті, көктемдегі табиғаттың көңілді күйімен тұтқындар арасына орман-талдың жапырағы боп тараған ақын жырын астастыра суреттеу сияқты эпизодтар Жұбанның ақындық қабілетін айқын танытатын тұстар.

Жұбанның қай өлеңін оқысаңыз да кең тынысты, өнердегі өрісі байтақ, өндіре жазатын, интеллектуалды сипаттағы ақын екендігін көресіз. Ол жаны қалаған тақырыпты беріле, тереңнен тебірене жырлаған ақын. Оны қазақ халқы түгел біледі, бағалайды. Ақыным, қайраткерім деп ұққан елі Жұбан есімін әрқашан есінде ұстайды.