Ақын және Азамат

Халқымыз ақынға да, азаматқа да ежелден кенде емес. Әр ақын мен азаматтың өз биігі бар десек, ұлт тарихында сондай бір асқар биіктен көрінген ақын - Жұбан Молдағалиев. Ақын Жұбан Молдағалиев туралы сөз қозғала қалса, оған "Азамат" деген тіркесті қосақтай айту әдетке айналған сықылды. Бұл жай ғана тіркес емес, ақынның шығармашылық мұратын айқындайтын мағыналы айқындауыш. Жарты ғасырға жуық шығармашылық жолында Жұбан осы бір "азамат" деген абыройлы атағына дақ түсірмей, қайта оны бар болмысымен жарқырата танытып кеткен талант. Ұлт тағдыры таразыға түскен 1986 жылдың желтоқсанындағы «Мен – қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат» - деп үлкен мінберден өзінің шынайы жүрек сөзін жалтармай жария еткен майталман азамат.

Азамат пен азаматтық - егіз ұғым. Халық азаттық үшін арпалысқан асыл ұлдарын азамат деп ардақтап, әулие тұтқан. Ал, Жұбанның сондай азамат болып қалыптасуы да бір күннің немесе бір жылдың жемісі емес екендігі рас. Оның қиыры мен шиыры мол өмір жолы әрқашан да ақын бойынан қайсарлық пен жігерлілікті талап етіп қана қоймай, ойының да ұштала түсуіне, айналасына салиқалы салмақты оймен таразылай қарауға үйретті.

Ол жетімдіктің тақсіретін тартты, өмір мен өлімнің айқасында сыналды, ақындық өнерінде үлкен жетістікке жетіп, ел құрметіне де бөленді. Осынау күрделі өмір жолы оны өмірді сүюге, адамды сүюге, ұлтын қадірлеуге үйретті."Қазақпын" деуге ұлтшыл атанудан қорқып, көбіміз жалтақтап жүрген заманда, 1963-64 жылдары-ақ:

Мен — қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
 Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
 Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
   Қуанғанда күлкімнен түн түрілген -

деп өз ойын батыл айта алған азамат. Шынында да қай қазақ болмасын бұл поэманы тебіренбей, толқымай оқи алмасы сөзсіз.

Себебі, тіршілігі, тұрмысы, мінезі, құлқы кең дала - табиғат анамен тұтастырыла суреттелген ұлттық ерекшелік ә дегеннен-ақ көзіңе оттай басылып, санаңдағы беймәлім бір сағыныштың сым пернесін басып өткендей әсерде қаласың. Тарих атты ұлы көш көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатады. Прозаға қарағанда поэзия тілі бейнелеп, салыстырып айтуға, кестелі сурет салуға бейім келеді.

Азаматтық поэзия, қазіргі тұрмыс-жайымыздың өміршең жақтарын үлгі етіп жырлайтын поэзия, қоғамымыздың, халқымыздың бүгінгі орасан жасампаздық, жеңімпаздық қалпын айқындай түсетін поэзия - бүгінгі өскен, көркейген әдебиетіміздің жемісті бір тармағы. Жұбан поэзиясының түп қазығы осында. Ақынның туған жер, ел, халық жайлы өлеңдері тебіренген жүректен шыққан, отан ұлының сөзі. «Ақын бақыты» (1952), «Сенсің - өлеңім» (1961), «Ұлы саз» (1964), «Шыңның шыңы» (1977), «Санаттамын, саптамын» (1978) және басқа өлең- толғауларында ақын биік парасатты ой-ұғымдар төгеді. Бұл азаматтық жырлар ақын өзі бастан кешкен жайға толық ұйқасады. Яғни, қаршадай басынан соғысқа аттанып, елін қарумен де, қаламмен де қорғаған, кейінгі қиыншылық жылдарды басынан кешкен жан нағыз халық перзенті ретінде көкірегіндегі ой- арманын, ризалық, көңілін ашық, қалтқысыз білдіреді. Бұлар - Жұбан жырға қосқан қасиетті өнегелі, әрі өнімді тақырып.

Жұбан ақынның өзіндік қолтаңбасын байқататындай белгілі, танымал болып кеткен басқа да өлеңдері мол. Соның бірі «Ат дүбірі» (1969), «Мен сені өлең үшін ойлап таптым» (1970), «Жығайын десе мені кім» (1970), «Көңіл» (1971), «Армандар» (1973), «Тарих туралы» (1973), «Адамдар, бақытты болыңдар» (1977) деп аталатын өлеңдері және басқа бірсыпыра толғаныстары оқырманға әсер етпей қоймайды. Қазақ өмірінің кешегісі мен бүгінін жақсы білетін ақын адамның, халықтың, тарихтың тоқсан түрлі дегендей түкпір-түкпірлеріне дейін барып, бүгінгі қалып, сипатты суреттеп көрсетуге ұмтылады. Ақынның айта қаларлықтай тапқырлығы сол ұлағатты ой-сезімдерді суретпен, бейнемен көрсетуінде.

«Ат дүбірі» - ақынның өте сәтті шыққан өлеңі. Кезінде бұл өлең жұртқа дереу танылып, жүрегіне ұялаған еді. Өлеңнің мағынасына қарай формасы да өзгеше. Ежелден ат құлағында ойнап өскен елдің көші-қонысы көп, атыс-шабысы да мол болған халықтың атқа деген, жылқы тұқымына деген қалыптасқан көзқарасы бар. «Ер басына күн туса, етігімен су кешер, ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер» деген сияқты ат пен адамның бір-бірінсіз күні жоқ жайын аңғартатын ұғым-түсініктер көп-ақ және оның өзі ен даланы билеген жұрттың тұрмыс қалпын байқатады. Ұлттық бояуы қанық, өрнек бедері де ұйқас, ырғағы жаңаша, бөлекше шыққан туынды.

Қазақ тілі жайындағы ойлы, сырлы өлеңдер де көңілге қонымды. «Аманат» (1968), «Қазақшадан аударылған» (1971), «Қазақ тілі» (1975) деген өлеңдерінде туған тіл, оның жер мен халық, сахара даламен біте қайнасқан ата мен ана тілі екенін терең толғаныспен айтады.

Жұбан ақынның лирикасын айтқанда, оның өзіндік ерекшелігі мол, қолтаңбасы айқын азаматтық поэзиясын танимыз. Өлең тегін тексергенде портрет, ой-күй, пейзаж лирикасы немесе, сұлулық жайында, шабыт жайында деп бөлетін әдет бар. Жастық туралы, махаббат туралы деп те айтамыз. Жұбан поэзиясын талдағанда ондай бөліске бармадық. Себебі қай мағынадағы өлеңін алсақ та, ақын ең алдымен азаматтық, қоғамдық жайды, адамгершілік, ізеттік жайды бірінші етіп қояды. Әлгі айтылған тақырыптың бәрі де Жұбанда бар. Әсіресе, көңіл-күйі, шабыт, ой мен ақыл, сана мен сезім дегендей ұғымдарға көп барады. Және олары  әдемі, жарасымды шығады. «Көңіл» (1971) деген өлеңінде.

Теңіздей тебіреніп тыншымайсың,
Қумасаң - көлеңкесіз күнсің, айсың,
Қамықсаң - қамаудағы қара күшік,
Кеудеңді тырналайсың, қыңсылайсың, -

дейді. Көңілге берілген бірден-бір дұрыс мінездеме осындай-ақ болар. Анықтығы, дәлдігі, бейнелеу құралдарының бұлтартпастай туралығы бірден ұғылып, оқырманды сендіреді, иландырады. «Шабыт», (1969), «Мен сені өлең үшін ойлап таптым» (1969) және басқа өлеңдерінде ақын көңіл-күйі, шабыт жайында үлкен аллегория, тың теңеу-суретпен тебірене айтады. «Салт пен мода» өлеңінде:

Поэзия ол - асыл ойдың биігі,
Жан-жүректің қуанышы, күйігі.
Поэзия ол - көркемдік те кеңістік,
Шолақ көйлек емес оның киімі, -

деген түйінмен поэзия орнын да, оған мода жүрмейтінін де байқатады.

Соңғы жылдардағы өлеңдерінде ақын ойлану, толғану, сырласу лирикасына көп барады. Жақсы мен жаман, ізгілік пен ездік, дос-дұшпан деген сияқты адаммен егіз кесір-кесапат пен қадір-қасиеттер жайында жыр шертеді. Соның өзін де ақын алған кредосына, принципіне берік:

Шалқысын көңіл шалқысын,
Жақсыға күндей балқысын.
Жаманға ысырап болмасын,
Шаттансын жер мен халқы үшін.

Осы «Шалқыма» (1977) өлеңінде Жұбан басқа көптеген әр қилы, әр сырлы туындыларында көрініс берген өсу, өну, ұлғаю сияқты философиялық, ой-түйінді біраз ілгері дамытқандай. Көңіл қыран боп, ылаң боп, жігіт боп, үміт боп шалқиды. Бірақ сол көңіл немен тыну керек екенін, неден ләззат алып, неден тоғаю керек екенін осы шумақта ашық айтқан.

Жұбанның партия туралы өлеңдері оның азаматтық үнінің толысып есейе түскенін танытты. Ол публицистикалық лириканың пафосты үлгілерін пайдалана отырып, өзінің туысқан партиясының, тарих алдындағы ұлы қызметі туралы баяндады. Бұл тұрғыда ақынның «Коммунистер», «Келеді бастап Ильич», «Бар ондай партия», «Ұлы жол», «Тамаша» тағы басқа тәуір өлеңдерін атауға болады.

«Коммунистер» өлеңінің пафосы біздің қоғамымыздың бастаушы күші — Коммунистік партияның ұлы тұлғасын коммунистің образы арқылы көрсетуге құрылған. Тұтасты бөлшектің бейнесімен таныту, халқымыздың революциялық күрес жолын шолу, сол арқылы заманның биік мұратты ұнамды геройының образын жасау бұл өлеңде коммунистік шындықты бекітуге қызмет етеді. Жаңа дүние жолына қолына ту ұстап шыққан бірінші жауынгер коммунист талай түрме мен айдаудан өтіп шыныққан замана ерінің бейнесін танытады. Осы бір тұстағы оның ерлік тұлғасына ақын заманның өр, өктем күшін жинақтап, образды романтикалық биікке көтереді.

Жараланды, көрген жоқ ол жығылып,
Жүрсе-дағы тәні қанмен жуылып.
Түрмелердің құлыптары бұзылып,
Жатты алдында бұғау, құрсау жұлынып.

Осындай алып тұлғаның революцияның отты күндеріндегі жеңісінің сырын ақын оның халықпен байланысынан көреді. Халық мүддесі үшін күрес коммунистің өмірлік бақыты екенін суреттейді.

Көрді халық алғы саптан оларды,
Олардан күш байтақ елге таралды.
Сол таршылық, сол ауыр сын кезінде,
Талайлардың нұр әкеліп көзіне.
Өзгелерге бөліп беріп жүрді олар
Бір жапырақ тиген нанын өзіне -

деген ұтымды жолдарда коммунистің халықпен байланысы, халық арасындағы коммунистік идеяның жеңісі жақсы көрініс тапқан. Партияның жаңа өмір орнату жолындағы, Ұлы Отан соғысы кезіндегі, бейбіт құрылыстағы басшылық қызметі де өлеңде жалпы емес, нақты образдың осы тарихи істерге тікелей қатысуымен ашылады.

Коммунистік партияның мызғымас берік күшін партияның XIX съезіне арнап жазған өлеңінде де ақын үлкен пафоспен жырлады. Мұнда біздің елімізде іске асқан, асатын өзгерістер партия атынан сөйлейді. Көркем образдармен бейнеленген партиялық сезім бүкіл планетаның әділетті күштерінің үніндей естіледі.

Ғасырларға жол сілтеуде партияның съезі
Сөйлеп оның мінбесінен өмір, бақыт тұр өзі.
Ол мінбеден сөз сөйлейді жаңа теңіз, жаңа орман,
Партияның, халқымыздың жігерінен жаралған.
Басшылыққа ап, тыңдап менің партиямның үн-демін
Коммунистік Келешек те тұрды алдында мінбенің.
...Болашақтың жолындай бір Кремльде тоғысқан
Кездесті онда коммунистік партиялар туысқан

Бұл өлеңдер коммунистік биік мұраттың жолына әбден сеніп, сөз өнерін арнаған ақынның партиялық тенденциясының арта түскенін анық танытады. Сонымен бірге олар шабытпен жазылған саяси әсерлі туындылардың тәуір үлгілері.

Күнделікті өмір талаптарына дер кезінде үн қосып, оны үлкен қоғамдық маңызды ойдың деңгейінде шешу елуінші жылдар ішінде Жұбан поэзиясының саяси өткірлігін, мәнділігін көтерді. Ол саяси лириканың кәнігі шебері болып қалыптасты. Бұған ақынның баспасөздегі қызметі де, уақыт талабына сергектігі де айрықша әсер етті. Оның халықтар достығы мен бейбітшілік үшін күрес тақырыбына, комсомол мен туған отан табиғатындағы жаңалықтар туралы жазылған өлеңдерінде де бұл ерекшелік бірден байқалады. Әсіресе «Украина жалауы», «Достық жыры», «Туысқан халыққа», «Комсомол - ол мәңгі жастық» өлеңдері ақынның азаматтық өр дауысының жаңғырығындай естіледі. Ол өлең-жырдың күшін де заман талабына жауап бере алуымен өлшейді. «Ақын бақытында» Пушкин мен Абай үлесіне тимеген бақытты жырлау өз үлесіне тигеніне шексіз қуанады, өз бақытын уақыт талабынан қалмауда деп түсінеді.

Естіртсем жырда біздің уақыт үнін
Мен мәңгі армансызбын, бақыттымын.
Мен мәңгі қарыздармын партияға,
Ұсынып тұрған дәйім шабыт туын.

Отан күзетіндегі солдаттың қызметін өлеңге теліу сияқты пікір де («Тілеймін солдат тағдырын») Жұбан творчествосына осылай келген.

Алғашқы творчестволық беталысында жап-жақсы жылылықты танытып, өріс алмай қалған лириктік сезім күйлерінің тынысы бұл жылдары да Жұбанда көп байқалмайды. Мүмкін, бұл - сол бір жылдары көрінген сезімнің нәзік күйлерін шертетін лирикалық өлеңдерге деген теріс көзқарастың әсері де шығар. Ақын негізінен, ол кезде саяси, азаматтық лирикаға қарай ден қойды. Бірақ, бұл Жұбанның лирикадан қол үзіп кеткендігін танытпайды. «Аққуым аспанда емес, жер бетінде», «Көзімде қалды суретің», «Көз жұмып жүрсем көрер ме ем», «Махаббат ерлігі» атты лирикада әсем саздылық та, назды нәзік сезім де, жастықтың көңіл әсері де бар. «Махаббат ерлігі» - таза сезім күйі емес, азаматтық ерлік туралы гимн. Мұнда өзіміз Алматы көшелерінде талай көрген ерлі-зайыпты мүгедек музыканттар тағдыры өлеңге арқау болады. Бірі соқыр, бірі ақсақ, бірін-бірі жетелеп жүрген өмір сүйгіш осы адамдардың тағдыры арқылы ақын әлемді жеңген жұп махаббатты жыр етеді. Осы екі мүгедекті ілгері сүйреп жүрген өмір күші — махаббаттың қанаты мен көзі екенін ақын тауып айтқан.

Екі өлім мен екі өмір белдесті.
Келер күндер жеңді «барса келместі»
Ажал қашты бір аяқ, қос көзді алып,
Жеңгендерге жаңа көктем лебі есті.

Келе жатыр күле қарап, нық басып,
Екі бірдей үлкен өмір жұптасып.
Махаббаттың қанатымен, көзімен
Тосқауылдың талайынан шықты асып.

Жастық аңсарларды еске алатын шағын лирикалық өлеңдерді Жұбан кейін де жазды. «Сарғайған дәптер ішінен», «Ұмытылған өлеңдер» деген аттармен олар ақынның соңғы жинақтарында басылды да. Жекелеген жақсы жолдары мен шумақтары болмаса, тұтас күйінде бұларда көп жаңалық сезілмейді, Әсіресе, осы тақырыпқа жазған ақын лирикасын түгел жинап қарасақ, соңғы өлеңдер алдыңғы ойлардың қайта қаралған жаңғырығы тәрізді әсер етеді.

Ал, азаматтық, саяси лирика саласында ақында өсу бар, ізденушілік көп. Жұбан өлеңнің тақырыптық шеңберін кеңейте отырып, оның көркемдік ерекшеліктерінің де молығуына көбірек назар аудару үстінде «Ғашық көзбен» (1964), «Айттым сәлем» (1967) атты кітаптарда ол шын мәнісінде бүгінгі заман шындығының, адамзаттың асыл арманы іске асқан жаңа дәуірдің жыршысы болып танылды. Заман өзгерісін тың ойлар мен образдар арқылы үлкен пафосты жырмен көрсетеді. Ақынның «Тың туралы жыр» өлеңінде тың туралы ұғым тек тың жерді игерумен ғана емес, партияның революциядан бұрын есімі жоқ халықты (қазақты бұрын «қырғыз» деген) тыңнан ашуымен байланыстырылды.

Ол сонда дәндей семсе қауызыңда
Жыр боп тұр бүгін әлем ауызында.
Көтерген Коммунистік партиямыз
Тыңның сол нағызы да, аңызы да,-

дейді ақын.

Халық бойында Октябрьмен бірге оянған тың күш, ақын ұғымында, келешектің жалынды оты. Өз бақытын өзі жасап жатқан қазақтың бүгінгі тіршілігін ол Коммунистік партия, Ленин идеясымен ұштастыра қарайды.

Ол емес сорлы ғарып, Қақсыр ғарып
Ол енді Құдіретті Тақсыр халық.
Таң сайын таңдай Қызыл Алаңда боп,
Тұрады Ильичтен тапсырма алып.

Алады жаңа жеңіс, жаңа жырға
Жаңаша шомылсын деп дала нұрға
Оянған дүр сілкініп жанар таудай,
Жатады жанып тың от жанарында.

Ақын бұл жерде бақытты, жас өмірді жалпы емес, өзінің ұлттық ер жетуі, есеюі тұрғысында жырлайды. Бұл Жұбанның өз шығармалары арқылы таза ұлттық, халықтық ақын дәрежесіне көтеріле алғанын танытады. Осы тақырып, халық тағдыры, оның бүгінгі өмірі туралы ой Жұбанның соңғы жылдардағы шығармаларының өзегі десе болғандай. Ол туған даланың табиғатын жырласа да, халқының тарихына көз салса да, оның бүгінгісін сөз етеді. Ақын өлеңдерінде бүгінгі заман геройы сөйлейді, қызмет етеді, күреседі, ойлайды. Ол шат сезімде. Күзгі ағаштың сары жапырағы да оның басына бақыттың құсы болып қонып, кеудесіне медаль болып тағылады. Туған өлке табыстары оны қанағаттандыра түсетіні сонша, жаяулап барып, одан «жыр мініп» қайтып жүреді. Замандастарына риза ол:

Жанын да содан ұғасың, -
Ән-жырға басса шалқисың,
Қаһарын көрсең ығасың,
Күлкісін көрсең балқисың,

деп халық жанының дарқан мінезініңкеңдігін жырға қосады.

Ақын шығармашылығындағы азаматтық рух, азаматтық үн туралы айтқандағы мақсатымыз - ол тек поэзия ғана емес, жалпы өнер атаулының ең бір өміршең, өр қасиетті екенін еске салу. Азаматтық - ақынның шығармашылық поэзиясын, дүниетанымын белгілейді, сөйте тұра, өлең сөзге өлмес өмір сыйлайды. Жұбан Молдағалиев поэмаларындағы азаматтық үн, оның жеке дүниетанымымен біте қайнасып, бірігіп кеткен қасиеті. Қай шығармасын алмайық оның идеялық мұраты, айтар ойы азаматтық бітімімен ерекше көзге түседі.

Жұбан поэмаларында поэзиямызда бұрын үлгісі бар тақырыптардың өзіне соны сипат берерлік кілт тапты. Ол Отанға, туған жерге, қазақ даласына деген шексіз сүйіспеншілік, махаббат сезімі. Ақын сол сезімді жалаң сөз, жаттанды ой арқылы емес, ішкі сезім толқынын, жан тебіренісін ақтара, аша суреттеу арқылы жырлады. Ең бастысы, сол ыстық сезімді оятқан, соны тудырған, соған түрткі болған себептерді ашып, негізгі бағыт етіп ұстады. Соған орай әсерлі де пәрменді, жан сезіміңді баурап, төбе құйқаңды шымырлатып, өзегіңді өртейтін, ұлттық намысыңды оятатын эмоциялық әсері ерекше көркем тіл тапты.

Әрине, мінсіз өнер шебері, кемшіліксіз өнер туындысы деген ұғым адамзат қоғамында өте сирек. Шебердің қолынан шыққан дүниенің бәрі бірдей ғажайып көркем бола бермейтіні де заңдылық. Кейде ұйқасқа бола құрылған бір ауыз сөз үшін түгел бір шумақ өлеңнің мағынасы тұмаңданып, соның әсерінен бүкіл шығарманың көркемдігіне нұқсан келіп жатса, кейде ой ағымын жоғалтпас үшін ұйқас, ырғақ үйлесімділігінен де айырылып қалады. Біздіңше, Абай айтқандай, өлеңнің айналасын теп-тегіс жұмыр ұстау үшін де талантпен қоса талмай іздену, тынбай еңбектенумен ғана шектелмей, асқан сезімталдық пен қапы қалмастай сақтық қажет сияқты.

"Поэзияның ұлттық түр-сипаты деген әр халық поэзиясының өзіндік паспорты сықылды нәрсе. Жұбан шығармашылығынан қазақтың нағыз ұлттық поэзиясын көреміз – дегенде профессор М.Базарбаев Ж.Молдағалиев жырларындағы қазақтың жері мен суының, тауы мен даласының көрініс тапқандығын ғана айтып отырған жоқ, оның өзге халықтардан өзгеше пайымдау ерекшелігін, өзгеше өрнек салар тілін айтып отыр.

Жинақтай келе айтарымыз Жұбан Молдағалиев эпикалық, жырларында қазақ поэзиясында бұрыннан қалыптасқан сөз өнеріндегі бояуы қанық ұлттық нақышты, қазақ халқына тән поэтикалық ерекшелікті жаңа мазмұнмен байытып, еңселі бір белеске көтерген ақын.