Ақындық пен азаматтық тізгінін тең  ұстаған тұлға
Белгілі ақын, журналист Базарғали Қуатов ақын жерлесі

Қазақ халқы қай кезеңде де ақындық пен батырлықты қатар қойған. Демек, қол бастаған батырлары ақын болған, халқын сиқырлы сөзімен соңынан ерте білген ақындары батыр болған. Жұбақаңның бойында осы екі қасиет қатар өріліп жатты. Басқаларымыз руымыз түгілі, ұлтымыздың кім екенін айтуға жасқанып жүрген сол бір тұста «Мен - қазақпын!» деп, жарты әлемге жар салған дарынды ақын Жұбан Молдағалиев есімін ерекше ардақ тұтуымыз орынды. Бұған Жұбан жұлдызының тек жырда ғана емес, оның ешкімге жалтақтамайтын өр мінезі мен көкірегіне келгенді құйып салатын ақжарма турашылдығы да мәжбүр етеді бізді. Ал Жұбақаңның осыншама өр мінезді де турашыл болуына табиғи таланты мен өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі сәйкес келуі себепкер болса керек.

Жұбақаң - менің жерлесім. Ұлы Отан соғысы жылдарында ақынның анасы Зеріп шешемізбен көрші отырдық. Жұбақаңның әскер қатарынан оралған соң, анасын Алматыға көшіріп әкеткен сәті де күні кешегідей көз алдымда. Сондықтан оның шығармашылық еңбегі де, өмір жолы да маған етене жақын. Әсіресе, алпысыншы жылдардан бері өз туған өлкесіне қарай жиі қанат қағып және келген сайын өзі өскен ортаның өткендегісі мен бүгінгісін салыстыра қарап, қай сапарында да жерлестерінің мерейін үстеп, жігерін ұштауымен бірге, өзі олардан тың тақырып тауып, желдірте жазып кеткен жерлес ақынымызбен талай рет жүздесіп, тіпті «Туған жер», «Жесір тағдыры» сынды әрқайсысы ұлттық поэзиямыздың алтын қорына өз орнын ала қосылған поэмаларына деректер іздеу жене оны жазу сәттерінің де куәсі болғанымыз бар. Сондық­тан да Жұбақаң творчествосы туралы бірер сағат қиналмай әңгімелеуге болатын сияқты.

Қиындығы - бір өлеңі бір өлеңінен басым түсіп, бір жинақтан бір жинаққа дейін шырқау биікке қарай самғап өткен, сол өлең өнерінің қандай қиындығын да маңдай терімен көтеріп, әсіресе, «Қыран дала», «Сел» сынды эпикалық туындыларында заман ұлылығын, адам даналығын, солардың ұлан-ғайыр ұйымдастырушылық қызметін шыңға көтере шынайы суреттеуінің нәтижесінде бұрынғы КСРО және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты атанып, азаматтық, адамгершілік сынды абзал қасиеттерінің арқасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына және бұрынғы Қазақстан Ком­мунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне, қоғами ортақ істерді ұйымдастырушылық қабілетіне сай Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшылығына сайланған дауылпаз жыршы Жұбан Молдағалиев туралы көп айтылып та, көп жазылып та жүрді. Тіпті, оның творчестволық жолы басталған сонау Ұлы Отан соғысы жылдарында-ақ, «Соқ, сағатым» атты бас-аяғы үш шумақ өлеңнен-ақ сол кездегі барлық Кеңес жазушыларының жетекшісі Александр Фадеев өміршең идея тауып, оны шегіне жеткізе мақтағанын да естіп, біліп жүрдік. Ақынның алпыс жасқа толуына байланысты академик-жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов сынды ғұлама ғалым-ұстаздардан бастап, Жұбақаңның өзі «Сәт сапар» өлеңін жазып, өлең өлкесіне өзі қосқан жас таланттарға дейін азамат ақынның арқалы жырларына деген шексіз сүйіспеншілігі мен ризашылығын білдірді. Ал Мұзафар Әлімбаев, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов сынды қазақ әдебиетінің ыстық-суығын бірдей көрген қаламдас жолдастары әртүрлі деңгейдегі газет редакцияларының тапсырмасы бойынша арнайы мақалалар жазды. Оған қоса лирикалық көңіл-күйден шыққан шағын өлең-жырларды есептемегенде, әрқайсысы бір дәуірдің жүгін арқалап тұрған он төрт поэма жазған талмас талант иесінің жеке шығармалары мен жинақтары туралы әр кезеңде сын-рецензиялар да жарияланды. Ара-тұра өзіміздің де жеке поэмалары туралы ой-пікірімізді ортаға салғанымыз бар. Міне, осының бәрі Жұбақаң туралы жазудың жауапкершілігін арттыра түсетіні анық.

Бірақ көңілге ұялаған бір жұбаныш - Жұбақаңның творчествосы сан қырлы. Соған қарамастан қазақ поэзиясының туын қай салада да берік ұстап өткен Жұбақаңның шығармашылығы туралы әлі күнге дейін бірде-бір көлемді монография жарияланбауы өкінішті. Ал жарық көрген мақалалар Жұбан қаламынан туған азаматтық, адамгершілік пафосқа толы өлең-жырларды атай келіп, оның, әсіресе, партия, Отан, туған жер тақырыптарында өндіре жазып, өміршең идея тастап отырғандығын атап өтумен ғана шектеліп қалды. Мұның сыры, негізінен, Жұбан творчествосының күрделілігінде болса керек. Сондықтан әдебиет сыншылары мен зерттеушілері оны жан-жақты талдау үшін өздері де жақсы даярлықпен  кірісуге күш салып жүр деп білеміз.

Ал шындап кіріскенде Жұбақаң творчествосы туралы айтатын әңгіме көп.

«Естірсем жырда біздің уақыт үнін –
Мен мәңгі армансызбын, бақыттымын.
Мен мәңгі қарыздармын партияға,
Ұсынып тұрған дәйім шабыт туын», -

деп, өзі қатарында тәрбиеленген, сол тұста бәріміз бірдей табынған Коммунистік партияға сөз арнаса да:

«Тағы да аштым туған жердің көрпесін,
Тағы бастым көкірегіме көл төсін,
Желі анамдай маңдайымнан сипасын
Демі әманда ғашық жардай өртесін»,

- деп, туған өлке туралы жырласа да:

«Бәйек боп шығамын деп қай жағынан,
Ақынға хан жағынған, бай жағынған,
Ақынға қылмыңдап жер қызғалдағы,
Аспанда күн күлімдеп, ай жалынған», -

деп, ақындық өнер туралы ой толғаса да, қысқасы, қандай тақырыпқа қалам тербесе де, оны шынайы сезіммен суреттей білетін сыршыл ақынның, әсіресе, сөз қолдану тәсілдері мен қазақтың мақал-мәтелдерін поэзияда пайдалану әдістерінің өзі бір ғылыми еңбекке жүк боларлық. Оның «Жыр туралы жыр» поэмасындағы:

«Қару берсең - сазайың,
Қалмаспын енді қапыда,
Қалам берсең, жазайын,
Басыңа эпитафия...».
«...Сонан соң? - деме достарым,
Босауы бекер көңілдің.
Прологі дастаным,
Эпилогсіз өмірдің...» немесе «Жесір тағдыры» поэмасындағы:
«...Беттетпей бақтым, сақ тұрдым,
«Көкайыл» болдым, «күпірмін».
Құранын салса - лақтырдым,
Сақалын салса — түкірдім...»
«...Беруге құдай шорқақ-ақ,
Салуға шебер құрығын»,

- деген секілді афоризмге айналып кеткен тіркестерін айтпағанның өзінде лирикалық өлеңдерінде де, эпикалық шығармаларында да халық арасына кең тараған мақал-мәтелдерді шебер қиюластырып, ұтымды пайдаланып отырады. Тек осы «Жесір тағдырының» өзінде ғана отыздан астам мақал-мәтелдер кірістірілген. Олардың бірқатары «Ашынған адам Алласын қарғайды», «Түсі жылыдан түңілме», «Қайыра шапқан жау жаман», «Шешінген судан тайынбас», «Есің барда еліңді тап», «Күрмеуге келмес қысқа жіп», «Әңгіме бұзау емізер» деп, өлең ұйқасына қарай бірер сөздің орнын ауыстырғанымен, негізінен, сол қалпында пайдаланылса, енді бірқатарының арасына автор сөзі енгізіліп, бірақ мағыналық жағынан поэманың жалпы мазмұнына нәр беріп тұрады. Мысалы, «Бастан құлақ садаға», «Отымен кіріп, күлімен шығу» деген мақалдардың тұтас шумаққа тірек болып тұрған сәттері де бар.

«Ол барда залым Жабас бай,
Түскен-ді мықтап сабаға.
Жүретін жерге таласпай,
«Бастан, - деп, - құлақ садаға»

немесе:

«Өзім де Жабас күңімін —
Сыпырғыш, кетпен, шоты — мен.
Шығамын қоқсық күлімен
Кіремін бықсық отымен

Жұбақаң мақал-мәтелдерді іріктеп, кейіпкерлерінің характерлеріне қарай екшеп, олардың образын аша түсу жолын да өте тиімді пайдаланады.

«Іріген сондай ауыздан,
Шіріген сөздер шығады».
«Жабастай шірік қауыздан,
Сынықтан өзге жұғады». немесе:
«Алпамса ауыр денесі,
Ауылды басып қалғандай.
Түгімен жұтса, түйені,
Түйілмей тағы салғандай»,

- деп суреттелетін Жабас бай бейнесін ол қолданатын кертартпа мақал-мәтелдер аша түскен.

Олар:

«Қарадан туып хан болмас».
«Надандар жазған заң болмас».
«Тырнақсыз,  тіссіз аң болмас».
«Кісіге жалшы сан болмас».

Әйел-ана тақырыбының Жұбан творчествосында ерекше орны бар. Оның  «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деген бір өлеңінің төңірегінде ғана біраз әңгіме болады. Осыған орай мен егер ғылыми жұмыстармен шұғылданар болсам, «Жұбан шығармашылығындағы әйелдер бейнесі» деген тақырыптан ғылым кандидаты атағын қорғаған болар едім деп те ойлаймын.

Бірақ, бір өкініштісі, біз замана шындығын тарихи тұрғыда ақтарыла жырлаған ақиық ақынды тек бір ғана қырынан жазып жүргендейміз. Оның шығармашылығы туралы және турашыл мінезі жөнінде шолып-шолып айтамыз да асқақ адами қасиеттерін ашып көрсете алмай келеміз.

Жұбақаңның бойында өзгелерге ұқсай бермейтін өзіндік ерекшеліктері көп болатын. Өзінің ақжарма мінезіне сәйкес ұсақ-түйек мәселелерге көңіл аудара бермейтін. Әлдебір күлкілі жағдайға немесе орнымен айтылған әзіл әңгімелерге риза болғанда риясыз қарқылдай күлетін-ді. Ал әлденеге көңілі толмай қалса, не біреуге ренжісе, қолын бір сілтейтін де теріс айналып жүре беретін. Мұндай сәттерде ол әдеттегіден де аршындай адымдап, ешкімге жеткізбей кететіндей көрінетін.

Жұбақаңның жазуы да (почерк) сол жүрісі сияқты еді. Ірі болатын. Әр әрпі қағазға баданадай-баданадай болып түсетін. Әсіресе, өлең жа­зуға қағаз аямайтын. Жазып келе жатқанда бірер жолы ұнамай қалса, тұтас парақты умаждап-умаждап, қоқыс жәшігіне қарай ытқыта беретін. Және соның көбі жәшіктің сыртына түсіп жататын. Студент кезімде ертеңіне оның жұмыс кабинетінде қобырап жатқан қағаздардың қыртысын жазып, «Мұның несі ұнамады екен» деген ойда талай рет салыстыра қарап отырғаным бар.

Менің өз басым Жұбақаңның дүниеқоңыздық танытқан немесе оңай олжаға кенелуді көздеген кездерін кездестірген емеспін. Бұған мен оның 1980 жылы 60 жасқа толуына байланысты туған ауданын аралаған күндері де айқын көз жеткізген болатынмын.

Ол тұста қазіргідей «темір тұлпар» сыйлау атымен жоқ.  Көп болғанда иығына шапан жауып, ат мінгізетін. Ал бірқатар шаруашылық басшылары соның да ретін таба алмай, қиналып қалғанын сезсе: «Мен сіздерден ештеңе дәметіп келгенім жоқ. Құдайға шүкір, өз дәулетім өзіме жетіп жатыр. Маған тек «Жұбаным!» десеңіздер болғаны! - деп, ағынан жарылып отырушы еді.

Бұған керісінше, ол өзі әлдебір алыс сапарлардан оралғанда өз отбасы мүшелерін айтпағанда, жақсы көретін дос-жарандарына да арнайы базарлық сыйлағанды ұнататын. Жұбақаңның базарлық сыйлаған адамы қалай қуанса, өзі одан бетер қуанып, шаттанып тұрушы еді.

Қазір ойлап отырсам, мен Жұба­қаңның қатты күйзелген сәтін бір-ақ рет көрген екенмін. Бұл 1961 жылы болатын. Ол кезде Жұбақаң таудағы демалыс үйлерінің бірінде «Жесір тағдыры» поэмасын жазып жатқан. (Бұл өз анасы Зәріп әжеміз туралы туынды ғой). Шамасы, баспаға тапсыратын мерзімі таяп қалған болса керек, бір күні үйге тым асығыс келгендей еді. Машина сыртта күтіп қалды. Бірақ дәл сол күні анасының бұрынғы сырқаты тым асқынып, орнынан тұра алмай қалған. Ол есіктен кірген бойда шешінбестен анасының жанына барып, маңдайынан иіскеді, шашынан сипады. Кейуананың сөйлеуге ша­масы жетпей жатқанын сезіп, көзіне жас іркілгендей болды. Софья жеңгей де алыс кете алмай айналсоқтап жүр. Сосын кереуеттің аяқ жағында тұрған емдеуші дәрігермен де тілдеспестен, сырт жағында тұрған маған бұрылып, машина жүре берсін дегенді ыммен білдірді де, өзі анасы­ның алақанын уқалап отырып қалды. Мен де толқып кеттім. Анасы содан екі тәулікке жетпей көз жұмды ғой.

Жұбақаң айтарлықтай қонақжай болатын. Оның үйі кісіден арылып көрген емес.

Өзінің араға апта салмай араласып тұратын Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов сынды қатарластарына қоса, әдебиет әлеміне солардың ізін баса келген Ізтай Мәмбетов, Ғафу Қайырбеков, Рамазан Тоқтаров, Жайсаңбек және Тұманбай Молдағалиевтер сынды ақын-жазушыларды да мен алғаш рет осы үйде көрген болатынмын. Жұбақаң солардың қай-қайсысымен де ашық пікірлесіп, риясыз сырласып отырушы еді. Және солардың көбі одан ақыл-кеңес сұрауға келетіндей көрінетін маған.

Осы жылдар ішінде менің тағы бір байқағаным, Жұбақаң 40 жасқа толғанға дейін ауыл жаққа көп алаңдамаған сияқты еді. Бұл, біріңшіден, адуын жастығы болса, екіншіден, материалдық жағдайы мүмкіндік бермеген сыңайлы. Ал алпысьншы жылдардан бастап ел жаққа жиі келетін болды.

Мұндай сәттерде ол бала кезде бір мектепте оқыған және Ұлы Отан соғысының отты жолдарын бірге кешкен Бисен Досқалиев, Тәттібай Сұлтанғалиев, Сабай Ниязов, Есләмғали Бисекешев сынды қатарластарымен кездесіп, сол бір қимас кездері туралы естеліктер айтысып, бір жасап қалушы еді. Сонымен бірге, ол күннің ыстық-суығына қарамастан малшылар ауылын, пішеншілер бригадасын аралап, еңбек адамдарымен жүздескенді ұнататын. Мұндай кездесулер кейін жыр жолдарымен өрнектеліп жатқаны белгілі. Сондықтан Жұбақаңды ақындық пен азаматтықтың  тізгінін тең ұстаған қайталанбас тұлға деуге толық негіз бар.

Алайда, мен бұл мақалада ақиық ақынның бүкіл болмыс-бітімін түгел ашып, көрсеттім дей алмаймын. Оның ақындық келбеті де, азамат­тық ажары да, жоғарыда айтқанымыздай, өз шығармаларынан айқын аңғарылып тұрады. Бұл туралы Жұбақаң 1972 жылы  шыққан өлеңдері мен поэмалары жинағына жазған беташарында: « Жалпы, ақын туралы жақсы да толығырақ айта алатын оның поэзиясы ғана» деп жазған болатын.

Оған қоса «Жыр туралы жыр» поэмасында Мұса Жәлел атынан:

«Іздесе мені кімде-кім,
Шырағдан етсін жырымды
Жырымның жайса өрмегін,
Табар да ұғар сырымды.
Іздесін жықпай жыр туын,
Өлеңім өтер жол қақын»,
Күтерін біліп жұртының,
Осылай депті жоқ ақын»,

- деп жазғаны және бар.

Демек, өз кезінде «өлеңде де, өмірде де Жұбан» болып өткен ардақты ақын туралы кімде-кім толығырақ білгісі келсе, оның сырға толы жыр жолдарын үңіле оқысын демекпін. Ақынның өлең өнеріндегі ақпа таланты мен Отанға, туған жерге деген адал махаббаты да, табиғатқа, қоршаған ортаға деген ыстық ықыласы мен дос-жаранға, тума-туысқанға деген ақжарқын көңілі де сол поэзиясында.

Ақындық пен азаматтық тізгінін тең ұстаған тұлға. // Қазақ әдебиеті 2009 ж. 8 мамыр. – Б.6



Жазушылардың Жұбаны
«Қазақ қаламгерлері ар-намыс туралы әңгіме айтқанда, әлі күнге Жұбанды алға тартады».

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының  лауреаты жазушы-драматург Баққожа Мұқаи:
Студент кезімізде Жазушылар одағында болатын әртүрлі жиындарға қатысу біз үшін аса зор мәртебе еді. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ. Мұстафин бастаған классиктер бізге ертегіден шығып келген адамдардай көрінетін. Үлкен жазушыларды көшеден көріп қалсақ, біраз жерге дейін соңынан еріп, әрбір қимылын қағыс жібермей аңдып бағатынбыз. Олар жай адамдарға мүлде ұқсамайтын. Жұбан Молдағалиевті де сол кезде анда-санда сыртынан көріп жүретінбіз. Жерді нығыз басатын тұлпар жүрісті, келісті кісі төңірегіндегі біз секілді кішкентай адамдарға тіпті де мән бермейтін, көз қиығын да салмайтын. Содан ба, ол бізге соншалық қатал адам секілденетін. Ол келе жатқанда бір күшті леп есетін, жұрт ығысыңқырап жол беріп тұратын. Осы бір жағдайды кейін, сексенінші жылдары ол кісімен қызметтес болғанда да байқап жүрдім.

Біз университет бітіріп, Жазушылар одағына жиі келе бастаған кезде Жұбан Молдағалиев мүлде көрінбей кетті. Әртүрлі жиындар ол кісісіз өтетін. Әртүрлі дау-дамай, айтыс-тартыстардың ішінен ол кісіні көрмейтінбіз. Жалпы, Жұбақаңның дауға араласып, әлдекімдердің сойылын соғып, әлдекімдерге қиянат жасағанын кейін де байқаған емеспін.

Ол кісіні 1973 жылдан бастап «Каменское плато», «Түрксіб» санаторийлері орналасқан аудандардан көріп жүретінбіз. Спорт костюмін киген, арқақапшық асынған, қолында таяғы бар ақын ертеңгісін тауға көтеріліп бара жататын, күн батқанда таудан түсіп келе жататын...

1979 жылдың қыркүйегінде ол кісінің Жазушылар одағына бірінші хатшы болғанын «Литературная газетадан» оқып білдім. Ол кезде жазушылардың Дублтадағы демалыс үйінде драматургтердің дәстүрлі семинарына қатысып жүр едім. Көп ұзамай Жазушылар одағында ұйымдық мәселелер қаралып, біраз адам орын ауыстырды. Бердібек Соқпақбаев шығармашылық демалысқа кетіп, орнына мен келдім.

«Сені жігіттер мақтап отыр. Қызметке алатын шығармыз. Бұл өзі жұмысы аз, дауы көп жер. Кім-көрінгеннің жетегінде кетпе. Әділ бол, айналайын. Советтің төрағалығына Сейітжан Омаров деген ағаңды бекітерміз»,— деді Жұбақаң. Сейітжан Омаровты мүлде білмеймін. Сол себепті «басқа адамды бекітуге болмай ма?» деп сұрадым. Жұбақаң маған тесіліп, ұзағырақ қарап отырды. Жымиып күлді, көзәйнегін алып, қайта киді.

- Секең тамаша адам. Өте іскер, тәжірибелі. Көп жыл одақтың хатшысы болған.   Ол кісіден көп үйренесің, жұмысың жеңілдейді,  шырағым. Тани келе Сейітжан ағаңның тамаша адам екенін білесің,— деді ол. Айтқаны келді. Сейітжан аға шынында да жаны жайсаң, көңілінде кірбің жоқ, басқаға тек жақсылық ойлайтын тамаша адам екен. Сол кісінің арқасында жұмысымыз ақсаған жоқ. Жұбақаңның да көзқарасы, ниет-пейілі өзгерген жоқ. Әрқашан қолдап, қуаттап, көмектесіп жүрді.

Бір күні маған:

- Сен партияға неге өтпей жүрсің?
«Өт» деген   ешкім жоқ. Мен ЦК-ға барып,   сені партия ұйымының хатшылығына ұсынып жүрсем...  Мүше емес екенсің ғой, — деді күліп. — Балалық жасама,   партияға өт.

Ол кезде Жазушылар одағының бірінші хатшысының беделі өте жоғары еді. Жоғарғы Кеңестің депутаты, Орталық комитеттің мүшесі болатын. Соның себі тиіп, облыстарда қазақ әдебиетіне арналған күндер өте бастады. Облыстарға Жұбақаңның өзі бастап барып жүрді. Халық жазушыларды жақын танып, елмен байланыс күшейді. Ең бастысы — жазушының беделі көтерілді. Алыста жатқан жұрт сүйікті жазушыларының дидарын көріп, қолтаңба алып, бір көтеріліп қалып еді сол кезде.

Жұбақаң сырт қарағанда өте қатал адам болып көрінеді. Бірақ, жаны жұмсақ. қиналған адамдарға қамқорлық жасауға дайын тұратын еді. Кейде біреуге жасаған жақсылығы өзіне таяқ болып тиіп жататын.

Ол кісі бірінші хатшы болып келген соң біраз адам үй алды. Белгілі жазушылардың балалары пәтерге ие болды.

- Біздің міндетіміз - жазушыларға қамқорлық жасау. Үйді жазушылардың балаларына берсек,  бұл - олардың әкелерінің жағдайын ойлағанымыз. Арыз жазылар, сыртымыздан кінәлар, сөгер. Уақыт біздің ісіміздің әділдігін   сан рет дәлелдейді, - деді бір жиында ол кісі.
Шынында да, солай болып шықты. Арыз да жазылды, өсек-аяң да өршіді, үй алған жазушылардың балалары көп уақытқа дейін құжаттарын дұрыстай алмай, шаршап жүрді.

Жұбақаң өзінен үлкен, кіші қаламгерлермен қалжыңдасып, реті келгенде, әдемі әзіл тастап жүретін. Ұнатпайтын адамдарына айтатын қалжыңдарының астарында сыз жататын. Алдындағы ағалары мен қатар-құрбыларына Әлжеке, Секе, Мұқа, Тақа, Сәуке деп, қал-жағдайларын сұрап, бәйек болып жататын. Әбекең мен Олжекеңе келгенде, өзін ресмилеу ұстайтын секілді көрінуші еді. Әбдіжәміл Нүрпейісовке - Әбдіжәміл Каримович, Олжас Сүлейменовке – Олжас Омарович. Ол екеуіне неге бұлай дейтінін ол кезде біз түсінбейтінбіз…

Жұбан Молдағалиев сырттай сұсты көрінгенімен, өзі жақсы көретін адамдарына мейірленіп, көмек қолын созуға дайын тұратын. Мансаптың мәңгілік еместігін білген соң ба, әйтеуір, алдына келген адамның барлығына көмектесуге, өтінішін орындай алмаса, әдемі қалжыңмен шығарып салуға тырысатын. Біреудің қиналып тұрғанын көрсе, ол кісі үлкен басымен кішкентай шаруаларға да араласып кететін.

Бірде Қайсар Жорабеков деген аудармашы жігіт отбасымен Мәскеуге барады. Қонақүйге орналасу оңай емес. Өліп-талып жұпынылау жатақханадан орын алады. Ертесіне КСРО Жазушылар одағында Жұбан ағасына жолығып қалады:

- Қайда орналастың, қарағым? - дейді ағасы.   Қайсар жағдайын  айтады.
-  Қой, қарағым, бұл жарамайды. Келінді әдейі алып келген екенсің, жақсы қонакүйге орналас. Мен көмектесейін. Кешке маған хабарлас.

Қайсар телефон соғуға ыңғайсызданады. Жұмысы көп адам ұмытып кеткен шығар деп ойлайды. Ертесіне Жұбақаңның өзі жатақхана кезекшісіне телефон соғып, Қайсарды шақыртады.

- Қайсаржан-ау, қайда жүрсің? Жатқан жеріңді әрең таптым ғой. Неге   хабарласпадың? - дейді.
-  Бекер  әуре болдыңыз-ау, аға, - дейді Қайсар.

- Келіннен ұят болады, қарағым, «Москва» қонақүйінен орын алып қойдым. Сонда барып орналасыңдар, - дейді Жұбан аға. Ол кезде Жұбан Молдағалиев  Жоғарғы  Кеңес депутаты, КСРО Жазушылар  одағының  хатшысы.

- Жазушылар одағы жұмыс істемейді. Бәрі бездельник деген   арыз   түсіпті   жоғарғы жаққа. Бұл қалай, Қалеке? – деді бірде секретариат
мәжілісінде Жұбан аға ренжіп.
- Сол арыз жазғыш адамдар менің орныма үш күн отырса, басқа түгілі әйелінің атын ұмытып қалар  еді.   Жұмыс көбейген   сайын   арыз   да көбейе береді, Жұбақа, — деді екінші хатшы Қалағаң - Қалтай Мұхаметжанов. - Жазушылар одағының  жұмысы   шелекпен балық аулағандай екен. Үйге діңкелеп шаршап барамын. Сәл мызғып алғаннан кейін ойлаймын    да,     күні    бойы    не істегенімді есіме түсіре алмаймын. Бірақ,  бір мүйнет уақытым болмайды.
- Қалағаң рас айтады, - деді ұйғыр жазушысы Ахметжан Аширов. - Одақта жұмыс көп. Маған көп адам келеді. Күні бойы алдым  босамайды. Қайсар екеуміз бір бөлмеде отырамыз ғой, Жұбақа. Сол жігітке обал болды, тегі. Маған адамдар келгенде ол сыртқа шығып кетеді. Жұмысы жүрмей, шаршап жүр. Өзіңіз білесіз ғой, Жұбақа, ұйғыр жазушылары бір келсе,  ұзақ отырады. Сондықтан маған бір жеке  бөлме  берсеңіз   болар еді.

Тілі майда, дауысы да жұмсақ, мипаздап отырып жүрегіңе жеткізеді. Бұл жолы да ежелгі әдісімен отырғандарды баурап алды. Жұбақаң қарқылдап күліп отырып:

- Мен одаққа келгелі біраз жыл болды. Түрлі-түрлі арыз түсті. Ал, Қайсар Жорабеков сағат тоғыздан алтыға дейін тапжылмай отырады деген арыз әлі түсе қойған жоқ, Ахметжан. Сондай арыз түскен күні Қайсардың мәселесін шешеміз, - деді. Отырғандар ду күлді. Ахметжанның жүзі нарттай болып қызарып кетті. Соны байқап қалған Жұбақаң: - Бұл мәселені, Қалаубек, өзің шеш, - деді. Сонымен нүкте қойылды.

Жұбақаң ұсақ-түйек мәселеге мүлде бас ауыртпайды. Жазушылар одағының ішкі шаруаларына да араласа бермейтін. «Жігіттер біледі» деп, ондай шаруаларды одақтың хатшылары Қалтай Мұхаметжанов пен Қалаубек Тұрсынқұловқа тапсыратын. Жұбан Молдағалиев маған әрқашан аса үлкен мәселелермен айналысып жүргендей болып көрінетін. Шынында да, солай еді. Ол ірілігін, үлкен тұлға екендігін жер басып жүрген жылдарында сан мәрте дәлелдеді. Соның бірі - 1986 жылдың 31 желтоқсанында Жазушылар одағында болған жиында жасаған ерлігі. Қазақстанның жаңа басшысы Г.Колбин сол күні бүкіл нөкерлерін ертіп, Жазушылар одағына келген. Сол жолы «мың өліп, мың тірілген» ұлтының намысын жыртып, ешкім айта алмаған сөзді Жұбан Молдағалиев айтты. Баршамыз басқаға тәуелді етіп қойған тағдырға налып, іштей егіліп отырдық. Халқы үшін басын оққа байлап, тәуекел деп тас жұтатын нағыз ердің, қандай қиын жағдайда да қазағының намысын жыртатын абзал ағамыздың барына тәуба деп, арқаланып отырдық. Ол ешқандай үлкен лауазымның алдында бас имейтінін, туған халқының тағдырын бәрінен жоғары қоятынын танытты. Ол сондай еді. Сондай болып туған тұлға еді.

Жазушылардың Жұбаны: Қазақ қаламгерлері ар-намыс туралы әңгіме айтқанда, әлі күнге дейін Жұбанды алға тартады. // Жас алаш   2003 ж. №67 5 маусым



«Мыңның ішіндегі асылы еді»
Ақынның жұбайы: София Мәлікқызы

Уақыттың ең әділ төрешісі адамның парасат-пайымы, ой-өрісі дейді. Солай дұрыс та секілді. Дегенмен, өмірдің ащы-тұщысына айрықша сезімталдысы да, төзімдісі де - әйел жүрегі. Тарих қойнына еніп бара жатқан дәуреннің аяулы кезеңінің әсерлі әңгімелерін әспеттеп айтып отыратын да - аналар. Сондай жандардың бірі - қазақ халқының ақиық ақыны, Жұбан Молдағалиевтің жары София Мәлікқызы. Жан- дүниесі баладай елпілдеген ақ жүрек жан ерекше мейірімді, әңгіме айтқан сайын жүзі нұрланып отырады екен. Ол ішкі тазалықтың сыртқы көрінісі-ау, шамасы.

- Шығыста мынадай бір аңыз бар екен.

Бір адам Ұлы ұстазына келіп: «Мен Құдайды шын беріліп сүйгім келеді. Маған осы жолды көрсетіңізші», — депті. Сонда ұстазы: «Сен өмірде әйелді шын беріліп сүйіп көрдің бе?» - деп қарсы сұрақ қойыпты. Оған әлгі адам сәл шамданып: «Мені әйел де, басқа да қызықтырмайды, мен Құдайды ғана сүйемін, соған баратын жолды көрсетіңізші», - депті қайталап. Сонда ұстазы: «Онда бұл жол сен үшін жабық екен. Сен әуелі әйелді, яғни, жарық дүние сыйлаушыны сүюге тиіс едің. Бұл - Құдайға барар алғашқы баспалдақ. Құдай - сол жолдағы жоғарғы сатыда. Ал сен болсаң алғашқы баспалдақты баспай тұрып, ең соңғысына бір-ақ секіргің келеді. Әйелге деген махаббат ұрпақ, өмір ғой. Құдайға барар жол да сол баспалдақтан басталады», - деген екен. София апай, Жұбан ағаның алғашқы баспалдақты басуы қалай басталып еді?

Апай жымиды. Сірә, алпыс жыл бұрынғы оқиға есіне түсті ме, бетінің дуылын басқысы келгендей алақанымен жүзін басып біраз отырды. Жанарындағы жылылық екеуара әңгімені  жұмсақ бір арнаға бұрғандай.

- Ол кезде мен тоқыма фабрикасында жұмыс істейтін 17 жастағы бойжеткенмін. Соғыстан кейінгі жүдеу кезең. Көршіміз Айша апай (фамилиясын ұмытыппын) қазіргі «Жас алаш» газетінің редакциясында жұмыс істейді. Гүлсім деген Жұбандардың туысымен араласып тұрады. Әйелдердің жұмыспен бірге тұрмыстық мәселені де шешіп жүретін әдеттері бар емес пе, Айша апай шешесін емдетуге әкелген Жұбанға жақсы қалыңдық керек екенін құлаққағыс етеді. Әдемі, ақылды, кейін жақсы әйел болады-ау деген қыздардың алдымен суретін, соңынан өздерін көрсетіп, бір-бірімен салыстырып, көргендері көңілдерінен шықпай жүрген кез екен. Жұбан шешесі Зеріппен Айша апайдың үйінде жатады. Екеуі соғыста бірге болған, содан туыс, бауыр болып кеткен ғой. Айша апай үйіне шақырды. Әлі есімде, түскі уақыт. Бардым. Ойымда ешнәрсе жоқ. Үйде үлкен кісі мен газет оқып капитан шенінде әскери киім киген бір жігіт отыр. Мен кірген бойда бұрыштағы орындыққа отырдым. Айша апай қайыра бөлмеге бас сұқпай қойды. Әрқайсымыз өз ойымызбен болған шығармыз, уақыт сондай ұзақ болып көрінді. Бір кезде қайнаған самауырынды көтеріп апай кірді-ау, әйтеуір.

- Мына кісі ұялып отыр, сіз өзіңіз жоқ болып кеттіңіз, - деп, Жұбан оқып отырған газетін шетке ысырып қойды. Бізді таныстырды. Мен бірден Жұбанға қол беріп таныстым да, содан кейін үлкен кісінің қолын алдым. Өзім қатты қызарып, үйден тез шығып кеттім. Мен кетісімен шешесі: «Осы қызға үйленесің, басқаның қажеті жоқ», - деп бірден мәселені шешіп тастаған ғой. Біз сол таныстықтан кейін бір жұманың ішінде үйлендік. Кешкі уақыттарда тиіп-қашып әңгімелескеніміз болмаса, қазіргілерге ұқсап театр, киноға барып қыдырмадық. Сағынғали Сейітов - Жұбанның досы. Ол маған: «Жұбанның болашағы зор. Етегінен ұстасаң жаман болмайсың. Үйдегі үлкен кісіні күтіп-бақсаң болды. Басқа ешнәрсенің қажеті жоқ», - деді. Біздің қолымызда нағашы әжем тұрады. Күтімі мойнымызда. Сондықтан Сағынғалидың әңгімесіне іштей көніп қоямын. Жұбан өзіме де ұнап тұр. Үйдегі төрт баланың үлкенімін. Тұрмысқа шығу мәселесін үйдегілер құлаққағыс етіп қойған. Икемдеп жүргендері де бар болатын. Оны сырттай қаламайтынмын. Жұбан - оның қасында жігіттің сұлтаны. Әскери киімі өзіне қандай жарасушы еді. Соғыс бітісімен Ташкенттегі әскери округке орналасып, одан Алматыдағы Офицерлер үйіне ауысқан кезі. Махаббат деп айтуға да, айтпауға да болатын сезіммен 1947 жылы 22қарашада үйлендік те, елге кеттік. Енемді мен мама деймін, бірден: «Билік менде болады» деді. Ол кезде үйде де, сыртта да қазіргідей билікке таласатын кез бе... Біз үшін мамамдікі дұрыс. Мен қалай үйленгенімізді сөзбен айтып жатқаным ғой, Жұбан ағаң өлеңге былай түсіріпті:

Таныстық, таныстық та үйлендік біз,
Үйі де, күйі де жоқ күйде едік біз.
Жұпыны сен ұяң қыз, мен майдангер,
Тұрмысты кімнен қашан үйреніппіз?
Бар түгіл жоққа риза, тұра бердік,
Болмады сынық ожау, мұра дерлік.
Сүйгенбіз «сүйеміз» деп ант су ішпей,
Бұл тіпті болмаса да, сірә да ерлік
Дүниеде өзің екен деген мықтым,
Ықпасам махаббаттан, неден ықтым?
Не ғалым, не қайраткер болмасам да,
Әйелдің даналығын сенен ұқтым.

- Ақынның әйелі болу - патшаның көмекшісі болу сияқты ма деп қаламын кейде. Мынадай бір аңыз есіме түсіп отыр. Патшаның көмекшісіне күтуші шарап ұсынады. Көмекші шарапты алып жатып күтушіге қарап бір көзін қысады. Төрдегі патша оның көз қысқанын байқап қалады, патшаның көргенін көмекші де сезеді. Көмекші оқыс жасаған ишаратын патшадан жасыру үшін бір көзін қысқан күйінде қалдырады. Патша: «Ей, көмекшім, көзіңе не болды?» — деп таңданып сұрайды. Көмекші: «Ей, патшам, бір демнің арасында не себептен көзімнің жұмылып қалғанын білмеймін», - депті де сол күннен бастап үйде болса да, сапарға шықса да, адамдардың алдында да, жалғыз өзі отырса да, мәжілісте де бір көзін ашпайтын болыпты. Сол секілді Зеріп апайдың алдында бір көзіңізді ашпайтын болдыңыз ба? - Сонымен елге, Орал облысының Тайпақ ауданына кеттік. Ақша ауысып, абыр-сабыр болып жатқан кез еді.  Ауылда мал, қора-қопсы бар дегендей. Мен қалада өскен қызбын. Сиыр саумақ түгіл, оның мөңірегенінен қорқамын. Бірақ үйреніп, көп нәрсенің ығын тауып кеттім. Дегенмен, сиыр саусам екі жеңіме қарай ағып, көйлегімнің етегіне барып құйылады. Оның үстіне мамам «сиыр аяғын шелекке сұғып алмасын» деп қатты қадағалайды. Үйде туыстың Ерсайын деген баласы бар. Мен сиырдың бауырына отырғанда, ол бас жібін ұстап тұрады.   Кейде менің әбігерленіп кеткенімді байқап Ерсайын сауады. Сонымен қойшы, «ит қорыған жерге өш» демекші, бірде сүт сауылып
бола бергенде, сиыр сүт толы шелекке аяғын сұғып алғаны бар емес пе. Ерсайын маған, мен Ерсайынға қараймын. Ерсайын: «Айтпай-ақ қояйық, білмейді, сүзіп, сүт тартатын машинадан өткізіп жібереміз», - деді. Мен де қайнымды тыңдай қойдым. Сөйтіп, енді шай бере бергенде: «Не, сиыр аяғын сүтке малып алған ба?» деп сұрап қалмасы бар емес пе?!

- Жоқ, - дедік. Мамам: «Неге өтірік айтасыңдар?!» - деп ақырып қалды. Ерсайын екеуіміз жерге кіріп кете жаздадық. Көп ұзамай Ерсайынды үйлендіріп, сиыр саууды келінге өткіздік. Мамам ауылдық кеңестің бастығы болған адам ғой. Үйге қонақ көп келеді. Күнде қол диірменге бидай тартамыз. Бидайды бабымен қуыра алмайсыңдар деп өзі істейді де, біз келін екеуміз жатар алдында үйдің барлық шаруасының басын қайтарып қойғаннан кейін қол диірменнің жанына отырамыз. Бір-біріне үйкескен екі тастың біркелкі сарыны ұйқы келтіреді. Осылай отырып қалғып кетеміз. Мамамның «Әй!» деген даусы ұйқыны шайдай ашып жібереді. Енді жұмысты жылдамдатып, жатуға қамданамыз. «Мен неғып отырмын, баласының қасына жатпай» дегендей емес, мен мамамды шешіндіріп жатқызып, басына сусынын қойып, аяғын уқалап беріп отырып, қасына жата кетемін. Түнде сусынын алып беремін. Сонда ол кісі елудің ар жақ, бер жағында екен ғой.

Ол кезең үлкен өмір мектебі десе дегендей. Үлкен бір қазанмен бір үйдің ас-суы дайындалып жататын. Су ысытып, құйып алып, сүт пісіріп, іле-шала бауырсақ пісіріп, тамақ жасалып, кезек-кезегімен болып жатпаушы ма еді, қазір әр тамақтың өз ыдысы бар. Суды құдықтан аламыз. Тұщы суды кілетке қойып, үнемдеп, тамаққа ғана жұмсауға тырысамыз. Біздің жақтың сол кездегі желі мен боранын айтпаңыз. Иінағашпен су әкеле жатсаңыз, өзіңіз алға, екі шелегіңізді жел итеріп артқа тартып, шаршап, болдырып, әупірімдеп жетесіз-ау. Осынша күшпен әкелген судың тамшысын төкпеуге тырысамыз ғой. Бірақ менің шашым ұзын, қалың, бір шелек суға тұтылып, ашылмайды. Бір бас жууыма екі шелектей су кетеді. Мамам ондайда: «Өзіміз бір құмған суды ысытып алып, оң иығымыздан «бисмилла» деп құйсақ, тазаланып шыға келеміз, сендердің осы екі шелек су жұмсайтындарың не?» - дейтіні бар еді.

Мамам мені Айша апайдың үйінде алғаш көргенде ұнатқан қалпымен өтті. Менен басқаның істегенін онша жақтырмайтын. Төсегін менің салғанымды, тамағын менің пісіргенімді, киімдерін мен кигізіп, өзім тіктіріп бергенін қалайтын. Менің қазанға ет жуып салғанымды қатты ұнататын.Өзі кірпияз болғандықтан, менің де шөп-шөңге қалдырмайтыныма сенетін. Балаларды бауырына салып, маған көп жолата бермейтін. Мен емірене қалсам, «Үйіңнен туып келген балаң жоқ», - деп қағып тастайтын. Тұңғышымыз Гүлмира туғанда: «Жалғыздың жанын жұтатып» - деп ренжігені бар, бірақ, Гүлмираны жанындай жақсы көретін. Менің жаныма келсе: «Сопияның иісі шығып тұр», - деп қызғанып қалатын. Балаларға менің атымды ататты.

- Сіздің Жұбан ағадан гөрі енеңіз туралы естелігіңіз көп секілді.

- Мен ол кісінің маған қойған талаптарының бәрін орындадым. Себебі, менің жас кезімде жалғыз ұлдың, жалғыз баланың анасының сезімін, мінезін түсінуге сабыр, ақыл берген Құдайға мың тәубә деймін. Біз Жұбан екеуіміз көзбен, көңілмен ұғыстық. Әлдебір жағдайларда ол менің сөзімді сөйлей қалса, онда мамам кәдімгідей ашуланып қалатын. Сондықтан Жұбан сыртқы елге шығып, сыйлық әкелетін болса, екеуімізге бірдей етіп алатын. 1968 жылы 18 жыл бірге тұрған мамам қайтыс болды.

Анашым - аты Зеріп, - бәрі де өлді,
Ұлына сүтін, күшін беріп өлді.
Әйелдің алдияры, ақсұңқары.
Аптапқа, азапқа да берік еді.

- деп Жұбан жазғандай, енем әйелдің ақсұңқары еді.

- Адам алдындағылардан да, соңғылардан да көп үйренеді дейді ғой. Алдыңғылардан не үйрендіңіз, арттағыларға не үйреттіңіз?

- Өтті-ау, дәурен дегендей, біздің алдымызда қараса көз тоятын, сөйлесе көңіл тоятын, отырған жерлерін биіктететін, айналасына сәуле шашып тұратын салтанатты үлкен бір көштің адамдары болды. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов... Асылдардың қайсыбірін айтарсың. Ол кісілердің өздері бір мектеп болса, әйелдері екінші мектеп еді ғой. Сәбит Мұқанов біздің мамамыз қайтыс болғанда: «Қайран жеңгеміз кетіп, келіннің қолына қарайтын болдық-ау» - деді. Осы сөз менің ол кісілердің қызметіне қандай кезде болса да дайын, жинақы тұруыма себепкер болды. Үй-түзімді мамам бардан кем етпеуге тырыстым. Біз Сәбит ағаның үйіндегі Мәриям апайдың гвардиясы едік. Бірде көк базарда Жұбанның менімен жүргенін көрген Мәриям апа бізді біраз жерге ықтырып тастады. «Азық-түлікті мен өзім алып жүрмін, Жұбан серуендеп жүріп, кездесіп қалды» деп ақталып жатырмын. Ғабит Мүсіреповтың үйіндегі Ғұсни жеңгей қандай еді... Өзі ауруханада қатты науқастанып жатып, үйдегі жиһаздарды қалай орналастырсам оңды болатындығын айтып, солай істеуімді өтініп еді. Біздің алдымыздағылар өздеріне ғана емес, өзгелерге де жақсы болуын көп ойластыратын. Олар бір-бірінің үйіне қонаққа жиі барып тұратын. Ол кезде қонақ күтудің өзі бір салтанат еді ғой. Дастархан басындағы әдебиет, өнер туралы әңгімелер қазіргі съезд көтеретін мәселеден салмақты еді-ау. Үлкен-үлкен шығармаларды талқылап, қайта жазғызып, қайта оқытып, кем-кетігін ұлылықпен түзеп жататын. Ішетіндерін де алдын-ала даярлап қоятынбыз. Тайыр Жароков қызыл арақты ұнататын. Мунира апай жанында отырса, шымшылап көп ішкізбейтін. Сонда Тайыр үзілісте: «Әй, ішіп қой, алып қой деген зорлау болмай ма... Іш деп отырса қалай ішпеймін?!» деп күлдіруші еді. Алдымыздағы үлкендер соншалықты  ұлы,  әрі соншалықты қарапайым еді.

- София апай, Мариям Мұқан келінінің бір естелігінде: «Бір жолы Сәбиттің басына барсам, төңірегінде түгел әйелдердің бейіті қаптап кетіпті. Жүрегім бір түрлі болып кетті. Қасында Гүлбарам, Сәкеннің әйелі, бір жағында Хайдар Арыстанбековтың әйелі, бір жағында Жамал Омарова. Сосын тұрдым да: «Құдай-ау, қасыңа кілең әйелдер жиналған екен. Целый ансамбль ғой мынау. Әй, Сәбит, - дедім дауыстап, - сен ойлан, мені ұмытып кетпе. Ертең мен келгенде, орныңды сипап қалмайын, смотри! дедім», - дегені бар екен. Апайдың жылап тұрғанда аузына түскені ғой. Қимаған аяулы сезімі. Қызғаныштың да жақсы бір реңк алатын кезі болады ғой. Сіздің басыңыздан сондай сәттер өтті ме? Жұбан аға Қазақстан  Жазушылар одағының бірінші  хатшысы  қызметінде отырғанда пәтерді қыз-келіншектерге көп бөлдіріпті.

- Жо-жоқ. Жұбан ағаң - поэзия мен үйден басқаға бұрылмаған адам. Мен оны солай түсіндім, солай қабылдадым. Жүрегім оның кемшілігіне шәк келтірмейді. Бұлай үзілді-кесілді жауап беруімнің сыры бар. Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып жүргенінде, атақты бір жазушының әйелі күйеуінің опасыздығын айтып, жылап келгені бар. Соны естігенде қатты қайран қалып, «онысы несі екен, ә, онысы несі екен, ә!» деп күйінгені көз алдымда. Ол отбасынан бөлек өмір бар дегенді ойына алмай кетті-ау деп ойлаймын. Рас, Жұбанды бір әйел жақсы көрді. Дәрігер - рентгенолог еді. Бірде ауруханаға барған менен: «Сіз Жұбанның әйелісіз бе, мен оны селт еткізе алмай-ақ қойдым ғой», - дегені бар. Мен не дейін, «Саған бұл мәселеде ешқандай көмектесе алмаймын» деп жөніме кеттім. Бірақ көңіліме қызғаныш кірген жоқ.

- Жүзге келген бір қариядан артынан қаулап өсіп келе жатқан ұрпақтары: «Көке, өмір қандай екен?» - деп сұрапты. Сонда әлгі кісі: «Несін сұрайсыңдар, шырақтарым, өмір деген есікті ашып, қайыра қайтып жапқандай ғана екен», - депті. Сол айтқандай, адам баласы жер бетінде мәңгі жүретіндей болып көрінеді. Тек бір қимас жақының, асылың дүниеден өткенде өмірдің жалған екеніне көз жеткендей болады. Есіктің ашып, жабылғандай кезеңінің көңілде жатталып қалған аяулы бір суретін есіңізге түсіріңізші.

- Біз «сүйеміз» дегенді айтпай көңілмен, жүрекпен ұғысқан жандар едік. Сезім лүпілімізді жалаңаштамайтынбыз. 1965 жылы Моңғолияға бір ай мерзімдей уақытқа іссапарға баратын болды. Кетіп бара жатқанында  «телефон соғу қиын болар ма екен?» деді. Мен: «Онда хат жаз!» - деп қала бердім. Содан хат пен телефоннан бұрын өзі келді. Оңашада шабаданының түбіндегі хатты алып берді. Онда былай деп жазыпты: «Апака, родная моя Софья!  Вот я по твоему подсказу решил из далекого Улан-Батора, столицы братской Монголъской народной республики, впервые написать тебе письмо. Да, мне никогда не приходилось писать тебе. Больше того: мы с тобой еще не объяснилисъ даже в любви. Познакомились и в течение одной недели успели пожениться. Но, спасибо судьбе тысячу раз, что дала мне именно тебя. Я всегда горжусь тобой и твоей беспредельной любовью ко мне, хотя ты, также как я, ни разу не говорила: люблю. И правильно. Истинная любовь должна подтверждаться жизнью, делами, а, тогда объясняться не надо.И ты мне кажется, тоже  хорошо знаешъ, как я дорожу  тобой.

Моя самая большая и тайная мечта: сделатъ тебя и моих детей счастливее всех. Для этой цели я и живу. Не знаю, насколько мне это удается, но я думаю, что мы и сейчас счастливы. Потому что, без слов понимаем друг друга, заботимся друг о друге и дети у нас растут хорошими.

Вот я, через 18 лет после нашей женитьбы, наконец, объяснился с тобой в любви. Видимо, начинаю стареть что ли.

В общем, береги себя, родная. Ты мне очень нужна, больше, чем кто-либо на свете.  Теперь о деле. Как я уже говорил тебе по телефону, здесь встретили меня очень хорошо. Пока я нахожусь в Улан-Баторе, а в понедельник 25 (1) еду в Дархан, в новый строительный центр. Вернемся 28 января, затем тут поблизости, съездили в угольный район, к шахтерам, а 4 февраля домой, в Москву.

Вот и все. Целую тебя и наших детей.
Твой Жубан. 22.1. 1965 г.»

Міне, осы хат өзгелер үшін өміріңді арнау үлкен бір бақыт екенін аңғартып, мейірімге мейірім қосып, өмірімізді бұрынғыдан да шуақтандырып жібергендей болды.

Жұбан ағаң сыртқа шыққанда үйге сыйлықсыз келмейтін. Жапония жерінен бірде қып-қызыл кимоно әкелді. Өрттей. Өзім ерекше киінгенді онша ұнатпаймын. Сол көйлектің ағаң әкелген қалпымен тұрғанына 40 жылдай болып қалыпты. Алып қарап, сипап, қайыра орнына қоямын. Шөберем бойжетіп қалды, соған берермін.

Хатта «Апака!» деп отыр ғой. Әңгімеміздің басында мамам 4 балаға да мені Сопия деп атымды ататты деп едім ғой. Мамам қайтыс болған соң олар мені «апака» деп атап кетті. Жұбағаң да солай айтатын болды. - Апай, суға зәру жерде екі шелек суға жуатын шашыңызды суы мол Алматыға келген соң кесіп тастадыңыз ба? - деймін әңгіме арасында ептеп өзімсіне әзілдеп.

- Жо-ға. Мамам қайтыс болған соң, мұнда, бертінде Жұбан ағаңнан рұқсат сұрап барып кестім емес пе... Онда да жұқарып, түсе берген соң.  Мамам, әй, қайдам, рұқсат бермес еді - ау... - апай шынын айтып ақтарылып отыр. Елгезек жанына дана кейпі үйлесіп, өнегелі өмірдің әдемі бір өріміндей әсер қалдырады.

- Апай, - деймін енді мен де бәсең дауыспен. - оның артында неге қалдым, маған бұл дүниенің енді қандай қызығы бар деп тарыққан кездеріңіз болды ма?

- Болмаушы ма еді, болады ғой. Өміртану сабағында бәрі болады. Жұбан кеткеннен кейін қонаққа барғанда, жалғызсырап қалатын болдым. Бұрын ол барда онымен ілесіп, ол төрде отырса мен де төрге шығушы едім. Ол жоқта үй иесінің отырғызған жерін қанағат тұтамын. Ондайда Жұбанды іздеп жабырқаймын.

- Жұбан Молдағалиев поэзиядағы «борышын өтеген ақын ғана емес, ұлт алдындағы парызын ақтаған батыр да». Жыл айналып желтоқсан келген сайын ойыңызға не оралады?

- Небір сұмдықтар оралады. Қабырғама қан қатырып, кеңірдектен қылқындырған ауыр кезең еді ғой. Бүге-шүгесін өздерің де біліп жатырсыңдар ғой, қайталамай-ақ қояйын. Олжас Сүлейменов «Сіз сөйлейсіз!» депті.  Жазған сөздерін алдымен маған оқып берді. Тым қатты кетіп қалыпсың ғой,  жұмсартуға болмай ма?» деп едім.

- Жоқ, көп болса қызметін алар, қаламым өзіммен бірге қалады, - деді. Сөйтіп адамгершілік туын, әділдік туын шыңға шығарды. Мінезін танытты. Адалдығын көрсетті.

Иә, мен Жұбағаңның бауыры ауырғанын, асқазан жарасының ашылып, қан тоқтамай қойғанын білемін. Бірақ желтоқсан көтерілісіне байланысты өлімі жеделдеп кеткен жоқ па екен деген күдік жиі-жиі мазалайтын болып жүр. Қуанатыным, «қайтейік енді» деп көп адам қипақтап тұрғанда, туралыққа жол салып бергені. Сананы сәулелендіргені. Ел тірлігін жеңілдеткені. Осындай жанның, мыңның ішіндегі бір асылдың маған бұйырғанына тәубе етемін.

София Мәлікқызы: «Мыңның ішіндегі асылы еді»./Әңгімені жазып алған
Ділдәр Мамырбаева  // Жұлдыз 2007 № 1 қаңтар