Көрменің осы бөлімі әлем назарын өзіне аударып отырған Шығыс Қазақстанның таңғажайып аңыз-ертегілері, көне тарихи мәдениеті, өзіне ғана тән халықтық өнері мен шығармашылығы жайлы сыр шертеді.

Адам өмірінде айшықты із қалдыратын тарихи тармақ болғандықтан мәдениетті «екінші табиғат» деп орынды атап жүр. Уақыттың әр кезеңінде Евразияның ата қонысын мекен еткен, өзге де тайпа-халықтармен көзге ілінбес жіптермен әдіптелген Ертіс өңірінің рухани мәдениеті өз дамуында ұзақ сонар жолдан өтіп, бүгінгі Шығыс руханиятының полиэтникалық әсем гүліндей ажарлана түсті.

Ертістің ен жағалауы тарихи мұраларды өз қойнында әлі күнге дейін сақтап келеді. Қарауытқан қорғандар мен ежелгі қылқалам шеберлерінің «картина галереялары», ордалар орны, керуен тартқан ұлы жолдар сорабы, таңдайында өлеңнің ұясы бар халықтық эпикалық ауыз әдебиеті - осының барлығы да әлем мәдениеті сахнасындағы орасан зор күрделі спектакльде алатын өзіндік орны бар бір-бір тұлға.

Зерттеулер жүргізіліп, зерделейтін, ең бастысы болашақ ұрпаққа сақтап, жеткізетін қаншама дүниелер бар!
1960 жылы ШҚО аумағында тарих ғылымының кандидаты С.С. Черников бастаған Өскемен және Ленинград педагогикалық институттары студенттері археологиялық қазба жұмыстары жүргізіп, керемет жаңалықтар ашты.

Шығыс Қазақстан облысының Шілікті жазығында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде тарихи-көркем маңызы зор алтыннан жасалған өнер жәдігерлері табылды. Қорғаннан табылған 524 алтын заттардың жалпы салмағы 100,5 г. Ал «Ұшатын бұғы» мүсіні халықаралық археологиялық көрмелердің символына айналды.

1960 жылдары қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер Санкт-Петербургтегі Мемлекеттік Эрмитажда сақтаулы.

1998 жылы Катонқарағай ауданында ежелгі көшпенділердің Берел қорғанына қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жерленген бай ақсүйектердің мәңгі тоң жерде өте жақсы сақталған, скиф-сібір аң бейнесіндегі қымбат бұйымдары табылды. Экспедиция жетекшісі Өскемен педагогикалық институты тарих факультетінің түлегі, тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Самашев.

Қозы Көрпеш - Баян сұлу мазары – Х-ХІ ғ. сәулет ескерткіші. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Аягөз өзенінің бойында орналасқан.

Лиро-эпикалық поэма кейіпкерлері есімімен байланысты мазар біздің заманымызға жеткен Қазақстандағы ең көне ескерткіштердің бірі. Жалпы биіктігі- 11,65 м. Мавзолейдің кіре берісінде төрт адамның мүсіні орналастырылған, халық аңызы бойынша олар Қозы-Көрпеш, Баян-сұлу, кіші сіңлісі мен жеңгесі деседі. 1856 жылы осы мүсіндердің көшірмесін Ш.Ш.Уәлиханов салған. Қозы Көрпеш-Баян сұлу жыры мың жарым жылдық тарихы бар ұлы эпос, мәңгілік махаббаттың символы.