Шоқан Абылай ханның шөбересі
Абылай хан әулеті - қазақ халқының ханы Абылайдың 12 әйелінен тараған ұрпақтары. Белгілі деректер бойынша оның 40 қызы мен 30 ұлы болған. Ұлдарының бізге белгілілері: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім (Сағындық-Шуақбай атты қарақалпақ бегінің қызы Сайман ханымнан); Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбділдә ( Қашқар бегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан); Қамбар мен Қасым (Қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан); Тоқ, Қосым, Арық (Сарғалдақ қожаның қарындасынан); Сығай, Тағай, Сүйік, Әли, Құлан, Тоғым (Атығай-Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан); Шама (тұтқындағы орыс сұлудан); Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпатай (басқа әйелдерінен).
Абылай хан 1781 жылы қайтыс болғаннан кейін үлкен ұлы Уәли (1738 - 1819) орнына хан болып сайланды. Уәлидің тұлғасын оның Орынбор губернаторы генерал Рейнсдорпқа (1774 жылы, 2 маусым) жазған хаты аңғартады: "Жоғары мәртебелі сіздің Шынаят мырза арқылы жіберген хатыңызды алдық, тек әкем - Абылай хан орнында болмады, ол қалың қолмен сырттағы жауға аттанған еді, жауымыздың тас-талқаны шығарылғандығы жайлы хабар алып отырмыз. Ал мұндағы елді оның орнына мен басқарып отырмын. Сіздер де қандыбалақ қарақшыны ұстапсыздар (Е. Пугачевті. - редактор), бұл хабарды естіп мен қуанып қалдым. Себебі Ұлы мәртебелі императордың біз жауына жау, досына доспыз!”. Орыс бақылаушысы Чучалов Уәли туралы: “Уәли әкесі Абылай сияқты өркөкірек, алған бағытынан қайтпайтын қайсар, әрі құбылмалы. Ол мені бір-ақ рет қабылдады. Бұл қылығын: “Әкем де Ресей жақтан келгендермен бір-ақ рет кездескен еді,” - деп дәлелдеді” - дейді.
Уәли ханның 14 ұлы болған: Ғұбайдолла (Абайділдә), Есім, Тәуке, Ғаббас (Аббас), Жошы, Төрежан, Әбілмәмбет (Мәмке), Хамза, Шыңғыс, Абылай (Әбен), Шеген (Шепе), Әлі (Әлжан), Қанқожа, Бегалы. Ғұбайдолладан Болат, одан Сұлтанғазы (Шоқанның замандасы, Омбы кадет корпусын бітірген, генералмайор) туады.
Уәли хан өлген соң оның тұңғыш ұлы Ғұбайдолла хан сайланады, бірақ патша үкіметі бұл шешімді бекітпейді. 1823 жылы қытайлықтар Ғұбайдолланы хан деп таниды. Ресей қазақ хандығын тарату мақсатымен 1822 жылы Жарғы қабылдап, Қазақстанда сыртқы округтер ұйымдастыра бастаған тұста Ғұбайдолла Көкшетау округінің аға сұлтаны болып тағайындалады, оған медаль беріліп, шапан жабуға шешім қабылданады. Ғұбайдолла бәрінен де бас тартады. Туысы - Қасым сұлтанның баласы Саржанмен ойы бір жерден шығып, Ресей империясының қысымына қарсылық көрсетті. 1824 жылы Қытаймен байланыс орнатуға әрекеттеніп жүргенде, сотник Карбышевтің отряды Ғұбайдолланы Баянауылда (90-ға жуық сұлтан-билерімен бірге) ұстайды. Кейін ол Сібірге, Березовкаға жер аударылады.
Уәли ханның ұлы Шыңғыс (1815 -1905) 40-жылдан астам уақыт аға сұлтан болған, полковник, ресми түрде орыс дворяндарының санатына қосылған. Әйелі - Шорман бидің қызы Зейнеп. Шыңғыс пен Зейнептің 7 ұлы, 6 қызы болды, оның атақтылары: Шоқан (Мұхаммед-Қанафия, 1835-1865), Мақы (Әбіл-Мақыжан, 1845-1916), Махмед (Омбы кадет корпусын бітірген, 1849-1916), Қозыке (Сақыпкерей, 1854-1996).
Шоқан небәрі 30 жыл өмір сүріп, қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырды. Оның ғылымның әр саласында жазған еңбектері ойының тереңдігімен, тарихи деректерді айшықты талдау-таразылауымен, ұшқыр түйінімен күні бүгінге дейін маңызын жоймай келеді