ШОҚАН ТАРИХШЫ

Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың есімі Қазақстанның мәдениеті мен қоғамдық-ғылыми ойының тарихында құрметті орын алады. Аса көрнекті ғалым әрі ағартушы Шығыс халықтары туралы толымды да жемісті ғылыми зерттеулер жүргізді және сол бір кезде сыры-қыры ашылмаған беймәлім елдерге асқан қауіп-қатерге қарамай белді буып, батылдықпен саяхат жасады. Шоқан өз сапарын елдің жағрафиясын, тарихын, әдет-ғұрпын, тұрмысын зерттеп білуге пайдаланды. Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрген шағында тарих пәнінің мұғалімі Гонсевский оны мейлінше жақсы көріп, өзінің ізбасары етіп тәрбиелеуге тырысқан. Қабілетті шәкіртін ел тарихы мен азаттық жолындағы қозғалыстарының шығу салдарына үңілуге кеңес береді. Осы оқытушысының әсерімен ол қоғамның саяси-әлеуметтік құрылысына сын көзімен қарауға дағдыланады. Ол Орта Азия мен Қазақстанның тарихына, жағрафиясына, этнографиясына арналған аса маңызды қыруар еңбектер, қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған шығармалар қалдырды. Сонымен бірге Шоқан өзі зерттеген елдерді картаға түсіру ісіне елеулі үлес қосқан ғалым. Әрі бірнеше тілдерді жетік білгендігінің арқасында көне ескерткіштер мен деректерді де түпнұсқалары бойынша зерттеді. Өз халқының жарқырап туған жұлдызы болған ол өз заманының аса көрнекті ғалымдары арасында тарих ұсынған лайықты орнында тұр.

Панда