Шоқан тұңғыш қазақ суретшісі

Шоқан аз өмірінде халқының елдік қасиетін көтеріп, мәдениеті жоғары елдермен терезесі тең дәрежеге жетуін армандаған. Сонда жалғыз қазақ халқы емес, тарихы бір тамырлас, тілі де, діні де, ділі де бір Орта Азия халықтарын тұтас ойлайды, бірге өсіп, бірге дамуын ойлайды. Шоқанның Орта Азия мен Азия халықтарының тарихы мен географиясына арнап жазған ғылыми еңбектердің алғашқы іргетасын қаласқан географ, қазақтан шыққан тұңғыш суретші екені де әлем өнерпаздарына әйгілі. Ғалымның бай мұраларының бір бөлігін бейнелеу өнері саласындағы еңбектері құрайды. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Өз еңбектерін суретпен толықтырып отырған, көбінесе акварель, майлы бояумен, ал кейде тушь, қалам, сиямен жұмыс істеген. Суретшілік өнерді арнайы үйренбесе де оның суреттерінде кәсіби шеберлерге тән өзіндік қолтаңбасы бар. Бұл ғалымның табиғи дарынының ерекше бір қырын байқатады. Сурет салумен бала жастан шұғылданған Шоқан он екі жасында «Жатақ» атты суреттемесін салады. Суретші бұл еңбегінде киіз үй мен түйеші баланы өте нанымды бейнелейді. Бұл оның тырнақ алды туындысы болса да, бояу үйлесімділігі жарасымды үндестік тапқан шығарма болып табылады. Көкейге ұялаған ойды жедел қағаз бетіне түсіруге ұмтылған қаламгер талай туындыны өмірге алып келеді. Шоқан кадет корпусында оқып жүргенде сурет пен сызу пәндерінен жүйелі білім алады. Шоқанның портреттік адам тұлғасын бейнелеуде сол адамның ішкі жан- дүниесіне үңіле отырып, мінез-құлық ерекшелігіне айқын сипаттама береді. Өзінің «Автопортреті» - кәсіби типте орындалған шығарма. Оның графикалық туындылары арасында портреттік жанр басты орын алады. Шоқан - өткір ойлы, көргенін жаңылмай бейнелейтін аса шебер суреткер. Шоқанның адам келбетін бейнелеудегі аса шеберлігі - адамның ішкі жан-дүниесін жарқыратып ашуында. Ол «Бұғы руының бас манабы Боранбай» суретінде Боранбайды кескіндеуінде кеудеден жоғары келбетіне көбірек көңіл бөледі. Қиғаш қас, қысық көз, қыр мұрынды, шоқша сақал, сирек мұртты маңғолға ұқсас дөңгеленген өңін нанымды бейнелейді. Күңгірт түстерді үйлесімді пайдалану арқылы Боранбайдың бет-пішінін айқындай түскен. Шоқанның кез-келген портретті шығармасын алып қарасақ, жанды сызықтың құдіретімен қас-қағым сәтте бейнеленген нобайлары асқан шеберлікпен туындаған. Адамның тынымсыз іс-әрекет жасаудағы тұлғасын дәлдікпен қағаз бетіне түсіре білген. «Тезек сұлтанның портреті», «Сарыбағыш руының манабы Сартай», «Ұлы жүз сұлтаны Мамырхан Рүстемов» т. б. портретті туындылары ұлттық мазмұнда өз шешімін тапқан. Шоқан қолтумаларының шоқтығы биігі портреттік жанр болғанымен, табиғат тамашасын, халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салтын бейнелеуде еш тосырқамайды. «Аспан әлемі» деген этюдінде ғалым-суретші қазақ халқының көнедегі күнтізбені тәптіштей сызып, Құс жолы, Арқар жұлдыз, Сүмбіле, Таразы, Жетіқарақшы, Темірқазықтың орнын көрсетеді. Шоқанның көнедегі архитектуралық ескерткіштерді, тамылжыған табиғат сұлулығын, «Киіз үй алдындағы қазақтарды», «Кітап ұстаған қазақты» да салғаны бар. Портреттік жұмыстарында Шоқан адамның күрделі психологиясын ұтымды детальдармен ашып отырады. Қазіргі уақытта Шоқаннан бізге мұра боп қалған 150-ге тарта сурет бар. Оның қолынан шыққан суреттердің біразы ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары «Всемирная иллюстрация», «Искра», «Русский художественный лист» секілді беделді басылымдарда жарияланған. Шоқан өзінің күнделіктерін, қолжазбаларын суретпен көркемдеп, көрнекі кескіндемелерімен де толықтырды. Ғалым сондай-ақ тастағы жазуларды, ондағы көне заманның суреттерін қағазға айнытпай түсіру арқылы кейінгі ұрпақтың сол жазуларды оқуына жағдай жасады. Бұл еңбектер орындалу сәттілігімен ғана емес, ұлттық бейнелеу өнеріміздің, оның ішінде ұлттық реалистік графикамыздың алғашқы үлгісі болуымен де құнды.

Панда