Шоқан әдебиет зерттеуші
Ұлы ғалымнан қалған бай, бағалы мұралар оның құлашы кең, әдебиет зерттеушісі екеніне ешбір күмән туғызбайды. Ол Омбы кадет корпусында оқып жүрген кезінде-ақ ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап, күнделіктеріне бұлар жайындағы пікірлерін жазып отырған. Ұстазы Н. Ф. Костылецкий қазақ эпосын қалай жинап, қарастыру керектігіне берген кеңесі Ш. Уәлихановтың "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырына жасаған ғылыми пайымдауынан айқын аңғарылады.
Қазақ ауыз әдебиетінің теориялық мәселелері оның "Қазақтың халық поэмасының үлгілері туралы", "Орта жүз қазақтарының аңыз-ертегілері", "ХҮІІІ ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар", "Ер Көкше", "Ер Қосай”, қырғыздың "Манас" жырын зерттеулері - материалдарының молдығы, теориялық қисындарының дәлелділігімен, тұжырымдарының нақтылығы, пікірлерінің құндылығымен ерекшеленеді. Шоқан өз еңбектерінде қазақтың халық поэзиясын жасаушы жырау, ақындарға құрметпен қараған, шығармашылық өнеріне тәнті болғанын жасырмайды. Оларды Батыстың рапсод, бардтарымен, орыстың боярларымен салыстырады. Көшпелілердің жанын жайлау еткен, өзі де өнерлерін тамашалап, сұбхаттасқан дала жүйріктерінің жақсы дүниелерін қағазына түсіріп алған. Орынбай, Шөже, Арыстанбай, Тоғжан, Кемпірбай, Жанақ тәрізді суырып-салма ақындар творчествосының отты, дәмді, құнарлылығын Шоқан дәлелдеп берген және ол өнер олардың бойына қайдан дарыған, соның тамырын түптеп қазып, түсіндірген. Шоқан халық поэзиясының ойлылығына, оттылығына, жұмыр бітіміне, көркемдігіне құлай жығылып, одан халық тарихына қатысты мағлұматтарды, этнографиялық өрнек, белгі, көненің айғақты жұрнағын іздеген. Көп оқып, көп тоқыған талғампаз ғалым болғандықтан, оның әдебиет жайындағы еңбектері мен зерттеулерінде әдеби салыстырулар мол ұшырасып, қаусырымы кеңдігінен, асқан білімпаздығынан хабардар етеді. Әсіресе, поэзия қазақ халқының зор рухани қазынасы, тарихи тағдыры екенін тілге тиек ететін еңбектері ешқашан маңызын жоймақ емес.
Шоқан ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеп, бастырып шығарумен тынбай, оларға теориялық талдаулар жасаған ғалым. Ол қазақ поэзиясын: өлең, жыр, жоқтау, қара өлең қайым өлең деп жіктеген. Әрине, бұл қазақ өлеңі құрылысы, заңдылығы, ішкі ерекшелігі жағынан кейде нысанадан ауытқып жатса да, оны зерттеу объектісіне айналдырып, пікір қозғауының өзі асқан ерлік, бүгінгі зерттеушілер үшін үлгі-өнеге. Ш. Уәлиханов туған қазақ халқының әдебиетін талдап, топтастырып, оған өз тарапынан құнды пікір айтқан тұңғыш оқымысты.