Ұлт зиялылары
Осы кезеңде Т. Рысқұлов көтерілісшілердің саяси басшысына айналды. Тұрар Рысқұлов 20 жасында ел тәуелсіздігін аңсаған ірі мемлекет басшысы дәрежесіне көтерілді. Қазақстан мен Орта Азия халықтары тарихында ерекше зор рөл атқарған саяси қайраткер бола алды. Ал, қазіргі жастар 20 жасында не істей алып жүр? –деген заңды сұрақ туындайды.
Алаш алыптары шоғырына жататын арыстарымыздың әрқайсысының түпкі арманы ел тәуелсіздігі еді. Мұстафа Шоқай – Түркістанның тұтастығына толық сенген, сол жолда басын бәйгеге байлаған қабырғалы да сан қырлы қайраткер. М.Шоқай– қазақтың, тіпті Түркістанның тарихында саяси эмиграцияны алғаш бастаған тұлға.
М. Шоқай, Т. Рысқұлов... Ел тәуелсіздігін алдыңғы орынға қойған осы екі қайраткердің ара-қатынасы қандай болып еді? Большевиктер тарапынан қуғынға ұшыраған Мұстафа поезбен шетелге қашуға мәжбүр болады. Жол Мұстафаның туған жері арқылы өтеді. Қалтасында көк тиыны жоқ. Үйіне бара алмайды. Шіркін бір таныс кездесіп қол ұшын берсе деген арман да жоқ емес: Үзінді келтірейік: «Міне, керемет! Мұндай сәттілік болар ма?! Купеге бір досы келді де табан астында 500 рубль әкеліп, Мұстафаның қолына табыс етті. Оған қоса пальтосын да шешіп берді. Бұл – ол кезде үлкен ақша болатын. Мұстафаға сәттілік тілеп, қолын қысқан досы жұрттың назарын аудармау үшін, пойыздан түсіп кетті. Бұл кісі кім, қалай кездесе кетті, осыншама қаражатты қайдан тауып әкелді? Оған жауапты "Фолиант» баспасынан шыққан Дархан Қыдырәлінің "Мұстафа Шоқай " деген кiтабынан таба аласыздар.
Биылғы жылы 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткелі отырған Алаш қайраткері кім?
Әлихан Бөкейханов — патшалық монархиялық билiк тұсында ұлт көшбасшысы болған. Ұлттық мемлекет құру - Әлихан Бөкейхан және соңынан ерген интеллигенция өкілдерінің түпкі мақсаты болды. Ұлт мәселелерінің жоқтаушысы, бүкіл қазақ елінің саяси қайраткері Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен еліне сіңірген ғажап еңбегі туралы «Әлихан Бөкейханов» атты кітап сыр шертеді.
КСРО-ның Сауд Арабиясындағы тұңғыш елшілік қызметін атқарған кім екенін білесіздер ме? Ол - Н. Төреқұлов. КО кезінде шетелге өз өкілдерін жіберуді қойып, тіпті басшы қызметке өзге ұлт өкілдерін тағайындау сирек кездесетін құбылыс еді. Неге таңдау Төреқұловқа түсті деп ойлайсыздар? Ерекше дарын иесі, шығыстанушы, «кездейсоқ оқиғалар бола қалса, дұрыс шешім қабылдай алатын, күрделі де нәзік саясатты жүргізуге барынша лайықты да қабілеті тұлға». Орыс, қазақ, түрік, француз, неміс, тілдерін жақсы білген. Сауд Арабиясында үш ай ішінде араб тілін жетік меңгеріп, аудармашыны қажет етпеген. Ол туралы Тайыр Мансұровтың деректі зерттеуінен оқи аласыздар.