Өнер майталмандары
Қазақ өнері десек, композитор-күйші, қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы еске түседі. Қазақ халқының рухани күшінің биіктігін, мықтылығын танығыңыз келсе Құрманғазы күйін тыңдаңыз. Қазақ халқының еркіндікке, азаттыққа деген құлшынысының көрінісіндей «Сарыарқаны» тыңдағанда делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Құрманғазы салған жолды одан әрі дамытып, ұмыт болып бара жатқан қазақ өнерін ортаға әкелген Н. Тілендиев. Этнографиялық фолклорлық «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалап, бүкіл әлемге Құрманғазы күйлері арқылы қазақ халық аспаптарын танытқан. А.Жұбанов – қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы, ол негізін қалаған Құрманғазы оркестрі дүниенің төрт бұрышын түгел шарлап, қазақтың ұлттық музыка өнерінің абырой-даңқын әлемге танытты. Ш. Қалдаяқов – Халық композиторы, оның әнін білмейтін ыңылдап айтпайтын қазақ жоқ шығар. Джузеппе Вердидің әнін бүкіл Италия айтса, Шәмшінің әнін бүкіл Қазақстан айтады. Композитор бақыты да осында! М. Төлебаевтың «Біржан-Сара » операсы музыка әлеміндегі тың құбылыс болып, әлем сахналарында қойылды. Қазақ әншілері - Францияда ән салған Әміре Қашаубаев, 24 жасында КСРО Халық әртісі атағана ие болған Күләш Бәйсейітова, бұлбұл үнді Бибігүл Төлегенова, әлем сахналарында, майдан даласында ән салған Роза Бағланова, опера әншілері Ермек Серкебаев, Майра Мұхамедқызы, Мария Мудряк есімдері бүкіл әлемге әйгілі. Қазақ өнерін әлемге танытып жүрген скрипкашы Марат Бисенғалиев, дирижер Алан Бөрібаев, қазақ домбырасымен әлем сазына үн қосып жүрген «Ұлытау» тобын мақтанышпен атаймыз.
Қазақстанның кәсіби деңгейдегі бейнелеу өнері қазақ көркемөнер мектебінің пайда болуы Қазақстанға 1879 жылы келген Николай Хлудов есімімен тығыз байланысты. Оның шәкірті Ә. Қастеев болса, 1950 жылдары ұлттық өнер мектебі жетіліп, кәсіби деңгейде дайындығы бар суретшілермен толысты. Олар Ленинград пен Мәскеу қалаларында білім алып келген Қ.Телжанов, Молдахмет Кенбаев, Камиль Шаяхметов, Жанатай Шарденов, Роман Сахи, Ағымсалы Дүзелханов сынды суретшілер. Олардың ізін жалғастырушылар Алмагүл Меңлібаева, Сәуле Сүлейменова, Зауреш Терекбай т.б.
Саид Атабеков есімі сіздерге таныс па? 2011ж. Принц Клаус сыйлығына ие болған суретші. Аса үздік табыстарға қол жеткізген өнер қайраткерлеріне ғана берілетін бұл халықаралық сыйлыққа тек Қазақстанды ғана емес, Шымкентті, Оңтүстіктің әуенін, иісін бейнелеу өнері арқылы бүкіл әлемге көрсеткісі ұлтжанды азамат Атабаевтың кандидатурасын Италия ұсынған екен.
Кино өнерінің саңлақтары сіздерге жақсы таныс деп ойлаймын. Олар Ш. Айманов, А. Әшімов, М. Бегалин, Н. Жантөрин, т.б. Кино өнерінің жаңа толқыны Е. Тұрсынов, С. Апырымов, Амир Қарақұловтармен толыға түсуде.
Ұлттық қолданбалы сәндік өнерді сөз еткенде көңілге оралатын есім Д. Шоқпарұлы, домбыра шебері Ж. Тұрдығұлов, Зейнелхан Мұхамеджанұлы т.б.