Хандар, билер, батырлар
Тұңғыш Қазақ қоғамының құқықтық негізін қалаған кімдер еді? Қасым хан, Есім хан, Тәуке хандар заңдарының негізгі бағыты – қазақ жерін бір ұлысқа біріктіру. Міне осындай қазақ хандарының елді біріктіру жолындағы қызметі жайлы жаңадан шыққан «Қазақ хандары» атты кітап кең мағлұмат береді.
Тарихта аты қалған қайшылығы мол күрделі тұлға – Әбілқайыр хан. Ресей империясының көмегіне жүгініп, қазақ халқының тағдырын тәуекелге тігіп, мойнына аса ауыр жауапкершілік алуының себебін «Әбілхайыр хан» жинағынан оқып білуге болады.
Қазақ Ордасы тарихындағы ең ұлы хандардың бірі – Абылай хан. Ол билік құрған кезең – қазақ тарихындағы алтын ғасыр. Ол өз заманында екі алып мемлекет – Қытай мен Ресей империяларынан елі мен жерінің тұтастығын аман сақтап қала білді. Көрмеде Ұлы ханның өмірі мен қызметіне арналған құжаттар мен зерттеу материалдары жинақталған.
Қазақта тұңғыш генерал шенін тағып, тұңғыш университеттің құрметті мүшесі атанған, алғаш рет қазақ жерінде мектеп ашып, мешіт салған қай хан? Ия, Жәңгір хан туралы қайшылықты пікірлер көп. Ал, Сіз көрмедегі Жәңгір хан жайлы жазылған еңбектерді парақтап, хан жайлы өз пікіріңізді қалыптастырыңыз.
Халық жадында хандармен қатар қара қылды қақ жарар әділ де дана билердің есімі мәңгі сақталған. Олардың көкейіндегі бір ғана мақсат – ел бірлігі, жұрт тыныштығы. Қазыбек бидің мына бір сөздерін есімізге алайық:
Дұшпаны басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз, –
Ол жоңғарларға үш рет елшілікке барып, көздеген мақсатын орындап қайтқан би. Ал, жоңғарларға елшілікке барып аман қайтудың өзі – ерлік.
Шапқыншылық заманда даналығымен аты шыққан – Әйтеке би. «Бүкіл қазақ жасағы бір қолбасшыға бағынсын. Ол әскери өнері жетік бір елде оқытылсын. Қолбасшы қарадан шыққан адам болсын. Өйткені төре қарабасының қамын ойлаудан әрі аспайды»,–деп кеңесін берген.
Қиын-қстау кезеңде ел-жұртты отырықшылыққа, егін егіп, тірлік етуге алғаш үндеген – Төле би. Әйгілі 3 бидің өмірі мен қызметі, даналығы жайлы әдебиеттерді көрменің осы бөлімінен таба аласыздар.
Билермен қатар, ел басына күн туған заманда қолына найза алып, елі мен жері үшін жанын берген, ол – батырлар. Жоңғар шапқыншылығы уақытында 103 рет жаумен жекпе-жекке шығып әскерінің рухын көтерген, 70-тен асқан қарт шағында жекпе-жекте жауды жайратқан ұлы қолбасшы кім еді? – Ия, Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына биыл 350 жыл.
Ал қазақтың тағы бір батыры Райымбек көзі тірісінде «Әулие» атанған екен. Неге? Бұл сұраққа жауапты көрмедегі әдебиеттерден табуға болады.
Тарихта 18-19ғғ. патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілістермен белгілі. Олар – Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет және Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістер. Биыл Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліске 180 жыл толып отыр. Көрмедегі зерттеулер мен құжаттар батырлардың жеке басы мен көтеріліске жақсы сипаттама береді.