Ақын-жазушылар

«Тарихты білмей - өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын – деп әл-Фараби бабамыз айтқан. Тарихи оқағаларды еске салып отыру, сол арқылы халық санасын сергек ұстау – жазушылардың, соның ішінде көркем әдебиеттің басты міндеттерінің бірі.

Л. Н. Толстойды оқымай орысты, О. Бальзакты оқымай французды білдім деу қандай қиын болса, Әуезовті оқымай қазақты білдім деу сондай қиын. Қазақтың атын әлемге паш еткен қазақтың ұлы жазушысы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы. Ол дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған. «Абай жолын» оқыған Бенжамен Матип «қазақ неткен ғажайып халық» деп таңырқаса, Константин Федин «өзінің қалай қазақ боп кеткенін білмей қалған».

Жыл сайын елімізде «Жыл кітабы» таңдалынады. Өткен жылы қандай кітап атанған еді? Иә, аты әлемге мәшһүр жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы. Шығарма әлемнің 30 тіліне аударылып, 3 миллион данамен тараған .

Көшпенділер трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни, XV-XIX ғасыр аралығындағы Қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі.

Көрмеден осындай маңызды тақырыпқа арналған С.Сматаевтың «Елім-ай», Қ.Жұмаділовтың «Соңғы көш», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», Ә.Кекілбаевтің «Үркер», С.Сматаевтың «Елім-ай», М.Мағауиннің «Аласапыран», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» тәрізді еңбектерін табуға болады.

Қазақ поэзиясына келсек, "Мен қазақпын" поэмасы арқылы қазақ халқының өмірі, ұлттық ерекшелігін реалистік тұрғыда бере білген, "Айттым сәлем" лирикалық поэмасымен махаббат пен ерлікті жырлаған кім? Иә, Ж. Молдағалиев ағамыз. Ол "Кісен ашқан" поэмасында ақындық өнерін айқын танытып, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығына ие болдыі. Жұбан Молдағалиев шығармалары ағылшын, неміс, араб, испан, поляк, француз, венгр және басқа шет тілдеріне аударылды.

Міржақып Дулатов.

Оян, қазақ!

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,

Қарағым, енді жату жарамас-ты.

деп жырлаған, ұлты үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен алтын айдарлы арысымыздың бірі Міржақып Дулатовтың да шығармаларын көрмеден таба аласыздар.

Қазақтың тағы да бір белгілі тұлғасы – Мұхтар Шаханов. Ол Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғызстан Халық ақыны, «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны», «Түркі әлеміне дара қызметі үшін» халықаралық сыйлығының иегері, жиырмадан астам шетелдік академиялар, университеттердің құрметті докторы, профессор. Ақын шығармаларының қазақ жастарын патриоттық пен адамгершілікке тәрбиелеудегі маңызы өте жоғары.

«Мұзтаудың - мұзбалағы. Алтайдың - Кербұғысы» атанған, Асқар Алтайдың кербез табиғатын, тамылжыған сұлулығын жырлап өткен бірегей жазушы кім еді? Иә, табиғаттың асқақ жыршысына айналған табиғи тума талант – Оралхан Бөкей. Оның шығармалары дүниежүзі әдебиетінің орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай тілдеріне аударылып, дүниежүзі оқырмандарының талғам таразысынан өтіп, шынайы рухани сұранысқа айналды. Көрмеден қаламгердің "Құм мінезі", "Қар қызы", "Жетім бота", "Мынау аппақ дүние" секілді туыңдылары орын алған.

Келесі бір қазақ әдебиетіндегі әйгілі тұлға – XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы, кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің бірі, Қазақстанның халық жазушысы, әдебиет сыншысы, аудармашы – Әбіш Кекілбаев.

Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелейтін, көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялататын қуатты шығармалар. Жазушының шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.

Әйел жаратылысының нәзіктігі мен қылықтылығын, жаны мен тәнінің сұлулығын, махаббатының мөлдірлігін жарқыратып, сүйсінте жазған Фариза апамыз болса, еліміздің Тәуелсіздігін жырларына арқау еткен ақын жерлесіміз Несіпбек Айтұлы.

"Қазақстанды әдеби тұрғыда әлем картасына енгізген Олжас Сүлейменов. Себебі, ол шын мәнісіндегі халықаралық деңгейдегі қазақ жазушысы. Олжас қазақтар туралы көп жазды және сол жазғандарымен бүкіл әлемді қызықтыра алды.

Тәуелсіздік әдебиетке «жаңа» есімдер әкелді. Бүгінгі азат ойдың иелері – Светқали Нұржанов, Жанат Әскербекқызы, Айгүл Кемелбаева, Нұржан Қуантай, Жарас Сәрсек, Бауыржан Бабажанұлы, Әділ Ботпанов, Әмірхан Балқыбек, Думан Рамазан, Маралтай Райымбекұлы, Нұрлан Мәукенұлы, Дидар Амантай, Қуат Бораш, Талғат Ешенұлы, Әділбек Ыбырайымұлы, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Дәурен Берікқажыұлы, Жанарбек Әшімжан, Әлібек Шегебай, Бақытжан Алдияр, Бақыт Беделхан, Есей Жеңісұлы, Бекжан Әшірбаев, Саят Қамшыгер, Алмат Исаділ секілді талантты ақындар мен жазушылар. Бұлар – тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығының жемісі (1991-2001). Нарық кезеңінде ұлттық әдебиетке алтын көпір болып келіп, аға буыннан әдеби жалғастық эстафетасын үлкен сеніммен қабылдап алып, тұрмыстық жағдайға қарамай, тіршіліктің мың тірлігімен санаспай, әдебиетке адалдық танытқан бұлар – «өлара» кезеңнің қайсар сарбаздары еді.
2001-2011 жылдар аралығында әдебиет айдынына Ырысбек Дәбей, Дәулеткерей Кәпұлы, Қанағат Әбілқайыр, Жанар Әсадық, Торғын Тұрлыбаева, Нұрлан Жұмахан, Данияр Саламат, Асхат Жалбағай, Бану Дәулетбаева, Өміржан Әбдіхалықұлы, Алмас Темірбай, Айнұр Әбдірәсілқызы, Бауыржан Халиолла, Қалқаман Сарин, Ақберен Елгезек, Ұларбек Дәлей, Ықылас Ожай, Бауыржан Қарағызұлы, Тоқтарәлі Таңжарық, Бейбіт Сарыбай, Ерлан Жүніс, Дархан Бейсенбек, Ринат Қайыртайұлы, Ерғали Бақаш, Мирас Мұқашев, Қанат Әбілқайыр, Мақсат Мәліков, Серікбол Хасан, Нұрлан Құмар, Жандос Байділда, Бақытгүл Бабаш, Мадина Омарова, Аягүл Мантаева, Құралай Омар, Айнұр Шамшейітова, Лира Қоныс, Назира Бердалы, Танакөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек, Айжан Табаракқызы, Мақпал Мыса, Эльмира Ерікқызы, Индира Кереева, Ерболат Әбікенұлы, Мирас Асан, Алмас Нүсіп, Әлібек Байбол, Арман Әлменбет, Қанат Тілепбергенов, Жеңісбек Кәкенов, Сержан Зәкерұлы, Сағадат Ордашева, Ақерке Асан, Әсем Қоспағарова, Динара Мәлік,Үміт Зұлхарова, Жанат Жаңқашұлы, Қуат Қиықбай, Саян Есжан, Жасұлан Серік, Алтыншапақ Хаутай, Шарафат Жылқыбаева, Ержан Тоқтар, Азамат Тасқара, Олжас Қасым, Қайсар Қауымбек секілді жастар лек-легімен келді. Бұл жастардың кейбірін ғалымдар тұрмақ, оқырмандар да білмейді. Бұл тізімге енбей қалған жастар да болуы заңдылық.
Тәуелсіздік алғаннан бері атамекеніне қандастарымыз келе бастады. Олар – қазақтың байырғы салт-дәстүрі мен тілін, дінін сары майдай сақтаған нағыз қазақы бауырларымыз. Олар – қазақ әдебиетіне үлкен серпіліс әкелді. 1921 жылдан бері КСРО құрамында болған біздің еліміз айналасы жетпіс жылдың ішінде «орыстанып» кеткен еді... Осындай олқылықты толтырған атамекеніне оралған бауырларымыз! Мысалы, Шүкір Хамай, Абай Мауқараұлы, Құл Керім Елемес, Дәулетбек Байтұрсын, Жәди Шәкенұлы, Есенгүл Кәпқызы, Тоқтарәлі Таңжарық, Ырысбек Дәбей, Бақытгүл Баймолдақызы тәрізді қандастарымыздың шығармаларын оқи отырып, байырғы қазақтың мәдениетін, тілін көре аласыз.
Соңғы жылдары «Жас толқын», «Жас дәурен» серияларымен «Жалын», «Жазушы» баспасынан жарыққа шыққан поэзиялық, прозалық кітаптары, осы көрмеден орын алған.

Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе-тең деп тереземді. - деп ақын жырлағандай әдебиетімен, өнерімен, мәдениетімен, кең әлемге танылып жатқан егемен Қазақстанда өмір сүріп жатқан азаматтардың бірінші ұрпағысыздар. Сондықтан да сіздердің алдарыңызда тәуелсіз еліміздің тарихын еңсере отырып, одан әрі дамыту, өркендету үшін шексіз мүмкіндіктері ашылып тұр. Ендеше Қазақстанның болашағы жастардың қолында. Біз жастарға сенеміз! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын!