Қазақ ағартушылары
19 ғасырда қазақ елінің рухани дамуына, қазақ жерінде ғылымның дамуына ерен үлес қосқан тұлғаларға тоқтала кетсек. Небары 30-ақ жыл өмір сүріп, Шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен қазақтың ұлы ғалымы кім еді? Иә, Ш.Уәлихановты орыстың шығыстанушылары бір ауыздан ерекше бір құбылыс деп мойындаған. Шоқанның атын әйгілеген – Қашғария сапары. Шоқанға дейін ол өлкеде бірде-бір зерттеуші болмаған. Аса қиын құпия сапар ғалым өміріне қатер төндірді. Соған қарамастан Шоқан Қашғария өлкесі жайлы бұған дейін мүлде белгісіз аса құнды деректер жинап қайтты.
Келесі ойшыл туралы айтып жатудың өзі артық болар. Ол біздің мақтан тұтар ұлы жерлесіміз – Абай Құнанбайұлы. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы. Шығармаларына қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен ұлы тұлға.
Абайдың ағартушылық идеяларын одан әрі жалғастырған – жерлесіміз Шәкәрім Құдайбердіұлы. Қажылыққа сапар шегіп, Стамбұл, Париж кітапханаларында туған халқының тарихына байланысты кітаптарды парақтаған дана философ, тарихшы. Ол қалың бұқараны ғылымға жетелеп, еңбек етуге, мәдениетті елдерден үлгі алуға шақырады.
Қазақ даласында тұңғыш орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазған ағартушы кім еді? Иә, ол - Ыбырай Алтынсарин. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңдерін бәріміз мектеп жасынан жатқа білеміз.
Міне, осындай қазақтың көкірегіне нұр сәулесін құйып, өз шығармалары арқылы халқын рухани бірлікке шақырған даналарымыздың еңбектерін де осы кітап көрмесінен таба аласыздар.
Осыдан 100 жыл бұрын болған ұлт-азаттық көтеріліс естеріңізде ме? Иә, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс.
Тарих аренасына Торғай облысынан Аманкелді Иманов, Әулиеатада Аққөз Қосанұлы, Жетісуда Бекболат Әшекеев бастаған көтерілістер бұрқ ете түсті. Оларды қолдаған ірілі-ұсақты көтеріліс еліміздің әр жерінде бой көтерді. Ал, осындай көтеріліс біздің өңірдің қай ауылында болды? Ол - ағынбай Жетпісұлы бастаған Тайынты көтерілісі.