Спорт саңлақтары
Ғалымдарымыз елімізді бүкіл Әлем қауымдастығына танытса, спортшыларымыз еліміздің абыройын әлемдік аренада асқақтатып, жас мемлекетті төрткүл дүниеге мойындатты.
1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов 7-қысқы Олимпиада ойындарына ҚР атынан қатысып, қазақ атын бүкіл әлемге асқақтатты. Ол қанжығасына 1 алтын, 2 күміс медаль байлады.
Қазақ спортын сөз еткенде қазақ елінің мақтанышы, алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлын айтпай кету мүмкін емес. Қажымұқан әлем чемпионы атағына қол жеткізген тұңғыш қазақ батыры.
Осы Қажымұқан салған жолмен елімізді әлемге танытқан Юрий Мельниченко (грек-рим күресі), Анатолий Храпатый (ауыр атлетика), Болат Ниязымбетов (бокс), Ермахан Ыбрайымов (бокс) т.б. сияқты спортшылар.
Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ елі де өз Туының астында 5 жазғы, 5 қысқы Олимпиадаға қатысты. Ел құрамасы қатарында Олимпиада ойындарында жас та болса топ жарған спортшылар аз емес. Ғұмыры қысқа болсада жарқ етіп, Сиднейде (2000 ж.) өткен жазғы Олимпиадада алтыннан алқа таққан былғары қолғап шеберіміз Бекзат Саттарханов.
2008 жылы Бейжіңде өткен (19) жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 204 мемлекеттің арасынан 29-шы орынға тұрақтады. Бақыт Сәрсекбаев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика) алтын, Ирина Некрасова (ауыр атлетика), Асқат Жіткеев (дзюдо), Таймураз Тигиев (еркін күрес) күміс, Нұрбақыт Теңізбаев (грек-рим күресі), Әсет Мәмбетов (грек-рим күресі), Елена Шалыгина (еркін күрес), Марид Муталимов (еркін күрес), Еркебұлан Шыналиев(бокс), Арман Шылманов (таэквондо) сияқты т. б. көптеген спортшыларымыз жүлделі орындарды иеленді.
Ал хоккейге келсек, өздеріңіз білесіздер, жерлесіміз олимпиада чемпионы, еңбек сіңірген жаттықтырушы Борис Александров бірден еске түседі. Борис Александров 1976 ж. Инсбрукте қысқы олимпиада чемпионы болды. КСРО және әлем чемпионаттарының 400 матчына қатысып 177 гол соқты. Кейіннен «Торпедоның» (Өскемен) бас жаттықтырушысы болып тағайындалып, Қазақстан құрамасын басқарды. 2010 ж. Өскемендегі Спорт сарайына Борис Александровтың есімі берілді.
Небәрі 33 жасында, 34 рет жеңіске жеткен әлем чемпионы кім? Әрине, Геннадий Головкин (8 сәуір 1982 ж. Қарағанды) Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкинді әрбір қазақстандық мақтаныш тұтады. Өткен жылы Канадалық Давид Лемьені жеңіп, IBF (айбиеф) белбеуінің иегері атанған .
Қазақстан спортшыларының әлемдік деңгейдегі мүмкіндігін нақты көрсетіп берген - Лондон Олимпиадасы. Қазақ спортшыларының бұл табысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары баға берді, ал, миллиондаған жанкүйер шат-шадыман қуанышқа бөленді. Қазақстан 7 алтын 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-ші орынға тұрақтады. Серік Сәпиев (бокс), Илья Ильин (ауыр атлетика), Александр Винокуров (велоспорт), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика), Майя Манеза (ауыр атлетика), жерлесіміз Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика-алтын) сияқты тағы көптеген спортшыларымыз еліміздің абыройын асқақтатты.
Елбасының бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмірді қалыптастыру саясатын жүзеге асыру мақсатында 2011 жылы "Қазақстан Барысы" қазақ күресін дамыту қоры" құрылды.
Қордың негізгі жобасы -"Қазақстан Барысы", «Еуразия Барысы», «Әлем Барысы» турнирлері сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін «Жас барыс» республикалық турнирі. Қордың барлық жобалары қазақ күресін дамытуға және оны насихаттауға бағытталған. Бейбіт Ыстыбаев (2), Мұхит Тұрсынов, Айбек Нұғымаров сияқты Қазақстан барыстарының есімін әрқашан мақтанышпен айтамыз.