Ғалым, зерттеушілер
Қазақ ғылымының атасы атанған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Қаныш Имантайұлы қазақ даласын зерттеп, Қазақстан өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қаныш ағаны айтқанда мына бір естелік еске түседі: 1947 жылы Қаныш аға кеңестік делегацияның құрамында Лонданда болып, Ұлыбританияның әйгілі саясаткері Уинстон Черчилльмен кездескен екен. Қазақ баласын алғаш көрген саясаткер зор денелі, аса келбетті Қаныш ағаға тесірейе қарап: «Қазақтардың бәрі сіздей алып па?» – деп сұраса керек. Сонда Қаныш аға: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, менің халқым менен әлдеқайда биігірек», – деп жауап берген екен. Ойы мен ісінде, тіпті қалжың сөзінде жүрегі әркез халқым деп соққан, туған жерін шексіз сүйіп, оған шексіз берілген Қаныш Сәтбаев, міне, осындай жарқын мінезді біртуар азамат болған.
Филология ғылымын сөз еткенде ең бірінші өзіміздің ШҚМУ-не есімі берілген Сәрсен Аманжолов ағамызды айтуға болады. Белгілі тюрколог, филология ғылымдарының докторы Сәрсен Аманжолұлы жалпы тіл білімі мен қазақ тіл білімінің теория негізін қалыптастыруда А.Байтұрсынов бастаған ғылыми жұмысты жалғастырды. Аманжолов қазіргі қолданыстағы кириллицаға негізделген қазақ жазуын жасады. Сонымен қатар халық ауыз әдебиеті, әдеби тіл тарихын зерттеумен айналысты.
Біздің тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің 25 жыл бұрынғы ғарышқа сапары Қазақстан Тәуелсіздігінің алтын бастауы болды. Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы (1995), техника ғылымының докторы (1998), профессор (1997) Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров. Ғарышта өтеген мерзімі — 1 апта. Тоқтар Әубәкіров Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалады. Отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдірді.
Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев (техника ғылымдарының докторы (2008), авиация генерал-лейтенанты (2007).Талғат Мұсабаев - 1994 ж. ұшқанда 126 күн,. 1998 ж. 2-ші рет ұшқанда 208 күн ғарышта өткізген. Жалпы алғанда ғарышта 1 жылдай уақыт өткізген. Талғат ағаның ерлігі Гиннестің үздік табыстар кітабына кірген.
Талай қазақ баласының ғарышкер болсам деген арманын Айдын Айымбетов орындады. Ол 2015 жылы 2 қыркүйекте ғарышқа аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта 10 күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді. Ғарышкер бір сөзінде: «Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жасалды. Мұның бәрін біздің ғалымдарымыз термоядролық энергетика, плазмалық медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібінде пайдаланатын болады. Кейін олар Қазғарыш пен халықаралық ғарыштық ынтымақтастық аясында жалғасады, - деді.
Ғылыми әлемді дүр сілкіндірген зерттеулер қазақ археологтарының еңбектері. Қазақ археологтары дегенде кім бірінші еске түседі? Әрине, Зейнолла Самашев! Археологтар жаңалықтарының арқасында бүкіл әлем 1-ші мыңжылдықта Орталық Азияда ғаламат өзгерістер жүргеніне көз жеткізді. Соның арқасында Еуразиялық ерекше өркениет пен мәдениеттің негізі қаланды. Тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен 1999 жылы облысымыздағы Қатонқарағай ауданы, Берел ауылының маңынан б.э.д 3-4 ғ. өмір сүрген сақ көсемінің қорғаны табылды. Еуразия номадтарының өркениетін айғақтайтын осы мол мұра әлемдік деңгейдегі ғаламат жаңалық болды.