Көркемсөз өнері - әдебиет - оны сүйген адамның айнымас досы, дана тәлімгері, әрі ақылшысы. Ол әрқашан туған жерге деген сүйіспеншілікті, мейірім мен әсемдік әлемін ұлықтап, оның тарихи тағдыры мен мүддесін, үміті мен арманын айшықтайды.

Қазақ әдебиеті - қазіргі Қазақстан аумағын ежелден мекендеген тайпалардың ғасырлар бойы жинақтаған, рухани бай мұрасының заңды мирасқоры.

Қазақтың ауыз әдебиеті материалдың молдығы, мазмұндылығы және түр көркемділігі жағынан қай халықтың ауыз әдебиетінен де кем түспейді. Көне заманның әдеби ескерткіштері бізге ойма жазуы бар тас мүсіндер орта ғасырлық дастандар, жазу түріндегі лирикалық және эпикалық аңыз-ертегілер түрінде жетті.

ХІХ ғасыр - қазақ әдебиеті тарихындағы жаңа кезең болды. Шығыс Қазақстан осы кезеңнен бастап, қазақстандық мәдениет рухани орталықтарының біріне айнала бастады. Оның ежелгі ата-мекен жерін көмкөріп тұрған көгілдір күмбезінде жазушылар мен ақындардың жаңа шоқ жұлдызы пайда болды.

Абай Құнанбаев (1845-1904) - ақын-ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер.

Қазақ тарихының бұрынғы кезеңінде де қазіргі кезеңінде де Абайдан аруақты, Абайдан рухты ақын тумаған. Оның дарыны даладай дархан, шығармашылық дүниетанымы кең де сан қилы еді.

Айналасындағы әлем мен өзінің ішкі сезіміне жарқылы мол жанармен үңіле отырып, кемшіліктер мен келеңсіздіктерді де жасқанбай айта білді. Оның өлеңдерінде терең философия мен ұшқынды ой, ақыл мен ғибрат жатады. Абайдың әдебиет мектебі келешек ұрпаққа сара жол сілтерлік қажымас қуат көздері болды. Шәкірттерінің арасында Шәкәрім Құдайбердіұлының алар орны ерекше.

Шәкәрім шығармашылығындағы сүйіспеншілік тақырыбы оның «Еңлік-Кебек», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қалқаман-Мамыр» поэмаларына арқау болған.

Қазақ әдебиетінің тұлғалы өкілдерінің бірі - Дулат Бабатайұлы (1802-1874). Аягөз ауданының түлегі, өз өлеңдерінде ол халық басынан өткен қилы тағдырды сипаттап, орын алып отырған келеңсіздіктерді мінейді. Алғашқы өлеңдер жинағы 1880 жылы Қазан қаласында басылып шыққан.

Өз бойына суырып салма ақындық пен әншілік өнерін қатар ұялатқан ақын - Әсет Найманбаев (1867-1922), поэтикалық қуаты жағынан Низами мен Навои шығармаларымен, А.С. Пушкиннің «Руслан мен Людмила» поэмаларымен үндес «Батыр Кейпін», «Ортақ арал» т.б. эпикалық туындылардың авторы Ш.Әбенов, белгілі абайтанушы Қ.Мұхамедханов, қазақ әдебиетінің көгіндегі жарқырай көрінген М. Әуезов шығыстың мақтаныштары.

Шығыс Қазақстан әдебиетінде тамаша туындылар туғызып, өзіндік орын ала алмай алмай келе жатқан жазушы Г.Гребенщиковтың орны бөлек. Тағы сондай жарқын есімдердің бірі - Павел Васильев пен Александр Волков.

Тағы да бір жарқын талант иесі Анатолий Иванов (1928-1999) Кенді Алтайдың мақтан тұтар тұлғасы.

Халқына «Соңғы көш», «Дарабоз» сияқты эпикалық романдар мен жиырмаға тарта повестер мен әңгімелер жинағын тарту еткен ерекше дарын иесі Қ.Жұмаділов - Шығыс Қазақстанның төл перзенті, Мемлекеттік сыйлықтың алғашқы иегерлерінің бірі.

Прозашы, драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық Жамбыл атындағы әдеби сыйлықтың, Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақов - Катонқарағай ауданының тумасы.

Шығыс Қазақстанның бүгінгі әдебиетін О.Бөкей, Р.Сейсенбаев, Ұ.Есдәулетов, Р.Мұқанова, А.Кемелбаеваларсыз елестету мүмкін емес.