4 маусым күні кітапхананың ұйымдастыруымен жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, ақын, журналист Бақыт Ихсанұлының «Қарымды журналист, сыршыл ақын» атты шығармашалық кеші өтті.
Ақынның кешіне әріптестері, жерлестері, туған-туыстары, өнердегі жанкүйерлері қатысты. Шарада ақынның өлеңдері оқылып, әріптестері естелік, лебіздерімен бөлісті
Бақыт Ихсанұлы 1934 жылы 31 мамырда ШҚО Тарбағатай ауданы Бозша ауылында дүниеге келген. Жастайынан колхоздың қара жұмысына жегілгендіктен тыл ардагері атанды. Алғашқы өлеңдерін мектеп қабырғасында жүргенде жазған. 1954 жылы Зайсан қаласындағы педагогикалық училищесін бітіріп, еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1964 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
Тарбағатай аудандық газетінде редактордың орынбасары қызметін атқарды. Баспасөзде қырық жылға жуық қызмет етсе, сол жылдардың денін облыстық газеттің Тарбағатай ауданы бойынша меншікті тілшісі болып өткізді. Оның облыстық «Коммунизм туы» – «Дидар» газетіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегін жерлестері ұмыта қойған жоқ.
Өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық баспасөздерде – «Балдырған», «Жұлдыз», «Ақ Ертіс» журналдарында, бастауыш мектептің «Қазақ тілі» оқулығында жарияланған. Ақынның «Сырымды айтам», «Жырла жүрек-сырласым», «Тамырым менің тереңде», «Ұйқым келмейді», «Қанатты жылдар» «Таңдамалы» кітаптары оқырмандарының көңілінен шыққан. Бұл жыр жинақтары әр тарбағатайлықтың кітап сөресінен лайықты орын алған кітаптар. Бақыт аға жас кезінде айтыскер ақын ретінде де танылған. Бақыт Ихсанұлы 2016 жылы 31 тамызда дүниеден өтті.