7 қазан күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тарихшы, өлкетанушы, Көкпекті ауылының тұрғыны Малғаждаров Қайрат Қапайұлының шығармашылық кеші өтті.
Малғаждаров Қайрат - 1962 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданындағы Көкжыра ауылында дүниеге келген. Өскемен педагогикалық училищесін тәмамдаған. «Арманның жетегінде жүріп әртіс болып кеткен кезім де болды. Сонау 1978 жылдары Төлеухан Бадығанов құрған кеншілер сарайындағы «Маздақ» театрында қойылған «Бөлтірік бөрік астында», «Ажар мен ажалда» басты рөлдерді сомдап, Өскемен жұртшылығына әртіс ретінде танылғаным тағы бар» дейді Қайрат Малғаждаров. Кейіннен құқық қорғау органдарында, аудандық «Жұлдыз» газетінде қызмет атқарған.
Қаламгердің 1979 жылдан бері аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде өлеңдері мен мақалалары жарияланып келеді. Қайрат Қапайұлы Көкпекті өңірінің табиғаты мен тарихын жырға қосып, туған жерін әспеттеген, заман туралы тереңнен толғаған «Спят курганы во мгле», «Ардақтаймын Алтайды», «Тілім барда», «Туың биік желбіресін Тәуелсіз Қазақстаным» кітаптарының, өзі тұрып жатқан өңірдегі Қара кезең таңбалы тастарын, Боршабұлақ петроглифтерін, Қалыбай геоглифтері жайында «Көркейген өлке Көкпекті», «Көкпекті ауданының киелі жерлері» кітаптарының авторы. Г. Гребенщиковтың бірнеше шығармасын қазақ тіліне аударған. Қайрат Қапайұлы Көкпекті ауданы аумағындағы 73 археологиялық нысанды тауып, киелі жерлер тізіміне тіркеткен. Көкпекті ауданының тарихи, киелі жерлерінің картасын жасауға, «Көкпекті» журналы мен «Көкпекті» энциклопедиясының шығуына атсалысқан. Бүгінде аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде қызмет атқарады.
Байланыс тел.: 26-13-33
WhatsApp: +7 705 282 1127