
Ақтан Нұрбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық ақындар мектебінің ашылуы
09 наурыз күні сағат 10.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Ақтан Нұрбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық ақындар мектебінің ашылу салтанаты өтеді.
Кез келген ақын дара шауып, жүйрік атанбайды. Оған жас кезінде-ақ бағыт-бағдар мен ақыл-кеңес беретін рухани орта керек. Құрылып жатқан Ақындар мектебінің де басты мақсаты – бүршігін жаңа жарып, көктемдей құлпырып келе жатқан талантты жастардың шабытына шабыт қосу, қолдау, бағыт беру.
Бойында ақындық дарыны бар жастар Ақындар мектебінде бірнеше бағыт бойынша тәлім алады. Атап айтқанда, «Ақындық өнерге» жазылған жастарды айтысқа баулу, жыр мақамдарымен таныстыру жоспарланса, «Поэзия» бағыты жазба ақындық өнеріне баулиды. Сондай-ақ «Шешендік өнер» құпияларымен танысамын деген жастар сөз шеберлігіне жету жолдары, сахна мәдениетімен танысып, өлеңді мәнерлеп оқуға үйренеді.
Ақындар мектебі өңіріміздегі айтыс өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан, ұлағатты еңбегімен елге үлгі болған жерлес ақын Ақтан Нұрбаевтың есімімен аталады.
Аталмыш шараға есімі алашқа танымал тұлғалар, атап айтқанда аңыз адам, абыз ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман ағамыз бастаған Арқа төрінен, Алатау баурайынан қаламызға келген ел ағалары, ақын-жазушылар қатыспақшы.
Ақындар мектебінің ашылуы жыл көлемінде аталып өтетін айтулы оқиғалар – сөз өнерін өмірінің тұмарына айналдырған жерлестеріміз Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханұлының меретойларына арналған іс-шаралардың бастамасы болмақ.
Барша жырсүйер қауымды Ақтан Нұрбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық ақындар мектебінің ашылу салтанатында күтеміз! Қуанышты шарадан құр қалмаңыз!