|
Жыр данышпаны
Ұлы орыс халқының мәдениет тарихында Александр Сергеевич Пушкиннің алатын орны мейлінше зор. Ол орыстың төл әдебиетінің өрістеу, даму дәуірін бастап, оны ұшан-теңіз халық шығармаларымен байытты. Батыс және орыс поэзиясыньщ таңдаулы табыстарынан қоректене, оларды еркін игере, творчестволық сын елегінен өткізе отырып, өрге сүйреді, орыстың әдеби тілін жасады.
Александр Сергеевич Пушкин 1799 жылы 26 майда Москва қаласында туды. Болашақ ақын сол кездегі жалпы салт бойынша күтуші француз әйелдің тәрбиесінде өсті. Сондықтан, ол балалық шағының өзінде-ақ французша еркін сөйлеп, оқи, жаза білетін болды. Әкесінің бай кітапханасындағы француз жазушыларының шығармаларын түгел оқыды. Сөйтіп, француздың әдебиетімен де, француз революциясының азаттық идеясымен де танысты.
1811 жылы Александр Сергеевич Пушкин Петербургтегі лицейге келіп түсті. Ақынға лицейдегі алты жыл тек білім беріп қана қойған жоқ, дүние көзқарасын ұлғайтып, келешегіне кең жол ашты. Бұл жылдар Ресейде еркіндік пікірдің жаңа ғана қанат жайып келе жатқан кезеңі болатын.
Лицей Пушкиннің бойындағы ақындық дарынның одан әрі өрістеуіне жол ашты. Ол лицей оқушыларының қолжазба журналдарына белсене қатысты. Александр Сергеевич осы лицейде оқып жүргенде орыстың озат ойлы офицері Чаадаевпен танысты. Чаадаевтың өз заманынан шоқтығы биік жатқан дарынды ойына, өрісшіл пікіріне, жұртым деген жүрегіне ақын аса сүйсінді:
«Ол жазмыш өмірімен ұлы алланың,
Кие туды патшаның тор-бұғауын,
Ардақталып Римде бейне Брут,
Периклі болар еді Афинаның,
Ал, мұнда өзге түсіп, еленбестік
Әншейін офицері ол гусардың», –
деп жазды Чаадаевқа арнаған өлеңінде. Шеңбері тар, қатыгез, топас заманның Чаадаев сияқты үздік ойлы адамға ерік бермей, тізгіндеп отырғанына ызаланды.
Чаадаев сияқты халық ақылгөйлерінің әсерімен Пушкин шығармаларында азаматтық сарын пайда болды. Оның жалынды жырлары декабристер қозғалысының рухани құралына айналды. Ақын сол идеяның өткір үгітшісі болды.
«Төлеуі толмас, сатылмас менің жырым
Дабылы болды орыс адамының», –
деп жазды ол осы кездегі өлеңдерінің бірінде. Бұл әлде қалай айтылған сөз емес, өзінің ақындық санасын оята келіп, біржола қорытылған пікір еді. Осы пікір оның келешектегі шығармаларының бәріне ортақ өзек болып қалды.
Сөйтіп, Александр Сергеевич өз жырын еркіндікті аңсаған орыс жүрегінің дабылы етпек болды. Ол келешек адымында осы пікірін дамыта отырды. Өз бойындағы ақындық дарынын еркіндік жолына бағыштады.
Өзінің патшаға қызмет етпейтіндігін, патша құрылысын мадақтап, таза жырын масқараламайтындығын ашып айтты.
Міне, Александр Сергеевич Пушкин лицейді осы сияқты еркіндікке ұмтылған сезіммен бітірді. Бұдан кейін шет елдер коллегиясында істеп жүрген кезінде өзінің көлемді тұңғыш еңбегі «Руслан және Людмила» дастанын жазуға кірісті. Бұл еңбекке кірісер алдында орыс, батыс әдебиеттерінен көптеген материалдар қарастырды. Вольтердің, Ариостоның, Жуковскийдің еңбектерін, орыс фольклорын түгел оқыды. Осы бай қорларды еркін меңгере отырып тың еңбек шығарды. 1820 жылы «Руслан және Людмила» дастаны аяқталды. Бұл орыс әдебиетінің тарихында көптен-ақ тозығы жеткен классикалық теориядан шалғай, еркіндікке бой ұрған, түрінде, жазу әдісінде жаңалық бар романтикалық дастан еді. Негізі фантазия бола тұрса да, ақын осы шығармасының өзінде-ақ өмір шындығына бір табан жақындай түскен болатын. Сондықтан да, әдебиеттегі кертартпашылар оны барынша қатаң сынап көрді. Әдебиеттің атам заманғы қағидасынан шығып кетті деп айыптады.
1820 жылдар Пушкин шығармалары саяси күрес тілегіне мейлінше қабысқан кезең болды. Бұл жылдары ақын көптеген саяси лирикалар жазды. Оның жырларынан сол кездегі құрылысқа, феодалдық тәртіпке қарсылық сарыны бұрынғыдан гөрі де айқын сезіліп отырды. Ақын жаңа тәртіпті, еркіндікті арман етті.
«Еркіндік» деген өлеңінде, өзінің тәкаппар кіндік дүниесін жырламақ болатындығын, патша тағының талқандалуын тілейтіндігін айтты.
Пушкиннің осы лирикалары, патша тобырын мазақтаған өткір эпиграммалары қалың бұқара арасына жедел тараумен болды. Бұл Ресейдің сол кездегі патшасы Александр І-шіні мейлінше үрейлендірді. Халық еркіндігінің жалынды жаршысы Пушкиннің жырларынан үрейленген орыс патшасы 1820 жылдың май айында ақынды жер аударды.
Александр Сергеевич айдауда алты жыл болды. 1826 жылы ресми еркіндік беріле тұрса да, тіпті өмірінің ақтық минутына дейін патша жендеттерінің аңдуынан құтыла алмады. Алайда, ақын өзінің алған бетінен қайтпады. Ол оңтүстікте декабристердің сол қанаттары Пестель, Давыдов, Раевский сияқты адамдармен танысты. Бұл Батыс Европада революциялық ереуілдің дәуірлеп тұрған кезі болатын. Міне, осы жағдайлар ақынның еркіндікті аңсауын бұрынғыдан да өршелендірді. Бұл арманын ол ешбір бүркеусіз, ашықтан-ашық жырлады. Александр І-ге арнаған шығармасында:
«Баулынған дабылымен барабанның
Болды жойқын капитан патша біздің»...
деп, барабан дабылынан өзге ешнәрсені білмеген, елдің келешегі үшін елеулі еңбек сіңіруді ойламаған патшаны әбден масқаралап, келекеледі.
«Қанжар» атты өлеңінде самодержавияны күшпен құлатуды аңсады.
Александр Сергеевич декабристер қозғалысы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін де еркіндікті аңсаумен болды. «Арион», «Чаадаевқа», «Сібірге хат» деген өлеңдерін осы сарында жазды. Ерте ме, кеш пе Ресейде азаттық таңының ататындығына сенді. Сондықтан да:
«Атар жолдас бақыт таң –
Жатпас Ресей мәңгі ұйықтап,
Қираған патша тағына
Жазылмақшы біздің ат!» –
деп толғады ол Чаадаевқа арнаған өлеңінде.
Пушкин оңтүстікте айдауда жүргенде өзінің «Кавказ тұтқыны», «Ағайынды қарақшылар», «Цыгандар» сияқты атақты еңбектерін жазды. Бұлардың барлығы да сол кездегі құрылысқа қарсылық, еркіндікті аңсау сарынымен жазылған еді. Ақын осы шығармаларында өзінің мейлінше өскендігін көрсетті. Оның ақындық тілі, оқиға құруға ұсталығы өз замандастарын аса сүйсіндірді. Ол өз заманының еркіндікке ұмтылған өр адамдарын тамаша бейнелеп берді. «Жастар бұл шығармаларды құмарта оқыды. Өйткені, олар осы шығармалардан өз бейнелерін көрді». (Белинский)
* * *
1823—1830 жылдар арасында Пушкин өзін бүкіл әлемге түгел танытқан «Евгений Онегин» романын жазып аяқтады. Пушкиннің өзі дүниеге жарқ еткен қаншама төтенше көрініс болса, «Евгений Онегин» романы да орыс әдебиетінің тарихында сондай-ақ төтенше көрініс болды. Ақын өз романын сол кездегі орыс өміріне терең үңіле отырып жазды.
Орыс өмірінің шындығын жеріне жеткізе бейнеледі. Сондықтан да данышпан Белинский «Евгений Онегинді» тарихи роман деп атады.
Ақын «Евгений Онегин» романында орыс өмірінің шындық суретін әдебиет айнасына түсіре білді. Автор өзінің дүниелік көзқарасын, өмір бойы аңсаған азаттық арманын, кіршіксіз таза ниетін романға негізгі идеялық арқау етіп енгізді. Кертартпа заманнан түңілген, бірақ, шығар жол таба алмай дағдарған, соның салдарынан жас кездегі жайдары жаны түнек тартқан ызалы Онегиннің бейнесін бүкіл ішкі қайшылықтармен түгел суреттеді. Тілегі, мінезі халықпен тығыз қабысқан, орыс табиғатына құмар, моралі кірсіз, терең сезімді, таза махаббатты, адал идеяны арман етуші Татьянаның, өз заманасындағы қоғамдық өмірді әлі жете танымаған, махаббатқа, достыққа романтикалық тұрғысынан ғана қараушы албырт Ленскийдің бейнелерін жасады. «Евгений Онегин» кейіпкерлерінің жоғарғы ортадан алынғандығына қарамастан шын халықтық роман еді. Өйткені одан орыс әлемі, орыс табиғаты, астанасы мен деревнясы, әсіресе, орыс халқы барынша кең суреттелді. Сондықтан, ол орыс өмірінің энциклопедиясы деп аталды.
Александр Сергеевич осы өмір шындығын көрсетуге алған бетін өрістете отырып, орыс сахнасының тарихына тағы да бір ұлы өзгеріс енгізді. 1825 жылы «Борис Годунов» атты трагедиясын аяқтады. Автор бұл шығармада халқын сүйген, ой-жігерін осы жолға бағыштаған, Ресейді тұтастыруға, жаңалық енгізуге ұмтылған ақылды, мемлекет қайраткері — Бористің бейнесін жасады. Оның ішкі жан дүниесін түгел ашты, өткен күнәсі үшін тәңірден жаза күтіп дағдарған, халыққа сенбей, орынсыз қаталдық істегендіктен арқа сүйер тірексіз қалған аянышты күйін суреттеді. Халықты негізгі күш етіп көрсетті. Сөйтіп, негізгі халық күшіне сүйенбестен, ат төбеліндей офицерлердің әрекетімен ғана әлеуметтік құрылысты өзгертпек болған декабристердің - дарашыл қаһармандардың қателіктерін барынша толық дәлелдеді.
Пушкин өз халқын, оның ұлы адамдарын мейлінше сүйген шын отаншыл ақын еді. Ол өзінің «Полтава» атты дастанында сол отаншылдық сезімді тамаша жырлап берді. Орыс елінің келешегі үшін тарихи жол салып, «Европаға есік ашқан», орыс халқының жеңімпаздық күшін бүкіл әлемге танытқан ірі қолбасшы, келешегін күнілгері болжаған алымды мемлекет қайраткері ұлы Петрдің жарқын бейнесін көрсетті. «Ресейдің европалық өмірге талпынғандығын әлемге хабарландырған Полтава жеңісінің дүмпуін» тамаша суреттеп берді. Қара басының қамы үшін отанын сатқан Мазепара қарама-қарсы ел мүддесін жоғары ұстаған Кочубейдің бейнесін жасады. Автор өз дастанының идеологиялық негізін отаншылдық терең сезімге бағындырды. Заманындағы озат идеяға ұмтылушыларды, отан игілігі үшін құрбандықтан қашпаушыларды, ондай орынды құрбандықты қасиет - бақыт деп түсінушілерді дәріптеді.
* * *
Александр Сергеевич Пушкин дворяндық ортадан шыға тұрса да, өзінің ұстаған идеясы, көксеген арманы, халық тілегіне қабысқан жырлары арқылы шын мағнасында халықтық ақын болды. Ол өзінің «Капитан қызы», «Дубровский», «Бекетші» тағы сол сияқты шығармаларының қайсысында болса да халық мүддесін жоқтады. Пушкин өзінің қысқа өмірінің ішінде орыс көркем әдебиетіне мұра боларлық негіздердің бәрін түгел қалап үлгерді. «Пушкинсіз Гоголь де, Лев Толстой да, Тургенев те, Достоевский де ұзақ мезгіл шықпаған болар еді. Осы ұлы орыс адамдарының бәрі де Пушкинді өздерінің рухани бастамасы деп мойындайды» (Горький).
Пушкин орыстың төл әдебиетінің негізін қалаумен бірге, бүкіл дүние әдебиетінің алтын мұнарасын тұрғызушылардың қатарынан ардақты орын алды. Оньң шығармалары еркіндікті сүюші бүкіл адам баласының алтын қазынасына айналды.
«Дауысым Ресейге кетер жалпақ,
Тіл біткен жүрер менің атымды атап»...
деп өзі айтқандай, оның атағы бүкіл әлемге тегіс таралды. Ұлы ақынды қазақ халқына алғашқы таныстырған данышпан Абай болды.
Бүгін бүкіл Ресей топырағын мекендеген бауырлас халықтардың өкілдері өздеріне ортақ бай қазына қалдырған ардагер ақынның рухына бас иеді. Әлемге бұл сияқты дарынды, данышпан ақын берген Ресей табиғатын, ұлы орыс халқын мадақтайды.
Қолданылған әдебиет.:
Абдрахманов С. Біздің Пушкин: Зерттеу. - Астана: Елорда, 1999.- 192 б.
Әлімқұлов Т. Жемісті жолда: Әдеби-сын мақалалар жинағы.- Алматы. - 1958.- 160 б.
Өтебәлі Ғ. А.С. Пушкин туралы. - Орал: "Оптима", 2006.- 164 б.
Сәтбаева Ш. Достық дастандары: Зерттеулер, мақалалар.- Алматы: Жазушы, 1983
Редько З. Русьте талай ақын болған // Жұлдыз.- 1974.- N6.- Б.219-221
Сүйіншәлиев Х. Әлемге шыққан аты бар // Қазақстан мұғалімі.- 1977.-18 февр.
үстіне
|