Ақының немересі Ұлжан Жұмабаеваның естелігі:
«Дариға, аяқталмай үзілді жыр...»
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1997 жылы Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялағаны белгілі. Оның үстіне, жуырда Президенттің және бір Жарлығы жарық көрді 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.
Мен сол саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ұлы ақын атам Мағжан Жұмабаевтың суретіне жиі-жиі көз жүгіртемін. Оның ақыл мен мұңға толы көздеріне әрдайым үңіле қараймын. Жүрекке жылы сүйкімді жүзінен көз ала алмай, ұзақ отырамын. Терең ойға шомып, осындай ұлы адамның сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып кеткеніне өкінемін. Сол қуғын-сүргіннен Мағжан Жұмабаевтың отбасы мүшелері де, әкесі де бірге өскен бауырлары да зардап шеккенін біреу білер, біреу білмес. Олар да сол бір зұлмат тағдырдың тырнағына ілігіп, адам айтқысыз ауыр тауқымет тартты. Мысалы, ақынның әкесі Бекен бабамыз Сібірге жер аударылар алдында қайтыс болса, ағалары Аба-Мүсілім мен Қаһарман сталиндік лагерьде айдауда жүріп опат болды, інілері Сәлімжан, Қалижан, Мұхамеджан өмірлерінің соңғы күндеріне дейін саяси қуғын-сүргін құрығынан құтыла алмай, азап шегумен өтті. Кенже інісі Сабыржан өмір бойы Қырғызстан жерінде бой тасалаумен жүруге мәжбүр болды. Қазақстанға қартайған шағында, ажалының аз ғана алдында қайта оралды.
Ең өкініштісі - олардың ешқайсысы да Мағжан Жұмабаевтың ақталған, кітаптарының көп таралыммен халқымыздың қолына қымбат қазына ретінде қайта оралғанын көре алмай, арманда кетті.
3арыға күткен бұл күнді ақынның зайыбы, менің сүйікті әжем Зылиқа Жұмабаева ғана көре алды. Ол осыдан бес жыл бұрын Мағжан атамның ұзақ жылдардан соң қайтадан басылып шыққан жыр жинағын көзімен көріп, қолымен ұстаған қуанышты күннен кейін көп ұзамай дүниеден озды. Ақынның адал жары болған Зылиқа әжем Мағжан атамның басына түскен барлық ауыртпалықты оқып жүрген кезінде де, қуғын-сүргінге ұшыраған тұста да, лагерьде айдауда болған жылдары да онымен бірге бөлісіп өтті. Жұрт оны «Қазақтың декабрист келіншегі» деп бекер атамаған болатын. Ол өзінің сүйген жарына өмір бойы мейлінше берілген адалдықтың үлгісін көрсетіп өтті.
Тағдыр менің Мағжан атама небәрі 45 жыл өмір сүруді жазыпты. Оның да он жылдан астам уақыты түрмелер мен лагерьде өткен екен. 1893 жылы дәулетті де зиялы әулетте дүниеге келген ол білімге ерекше құштар болған көрінеді. Қызылжар Уфа, Омбы, Ташкент, Мәскеу қалаларының оқу орындары мен кітапханаларында ізі қалған. Алғаш төрт жасында ауыл мұғалімінен хат таниды, 1905 жылы Қызылжар (қазіргі Петропавл қаласындағы медресеге оқуға түседі. 1910 жылы медресені үздік бітіріп Бекмұқамед Серкебаевпен (қазіргі халық әртісі Ермек Серкебаевтың әкесі) бірге Уфадағы Медресе-Ғалияға барып түседі. Бұл медреседе белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен танысады, қазақтың болашақ классик жазушысы Бейімбет Майлин, башқұрттың халық жазушысы Сайфи Құдашпен бірге оқиды. С. Құдаш кейін ақын тағдырына араша түсіп, 60 - жылдары Л. Брежнев пен Д. Қонаевтың атына ашық хат жазғаны белгілі.
Мағжан атамның алғашқы жазған өлеңдерінен оның ақындық талантын ерте таныған, кейін оның «Айға» деген өлеңінің:
Кең дала көресің ғой ана жатқан,
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдай тәтті сулары бар,
Әне, сол анам еді мені тапқан! —
деген бір шумағын өзінің «Қазақ қызы» атты романына эпиграф етіп алған Ғалымжан Ибрагимов шәкірті Мағжанға оның өз білімін одан әрі толықтыра түсуіне ұстаздық ақыл-кеңес береді. Осыдан соң Мағжан Жұмабаев Омбыдағы мұғалімдер семинариясына барып түседі де біраз уақыт бойы сол қалада тұрып қалады. Қазақтың тағы бір көрнекті ақыны Сәкен Сейфуллинмен осында танысады. 1923—1927 жылдары Мәскеудегі жоғары әдеби-көркем өнер институтында оқиды. Ол кезде бұл институтты орыс әдебиетінің аса көрнекті өкілі, кейін Мағжан поэзиясын өте жоғары бағалап, оны қазақтың Пушкині атаған Валерий Брюсов басқаратын. Ақын осы институт қабырғасында жүрген кезінде орыс әдебиетімен, Батыс Еуропа әдебиетімен неғұрлым жете танысады. Өз шығармашылығында жаңа биіктерге көтеріледі.
100 жылдық мерейтойы үстіміздегі жылы аталып өткелі отырған заманымыздың заңғар жазушысы ұлы Мұхтар Әуезовтің Мағжан шығармашылығы туралы сол кездің өзінде былай деп жазуы тіпті де тегін емес: «Мен Абайды сүйемін. Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Еуропадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызығын көріп, сезгендей боламын. Мағжан - мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай. Бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңдігін терген ақын болмайды. Заманнан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет, әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз - Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін».
«Мағжан өлеңдері» оның 14 жасынан бастап жарық көре бастады. Алғашқы кітабы «Өзек» деп аталған. 1912 жылы Қазанда «Шолпан» жинағы шығады. 1922 жылы Ташкентте «Сана» журналында әйгілі «Батыр Баян» поэмасы жарияланған.
Ақынның алғашқы таңдаулы шығармалар жинағы 1923 жылы Ташкент қаласында көрнекті қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың алғы сөзімен жарияланған болатын. Тап сол жылы оның «Педагогика» деген еңбегі де оқулық ретінде басылып шықты. 1924 жылы Мәскеуде «Сұңқар жыры» («Соколиные песни») жинағы жарық көрді. 1925 жылы «Ақ боз ат» жинағы, 1926 жылы «Балаларға базарлық» кітапшасы, 1927 жылы «Жүсіп хан» дастаны мен «Ертегілері» жарық көреді.
М. Жұмабаев сонымен бірге Лермонтовтың, Гётенің, Гейненің, Феттің, Байронның, сондай-ақ басқа да орыс және Батыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын аударған. Шығыс халықтарының, бірқатар Еуропа халықтарының тілін білген.
Филология ғылымдарының докторы Мүсілім Базарбаев М. Жұмабаевтың шығармашылығы жөніндегі зерттеу еңбегінде былай деп жазады:
«М. Жұмабаевтың ақындық табиғаты Абайға да, одан кейінгі ақындарға да ұқсамайды. Оның қайталанбас қолтаңбасы өзіндік екені даусыз. Әрине, Абайды білген, оның ақындық тәжірибесіне сүйенген. 1923 жылы Ташкентте жасаған баяндамасында Жүсіпбек Аймауытов Абай мен Шәңгерей Бөкеевтің кейбір өлең жолдарын ара-тұра салыстырады. Мұны түсінуге болады. Өйткені Қазақ топырағында арасы қашық емес мезгілде өмір сүріп, қалыптасқан адамдардың өмірді түсініп, ұғынуы біртектес болуы мүмкін. Бірақ Шәңгерей Бөкеевке қарағанда Абайда әлеуметтік, рационалдық уағыз басым. Шәңгерейде әдемілік, сұлулық, келістілікті суреттеу күшті...
М. Жұмабаев творчествосы, әрине, олардан мүлде бөлек. Әлеуметтік, эстетикалық, талғам, талабымен айрықша жазылған дүние. Әдебиетімізді айрықша байытқаны да содан. Сондықтан оның өлеңдерінен өне бойы құпия-сыр ұққандай боласыз да тұрасыз, өмірдің өзіндей сан-салалы, сан қырлы поэзия...»
1929 жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген жалған айыптаумен 10 жылға сотталады. Ең өкініштісі сол — 1929 жылдан өмірінің соңғы жылы, 1938 жылға дейін Мағжан Жұмабаевтың не жазып, не қойғаны біздің бәрімізге де осы уақытқа дейін белгісіз. Ал, ақын бұл кезеңде ешнәрсе жазбады дегенге тіпті де сенгім келмейді. Ол, әрине, жазған. Бірақ жазғандары қолды болып, үшті-күйлі жоғалып кетуі де әбден мүмкін. Ақынның өз сөзімен айтқанда, бәрі бір:
Дариға, аяқталмай үзілді жыр,
Сұм жүрек жалын болып қалды ғой құр». - болды.
Қазақ халқының біртуар ұлы ақыны М. Жұмабаев 1988 жылы Ахмет Байтұрсыновпен, Жүсіпбек Аймауытовпен, Міржақып Дулатовпен бірге ақталды. Әдебиет зерттеушілерінің пікірі бойынша, Мағжан Жұмабаев - XX ғасырдағы аса көрнекті ақын. Ол қазақ поэзиясының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Бұл ретте оны ұлы Абаймен ғана салыстыруға болады. М. Жұмабаев шығармашылығы - бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ қазынасы. Сондықтан да оны түркі тектес халықтарының барлығы да өздерінің төл перзенті, төл ақыны ретінде құрметтейді. 70 жыл бойы аты ұмыт болған ақынның есімін олар зор сүйіспеншілікпен еске алып, оның шығармаларын сүйсіне оқиды. Сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған ұлы атамның шығармалары түркі тектес халықтардың ортақ қазынасына айналып отырғанын көріп-білу - мен үшін, оның немересі үшін, орасан зор бақыт!
Ұлжан Жұмабаева, ақынның немересі.
Егемен Қазақстан. 22 сәуір.- 1997 ж.
Мен 1960 жылы Мағжанның ақталған қағазын қолыма алғаннан соң, Түркістанның әскери округіне: «Мағжан Жұмабаев қашан, қай жерде қайтыс болды?» - деп, хат жаздым. Олар: «1943 жылы жүрек ауруынан қайтыс болды» - деп жауап берді. Ал 1988 жылы «ҚӘ» газетінің бетінде Мағжан 1938 жылы март айында атылды деп хабарлады. Сонда осы екі сөздің қайсысына нануға болады?
...Мен Мағжан мен Сәкеннің жүрген ізін қайталап, Алматы «ішкі абақтысында» бір емес, бірнеше рет отырғандардың бірімін. Алматы абақтысынан шыққаннан соң мен Тайшет лагеріне барып, бес жыл ағаш кестім де, одан кейін Колымаға барып бес жыл алтын қаздым. Осы лагерьлердің бәрінде де 1937 жылы ұсталып кеткен жақын-жамағайындарды іздестірумен болдым. Ең алдымен өзімді осы өмірге әкелген әкем Жармұхамед пен жанымдай жақсы көрген ұстазым, өзімді поэзия бақшасына бағыттаған Мағжан екеуін іздедім.
Мен 1943 жылдан бастап 1951 жылға дейін Тайшетлагте өмір өткіздім. 142 километрдегі бір колоннада статист болып істедім. Міндетім: колоннаға келген-кеткендердің есебін жүргізіп отырамын. Өлген адамдардың карточкасының бірінші бетіне қара сиямен крест қоям да, сыртқы таза бетіне қай күні, қай жылы, қай жерде өлгендігін жазып, «Совершенно секретно» деген конвертке салып, Мәскеудегі ГУЛАГ-тың басқармасына жіберем. Зонаға жаңадан келгендердің картотекасын жасаймын. Кеткендерді есептен шығарамын.
Бір күні бізге 100 шақты адам келді. Бастықтарға қосылып оларды қабылдадым. Сонымен бірге мен осылардың ішінен өзіме бір жәрдемші алғым келді де: «Сендердің ішіңде әдемі жазатын бір сауатты адам бар ма?» - деп сұрадым, тұрғандардан. Әй, шолақ белсенді, иди ко мне! Я красиво пишу, возьми меня писарем. В прошлом я адъютант Кулымбетова, - деді, бір сары орыс. Мен Құлымбетовтың адъютанты болып істегем, әскери атағым полковник. Сол үшін 15 жыл алдым. Енді, міне, бізді сонау Мұз мұхитының бер жағындағы Колымадан алып келді. Мен Колымада қазақ халқының ұлы көсемі Әлихан Бөкейхановпен бір зонада болдым - деді. Бұл - Анатолий Харлампиевич Медников дейтін кісі екен. Сол бірінші кездескенде мені өзіне баурау ниетімен Асфендияров, Ермеков, Сәкен, Мағжан сияқты кемеңгерлердің атын атады.
Мен оны ертіп алып кеттім де, асханаға апарып тамаққа тойғыздым. Содан жататын бөлмеге апарып, оған өзімнің жанымнан орын бердім, ертеңіне өзіме көмекші етіп алдым. Өзі өте әңгімешіл, білімді кісі екен.
Мағжан екеуіміз «ішкі түрменің» 19-бөлмесінде отырдық. Мағжан өте қызық адам, анекдоттар айтып, ішек-сілемізді қатырады. Оған ешбір тексеру де жүргізген жоқ, соттаған да жоқ... Ол кісіні тек халықтан бөлу үшін ғана абақтыға салып қойған. Түрме бастықтары оны үш күн сайын шақырып, нан, май, темекі беріп тұрады. Ол соның бәрін бізбен бөліп жейді. Мағжан өзін соттамайтынын тек шалғай жаққа еркін жер аударатынын бізге айтып отыратын. Мені 1938 жылы күздікүні Колымаға аттандырғанда, Мағжан сол 19-шы бөлмеде қалған. Одан арғы тағдырын мен білмеймін - деді Мединов. Ал енді осы Мединов маған Әлихан Бөкейханов туралы да көп әңгіме айтты: «Әлихан менімен бірге Колымада болды. Алғашқы кезде су қайнататын қазанның астына от жағушы болып істеді де, біраздан соң бухгалтерияда есепші болды. Ал үстіндегі киімдері - өзінің еркіндікте киіп жүрген киімдері еді: түлкі ішік, қаракөл бөрік тағысын тағылар...»
Барлық лагерь бастықтары Әлекеңе өте әдепті қарап, құрметтейтін, - деп Мединов Әлекең жөнінде ерекше бір сүйіспеншілікпен сыйлаушы еді.
Ал енді Мағжанға оралайық. 1950 жылдың соңғы айларында біз тұратын Колоннаның бастығы майор Привалов мені бөлмесіне шақырып алып: «Дайындал, ұзақ сапарға жүресің» - деді. Лагерь шаруашылығын басқаратын өзінің орынбасарын шақырып алып: «Мынаны ылғи жаңа киіммен киіндір, ұзақ сапарға шығады!» - деді.
Мені киім беретін жерге алып барып, ылғи жаңа киімдермен киіндірді. Әсіресе аяққа киюге берген пимасы тамаша әдемі екен. Мен киініп алып, жататын жерге келіп, қазақ достарыма болған жағдайды айттым. Олар қайран қалды: «Сені Алматыға апарып, босатып, қоя беретін шығар» деп те шуласты.
Тайшеттегі пересылкеге алып келді. Сонда бір ай жүрдім. Қайда алып кететінін біле алмай қойдым. Бір күні сол жердегі әйелдер колоннасынан орыстың тамаша әншісі Лидия Русланованы да алып келді. Келген бетте бәріміз Лидияны қоршап алдық. Орыстың бұлбұлын көргенімізге керемет қуандық. Оны да әдемі киіндіріпті. Мен бір қағаберісте ол кісіден: «Сізді де үкімет әдемі киіндіріпті ғой, тегі бір ұзақ сапарға аттандыратын болу керек. Мені мұнда әкелгеніне бір ай болып қалды. Бірақ қайда апара жатқанын білмеймін» дедім. Русланова жұлып алғандай: «Қуана бер! Бұл сапарыңды жаманшылыққа емес, жақсылыққа жоры. Екеуімізді де сотталған жерімізге алып барып, бостандыққа жіберетін болу керек!» - деп көңілді пікір айтты.
Күндердің күнінде екеуімізді бір «Столыпинның вагонына отырғызып, батыс жаққа аттандырып жіберді. Новосибирьге келгенде мені вагоннан түсірді. Лидия менімен көңілді қоштасты да: «Сені алда бақыт күтіп тұр, Хамза! Хош сау бол», - деп қала берді.
- Сізге мен де бақыт тілеймін! – деп кете бардым.
Мені Новосибирьдің түрмесіне қамады. Бес күннен кейін Алматы поезына салып жіберді. Алматының «ішкі түрмесінің» жеке бөлмесіне кіргізді. Үш күнге дейін ешкім келмеді. Төртінші күні тексерушіге алып барды. Абдулов дейтін жас қазақ жігіті (аға лейтенант) күліп қарсы алды. Сібірдің мән-жайын, лагерьде не көргенімді сұрап танысты.
- Мені мұнда неге алып келдіңіздер? - деп сұрадым жігіттен.
- Сіз Армияда Жұмақанов деген жігітпен бірге болған екенсіз. Кейін тұтқында да бірге болыпсыз, сол кісімен беттестіруге алып келдік.
- Сонда қалай, мені бостандыққа шығармайсыздар ма? Ана жылы мені нахақтан соттаған осы арада. Соғыс біткенде мен немістің түрмесінен шыққанмын. Фашистің түрмесінен шыққан адамды әкелді де, совет үкіметінің түрмесіне салды. Осындай бола ма екен? - дедім күлімсіреп.
- Бұл жағдайды бастықтар зерттейтін шығар. Мен кішкентай адаммын ғой! – деді жігіт.
Сөйтіп мені Алматы абақтысында екі айдай ұстады. Бір ай жеке бөлмеде, екінші айда жалпы бөлмеде, қазақ жігіттерімен бірге болдым. Бәрі де соғыс жылдары Германияда тұтқында болғандар екен. Олардан басқа біздің үстімізге жебірей шалдарын бір-бірлеп әкеле бастады.
- Сіздер не істеп едіңіздер? – деп сұраймыз жәбірейілдерден.
- Түк істеген жоқпыз. Әйтеуір бізге Сталин өшігіп жүр! – деп жауап береді олар. Түрмеге жаңа түскен қазақ жігіттерінен мен қазақ елінің хал-жағдайын сұраймын. Олар: «Қазақ – бұрынғы қазақ баяғыдай бірінің-үстінен бірі арыз жазып жатады. Тіпті керек десең, әлдеқашан сүйегі қурап қалған Кенесары мен Наурызбайдың аруағының сыртынан 58-статьяның «А» тармағымен соттап, Колымаға аттандырайын деп жатыр! – деп күледі олардың кейбіреулері.
Содан соң жігіттер осы бөлмеде бір Князь дейтін адамның болғандығын, оның өзі өте қызық адам екендігін, түрме басшыларына ешбір бағынбайтынын әңгіме етті.
Күндердің күнінде мені келген жеріме - Тайшетке қайтадан жіберуге бөлмеден алып шықты. Абақты күзетшісінің бөлмесіне алып барып, тінте бастады. Бір уақытта менің үстіме бір қара сақалды ұзын бойлы, қара шашты, көздері тостағандай қап-қара адамды әкеліп, оны да тінтті. Бізді тексеріп, тінтіп жатқан екі лейтенанттың біреуі әлгі кісіге:
- Нука, Князь, выворачивай свою сумку! - деді. Мен бұл кісінің бөлмедегі қазақ жігіттерінің айтып жүрген «Князі» екенін түсіне қалдым. Оның дорбасының ішінен күзетшілер ақын Феттің екінші томын тауып алды.
- Біздің абақтының кітабын қайда апарасың, кәззап? - деп ақырды күзетші.
- Бұл сендердің кітаптарың емес, мен былтыр Новая Землядан Ленинград абақтысына келгенде, бұл кітапты сондағы абақтының бастығы маған сыйға берген! – деді Князь.
- Жоқ, өтірік айтып тұрсың, суайт! Міне, сыртында біздің абақтының мөрі бар! - деп, лейтенант кітапты Князьдің қолынан жұлып алғанда, Князь кітапты оның қолынан қайта жұлып алды да, лейтенантты, басымен сүзіп кеп қалды. Лейтенант жерге сылқ ете түсті. Әскери адамдар қаптап кетті. Қолына темір кісен салды да, менімен бірге қараңғы машинаның ішіне тығып жіберді.
Бәрімізді бірінші Алматыға әкелді де, жүрейін деп тұрған поездың «Столыпин» атты вагонына сүңгітті де жіберді. Әйелдерді әйелдердің купесіне, бізді соның жанындағы еркектердің бөлмесіне орналастырды. Онда Алматылық екі жас жігіт - бірі қазақ, бірі орыс - отыр екен. Олармен Қазақстанның қазіргі хал-ақуалы туралы біраз әңгімелестім. Қандай жаңа кітаптар шыққанын сұрадым. Олар Мұхтардың «Абай» деген романын біраз дәріптеді. Абай туралы әңгіме басталғанда, Князь іліп әкетті:
- Одақта Мұхтарға тең келетін бірде жазушы жоқ. Ол данышпан Абайдың бейнесін керемет әсерлі суреттеген, - деп бір тоқтады. Содан соң Семейдегі Гоголь атындағы кітапханада бір надан чиновникті Абайдың масқаралағанын айтып, қарқ-қарқ күліп алды. Біраздан соң мен одан:
- Князь аға. Сіздің ұлтыңыз кім? – деп сұрадым.
Ол: - «Арғы атам араб, бірақ шешендер елінде туып-өстім» - деді.
- Новая Земляда қазақтар бар ма? – деп сұрадым.
- Е, қазақтың зиялыларының бәрі сонда. Олардың ішінде тамаша білімпаздар бар. Олардың айтуына қарағанда, 1937 жылы қазақтың неше түрлі өнерпаздары мен ғалымдарын түгелдей ұстаған көрінеді. Новая Землядағы қазақ зиялыларының ішінде аса құрметтісі Мағжан дейтін ақын болды. Ол кісі сонда «культорг» болып істеді. Екі бөлмелі ағаш үй салып алды. Бір әдемі өзбек әйеліне үйленді. Сенбі күні қазақтардың көпшілігі сол үйге жиналады. Өлең айтады, көңіл көтереді...
Мен төбем көкке тигендей қуандым. Баяғы Медниковтың айтқандары есіме түсті. Құдай жазса, Мағжанды көреді екем! Тәйірі немене Мағжан биыл 58 жаста ғана! - деп қуандым.
Новосибирьге жеткен соң Князь екеуімізді бөліп жіберді. Мені көп кісілер жатқан бөлмеге кіргізді. Есіктен кіріп барғанда, біреу жоғары нардан секіріп түсті де: О, майн либер Хамза! (О, менің сүйікті Хамзам!) – деп, мені құшақтап сүйе бастады. Қарасам Тайшеттегі зонада бірге болған досым немістің ұшқышы Бернар Шиллер екен. Шиллердің жанында бір Шмид дейтін жас неміс жігіті жатыр, ол менімен қазақша сәлемдесті. Оның аржағында бір башқұрт молдасы отыр 1879 ж. туыпты. «Сталиннің құрдасымын, Ғалымжан Ибрагимовтың досымын, медреседе Мағжанның мұғалімі болдым!» - дейді. Мағжанның күшті ақын болғандығын аспанға көтере мақтап, сөйлеп кетті. Бірнеше күннен соң мені Тайшетлагқа алып кетті. Пересылкада екі ай жаттым. Көп қазақ балаларына кездестім. Содан соң мұнда көрген бір қызығын: Батыс Украина жақтан 600 монашканы алып келді. Ғайса пайғамбарға табынған әрі жуас, әрі түк білмейтін бейшараларға лагерь басшыларының көрсетпеген азабы жоқ. Тағы бір көрген масқара: ол – 1945 ж. Гитлердің концлагерінен шыққан неміс коммунистері зонаға сыймай кетті.
- Сендер не істеп едіңдер? – деп сұраймыз біз олардан.
Не істегенімізді өзіміз де білмейміз, әйтеуір Гитлерге де, Сталинге де ұнамайтын, сорлы болдық қой! – деп, күледі олар. 1951 жылдың жазында мені мыңдаған сорлылармен қосып, сонау Мұз Мұхитының бер жағындағы Колымаға жер аударды. Колымада 1954 жылы он жылдық мерзімді сегіз жылда бітіріп, бостандыққа шықтым. Сонда мен сияқты лагерьден шыққан Батырхан деген жігітке кесдесіп едім, ол мені: «осында Мағжан дейтін кісі бар» - деп, бір үйге алып барды. Батырханның айтуы бойынша, түрі, бойы Мағжанға тура келеді. Қысты күні еді. Мағжан қорасының ішінде бірдеңелер істеп жүр екен. «Әне, ана кісі Мағжан!» - деді. Қарасам, алыстан құдды Мағжан сияқты. Келіп сәлем бергеннен соң айқындап қарасам, біздің Мағжан болмай шықты. Бұл Мағжан сол жерде жылқы етін сақтайтын қойманың бастығы екен. Үйіне кіргізді. Әйелі поляк қызы екен. Әйелімен бізді таныстырды да, ең алдымен шай қоюға одан соң ет асуға бұйрық берді. Жеңгей шайды тез жасап берді. Содан соң Мақаң спирт құйған құтының аузын ашты. Біз де көңілденіп әңгімеге кірісіп кеттік.
- Балалар, сендер жассыңдар ғой, білмейсіңдер, осы ғасырдың басында Мағжан дейтін ақын болған, сол кездің өзінде күллі қазақ елі: «Абайдан соңғы ұлы ақын осы болады» деп дәріптеген көрінеді Мағжанды. Дәл сол бір кезеңде мен де туа қалсам керек, әкем «Мағжандай ақын болсын» деп, мені Мағжан деп атапты.
- Қазір сол ақын тірі ме? Тірі болса, қайда? – дедім мен, түк білмейтін кісіге ұқсап.
- Е, тірі, Мағжан қазір Новая Земляда. Осы біз сияқты бос, еркін қызмет істейді, еңбекақы алады. Бірақ, оларға паспорт бермейді, елге хат жаздырмайды.
- Оны қайдан білдіңіз?
- Маған сол Новая Землядан келген жігіттер айтты. Ал сендер білмейсіңдер, сотталмаған Мағжан түгіл 1937 жылы атылуға бұйырылғандардың да көбі тірі. Оларды өте құпия лагерьлерде ұстайды. Денсаулыққа зиян келтіретін жұмыстарға салады. Ол бір. Екіншіден, Исаев Ораз бен Мирзоянды атқан жоқ, жиырма жылға соттаған. Соғыс кезінде Ораз осында экспедитор болып істепті. Бірақ соғыстан соң, ол жоқ болып кетті. «Қайда?» дейсіз ғой. Ешқайда емес, осыдан 100 шақырым жерде, таудың арасында бір үлкен колонна бар. Еш бір адам оның маңына бара алмайды. Күллі білімпаздар сонда тұрады. Оларға өмірдің есігі жабық. Олар өлгенінше сонда болады!..
1956 жылы түгелдей ақталып, әскери билет және тап-таза паспорт алып, елге, одан соң Алматыға келдім. Соғыстан тірі, қалған дос-жолдастарыма кездестім. Олар: Омарғали Құтышев, Рахметолла Райымқұлов, Қапан Сатыбалдин, Дүйсенбек Еркешов, Жолмұрза Самұратов, Рахыш Хайруллин, Асқар Лекеров, Әбдуали Қарақұлов т.б.
Әсіресе, Рахыш Хайруллинмен тығыз байланыста болдым. Өйткені, ол екеуіміз соғыстан бұрын «Социалистік Қазақстан» газетінде бірге қызмет істегенбіз. Күндердің күнінде Асқар Лекеров қайтыс болды. Бұл кезде Хайруллин «Қазақстан» баспасында бөлім бастығы болып істейтін. Бір күні мені Рахыш шақырып алды да Лекеровтың архивтерін ақтарып, қолжазбаларын іріктеп, бір кітап шығару міндетін маған артты. Осы кезде Рахыш ағай екеуіміздің кездесулеріміз тіпті жиілеп кетті. Бір күні Рахаң екеуіміз бақша ішінде әңгімелесіп отырғанда, Мағжанның сотталмағаны, ату жазасына бұйырылмағаны туралы әңгіме айтты. Ол былай деді:
- 1941 жылы соғыс басталғаннан соң мен әскери қызметке алындым да, Новосибирь қаласында аға лейтенант атағымен қызмет істедім. 1941 жылдың күзінде менің қарауымда істейтін екі кіші лейтенант (қазақтар) демалыс күні қыдырып сол төңіректегі бір селоға барып келді де, маған бір сұрақ қойды:
- Рақыш аға, қазақта Мағжан деген ақын болды ма?
- Иә, болды. Оны неге сұрадыңдар? – дедім.
- Біз бүгін осы арадан 60 км. бір селода сол кісінің үйіне барып тамақ іштік, бізге арақ берді. Орыс әйелі бар Мағжанның өзі сол арадағы дәріхананың бастығы екен, бізді көріп қатты қуанды. Жігіттерден бұл хабарды естіп мен де қуандым. Мағжанға баруға ниетім кеткенімен, асықпадым. Ол кісілерді бәрі бір әскерге алмайды, қолым босағанда барамын ғой деп жүре бердім. 1942 жылдың басында, туралап айтқанда, ақпанда бардым. Барсам, Мағжан жоқ, әйелін тауып алдым. Әйелі: «бір жұма болды, Мағжанды үндеместер алып кетті. Бірақ келген адамдар әкіреңдеп, айқайлаған жоқ, керсінше «жылы киімді көп алыңыз, біраз азық алыңыз, суық жаққа барасыз», - деді. «Жеңгей» маған шай берді. Мен өзіме-өзім ренжіп, кешігіп келгеніме қатты қайғырдым. Ұлы адаммен аз-маз сөйлессем де, біраз шер тарқар еді-ау.
Міне, досым Рахыш Хайруллиннің Мағжан туралы айтқан хикаясы осындай. Рахыш Хайруллин қазір аман-сау, осы Алматыда тұрады. 1960 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Тоқшын совхозында орташа мектепте Қалижан деген ағамыз екеуіміз мұғалім болып істедік. Бір демалыста ол екеуіміз сол арадан бес шақырым жерде тұратын Зарап, Ғарап, дейтін ағайындарымыздың үйіне қонаққа бардық. Біз шәй ішіп отырғанда бір Жұмай деген кісі кіріп келді де, қолын жуып бізбен қатар столға келіп отырды. Отыра сала шәйдан бір ұрттап жіберді де, әңгіме бастады:
- Жаңа ғана Көкшетаудан келдім. Вагонның ішінде Новая Землядан келе жатқан бір қазақпен сөйлестім. Ол өзі сонда сотталып барған екен, енді босап, еліне келе жатыр, «Совет» совхозына кетті - деді.
- Иә, ол не айтты? – деп сұрадым мен.
- Ой, ол көп қызық әңгімелер айтты. Маған айтқан әңгімесінің ең қызығы: әлгі Булаевтағы ақынды көріпті.
Менің тамырларымда қан ойнақши бастады. Айтып отырғаны Мағжан екенін жақсы түсіндім. Бірақ оған сыр білдірмедім.
- Ұмытып тұрғаным, мені де үкіметтің түрмелері жындандырып жіберді ғой, шырағым, ол атақты ақын болған, әлгі Сасықкөлде туған.
Содан шыдай алмадым да:
- Мағжан емес пе?
- Иә, сол, сол! Мағжанды көріпті.
- Өлі ме екен, тірі ме екен, Мағжан?
- О жағын мен сұраған жоқпын, ол айтқан жоқ, - деді.
Арада жиырма күндей уақыт өткізіп, беретін сабақтарымды ағама тапсырып, «Совет» совхозына жүріп кеттім. Барсам, маған керек адам еліне, Павлодарға, кетіп қалыпты. Мұнда түскен үйі мен білетін Майра деген татар әйелі екен. Әлгі қонақ Мағжанмен бірге болғандығын, оның үйі, әйелі болғандығын, 1956 жылы қайтыс болғандығын Майраға түгел айтып беріпті...
Ал енді Құрманбек Жандарбеков ағайды тыңдайық. Атақты артист Құрманбек Жандарбеков Ташкентте оқып жүргенде Мағжанның ең жақсы көретін шәкірті болған. Бұл фактіні менен басқа Сейділ Талжанов, Жамал Омаровалар өте жақсы білетін. Ал өзім Құрманбек ағайдың өмірінің соңғы жылдары ол кісімен жақсы қарым-қатынаста болдым.
Құрманбек ағай ұлы ақынмен соңғы кездесуін былай деп баяндаушы еді.
- 1938 жылдың жазында үйімде шырт ұйқыда жатыр едім, есік шыр ете түсті, оянып кеттім, сағат таңертеңгі бес екен, зәрем кетті. Өзімді де «қай күні әкетер екен үндеместер!» - деп жүретінмін. Қалшылдап барып есік аштым, бірақ есікті жақтаумен қосып тұратын шынжырды ағытпадым да сығалап қарадым. Қарасам – Мағжан тұр! Ар жағында бір-екі әскери адам бар. «Қарғам Құрманбек, абақты қызметкерлері әлгі әйелді бірнеше рет іздеп барып таба алмай келді. Алматыдан кетіп қалған көрінеді. Ал өзің қаржыдай жәрдем көрсет қарағым, тірі болсам бір өтермін, болмаса құдайдан қайтар!» - деді. Бөгелместен жүгіріп бардым да столдан бес сомдықтан бір бума (500 сом) ақшаны әкеліп қолына ұстата қойдым. «Мың рахмет, жаным! Хош сау бол! Қазақ еліне сәлем айт!» деді...
«Азат» тәуелсіз саяси газеті
Хамза Абдуллин
15 тамыз 1993 ж.
Қысқы Мәскеудің ызғары көшедегі қалың киімді адамдардың арқасын қариды. Аяз күшейгелі біраз уақыт болды. 1925 жылдың соңғы он күндігі тіпті суып кетті. Астананың ақын-жазушылары уақыттарының көбін «Пырақ атқорасы» секілді кафе ресторандарда өткізетін. Әсіресе, осы бас қосуларды жас ақын-жазушылар асыға күтетін. Міне, мына бір үстелдің қасында жүзі көпке таныс Сергей Есенин өзінің бір жырын оқып аяқтағалы тұр:
- «Бұлар аязды күндерде ішпей жүрмейді, Ал қағазды қалай шималауды білмейді...»
- Өте дұрыс айттың. Аңғарымпаз ақын екенсің, - деді көрші үстел басында отырған сымбатты адам. Тосын шыққан дауысқа құлақ тіккен Есенин әлгі адамға бар денесімен бұрылып:
- Сен Ли Боның өзі боларсың. Қытайсың ба? - деп сұрады.
- Қытай емеспін. Қазақпын...
- Қазақ? Кавказдағы бір қала осылай аталады, - деді Сергей көрші столдағы жігітке таңдана көз жүгіртіп. Именетін адам көрінбейді. Басын кекірейте ұстаған, «өз бағасын» білетін өр жан екендігі бірден байқалады. Иә, мен қазақпын. Осы күзде ғана біздің халық нағыз өзінің тарихи атымен атала бастады. Қазақ автономиясы дегенді естіген боларсыздар. Оған дейін үлкен тарихта түрлі-түрлі атаулармен жүрдік қой.
Мәселен, қырғыз-қайсақ...
- Байқаймын, сіздер бір сөзбен айтқанда, кешегі дәуірлеген ғұндардың тұқымдарысыздар, - деді Сергей, - Таныс болайық, менің фамилиям - Есенин. Мұндай ақынды естіп пе едіңіз?
- Мен әдебиет институтында оқимын. Брюсов Есенин жырларын жиі мысалға келтіріп сөйлейді, - деді азиялық жігіт, менің фамилиям - Жұмабаев, атым - Мағжан... Егер есіңде болса, Герценнің досы Огаревтің төмендегідей жыр жолдары бар:
- Мен сақпын
Кәдімгі қалпымды сақтаған:
Алтын Орда ұрпағы екеніме мақтанам.
Шығыңқы шықшытым.
Қабағым қатыңқы, сұсты тым.
Тұрпайы, жалқаумын,
Мұны да білген жұрт.
Славяндардан тигені -
Тек қана жирен мұрт.
Ашулы ғұн өліктердің тінтісе де қалтасын,
Қаланы өртеп, қалдырса да қаңқасын.
Шіркеуіңді атқора ғып, қақтап тұрып жесе-дағы туысты,
Жақ ашпаймыз, жаным содан у ішті.
Жүдетпес көңілді,
Ли Боның өміріндей өмірді,
Айырбастаман ештеңеге,
Жазылса пешенеге.
«Патшалар ақындарды қаламаған, ал
ақындар патшаларға пысқырып та қарамаған».
***
- Екі ақын межелеген кездесуіне жете алмады. «Пырақ атқорасындағы» осы таныстықтан бірнеше күн өткен соң, дәлірек айтсақ, 1926 жылдың қарсаңында Ленинградтағы «Англетер» қонақ үйінде орыс ақыны Сергей Есенин өзін-өзі асып өлтірді. Нағыз ақиқатын кім білсін, ресми орындардың хабары осыған саяды.
Үш жылдан кейін Батыс Сібірдегі шағын шаһар - Қызылжарда ГПУ-дың «қырағы көздері" қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевты тұтқындап, Мәскеудің Бутырка абақтысына аттандырды. Ақынның бар айыбы - голощекиндік зұлмат кезеңді «шабыттанып» жырлай жөнелмеді... Бәлкім, Мағжанның сол тұста қазақ арасынан ерек көрініп, Ресей астанасындағы айтулы оқу орыны Брюсов есіміндегі әдебиет институтынан арнайы жоғары білім алып шығуы да басқа әріптестерінің қызғанышын тудырды ма екен?! Болмаса, орыс поэзиясының сол тұстағы қас шебері атанған Валерий Брюсовтың Мағжанды «қазақтың Пушкині» деп атауы біреу-міреудің шымбайына қатты батты ма екен?.. Кім білсін?! Тарих парақтарына мұндай іздер тым сирек түседі.
Ақ желкен // 2003 №2
Амантай Сатаев
Қазақ халқының бір топ перзенті
араға ондаған жылдар салып,
ел жұртымен қайта табысты.
Соның бірі – Мағжан ақын.
Бауырластық сәлеммен
Сайфи Құдаш,
Башқұрстан халық жазушысы
1968 ж.
Адам өмірінде болатын аумалы-төкпелі уақыт қайғысымен де, қуанышымен де ерекше айқынданатын болса керек. Тағдыр толқындарынан, қайғы-қасірет сілкіністерден, тар жол тайғақ кешулерден өткен Мағжан 51 жылдан кейін ортамызға оралды. Ол арамызға өз халқына деген ыстық махаббатымен келді. Оның есімі сонау алыстан көгілдір толқындарда бірде көрініп, бірде көрінбейтін ақ желкенге ұқсады да тұрды. 50 жыл бойы халық сол есімді сағынышпен еске алатын.
Бұрынғы Ақмола губерниясы, Ақмола уезіне қарасты Паудан болысы деп аталған мекенде, айнадай жарқыраған «Сасықкөл» атанған көгілдір көл бойында Мағжан Бекенұлы Жұмабаев өмірге келген екен. Бұл 1893 жылдың 25 июні болса керек. Ал көлдің «Сасықкөл» аталуын жергілікті ел аппақ мәрмәрдай ұсақ тастарына көз тимесін деген ниетпен қойылған деп жорамалдайды. Көл, расында, айдын шалқар әдемілігімен көз тартады. Сұлу да тұнық көлдің ақынды таңдандырғанына кәміл сенесіз.
Мағжан Жұмабаев ұрпақтарымен, туыстарымен әңгімелескенімізде, бір үрейлі оқиғаға тап болғандай болдық. Ұлы атасы Жұмабай атын алған - ақын фамилиясында қалған тек Мағжан екен. Уақыт зобалаңына ұрынған Жұмабай әулеті қуғын-сүргінге ұшырап, атылып, ел асып шұбырып кетіпті. Сондықтан да болар, олардың фамилиясы әр түрлі аталады.
Негізінде Мағжанның, азан шақырып қойған аты Әбілмағжан екен. Мағжан деп ата-анасы еркелетіп қойса керек. Жұмабай әулетінің «қара шаңырағы» Сәлімжанда қалады. Сәлімжанды ел-жұрты Сәлтай деп еркелеткен.
1929 жылы Мағжан ұсталғанда, Сәлтай да «халық жауы» ретінде тұтқынға алынады. Бір таңданарлығы Мағжан Москва қаласындағы «Бутырь» түрмесінде отырғанда, Сәлтай ағасын іздеп екі-үш рет барып, елдің сәлем-сауқатын апарып, кездесіп қайтады. Бұл кезде Зылиқа апай да іздеп барады. Сәлтай ұсталған соң, Бекен мен Гүлсім қайғы жұтып, жалғыз келіні Бибізәйіптің қолында қалуға мәжбүр болады. Көз алдында бар ұрпағынан айырылып, қайғыда қалған Бекен қарт 66 жасында 1934 жылы қайтыс болады. Ал Гүлсім апай 1943 жылы мәңгілік көз жұмады. Жұмабай әулетінің осындай халге ұшырауына ауылдағы және қаладағы шолақ белсенділер кінәлы еді.
Тағдыр тәлкегіне ерте ілінген Мағжанның екі інісі Қалижан мен Сабыржан көрмегенді көріп, Қырғызстанға барып паналайды да, қырғыз туыстарға сіңіп кетеді.
Қырғызбын демесе (Жұмабаевпын десе), бұл екеуінің де саудасы біткен болар еді. Алайда, Мағжанның ақталғанын көре алмай олар да өмірден өтті.
Күләндәм мен Гүлбарам 1930 жылдың ашаршылығында қайтыс болды. Үш рет түрмеге қамалған Сәлтайдың өмірі де аянышты. XX съезден кейін ағасы Мағжанның ақталғандығы жөніндегі қағазды қолына алған Сәлтайдың қуанышы көпке бармады. Алматылық белсенділер «бұл ақталу саяси емес, азаматтық ақталу» деп қоқиланды. Қайғы дертінен Сәлтай да өмірден өтіп кетті. Жұмабаевтар әулетінің қара шаңырағында қалған Бибізәйіп апай (Бекеннің ең кіші келіні, Сәлтайдың әйелі) Мағжанның ақталғанын өз көзімен көру бақытына ие болды. Бұл күндері Мағжан туралы көп естелік қалдырып жүрген де осы Бибізәйіп апай екенін атай кеткеніміз жөн. Рахымшылық көрсетудің асқан үлгісі Бибізәйіп апайға арналса керек. Мағжан Жұмабаев өміріне байланысты мына бір деректі айта кетейік. 1910 жылы Мағжан Жұмабаев ауылдасы әрі медреседегі парталасы Бекмұхамбет Серкебаевпен бірге (Ермек Серкебаевтың әкесі) Уфа қаласына келіп, медресе - «Ғалияға» оқуға түседі. Бұлармен бірге бұл медреседе Сүлеев, Құдияров, Имажанов, Оразаев, Майлин, Ешкеев сияқты қазақ балалары оқиды. Мұнда Мағжан жылға жуық, оқиды да, оқуын Қызылжар қаласына келіп жалғастырады. Мағжанның орыс тілін меңгеруіне ағартушы Міржақып Дулатов көп септігін тигізеді. Бұл семинарияда Мағжан жақсы оқитын қазақ балаларына арналған «Потанин фондысынан» стипендия алып тұрған. Бұл семинарияны Мағжан 1917 жылы алтын медальмен бітіреді. Бұл кезде Мағжан Қызылжар қаласында тұратын Шоқан Тастеміровтың Зейнеп дейтін қызына үйленеді. Зейнептің шешесі - әйгілі Шоқан Уәлихановтың туған інісі Жақыптың Қадиша есімді қызы. 1919 жылы Зейнеп баладан қайтыс болады. Бекен ақсақал немересіне осы кезеңде жүріп жатқан азамат соғысына байланысты Граждан деп ат қояды. Екі жасқа келгенде Бекен ақсақалдың немересі ауырып, көз жұмады.
Ендігі Мағжан өміріне байланысты әңгіменің тиегін ағытқан, ақынның зайыбы Зылиқа еді. Әлденеше рет барып әңгімелесудің реті келмеген болатын. Мағжан Жұмабаев есіміне байланысты оның ақталуы туралы хабарлама жарияланған соң, Зылиқа әжейдің де рухы көтеріле түсіп, көңілдірек отырған сәтіне кез болдым. Әңгіме тиегінің ағытылуына Мағжанның қуғын-сүргінге ұшырауы себепкер болғандай. «Өткен күн - көрген түспен тең» деген рас-ау, сірә! Саналы жүрекпен өткен өмірін саралай отырып, келісті әңгімесін бастады. Тумысы бөлек, ескінің көзі, көненің ескерткішіндей әсер қалдырған Зылиха апай әңгімесін тыңдап отырмыз.
- Мағжанды 1929 жылы 6 июньде Қызылжардағы үйде ұстады. Біздер үрпиісіп, қорқып қалдық. Келген «қонақтар» өте қатулы. Келесі күні оны поезбен Алматыға алып кетті. Алматыда да көп ұстамапты. Москвадағы Бутырь түрмесіне жіберген екен. Бұл хабарды естісімен Москваға Мағжанмен кездесуге дайындалдым. Ол кездегі жол жүру өте қиын еді. Түрме бастықтарынан рұқсат күтіп Москвада біраз уақыт аялдауыма тура келді. Амал не, рұқсат бермей қойды. Көп ұзамай түрмеден де сыбыс хабар алуға мүмкіндік туды. Мағжан мұнда Абдрахман Байгелдин деген азаматпен бір камерада болды. Сөйтіп бірінші жолы Мағжанды жолықтыра алмай тауым шағылып қайтсам да оны іздеуден тайынбадым. 1930 жылы Мағжанға 10 жыл кесіп Карелияға жіберді. Бұл хабарды естісімен сонда тартып отырдым. Алдымен Ленинградтан пәтер жалдап алдым да, төтесінен Петрозаводск арқылы тура Мағжан жүрген лагерьге бардым. Айналасы темір тікенектермен қоршалған лагерьге жетудің өзі қорқынышты. Төңірек қалың орман. Әсіресе жаздағы масасы сұмдық! Түрме, лагерь дегенде ылғи баскесер бәлелер отырады екен деп ойлайды ғой кім болса да... Ал мұндағылардың бәрі оқыған, білімді азаматтар екен. Лагерьдің қара қошқыл киімдерін киіп алған тұтқындардың кеуде қалталарында өздерінің аты-жөні, бригадасы жазылған. Бір-бір жамырайған бас киімдері ұсқындарын қашырып тұр. Мұндағылар ағаш дайындайтын көрінеді.
Лагерьдің айналасы - қарулы күзетшілер. Мен сияқты күйеулерін іздеп келгендер шамалы. Түрмеге күйеуін іздеп келу дегенді ол кезде ерлік санайтын еді.
Менің Мағжаным таза, әділ болғанына шегім жоқ. Келесі бір барғанымда сол Карелия лагерінде отырған Міржақып Дулатовтың туған ағасы Асқар ағай жүдеулі күйімен:
- «Құдай-ай, қазақтың әйелдерін көретін күн де болады екен-ау! Мағжанды сыйлағаның бізді, әрі кетсе Мағжанның елін сыйлағаның», - деді көзіне жас алып. Мен осыны көрдім, балам. Тағдырым тәлкекке ұрынса да, Мағжанды іздеп барғаным рас, бір емес, 14 рет. Жүдеулі шағымда, көп жасап өлер кезімде Мағжан есімі еліне қайта оралғанына тәуба деймін, түсін, балам!
Қарт ананың көзіне жас іркіліп қалды. Ақынның жары - Жұмабаев әулетінің тарихын білетін Зылиқа апай осылай толғанды.
- Қай жақтансың? - деп сұрайды әркім бір айқайлап тағы бір барғанымда.
- Қазақстаннанмын.
- Қазақстан, Қазақстан, - деп айғайлап бір-біріне хабар береді лагерь тұтқындары, - Кім бар Қазақстаннан?
Күйеуіңіздің аты-жөні кім?
- Мағжан Жұмабаев! - деймін айғайлап...
Лагерь бастықтарына барып күйеуімді іздеп келгенімді айтып, аты-жөнімді тіркеттіріп қойдым. Лагерь бастығы дереу Мағжан істеп жатқан жерге шабарманын жіберді. Алғашқыда екі-үш күнге кездесуге рұқсат берген еді, кейіннен лагерь бастығы менің сонау алыс Қазақстаннан - күйеуімді іздеп келгенімді өзінше ерлікке бағалап, кездесу мерзімін бір айға ұзартып берді. Ең негізі - мұндағылар Мағжанды ақын ретінде біледі екен. Әрі сыйлайды екен десем де артық айтпағаным. Бұл лагерьге бүкіл Қызылжарды көшіріп келгендей болдым. Құрт, май, сүр ет, ауылдың бауырсағы деген сияқты елдің сәлемі Мағжанды бір қуантып тастады. Темір құрсаумен қоршалған лагерьдегі кездесу бөлмесінде бір ай болдым. Сәл жүдеген қалпы, бірақ сүйкімділігін жоғалтпаған... Үстінде тұтқын киімі...
1923 жылы А. Луначарский Мағжанды Москваға шақырып қызмет береді. Ол сонда Күншығыс баспасында редактор болып қызмет істей жүріп, В. Брюсов атындағы жоғары әдебиет институтында білім алады. Мағжанның ақындығына В. Брюсовтың өзі тәнті болып, оны «Қазақтың Пушкині» деген екен. Мінеки, асқан талант иесінің жолдасы Зылиқа апай «Мағжанды ақын ретінде лагерьдегілер де біледі екен» дегенін естігенімде, В. Брюсовтың әділ бағалауы ойыма оралды.
- Сол бір айдағы кездесу уақытында Ленинградқа барып, Мағжанға аяғы жылы болсын деп носки, қолғап іздеймін, - деп әңгімесін жалғастырды Зылиқа апай. - Мағжан Алексей Максимович Горькийдің атына арыз жазды. Мен енді арызды алып Ленинградтан Москваға келдім. Іздеп жүріп Алексей Максимович тұратын пәтерді тауып алдым. Горькийге Мағжанның арызын әкеліп көрсетіп едім, ол кісі арызды асықпай оқып, Мағжанның жағдайын сұрады. Өзі бір сондай тұңғиық адам екен. Терең ойда қалды. Жалпы Мағжан туралы білетін де болып шықты.
Содан соң маған:
- Зылиқа, мінеки, мына адрес бойынша Е.Пешковаға барасыз. Сол кісі Мағжанның қорғаушысы болады. Адресі - мынау. Тауып, аласыз. Алексей Максимовичке жолықтым деңіз. Енді бара қалсаңыз - Мағжанға сәлем айтыңыз. Қолдан келген көмегімізді аямаспыз. Ал сізге мен ризамын. Еріңіз үшін ізденгеніңіз - үлкен рақымшылық, - деді. Осы бір ыстық ықыласты естіп, Мағжанды лагерьдің темір торынан суырып алатындай құдіреттендім. Рақметімді айтып, жазылған адрес бойынша, Екатерина Павловна Пешковаға келдім ғой. Түс кезі болатын. Сөйтсем Пешкова Алексей Максимовичтің әйелі екен. Кейіннен білдім. Жауапты қызмет атқаратын көрінеді. Пешкова да хал-жағдайымды, әсіресе Мағжан туралы тәптіштеп сұрап алды. Мағжан үшін жүгіріп, ізденіп жүгенімді жан жүрегімен түсінді. Білді...
- Адресіңді тастап кет. Мағжанға да және өзіңе де жауабын беремін. Өзім хабарлаймын, - деді ол. Мен қуана-қуана Қызылжарға қайттым. Қуаныштың не екенін білесің ғой, балам!
Ақыры, Зылиқа апайға көптен күткен жақсылық хабар - келеді. Ізденудің нәтижесі - Мағжанға кесілген 10 жылды үш жылға шегеріп, 7 жыл үкіммен жеңілдік алады.
- Кезінде бұл да бір ерлік еді. Түсінетін кім бар?!
Горький мен Пешковаға мәңгілік қарыздар сияқты боламын да тұрамын. Кейіннен «Алексей Максимович қайтыс болды» дегенде, Мағжанның қиналғанын айтсаңызшы... Мен Ленинградқа әр уақытта Мағжанды іздеп барғанымда, Фетисов деген профессордың үйінде болушы едім. Осы Фетисов Мағжанның дәрігерлік білім алып шығуына көмектесті. Әрі сонау шалғайдағы Қазақстанмен Мағжан жүрген лагерь арасындағы байланысты Фетисовтар семьясы арқылы үзбедім. Менің іздеп барғандағы тұрақтайтын мекенім осы азаматтың үйі еді, амал қанша, профессор Фетисов та 1937 жылдың зобалаңына ұшырады.
Мағжанды іздеп он шақты рет Карелияға бару, әрине, оңай емес. Зылиқа апай жолындағы кедергілерден қорықпай өтіп, Мағжанды іздеуінің өзі ерлікпен пара-пар десек артық айтпағанымыз. Абақтыдан босанып елге келген соң, Мағжан Қизылжар қаласында Пушкин атындағы №7 орыс орталау мектебінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Педтехникумда да уақытша сабақ береді. Қайда барса, қаңқу сөз. Бір кедергі алдын кес-кестеп тұрғаны. НКВД маза бермеген соң, Мағжан Алматыдағы Сәкен мен Сәбитке хат жазып, жұмысқа орналастыруына көмек сұрайды. 1937 жылдың мартында Мағжан Сәкен Сейфуллиннің шақыруымен Алматыға жүріп кетеді.
- Мен Алматыға бармаймын деп қарсыластым. Мағжан болса: «Қанша айтқанмен астана ғой. Жолдастар түсінер, қол ұшын берер, кетейік Алматыға» деп өтінді. Мағжанның әсіресе Алматыдан іздегені Мұхтар Әуезов еді. Оның есімін жиі еске алатын. Түйіншектерімізді жинап Алматыға поезға билет алдық. Құдай-ау, мұнда келсек «халық жауы» деген «зобалаң» басталып кетіпті. Сәбит үйіне шақырды. Бірінші Алматыдан бір ұйғырдың үйін жалдап алғамыз, әлі есімде - Лесная көшесі, 89-шы үй. Мағжан болса әр жерге барып жұмыс іздейді. Бәрібір алдынан «айдалып келген!» деген бәле-жала кесе-көлденең шығады. Кешкісін үйге түңіліп келгенін талай көріп шошитынмын. Тіпті пәтер иесіне кіріптар болып қалған кездеріміз болды. Ұсталатын күннен бір-екі күн бұрын Жазушылар одағынан алған бір кітапты тәржімалай бастады. Әлі есімде, Мағжан ұсталатын күні кешкісін:
- Зылиқа, көп болды тұшпара жемегелі, тұшпара жасашы, - деп ойланып отырды да, - енді менде несі бар, ұстамайтын шығар, - дегені.
Мен болсам: «Қызылжардан бекер келдік», - деп өкінішімді айттым. Ол: «Салынатын құрық - жал таңдамайды», - деп, сөзін қайталай берді. Мен бір бәлені сездім-ау. Тамақты алдымызға ала бергенде, үйге екі НКВД жігіті кіріп келді.
- Мағжан Жұмабаев, сіз тұтқындалдыңыз! - деді де, ең құрымаса алдындағы асынан дәм татқызбай, дедектетіп ала жөнелді. Буы бұрқыраған тұшпарасы қалды. Әсіресе шығып бара жатып соңғы рет бұрылып қарағаны қандай қиын еді! Шашын оң қолымен артына бір қайырып тастады да: «Хош, Зылиқа, хош, хош!» - деді нәзік даусымен...
Көз алдым тұманданып кеткендей. Дірілдеп отырып қалдым. Бір ащы өксік алқымыма тығылды. Баяғы Карелиядағыдай оны сан мәрте іздеп бара алмайтыныма көзім жеткен еді. Ол бұл жолы көз алдымда мәңгілікке кетіп бара жатқан адамдай болды...
Біз Мағжанның портреттегі сұлу тұлғасына қараймыз. Зылиқа апай үнсіз қалған. Кәрі жүрек қайта оянғандай ал Мағжан болса дәл қарсы алдымызда қалың бұйра шашын салалы саусақтарымен сілке артқа қайырып тастап, өлең оқып отырған сияқты. Келбет ұқсастығы Александр Блокқа келетін сияқты-ау, ә! Мағжан, ұлы Мағжан! «Орталарыңа оралдым, халқым!» деп тұрғандай бір сәт.
Магнитофон құлағын бұрап қалдық, өз аузынан жазып алған Мағжан өлеңдерін өзі тыңдай отырып, оның жанарынан айғызданған жас тарамы мөлт-мөлт етіп тамып кетеді. Үнсіз жылайды. Мағжан жырларын Зылиқа апай оқуда.
Түрмеге сан мәрте іздеп барып Мағжанның рухани демеушісі болған Зылиқа апай өмірі де таңданарлық, әрі қасіретті...
Қуғын-сүргін бүкіл Жұмабаевтар әулетіне көлеңкесін түсіргенін жоғарыда айта кеткен едік. Мағжанның туған ағасы 1937 жылдың қаһарына ұшыраған Қаһарманның баласы Ғадылшамен танысудың сәті келген еді. Ғадылша Қаһарманов Көкшетау облысы, Бурабайда тұрады. Бүкіл Жұмабай әулетінің өмірбаяндық дерегін Ғадылша ағайдан алдық. Бекеннің үлкен баласы Мүслімнің қызы Сара қазір Солтүстік Қазақстанда тұрады. Мұхамеджанның ұлы Серік пен қыздары Гүлқаныс пен Райхан Омбы облысында. Ал Қалижанның қыздары Райхан, Ғалия және ұлы Ғалым Алматыда. Жұмабай есімін атаудан қорыққан Қалижан Жұмабайдың Шонай деген атасының атын фамилия жасайды. Алайда жеті атасын түгел білетін ұзынқұлақтар Шонай атындағыларға да қырғидай тиеді. 1966 жылы Қарағанды қаласынан КазГУ-ге орыс тілі мен әдебиеті факультетіне жұмысқа шақырылған Райхан Шонаеваның Мағжанның тікелей туысы екендігін білген соң, оған үрке қарап, қорғайтын ғылыми жұмысының тақырыбын өзгертіп, кедергі жасайды. Жастық шағы жетімдікте өткен Райхан апай сол бір кездерді өкінішпен еске алған еді.
- Соған қарамай, - деп еске алады Райхан Шонаева, - университеттің студенттері Мағжан өлеңдерін жатқа айтып отырғандарын өз көзіммен көрдім. Мен оларды туған інімдей сезінуші едім. Бірақ өзімді Мағжанның туысы екенімді айтудан қорықтым. Мағжанды халық ұмытпағандығын түсіндім. Қазақстаннан басқа жаққа тоз-тоз болып кетуімізге себеп сол бір «зобалаң» жылдардың әсері, яғни бәріміздің соңымыздан қиқулаған қуғын түсуі қиын-ақ болды. Сөзбен айтып жеткізу өте ауыр. Сол жеті ағайынды азаматтың барлық балаларының арасында жоғары білімді үшеуміз-ақ қалыппыз. Қаһарманның ұлы Ғадылша, мен, менің сіңлім Ғалия. Ал Бекен атамыздың немерелерінен жоғары білім алғандар баршылық. Алматыда Мүсілімнің немересі Ұлжан тұрады. Сонымен бірге Алматыда Мағжан Жұмабаевтың София Тастемірова (Хамза Есенжановтың әйелі) және Жамал деген туыс қарындастары бар. Мағжан творчествосын тынбай жинақтап жүрген бір азамат - Хамза Абдуллин. Ол - Бекеннің келіні, Сәлімжанның әйелі Бибізәйіптің туған інісі. Мағжанды көзімен көріп, батасын алған Хамза Абдуллин - қазір СССР Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын. Мағжан Жұмабаевтың қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов көп көмектескен екен. - Осы екі ардақты азаматтың шақыруы бойынша, Мағжан Ташкент қаласында қазақ-қырғыз оқу-ағарту институтында аға мұғалім болып орналасады. Мұнда ол «Сана», «Шолпан» журналдарының әдеби жұмыстарына қызу араласып, бірнеше зерттеу еңбектерін жариялайды. 1923 жылы Ташкентте «Өлеңдер жинағы» атты кітаптары жарық көрді. «Педагогика» атты жоғары оқу орындарына арналған кітабын шығарады. В.И. Лениннің көптеген кітапшаларын және мақалаларын қазақшаға тәржімалайды. Бұл аударма Москвада кітап болып шыққан.
Өз естеліктерінде Мағжан Жұмабаевқа деген Ташкент қаласындағы қазақ интеллигенциясының ықылас пейілін Зылиқа апай былай деп еске түсіреді.
- 1922 жылы Тұрар мен Сұлтанбектің шақыруы бойынша Ташкенге келдік. Олар бар мүмкіндіктерін жасап, қолдарынан келген көмектерін аямады.
Сұлтанбек Мағжанның Ташкентте шыққан алғашқы өлең кітабына алғы сөз жазды. Ташкентте Мағжан жұмысына ерекше бір ниетпен кірісті. Бұл жылдар Мағжанның ең нағыз бақытты жылдары еді. Қалай ұмытайын?!
Біршама ойланып барып әңгіме тиегін ағытқан Зылиқа апайдың жанарынан жас ағытыла бастады:
- Жол жүрудің өзі қаншама азап еді. Сәлем-сауқат алып жолға шыққанымда, «құтқарып алғаныңды көрерміз, құрып кетсін содан әрі» деп табалағандарды да көрдік. Мағжанның барлық туыстары қуғынға түсті. Конфискеленді. Елден көшті.
Ана поездан мына поезға мініп, ит көрмегенді көріп жетуін жетем-ау, бірақ лагерьде маған кездесуге рұқсат етпесе, тауым шағыльш қайтсам - кездесе алмасам ше... Мұндайлар да болғанын көзіміз көрді. Лагерь бастықтары ауысқан кезде, рұқсат алу өте қиынға соғады. Өзіммен бірге ала жүрген көтерме қоржынымдағы заттар туралы айтудың қажеті жоқ шығар. Бәрі де Мағжанның жолына арналған еді. Жол жүріп бара жатқандағы ой адамды қажытып жіберетін көрінеді. Сонда мен «Келші, сәулем, күн бетіңді көрейін» деп басталатын өлеңін күбірлеп айта беретінмін. Ол кезде біздің жақта қызылжарлықтар Мағжан өлеңдерін жатқа айтатын. Содан соң әлгі қалай еді, қазір есіме түсірейін. Иә, иә, былай...
Орамалды алып сорлыңнан,
Көзіңе жас іріккенде.
Күрсініп ауыр, сәулешжан,
Көзіңді ақырын сүрткенде
Жасаған ие, тілегім,
Аралассын жасқа жас,
Орала берме, жібегім.
Сенсің жаным, ақ бәтес...
Бес арыс: Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. Алматы: 1992.– 544 б.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің бірі, дәрігер, педагог, журналист, «Алаш» партиясының белсенді мүшесі Жұмағали Тілеулиннің НКВД түрмесіндегі 1938 жылғы «№11020 ісінен» алынған, өмірінің соңғы сәтіндегі түрмеде түсірілген суретін көргенде мәскеулік жазушы Виктор Суворовтың (атақты «Ледоколдың» авторы) «Правда В.Суворова-2» деген жинаққа енген мақаласын есіме алдым. Онда жазушы НКВД жендеттерінің тағылығы фашистерден әлдеқайда қатыгез болған деп жазған еді.
Сәкен, Бейімбет, Ілияс және т.б. мыңдаған адам Кеңес Одағының өз адамдары еді, олар өкіметке ешқашан қарсы шықпаған. Тіпті сол – Кеңес өкіметінің кірпішін өз қолымен қаласқан жандар болатын. Жұмағали да сондай. Олардың еш жазығы жоқ екенін НКВД жендеттері де жақсы білген, бірақ жоғарыдан түсірілген тапсырма (разнарядка) бойынша қайтсе де болмаған істі мойындату керек. Ал тапсырманы Сталин 1937 жылғы ЦК ВКП(б)-ның ақпан Пленумында: «С разоблачением злейших врагов народа Наркомвнудел опоздал, по крайней мере, на 4 года» деп көздей тапсырма берген еді. «Көсем» айтқан соң жан қала ма, қайтсе де, жоқ болса да «жауларды» табу керек. Ал «жау» деп қара халықты, оқымаған, ауылдан шықпаған жанды айта алмайсың, ендеше, жау көзі ашық зиялы қауым өкілдері болуы тиіс. Оларды қамап алып, ұрып-соғып, болмаған істі «мойындату» және бұл істе оның аузына барынша көп адамның атын салғызу арқылы Қазақстанда толып жатқан «троцкистік топтар мен шпиондық жүйелерді» тудырғанын біз бүгін жақсы білеміз. Ал фашистер өздерінің жауларын ғана қинаған. Әрине, олардікі де тағылық, бірақ «нквдэшникке» қарағанда…
…1938 жылғы суретке оралайық. Ату жазасын орындаудың алдында жендеттер Жұмағали Тілеулинге де жұрттың бәрінің иығына фотоға түсіру үшін ғана ілетін үлкен размерлі костюмді, талайлардың мойнына жанасқаннан жағасы әбден кірлеген ақ көйлекті, қара галстукті тағып, мойнына «1938г. 168. Тюрьма НКВД КирССР. г. Фрунзе» деген тақтайды іліп, суретке басып алған. Түрмеге келмей тұрғандағы жылы түскен суретте жүзінен нұр төгілген, дөңгелек бетті, 48 жастағы жігіт қорлық пен зорлықтан әбден шаршап, дүниеге немқұрайлы қарап қалыпты. Тіпті бір көзін де зорға ашып тұрғандай. Ауыр азаптың қайтсе де тезірек аяқталып, өзін тезірек атқанына бейіл болған сияқты...
Сонымен, Жұмағали Тілеулин деген кім еді? «Алаш» тарихын зерттеп жүрген азаматтар жақсы білгенімен, қалың көпшілік бұл есімді біле қоймайды. Сондықтан оның кім екенін тереңірек таныстырып өтейік.
Жұмағали Тілеулин сол кездегі Ақмола облысы, Көкшетау оязы, Айыртау болысының Қарашоқ деген жерінде ауқатты отбасының шаңырағында 1890 жылы дүниеге келген. Қазір бұл жер Солтүстік Қазақстан облысының Ғ. Мүсірепов ауданына қарайды. Жұмағалидың әкесі Тілеулінің кіндігінен бес ұл тараған. Соның үлкені Шәймерден өз заманының озық ойлы адамдарының бірі болады. Ол осы өңірге «лөктір Құсайын» деген есіммен атағы шыққан атақты емші, әрі педагог Құсайын Темірбековпен дос болған. Құсайын өзінің ауылы Қараталда екіжылдық орыс-қазақ мектебін ашқан адам. Шәймерден ауыл молдасынан сауатын ашқан зерек інісі Жұмағалиды сол мектепке оқуға береді. Кейін, мектепті жақсы бітірген алғыр баланы Құсайын 1884 жылы өзі бітірген Омбының әскери-фельдшерлік мектебіне оқуға түсіреді. Бұл 1910 жылы болған оқиға еді, арада үш жыл өткенде, 1913 жылы Жұмағали бұл мектепті ойдағыдай бітіріп, фельдшер мамандығын алып шығады. Содан Қызылжар қаласындағы ояздық ауруханаға дәрігер болып орналасады. Осы жылы ол өзінің ұстазы Құсайын Темірбековтің қызы Райханға үйленеді.
Айта кететін жәйт, Құсайынның мектебінде қазақтың талай талантты жастары сауатын ашқан. Соның бірі – атақты режиссер, жазушы Шахмет Құсайынов. Райхан да әкесінің мектебінде оқыған, көзі ашық қыз болады. Артынан ол Қызылжардың медбикелер мектебін бітіреді. Жұмағалимен екеуінің кіндігінен Ерік, Әзиз және Серік есімді үш ұл өмірге келеді.
Жұмағали Тілеулин Қызылжар ауруханасында 1913 жылдан 1918 жылға дейін дәрігер болып істеген. Сондықтан оны Қызылжардың қазақтар арасынан шыққан алғашқы дәрігерлерінің бірі деп айтуға толық негіз бар.
Омбыда оқыған жылдары ол көркемсөзбен де айналысып, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне денсаулық сақтау мен білім алудың пайдасы, ағымдағы мәселелер жөнінде танымдық, ағартушылық мақалалар беріп, халқының көзін ашуға жаны шырқырай ұмтылып жүреді. Бұл ісін ол Қызылжарда қызмет істеген жылдары да жалғастырып, газет арқылы қазақтың талай жақсылары мен жайсаңдарына да таныс болады. Оның қарапайым халыққа барынша түсінікті тілмен жазылған медициналық мақалалары күні бүгінге дейін құндылығын жоймаған. Мәселен, 1915 жылғы «Қазақтың» №99 санында шыққан «Науқас һәм оның емделуі» деген мақаласында: «Науқас деген нәрсе – дене мен науқастың себебінің соғысуы. Бұдан мұрат: денеге біртүрлі микроб кірсе, сол кірген жерінде керекті тамақ тапса, бір минөтте сансыз болып көбеймекші, одан қанға қосылып (нағыз күн көретін жері), дененің һәр бір клеткаларын жауламақшы. Бұған қарсы дене де қарманып, белгілі қанның ақ шаригі «фагоцит», тағы да өзге клеткалар мұнымен жауласпақшы. Бұл уақытта, кәдімгі патшалардың соғыс уақытында арнаған шығыны сияқты, бұл ағзалардың да шығыны көбеймекші: өйткені, соғыстың әскері – клетка, фагоциттерді артық тамақтандыру керек. Патша соғысында шығынның көбейгені – патшалықтың денесі болған қара халыққа тынышсыз тиіп, шаруа бұзылып, халық нашарланып, бұрынғы тұрмысы бұзылады. Мұнда да сол, дене бір суып, бір қызып, сау халін жойып, ауруға шалынуы осы секілді», деп түсіндіреді.
Омбыда оқып жүрген жылдарында Жұмағали Мағжанмен де, Міржақыппен де танысып, дос болады. Бұл достық олардың өмірлерінің соңғы күніне дейін жалғасқан. 1909 жылы Жақаңның Уфадағы «Шарх» баспасынан атақты «Оян, қазақ!» кітабының шыққаны белгілі. Патшаның басқыншылық, отарлау саясатын әшкерелеген бұл кітаптың мазмұнын артынан білген жандармерия оны қуғынға салып, айналымнан алады. Автордың өзі де қуғын көріп, бой жасырынуына тура келеді. Сонда Жақаң Қызылжарға келіп, жеке адамдардың аудармашылық жұмыстарымен және қазақ балаларына орыс тілінен сабақ берумен айналысады. Осы кезде ол Жұмағали Тілеулинмен де танысқан. Жұмағали Жақаңның «Оян, қазақ!» кітабының қазақ үшін маңызды екенін тереңнен түсініп, оның 1 мың данасын өзінің басын қатерге тігіп патша жендеттерінен жасырып қалатыны да бар. Артынан, 1917 жылы патша құлап, бостандық келгенде бұл туралы Жақаңның өзі «Қазақ» газетіне жазған.
Жұмағали Тілеулин ақындықтан да құралақан болмаған. Оған 1911 жылы «Айқап» журналының үшінші нөміріне шыққан «Жас туғандарымызға» деген өлеңі куә. Бұл ұзақ өлең:
Құрметті кейін келер жастарымыз,
Көсем боп өз бетіңмен басталыңыз.
Қор болған тұқымыңа жәрдем үшін
Қосылсын әр уақытта бастарыңыз,
- деп басталады. Оның негізгі мазмұны жастарға халықты мешеуліктен құтқару үшін оқу-білімді игеруге, ұйқыдан оянып, алға кеткен халықтардың өнерін үйренуге шақыруға саяды. Жұмекеңнің ағартушылық қызметіне толық тоқтала кететін болсақ, ол Кеңес өкіметі жылдарында да медицина саласында халыққа аса қажетті мақалалар жазып тұрған. Осы тақырыпқа қазақ тілінде бес кітап жазып шығарған, оларды да айта кететін болсақ, «Денсаулық» (Орынбор, 1923 ж), «Гигиена» (Орынбор, 1924 ж), «Жұқпалы науқастар мен оларға қарсы қолданылатын шаралар» (Мәскеу, «Центргосиздат народов СССР», 1926 ж), «Қотыр науқасы және онымен күресу» (Мәскеу, «Центргосиздат народов СССР», 1926 ж), «Гигиена», екінші сатылы мектептерге арналған оқулық (Қызылорда, Казмембаспа, 1927 ж). Сонымен қатар, Жұмағали д-р Глобаның «Көз ауруы», д-р Муралевичтің «Мерез ауруы», Е.Клотованың «Қолдағы хайуандардан адамға жұғатын науқастар» атты кітаптарын қазақшаға аударып, Мәскеуден бастырып шығарған. Медицина саласына сол жылдары ана тілінде Жұмағалидай көп пайдалы ақпарат әкелген адам кемде-кем шығар.
1917 жылы Жұмағали Тілеулин Омбы қаласында болған Ақмола облысы қазақтарының арасында «Алаш» партиясын құру съезіне қатысады. Әрине, ұлтының жоғын жоқтаған партиядан озық ойлы азаматтың шет қалуы мүмкін де емес еді. Съезде Жұмағали партияның облыстық комитетіне мүше болып сайланады. Осы съезден кейін ол Әлихан Бөкейхановпен де жиі араласып, пікірлес болады. Ол екеуінің таныстығы бұдан көп бұрын басталған еді. Әлекең 1917 жылы Минскіден патшаның құлағанын айтып, Алаштың біраз азаматтарына жеделхат жіберген еді ғой. Соның бірі осы Жұмағали Тілеулин болған.
Жұмағали «Алаш» партиясының жұмысына белсене араласып, оның тезірек құрылып, қанат жаюына көп жәрдем еткен. 1917 жылдың қараша айында ол партияның Қызылжар қаласындағы ояздық комитетінің ашылуына да мұрындық болып, өзі оның басшыларының бірі болып сайланады. Одан сол жылдың аяғында Орынбордағы ІІ Жалпықазақ съезіне Ақмола облысы делегациясының құрамында қатысып, сөз сөйлейді.
Кеңес өкіметін құрған ұрдажықтар өздерінен басқаша ойлайтын жанның бәрін жау көрген ғой. Қолдарына билік тиіп, күшейе бастаған кезден-ақ олар «Алаш» партиясының мүшелерін де қуғынға салады. 1918 жылдың 12 ақпанында Қызылжардың ояздық денсаулық сақтау бөлімінде қызмет істеп жүрген Жұмағалиды да тұтқынға алады. Бар жазығы – «Алаш» партиясының мүшесі болғандығы. Түрмеде жатқан досына Мағжанның «Г…ға» деген тақырыппен Жұмағалиға арнаған өлеңі осы кезде шыққан:
Мейірімсіз тағдыр құрған торға түсіп,
Жапанда жатыр едік біз оққа ұшып.
Кеудеден таза ыстық қан сорғалап,
Қайырымсыз қара алқын жерді құшып.
Айрылып алтын ерік, ар-намыстан,
Қайрылмай қанат ағып бақ құсы ұшып.
Тас жүрек, көңілі қара жауыз жаудың
Қолынан құлдық, қорлық уын ішіп,
- деп келеді де заңғар ақын өлеңінің соңында үлкен көрегендік жасап:
Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің,
Күні ертең айбынды алаш жинап есін,
Көксегеннен көп заманнан тілегіңді
Жарыққа шығаруға жұмсар күшін,
- деп қорытынды жасайды.
Бірақ ұрдажықтар «Алаш» партиясына жарияланған амнистияға сәйкес Жұмағалиды ұзамай босатады. Осы кезден ол Қызылжар қаласында білім беру, денсаулық сақтау салаларында түрлі қызметтер атқарады. 1930 жылы оны тағы да ұстап, қамайды. Кінәсі сол баяғы «алашордашыл» болғандығы. Бірақ бұл жолы да ұзақ ұстамай, екі айдан соң қоя береді. Осыдан кейін Жұмағали Петропавлдың медициналық техникумына мұғалім болып орналасады. Бұл жерде де ұзақ істетпей, 1931 жылы тағы да қамайды. Сөйтіп, бұл үшінші рет тұтқындау болады. Өкіметті тек қана өздеріне берілген, айтқанын екі етпей, «ләббай, тақсырлап» тұрған шолақ белсенділерден құруды мақсат еткен ұрдажық билік өзіндік ойы бар жандардан өлердей қорқушы еді. Сондықтан да оларды тұтқындап, атып, асудан жаңылған емес. Жұмағалиды бұл жолы этаппен Алматыға айдап, сонда бір жыл түрмеде тергеуде ұстап, 1932 жылдың сәуір айында Мұхамеджан Тынышбаев бастаған қазақ зиялыларымен бірге соттап, Воронеж облысына жер аударады. Бұл жерде мамандығы бар Жұмағали Белоозер аудандық ауруханасына дәрігерлік жұмысқа орналасады. Сол кезде оның отбасы тағдырдың жазуымен Қырғызстан астанасы Фрунзе қаласына қоныс аударған болатын. Жер аударылған мерзімі біткен соң Жұмағали да сол жерге сұранып келеді. Мұнда ол Қырғызстанның Новотроицкое ауылында аудандық аурухананың меңгерушісі болып істейді. Бірақ ұзамай 37-нің зұлматы басталып, есіл ерді тағы да тұтқындайды. Бар кінәсі сол – «Алаш» партиясының мүшесі болғандығы. Тіпті осы үшін бірнеше рет түрмеге отырғандығы, сотталғандығы да еске алынбайды. Жоғарыдан түсірілген тапсырмаға (разнарядкаға) сәйкес, «шпиондық ұйымға» мүше болғандығы үшін «үштік» 1938 жылдың 17 ақпанында Фрунзе қаласының түрмесінде атқызады…
Жоғарыда біз ауызға алған сурет осы сәтті бейнелеген. Сөйтіп, өз халқына қарлығаштың қанатымен су сепкендей пайдасын тигізіп жүрген есіл ер ит қорлықпен өмірден өткен еді.
Әрине, Түркістан әскери округінің әскери трибуналы оны қылмысы жоқ болғандығы себепті 1958 жылдың 20 наурызында ақтаған. Бірақ оның есіл ерге де, «халық жауының отбасы» деген жаман атақ алып, 20 жыл бойы жазықсыз қуғын көрген балашағасына да еш пайдасы болған жоқ. Жан жары Райхан 1955 жылы ұзақ жылдық қуғынға шыдамағаннан жүрегі жарылып өмірден озады. Үлкен ұлы Ерікті еңбек армиясына алған. Одан 1945 жылы «ауырып өлді» деген «қара қағаз» келеді. Екінші ұлы Әзизді сыныққа сылтау тауып, айып батальонына жіберіп, соғысқа салған. Ол сол жерден хабарсыз кеткен. Жұмекеңнің 1926 жылы туған кіші ұлы Серік қана баянды өмір сүріп келеді. Ол биология ғылымдарының докторы, қазір Алматы қаласында тұрады. Оның Данияр деген ұлы, Ерік деген немересі бар.
2005 жылы петропавлдық өлкетанушы Қайролла Мұқанов «Жумагали Тлеулин – деятель «Алаш-Орды» деген орыс тілінде кітап шығарды. Онда Алаш арысының тағдыры біршама толық берілген.
Ұлтының қамын жегені үшін арманда кеткен есіл ердің есімін еске алып отыратын бір ескерткіш керек-ақ. Сондықтан, Жұмағалидың қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, әрі өзі сабақ берген орын ретінде есімін Петропавлдың медициналық колледжіне берсе, ердің атын шын ескергеніміз болар еді. Сонда біз ұлы Мағжанның «Ардақты ер! Ұмытылмас еткен ісің…» дегенін де ақтаған болар едік.
Айта кететін жәйт, Тілеулідей текті атаның біз жоғарыда Шәймерден мен Жұмағали сияқты екі ұлын ғана атадық. Ал оның осы екеуінен басқа Мұқаш, Есім, Сәпи есімді ұлдары да болған. Бәрі де Жұмағалидан үлкен. Сәпи 30-40-жылдары аштықтан, қудалаудан көз жұмған аға-інілерінің барлық баласын жалғыз өзі асыраған екен. Өзінің Күләш деген қызынан туған жиені – қазақтың орыс тілінде жазатын белгілі ақыны Бақытжан Қанапиянов. Ол да нағашысы Жұмағали туралы бірнеше естелік, әңгімелер жазған.
Петропавл.
Суреттерде: Ж. Тілеулин зайыбы Райханмен (1933 ж); атылар алдында Фрунзе түрмесінде (1938 ж).
Жақсыбай Самрат
Егемен Қазақстан, 26 қараша 2008 ж.