«Біздің үйге қонақ көп келетін. Төңіректегі әңгімешіл шалдарды менің атам әдейі шақырып, оларға түннің бір уағына дейін «Батырлар жырын», «Тотының тоғыз тарауын» , «Қырық өтірік» сияқты ғажайып қызық дүниелерді айтқызатын. Ізғұтты екеуміз жасты едік. Екеуімізді де атам жанындай жақсы көріп, жаңғы әңгімешіл шалдарды біз үшін шақыратын. Ал біз олардың жатқа айтатын хиссаларын жалықпай тыңдаушы едік. Әсіресе Ізғұтты ынталанып тыңдайтын. Батырлар жырын айтқанда ерекше әсерленетін. Батыр жауын жеңіп бара жатқаны жайында жырланғанда масаттанып, жан –жағына күлімдей қарап отыратын. Егер батыр тұтқынға түсіп қалды, зынданға түсіп қалды деп жырлана бастаса ол өз-өзінен қыстығып, булығып, қиналып отыратын. Сол күйін байқаған апам: «баланы қинамай, қысқартыңқырап айтыңызшы! –деп хиссашыға қолқа салып, Ізғұттыға жаны ашитын. Ал атам апама қарсы болып, «Ештеңе етпейді, бозөкпе болып өспеуіне жақсы!» -деп жымиятын.»
«Ауылда алғашында мұғалім болмай Әубәкір молдаға балаларды оқытуды тапсырады. Көпшіліктің күшімен екі бөлмелі мектеп салып, Ізкенім сонда оқуға барды. Бірақ көп оқи алмады. Бір күні Әубәкір молда балалардыңбіреуін сабапты, Ізкенім әлгі балаға арашашы болыпты да Әубәкірге «Сен мұғалім емессің, сен молдасың! Мен сенен оқымаймын!» - деп кетіп қалыпты...
Ізкенімнің әкесі Құрманбай жарықтықтың он саусағы өнер еді, соның арқасында қазақ пен орыс арасындағы жолдастары, достары көп болатын. Ізкенді ауылымыздың төрт шақырым жердегі Скалист деп аталатын орыс селосындағы мектепке орысша оқуға берді.»