"Нұрдәулет Ақыштың әдеби әлемі": шығармашылық кездесу
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Ұлттық кітап күні» аясында көрнекті жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық Жамбыл және «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы - Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақышпен әдеби кездесу өтті.
Кешке жиналған әдебиетсүйер қауым мен қаламыздың студент жастары қаламгерді ерекше ықыласпен қарсы алды. Кеш қонақтары арасында бірқатар зиялы қауым өкілдері Н.Бәбиханұлын мерейтойымен құттықтап сөз сөйледі.
Қоғам қайраткері, ҚР мәдениет қайраткері, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесінің орынбасары Ақанов Сағымбек жазушы шығармашылығындағы рухани биік өрнектер мен ұлттық болмысты тілге тиек етті.
Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы Құрманғалиев Ермек Төлеуханұлы жазушының туған елге деген сүйіспеншілігін, сол өлкенің төл перзенті ретіндегі мақтаныштарын атап өтіп, аудан әкімінің құттықтау хатын табыс етті. Абайтанушы, мәдениет жанашыры Түсіпхан Түсіпбеков Н.Ақышқа қатысты естеліктерімен бөлісті.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 1-курс магистранты Дүйсенбекова Айым Жандосқызы «Нұрдәулет Ақыш прозасындағы ұлттық тәрбие мен құндылықтар» тақырыбында ғылыми баяндама жасап, тың пікірлерімен бөлісті. Ақтаңгер ақын Серік Құсанбаев пен ҚР «Мәдениет саласының үздігі» әуезді үнімен көрерменді баураған әнші Шолпан Кеңесханқызы әдеби кештің ажарын келтіріп әдемі ән орындап берді.
А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұжымы жазушы Нұрдәулет Ақышқа шынайы алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да әдебиетке қосар үлесі арта берсін деп тілек білдіреді.
Байланыс тел.: 26-13-33