«Жанат оқулары» байқауы
А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы жерлес ақын, әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызының 60 жылдық мерейтойына орай «Жанат оқулары» байқауын жариялайды.
Жанат Әскербекқызы - қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан көрнекті ақын, әдебиет зерттеушісі, ұлттық руханият мәселелерін тереңнен толғайтын қаламгер.
Жанат 1966 жылы 1-қаңтарда Шығыс Қазакстан облысы Тарбағатай ауданы, Қарасу ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Ол Республикалық және халықаралық жыр мүшәйраларының жүлдегері, «ЖОО үздік оқытушысы – 2011» мемлекеттік грантының, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Күлтегін» төс белгісінің иегері. Жанат Әскербекқызы қазақ әдебиеттануында алғашқылардың бірі болып миф, мифопоэтика жайлы маңызды зерттеулер жүргізіп, салмақты тұжырымдарға қол жеткізді. Ол қазақ поэзиясы және әдебиеттануына, мәдени дамуға үздіксіз үлес қосып келеді.
Қазіргі уақытта Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет етеді. Сонымен қатар, ақын «Даңғыл», «Көркемдік өріс», «Мифтің поэтикадағы қызметі», «Әдебиет әлемінде» атты ғылыми еңбектердің және көптеген жыр жинақтарының авторы.
Байқаудың басты мақсаты - жерлес қаламгердің шығармашылық мұрасын кеңінен таныту, жас ұрпақтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және дарынды жастарға қолдау көрсету. Өнер додасына 8-11 сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатыса алады. Қатысушылар ұйымдастырушылар ұсынған Жанат Әскербекқызының 10 өлеңін жатқа айтуы тиіс. Орындау кезінде өлең мазмұнының дәлдігі, сахналық мәдениет және көркем сөйлеу шеберлігі бағаланады.
Өтінімдер 2026 жылғы 10 наурыз бен 22 сәуір аралығында қабылданады. Қорытынды шара 24 сәуір күні сағат 14.00-де өтеді. Жеңімпаздар әділқазылар алқасының шешімімен анықталып, қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Қатысу үшін өтінімдерді Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в вашем браузере должен быть включен Javascript. электрондық поштасына немесе +7 747 411 7319 (Ұлпан Қанатқызы) ватсап нөміріне «Жанат оқулары» деген белгімен жолдау қажет.
Баршаңызды алғаш рет өтіп жатқан «Жанат оқуларына» шақырамыз! Келіңіздер, көріңіздер!









