Пушкин және ислам

        Орыстың ұлы ақыны орыс мәдениеті мен жалпыадамзаттық идеал ортасында өсті. Соған қарамастан ол Ислам құндылықтарын шексіз құрметтеп, бағалады. Рухани және тұрмыстық мәселелерге қатысты барлық сұрақтардың жауабын Исламнан табуға тырысты. Құран - ақын өміріндегі мұсылмандық туралы бірінші кітап. Бұл туралы К.Кашталеваның мына дәйектемесі еріксіз еске түседі: «Расында да, Құранның ғажайып сыры мен ақиқатқа жанасатын барлық аяттары Пушкинді таңдандырмай қоймады. Сонымен қатар, данышпан жеңіл тілмен жазылған Құранның мағынасын түсінді. Құран – дидактикалық тілмен жазылған «ұйқасты проза», "қасиетті кітап». «Құран мәтіні – ешқандай мәтінмен салыстыруға келмейтін шедевр»,- деп орыстың құранды аударған атақты аудармашысы Ал.В Проханов айтқан еді. Пушкин шығармасын жіті зерттеген белгілі зерттеуші В. Филоненко ақынның Ислам діні жайында қалам тербеуі арқылы Пушкин өзінің дүние, өмір туралы философиялық ойлары мен көптеген сұрақтарына қасиетті Құраннан қанағаттанарлық жауап алғанын айтады. Ислам дінінің ақын рухының күшеюіне әсерін, «Құранға еліктеу» өлеңі арқылы көруге болады.

Ант етемін таспихсіз, таспихпен де,
Ант етемін қылышпен әділетті күреспен де,
Ант етемін таңертеңгі жұлдызбен,
Ант етемін кешкі оқылар намазбен.

Жоқ, тастаған жоқпын сені мен,
Енгіздім тыныштандыру панасына.
Ұнаттым оның тарауы мен,
Қадала қудалаудан жасыра.

Мен емес пе ем сусын қандырған,
Шөлдегенде сені суымен шөлдің?
Мен емес пе ем сол тілді сыйлаған,
Ақылдан да асқан үстемдігі елдің?

Қаһарман, өтірікке шыдама,
Шындықтың жолын қууды таңда.
Жетімді сүй, Құранды сүй,
Түсіндір соны барша жанға!

(«Құранға еліктеу - І», аударған Ә.Қоқанбаев)

        Біз үшін Пушкиндік қолтаңба «Құранға еліктеу» өлеңімен ерекшеленеді. Ақын көзқарастары мен идеялары Ислам принциптерімен сәйкес келеді. Біртуар тұлғаның өлеңдерін оқи отырып, ақынның өмірдің мәнін ұққысы келгендігін және оған деген құштарлығын көреміз. Ол өмірдің мақсатын асқан ақыл парасатпен күшті иманмен Аллаһты танып, жүректі тыныштандырумен байланыстырады. Орыс поязиясының классигі Пушкин өлеңдеріндегі мазмұн Исламдағы шариғат заңдылықтарындағы «жалпыға ортақ құқық», «адам ар-намысы», т.б. қағидаларына ойысады. Ақын қамшының сабындай қысқа жалған дүниеде адамдар арасында тек ауызбіршілік пен татулықтың сөзсіз болу керектігін түсінді. Ақын пайғамбарымыз айтқандай жұмырбастылардың, сабырлы, бір-біріне бауырмал, мейірбан болуын қалады. Ақын қасиетті кітаптың әрбір сүресінің, әрбір аяттың таза шындық екендігін М.Веревкиннің 1795 жылы шыққан Құранның орыс тіліндегі аудармасы арқылы оқып, исламның артықшылығына көз жеткізгендігі жайлы Пушкиннің «Көптеген ақиқат пен өмірдің барлық мән-мағынасы Құранда анық баяндалған, керемет бейнеленіп, поэтикалық сипатта жазылған» деген сөзі дәлел. Жалпы Ислам жөнінде жазылған ақынның тоғыз өлеңі сыншылар тарапынан әлем әдебиетінің озық үлгісі деп бағаланған. Даңқты Ф. Достоевский ақынның мерейтойында «...Пушкиннің Ислам жайлы қалам тербеуінің себебі – оның үлкен сенімділігі мен қайраттылығынан деп білемін» деген екен. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың Исламды қабылдағанын естіген туысқандары онымен қарым-қатынастарын үзген, әріптестері, тіпті билік басындағылар оны төңкерісшіл, мылжың, пасыққа теңеп, адам қатарына қоспауға барынша күш салды. Пушкиннің Исламды мойындағанына куә болған К.Рылеев те: «Пушкин, сен өзіңнің Ислам жайлы жазған дүниелеріңмен бізден алшақтап бара жатқандайсың. Бірақ біз сені кешіруге дайынбыз. Сен біз үшін орыстың «Байроны» болып қала бермексің. Құдай үшін, сенің сүйікті Магаметің үшін ант етейін, кері қайт! Сен оған еліктеме! Сен егер білсең еді, мен сені қатты құрметтеймін, асқан данышпандығың үшін саған бас ием! Сау бол», - деп жазған. («К.Рылеевтың Пушкинге жазған хаты». 1825 жыл, 12 мамыр.)
        Пушкин өзіне бағытталған теріс пікірлер бой көрсеткен сайын, Исламның сансыз қатпарларын жанын сала зерттеуін жалғастыра берді. Пушкиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің пікірінше, ақынның Ислам жайлы ойларын қағазға түсіруі – тегінің араб болғандығынан. Кейбіреулер Пушкинді зәңгі деп те санайды. Ақын «анамның атасы зәңгі болды, ал оның баласы князь болған» деп жазады «Өмірбаянымның бастауы» деп аталатын кешенді шығармасында. Расында да, Пушкиннің тегі араб. Біріншіден, оның есімі (кейіннен тегін Ғаннибал деп ауыстырды) арабша. Екіншіден, Пушкиннің «Арап Петра Великого» дейтін повесі соған дәлел бола алады. Бір қызығы – ақын атасын (анасы жағынан) Ибраһим деп атаған екен. 1829 ж. ол орыс-түрік соғысына қатысады. Ефрат жанындағы лагерде жүріп «Из Гафиза» және «Стамбул гяуры нынче славят» өлеңдерін жазады.

В нас ум владеет плотью дикой
И покорен Корану ум,
И потому Пророк великой
Хранит как око свой Арзрум.

Меж нами скрылся янычар,
Как между братиев любимых,
Что рек Алла: спасай гонимых,
Приход их – дому Божий дар.

        Ақынның жыр-жауһарлары кеңес уағында цензураға ұшырады. Коммунистердің идеологиясына кереғар келетін тұстары мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттерінің оқулығына енбей қалды. «Узник», «Арион», «Капитанская дочка» тағы басқалары енгізілді де, дәл «Құранға еліктеу» атты өлеңдеріне мемлекет тарапынан астыртын тыйым салынды. Тіпті І Петр өз заманында ақынның Ислам жайындағы өлеңдерінің қолжазбасының түпнұсқасын өртеп жіберуді бұйырған екен.
        Пушкиннің Ислам жөніндегі өлеңдерін оқып, «бәлкім, ол шын мәнінде өзін мұсылманмын деп септеген болар...» деген ойда қаласың...

Қолданылған әдебиет.:

        Қонарбайұлы А.Пушкин және Ислам // Жас қазақ.- 2007. - 18 мамыр. - Б. 8.
        Абдрахманов С.Құран және Пушкин // Түркістан.- 1999.- 19-25 қараша.- Б.3.

үстіне