Пушкин Қазақстан жерінде

        Еліміздің барлық халықтары тәрізді қазақ халқының да А.С. Пушкинге деген ілтипаты ерекше. Ол адам үшін де, әр буын үшін де – қашан да ерекше жаңалық, жаңа бүтін бір дүние, өзгеше көркемдік дүниесі шетсіз-шексіз өнер мұхиты, поэзия мұхиты. Даңғайыр ақын кезінде қазақ даласында болып, Россияға қосылған көршілес халықтың өмір-тынысымен танысқан. Екі ел арасындағы дәстүрлі достықты дәнекерлей түсетін оқиғаның бірі – ұлы Пушкиннің Оралға келуі. Жайық өңірі көптеген даңқты адамдар аралаған өлке. Солардың арасында бұл өңірге А.С. Пушкиннің де табаны тигендігін Оралдықтар ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіп, зор мақтан етеді.
        Ұлы ақын тарихтан аса білімдар болып, өмір бойы ізденумен өткен екен. Сол ізденістерінің бірі - ол әйгілі Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі.
        А.С. Пушкин А.И. Тургеневке жазған бір хатында өзін Пугачевтың историографы болып алдым деп қалжыңдаған екен. А.С. Пушкин шын мәнінде де Пугачев тақырыбына тұңғыш қалам тартқан тарихшы-қаламгер. Пугачев туралы жазу қажеттігіне патшаның көзін жеткізген, рұқсатын алған алғашқы адам – Пушкин. Пушкин өз правосы үшін күрескен адамды шығармаларында үлкен пафоспен жырлады, дәріптеді. Ол Россия империясының қанаты астындағы халықтардың өткен тарихы мен қазіргі өміріне бүкіл жер жүзіндегі ұлттық-мәдениеттердің тағдырына қатты назар аударды.
        Ақын Николай Россиясының түрмесінен кетіп, шетелдерді аралауды құмарта арман етті. Ол «Россиядан жасырын қашып шығып» не Стамбул, не Дерпт арқылы Батыс Европаға баруды ойластырды. Шығыс елдерінің ішінен интернационалист ақын Қытайда болуды, оның көп ғасыр жасаған тамаша мәдениетін көруді көкседі. Бірақ Николай І-мен Бенкендорф бұл армандардың бірін де іске асыруға мүмкіндік бермеді, қадамын қадағалаған жандармдар ақынның табанын кия бастырмады.
        Пушкин шетелдерде болмаса да, Россияның талай жерін армансыз аралады. Ол көптеген деревнялар мен қалаларды, ұшы-қиыры жоқ далаларды көріп, оларды мекендеуші халықтардың өмірімен, тұрмыс-жайымен жан-жақты танысты. Пушкин «Азияның құнарсыз сахарасын», «Кавказдың сағымданған тауларын», «Кубань жазықтықтарын», Қырымның «талтүстегі толқындарын», Бессарабияның «құлазыған өлкесін», «қасиетті Донды», «шаңы мол Одессаны» көрді. «Тавриданың төбелері», «Воронеждің далалары» оның көз алдынан талай рет өтті. Ақын «Бессарабиямен шулап көшіп жүрген цыгандардың» жыртық шатырына да кірді. Ол Пугачев көтерілісінің тарихын зерттеу үшін Орынборға келген сапарында көшпелілердің «киіз үйінде» де талай рет болды. Сондықтан ұлы ақын бұдан талай ғасыр бұрын өмір сүрген халықтардың тарихы мен мәдениетін, сонау ежелгі Египет дүниесінен бастап «Украин түндеріне» дейінгі әлем тарихын өз поэзиясында дәуір әлпетін бұзбай бере білді.
        Ұлы ақынның байқағыш назарынан патша чиновниктерінің тепкісінде езілген, бірақ табиғи таланты мол қазақ халқы да шет қалмаған. Данышпан Пушкин қазақ сахарасының өткен тарихымен шұғылданып, оның ежелден келе жатқан тамаша ауыз әдебиетінің кейбір үздік үлгілерін жаздырып алған. Россия империясының құрамына кіретін шет аймақтардағы ұсақ халықтарды өз ұлтындай құрметтеп сүйген ұлы ақын «Ескерткіш» атты тамаша өлеңінің алғашқы варианттарының бірінде өзінің ұрпаққа қалдырған өлмес мұрасының мұрагері деп қазақ халқын да атаған. Ұлы ақынның келешек буындарға қалдырған өсиеті есепті бұл атақты өлеңнің үшінші шумағы мынадай:

        «...И назовет меня всяк сущий в ней язык:
        И гордый внук славян, и фин, и ныне дикой
        Тунгус, и друг степей калмык».

        Ұлы ақынның қазақ жұртына деген адал ықыласын біздің халқымыз ешуақытта ұмытпақ емес. Қазіргі кезде ақын қалдырған асыл қазынаның заңды мұрагері болып отырған қазақ халқының жүрегінде Пушкиннің қасиетті аты мәңгі сақталмақ. Пушкин Россия империясын мекендейтін халықтарды қалай сүйсе, олардың көркем тарихы есепті ауыз әдебиетін де сондай сүйді. Ақын фольклорды халық жанының айнасы деп білді де, халық өміріндегі елеулі тарихи кезеңдердің шынайы көрінісін ол ең алдымен ауыз әдебиетінен іздеді. Пушкин — шаруалар көтерілісін жақтамаған, оған сескене қараған ақын. Бұл — Пушкинтану ғылымында дәлелденген шындық. Бірақ солай болса да, орыстың әдебиет тарихында шаруалар көтерілісінің көсемдері — Степан Разин мен Емельян Пугачев туралы фольклорды жинауға кірісті. Сөйтіп ұлы ақын орыс фольклористикасында Разин және Пугачев туралы бай ауыз әдебиетті жинаудың негізін салды.
        Патша тағын теңселткен халық бұлқыныстарының бір көрінісі - Пугачев көтерілісі 1773 ж. Жайық жағасында басталған. Бірінші бой көрсету болған күн – 17 қыркүйек. Шаруалар көтерілісі адам айтқысыз қаталдықпен басып-жанышталғаннан кейін, бас бүлікшінің басы Мәскеудегі Қызыл алаң шетінде кесілгеннен кейін Екатерина ІІ осы тақырыпқа толық тыйым салған. Өмірде ондай адам да, сондай көтеріліс те болмағандай етуге тырысқан, басылым бетінде сөз ету былай тұрсын, ауызекі әңгіменің өзінде Пугачевтың есімін атауға рұқсат жоқ еді. Сол кездегі қойылған талап - «вечное забвение и глубокое молчание». Патшайым оны айтып қана қоймай, нақты шешім де қабылдаған. Есіліп аққан кең Жайықтың аты құжаттан да, картадан да өшіріліп, өзен ресми түрде Урал деп аталғаны, кейіннен Жайық қалашығының да Уральскіге айналғаны патшайымның қаһарынан еді. Өйткені, Жайықтың аты аталған жерде санаға Пугачев көтерілісі сарт ете қалмай қоймайтын. Зерттеулер бойынша ақын әйгілі қаламгер, ұлы фольклоршы Владимир Иванович Дальдың таныстығын, достығын тым әріден тартып, осы сапарға досының көмегіне сеніп шыққандай етіп көрсетілген. Пушкиннің бұл жүрісі Даль үшін тосын жаңалық еді. Оған Дальдің естелігіндегі: «Пушкин прибыл нежданный и нечаянный и остановился в загородном доме у военного губернатора В.А.Перовского» деген сөздер дәлел. Арнайы іздеп келмегенімен, Пушкинге Дальдың көп көмегі тиген екен. Пугачев көтерілісін бала күнінде көрген көнекөз қариялар ол кезде Орынборда баршылық болған, Даль солардың талайымен ақынды жолықтырып берген. Бірақ, Пушкинтану ғылымында бұл жөнінде әлі ешқандай дерек жоқ. Сондықтан бұл мәселе туралы әзірге тек жорамал ғана айтуға болады.
        А.С. Пушкин атышулы аймақты аралау үшін 1833 жылдың 17-ші тамызында Петербургтан шықты. Ол Москва және көтеріліс жалыны шарпыған Нижний Казань, Симбирск қалалары арқылы жүріп, сол жылдың 18-ші қыркүйегі күні Орынборға келеді.
        Ол кезде Орынбор жеті мыңға жуық халқы бар шағын ғана қала болатын. Тұрғындардың тең жарымына жуығы әскери адамдар еді. Айналасы терең ормен қоршалған бұл әскери бекініс орыс мемлекетінің қазақ сахарасымен саяси және сауда қатынастарын жүргізетін стратегиялық қаласы болады. А.С. Пушкин Орынборда қаладағы әскери училищенің директоры К.Д. Артюховтың үйіне келіп түседі. К.Д. Артюховпен ақын Петербургте танысқан. Пушкин Орынборда екі тәулік болады 18—20 қыркүйекте. Осы аз уақыттың ішінде ол қаланың көп жерін армансыз аралап, Пугачев көтерілісі жөніндегі тарихи деректерді жақсы білетін адамдармен, әсіресе қариялармен әңгімелеседі. Ақын осы сапарында Пугачевтың ставкасы болған Берді селосына да барады. Көтерілістің жалыны шарпып өткен басқа да жерлерді ақын қызыға аралайды. Кәрі құлақ көне адамдармен әңгімелесіп, олардан Разин мен Пугачев жайындағы халық арасына көп тараған аңыз-әңгімелердің, өлең-жырлардың әртүрлі нұсқаларын жазып алады. Ақын бұл бай материалдарды кейіннен Пугачев туралы жазған әйгілі шығармаларында кеңінен қолданғаны айқын көрінеді. («Қапитан қызы», «Пугачев тарихы»). 20-шы қыркүйек күні А.С. Пушкин Орынбордан шығып, Пугачев көтерілісі туралы жаңа мәліметтер жинау мақсатымен Орал қаласына келеді.
        Ақын сол кездегі Орал казактарының атаманы, полковник В.О. Покатиловтың үйіне тоқтаған. Осы өңірдегі сол тұстағы көрнекті де көрікті үйдің құрылысын итальян архитекторы Дельмедионың жобасы бойынша 1823 ж. атаман Д.М. Бородин бастап жүргізіп, кейіннен өкімет әкімшілігіне өткізіп жіберген. Бұл үй бір ғасырға жуық Орал казактары атамандарының ресми кеңсесі болып келді.
        Бүгінде музей-үйдегі ұлы ақынның кескін-суреті ойылған ақ мәрмәр тақтадан: «Бұл үйге 1833 ж 4-6 октябрінде А.С. Пушкин тоқтаған» деген жазуды оқуға болады. 1977 жылдан бастап осы үйдің үш-төрт бөлмесіне Орал облыстық тарихи өлкетану музейінің әдеби бөлімі орналасқан екен. Ақынның Ленинградтағы музей-үйі мүсінші С.И. Гольберг жасаған бейненің көшірмесін осы жерге арнайы жіберіпті. Сондай-ақ осы музей-үйдегі ақын архивінен табылған «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» дастанының мазмұны жазылған парақтардың фотокөшірмесін де сыйлаған екен.
        Ақын бұл жерде де көп адамдармен кездесіп, Пугачев туралы халық аузында сақталған әдеби деректерді жазып алады. Пушкин Орал қаласында үш күн болып, 23 қыркүйек күні Болдиноға жүріп кетеді. Ұлы интернационалист ақын Россияның қанаты астына қорғалаған кішкене халықтардың тағдырын өз ұлтының тардырындай ойлағанын оның осы Орынбор сапары-ақ айқын аңғартқандай.
        Оралдағы Пугачев тарихына байланысты мекендерді А.С. Пушкин зор ынтамен аралап, мол деректер жинаған. Тек 24-25 қыркүйек күндері ақын кездесіп, әңгімелескен адамдардың саны ғана 20-ға жуық. 22 қыркүйек күні Оралдың ескі бөлігін аралайды, ол ара – Жайық қалашығының бұрынғы орталығы, Михаил Архангел соборын көреді. Оралдықтар Пушкинді атаманның тас үйіне де алып барады, Пугачев көтеріліс кезінде сол жерде тұрған, Устинья Кузнецовамен тойы да сол үйде өткен. Бұрынғы әскери канцелярияның ғимаратын да көреді, Пугачев қамауға алынғаннан кейін Мәскеуге жіберілгенше сол жерде ұсталған. Пушкин жолыққан, сөйлескен оралдықтардың арасынан полковник Бизяновты, полковник Стахий Мизиновты, подполковниктер Антип Назаров пен Петр Назаровты, войсковой старшиналар Иван Боблоновты, Леонтий Понамаревты, есаулдар Иван Бородинды, Никита Донсковты айту жөн.
        Пушкиннің өз хаттарында Оралға келгеніне қатты разылығын қайта-қайта айта беретіні көтерілісті өз көзімен көрген адамдармен жолыққандығына байланысты. Әсіресе, 80 жастағы Яков Овчинников, 88 жастағы Степан Солодонников, 74 жастағы Никита Маденов Пугачев жөнінде нақты детальдары бар қызғылықты әңгімелер айтқан. Зайыбы Наталья Николаевнаға жазған хатында: «…Орал қаласына келдім. Мұндағы халық біздерді қуана қарсы алды. Елі қонақжай екен…» деп разылығын білдіреді.
        А.С. Пушкин Орынборға келген сапарында тек С.Разин мен Е.Пугачев жайындағы фольклорға ғана емес, қазақ халқының ауыз әдебиетіне де ерекше назар аударған.
        Ұлы ақынның артында қалған архивінен «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырының қысқаша мазмұны жазылған колжазбаның шығуы осыған дәлел. Дастанның мазмұнын Пушкиннің өзі емес біреуге жаздырған екен.
        1937 ж. СССР Ғылым академиясының «Временник Пушкинской комиссий» жинағының үшінші нөмірінде Л. Модзалевский «Запись казахского предания в архиве Пушкина» деген хабарлама шығарады. Бұл жайында іле-шала келесі 1938 ж. «Литературный Казахстан» журналында Ю.Феликс пен Г. Песков «Пушкин и казахская легенда о Козы-Корпеше и Баян Сулу» атты шағын мақала жариялаған. Сонда Пушкин архивінен табылған қазақ жырының мазмұны баяндалады. Пушкиннің жалпыадамзаттық қазыналарды қандайлық қастерлегенін айқын көрсететін бұл жазба – біздің даусыз мақтанышымыз. «Предание кыргыз расположенное на песнях о романе Кусукурпечь» деп аталып, «Предание о сем романе у кыргыз в песнях передается в следуюшем изъяснении». В прежние времена жили два приятеля, кои хотели еще боле между собою сблизитца положили завет родившиеся от них первые дети мужска и женска пола (должны) соеденить браком. В скором времени родился у одного сын названной Косукурпечь, а у другого дочь Сулу-баяна, у Кусукурпеча отец помер. Малолетний сын от сего пришел в нищету, а отец Сулу-баяна более разбогател и не желая дочь отдавать за бедняка откочевал в отдаленные страны» деп әрі қарай жыр мазмұнын баяндап шыққан бұл жазбаның кімнің қолымен қағазға түскені, ақынның архивіне қалай жеткені белгісіз. Белгілісі - Пушкиннің осы жыр жөнінде білгендігі, оған қызығушылық танытқандығы, сөйтіп сюжетін жазып беруді сұрағандығы.
        Сондай-ақ ел аузында Махамбет пен Пушкин кездесіпті деген «ауызша дерек» айтылып жүр. Ғылым, оның ішінде әдебиеттану ғылымы да «ауызша деректермен» жасалмайды. Пушкин қазақ жерінде бір сапарында ғана болғаны талассыз. Ол күндер 1833 ж. 18-23 қыркүйек аралығы. 1999 ж. Мәскеудің «Словао» баспасы 4 томдық «Летопись жизни и творчества А.С. Пушкина» деген еңбекті шығарды. Сонда ақын өмірі күн-күнімен, кей тұста тіпті сағат-сағатымен жазылған. Пушкин Мәскеуден шыққаннан-ақ артынан аңду салынған. Осыған байланысты келтірілген бір қызықты әңгіме, сол кезде талай әдебиетшілер жазған, ақын Орынборда Перовскийдің қонағы болып жүрген күндерінде нижегородтық губернатор Бутурлиннен құпия хат келіп түседі. «Жақында бізде Пушкин болып қайтты. Мен оның кім екенін білем ғой, сондықтан қол қусырып күтіп жібердім, бірақ оның Пугачев бүлігі жөніндегі документтерді іздестіріп жүрмін дегеніне сенген жоқпын, сірә, ол құпия нұсқау алып біздің ісіміздегі кемшіліктерді тергеуге келген болар. Менің сізді құрметтейтінімді білетін шығарсыз, сол себепті сізді сақтандыру – өзімнің міндетім деп ұғамын », дейді губернатор генералға...
        Осыны естігенде Пушкин әбден күлкіге батады. Ең кереметі – сыртқа шыққан адамды тексеруші деп күдіктеніп, құрмет көрсететін күлкілі жай Пушкинге кейін атақты «Ревизордың» сюжетін ойлап таптырады. Өзімнен гөрі сын-сықаққа бейімдеу деп осы сюжетті Пушкин Гогольге сыйлаған екен. Сөйткен адам осыдан төрт-ақ жыл бұрын патша абақтысына қамалған, екі-ақ жыл бұрын қамаудан қашып шыққан қазақ ақыны Махамбетпен кездесе ала ма? Ондай кездесуді арман етсе де дәл сол күндерде мұның сәтін түсіру өте қиын еді. Императордың тікелей тапсырмасы бойынша Пугачев бүлігі жайында дерек жинап жүрген (кейін кітапқа патшаның өзі цензор болғаны, мәтінге бірқатар өзгерістер енгізгені, шығарманың «История Пугачева» деген атын «История Пугачевского бунта» деп түзетіп береді.) Пушкин дәл сол кезде Махамбетпен кездесуге ұмтыла қоятын ба еді? Мұның өзіне толық жауап әрине әлі де қарастыруды талап етеді...
        Пушкин өз елінің досы қазақ халқын таза махаббатпен сүйді. Өзінің шығармашылығымен екі елдің арасындағы шынайы достықты нығайтып, топас тобыр шеттеткен мейрімді қазақ халқын өз бауырына тарта түсті.

Қолданылған әдебиет.:

        Сатаев А. Ұлы ақын қазақ жерінде // Соц.Қазақстан.- 1987.-10 февр.
        Сатаев А. Ұлы ақын қазақ жерінде // Ақиқат.- 2006. - N 5. - Б. 11-13
        Сейітов С. Пушкин Оралда // Қазақ әдебиеті.- 1999.- 4 маусым.
        Ысқақов Б. Пушкин Қазақстанда // Қазақ әдебиеті.- 1987.- 30 янв.

үстіне