Мағжан поэзиясының көркі мен сұлулығы, сыршылдығы мен жыршылдығы, суреткерлігі мен ойшылдығы талай рет оқырманын тамсандырып, талай дуалы ауыздардың ілтипатын иелендіріп, өзіне тәнті еткен. Атын атауға жасқанып, бұқпантайлаған заманда да тасты жарған тас бұлақтың суындай нәрлі поэзия жасырын оқыған талай жүректі өзіне баулап, өзгеше күйге бөлегені шындық. Мағжан поэзиясының осынау құдірет күшін өз замандастары толық мойындап, кейі ашық, кейі жұмбақтап болса да жазып та, айтып та кеткен.
       «Мағжан-культурасы зор ақын. Сыртқы кестесінің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай», - деген еді Мұхтар Әуезов. Өз замандастарынан тума таланты мен білім деңгейі жағынан, жарты ғасыр алға жылжып кеткендіктен, оның сырға толы астарлы ойларын түсінуге төңірегіндегі шала сауаттылар қауқарсыз болды. Бұдан Мағжан қолданған әдеби әдіс тек Европа мен орыс әдебиетіне ғана тән жетістіктер екен, ол қазақ топырағына жат болған деген пікір тумауы тиіс. Мысалдап сөйлеу, ойын астарлап, бірдемеге меңзеп, тұспалдап айту қазақтағы шешендік ділмарлық өнердің ежелден келе жатқан кәнігі тәсілі болған. Мағжан қазақтың шешендік өнерін әлем әдебиетіндегі озық үлгілермен толықтырып, жетілдіріп, жаңа әдеби тәсілдерді енгізді.
       ХХ-шы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік бейнешілдік стилімен дараланған, Мағжанның жаңашылдығы әлем әдебиетіндегі символизмнің пайда болуымен де байланысты.
       Символизм алғаш әлем әдебиетінде романтизммен бірге болды. Кейін романтикалық сарын өршіл және кері тартпа болып екіге бөлінгенде, ойды бейнелеп жеткізуде шындық пен жалғандықтың ара салмағын өлшеп көрсететін әдеби құралға айналып, ХІХ-шы ғасырдың ортасында әдебиетте романтикалық сарын мен реалистік шындыққа қосымша - жаңа әдеби әдіс болып, Европа және орыс әдебиетінде қалыптасады.
       Қоғамдағы саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты, бірде күшейіп, бірде жоғалып отырады. Оны пайдаланушылардың да көзқарастары әр түрлі болады. Өмірдің шындығын шығармада ашып жазудың қажеті жоқ, оқыған адам қалай қабылдаса солай болуы керек дегендер, сөз сиқыры арқылы айтпақ образды ойларын оқырман санасына сендіру арқылы жеткізіп, қайғыртып, қуантып, түрлі көңіл күйге бөлеуі керек деушілер де табылды. Сиволизмге: «Оқырман мен суреткерді жақын табыстыратын тәсіл», - деп А.Толстой жоғары баға береді.
       Символизм күш ала келе әдеби стиль ғана емес, қоғамда өзгерістер жасайтын саяси қару, экономикасы тұралап жатқан елдердің, ішкі ынтымағын ыдыратып, төңкеріліс жасап, басып алу мақсатындағы соғыс тәсіліне де айналады. Ол мақсаттарды іске асыру үшін мағынасыз қимыл мен жекелеген сөздерді пайдалану арқылы, санаға әсер етіп, адамдардың ашу-ызасын қоздырып, қытығына тиген. Сондай-ақ символизм - қоғамдық басқару жүйесіндегі кемшіліктермен көзқарасы келіспегендерді қоғамнан аластаудағы, қоғамдық бәсекелестік күшейгенде, тәртіп сақшыларының қолданған қаруы да болған. Бұдан символизмнің үлкен күрделі процестерді бастан кешіп, дамып келе жатқандығы, оның өміршеңдігі ғана емес, тағдырының да көп жағдайда қоғамдық билікпен тікелей байланысты болғандығына дәлел. Себебі ашық айтылған ой бақылауға алынып қудаланса, баспасөзде жазылған пікірлерді цензура жібермеді. Осыдан келіп мағынасы сырғымалы, ойы екі ұшты, тұманды тұйыққа тірейтін, абстрактылы, философиялық шығармалар пайда болды. Ол бастапқыда поэзияда көрініс берсе, кейін прозаға ауысты.
       Мағжанның символистік тәсілі екі арнада қалыптасты. Алғашқысы, этногенетикалық тегімізбен байланысты. Себебі, Мағжанның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ояну дәуірімен тұстас келгендіктен, ұлтының көне тарихын тірілту арқылы ұлттық санасына қозғау салуға ұмтылды. Екіншісі, Европа және орыс әдебиетінің озық тәсілдерін пайдалана отырып, қазақ әдебиетін жанрлық және көркемдік жағынан байытты. Этногенетикалық тарихымызға назар аударсақ, қазақ символизмінің алғашқы бастауы тау шатқалдарындағы қашап салынған суреттерден басталған. Ата - бабаларымыз дүние танымдарын аңдардың, құстардың образында бейнелеп отырған. Бұл сол кездегі ата-бабаларымыздың ойларын суреттермен образдап айта білгендігін дәлелдейді. Демек, қазақ даласындағы тау шатқалдарына қашап жазылған суреттер образды ойлау адам жаратылысымен бірге келе жатқандығын дәлелдейді. Мысалы жартастағы суреттер. Ойды символдап айту, символдап беру тәсілі қазақ топырағына жат болмаған. Оның шығу тегі: «Адамзат табиғат құбылыстарын түсініп болмаған, айналасындағы қас күштердің қастандығынан қауіптеніп, оларды алдап, астарлап сөйлесу керек», - деген нанымы мен де астасып отырған, - дейді профессор Ш.Керім. Символист ақындар ақсүйектер әдебиетінің өкілдеріне жатады. Ендеше ойды бейнелеп айту тәсілі, этногенетикалық қанымызбен қабысып, көнеден келе жатқан дәстүр десек, С.Кенжахметов: «Қазақ халқының символизмі, ұлттық психологиямызға негізделген. Ол ішкі сезімдер мен іс-әрекетті сөзбен айтпай, ыммен, ишарамен, қимылмен, еппен сездіретін ұғымдар болып табылады. Мұны әдет-ғұрып деп атайды», - дейді.
       Мағжан ойды бейнелеп айтатын генетикалық көне дәстүрді, поэзиясында ойларын образды бейнелеу үшін пайдаланған. Сөйтіп оқырманның сезімін басып, көңіл күйіне ықпал етіп, ойын толқытқан. Бұл арқылы Мағжан поэзиясына Европа мен орыс әдебиетінің әсері болмаған екен деген ой тумаса керек, керісінше ол Европа мен орыс әдебиетінің үздік тұстарымен кеңінен танысқан, нәрімен сусындаған адам. Оның ХХ-шы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінен көрінген символистік тәсілі Сарыарқаның ызғарлы көктемінің арасынан басын көтерген бәйшешектей болды.. Себебі, осы кезеңде 1906 және 1914 жылдарды қамтыған орыс революциясының ызғары, қазақ даласына да сезіліп, өз өктемдігін жүргізе бастаған. Сол кездегі қоғамдық қысым оның символистік шеберлігін шыңдап, бейнешіл ақын болып қалыптасуына септігін тигізді. Ендеше, Мағжан - Батыс әдебиетінде ХІХ-шы ғасырда, орыс әдебиетінде ХХ-шы ғасырдың басынан гүлдене бастаған символизмді, қазақ әдебиетінің топырағында түрлендірген ақын. Бейнешілдікті халықтың әлеуметтік тұрмысымен байланыстырған қазақ әдебиетіндегі символизм мектебінің іргетасын қалады. Ұлттың ұйықтап қалған сезімін ояту үшін жазылған өлеңдерінде қатаң дауысты дыбыстарды іріктеп пайдаланды. Оған «Түркістан» және «Қазақ тілі» өлеңдерін мысал етуге болады. Онда буындарды үндестіру арқылы азамат соғысының салдарынан әлсіреп, иықтары түсіп кеткен этностың намысын оятып, мақтанышын қоздырып, жанына жігер, бойына ерік пен күш дарытып, ұлттық рухын оятып жігерлендіруге әрекет жасағаны өте сәтті шыққан. Осы өлеңдегі сөздердің сиқырлы күші оқырмандарының бойына қуат беріп, делебесін қоздырып, көкірегінде ыстық қанын ойнатып, ұлттық рухын динамикалық қозғалысқа келтіреді. Мағжан оны ашаршылық пен азамат соғысының қасіретіне ұшыраған қазақтың сезімін сергітіп, намысын оятып, бойына қуат, ойына от беріп, жасыған жанын жадырату үшін пайдаланған. «От» өлеңінде қанында оттай ойнаған қуатты екпін мен жігерлі сөз нөсерінен отты құйын ойнатады. Сол арқылы, халықтың белсенділігін арттырып, жігерлендіріп, бойына күш-қуат құюға ұмтылады. Олардың өліп жатқан санасындағы қорқынышты отпен аластап қуалап, қатердің алдына тосқауыл ретінде алып шықпақшы болады. Өлеңнен оттай қуатты сөз нөсері мен өршіл екпін байқалатыны содан. Үнді, ұяң дыбыстарды пайдалану арқылы, жігіт пен қыздың бір-біріне деген ішкі құштарлық сезімдерін өлең шумақтарындағы үзіліп бара жатқан дыбыстардың нәзік жаңғырығы арқылы образдауы - «Шолпы» өлеңінде. Адам тағдырындағы өзгерістер «Толқын» өлеңінде толқындардың бірін-бірі жуып кетіп жатқан қозғалысы арқылы бейнеленсе, «Жүсіп хан» поэмасында Аббас ханның образын жасауда қазақ сөзінің қолданысынан шығып тек түркімен халқының қолданысында көбірек сақталып келе жатқан «зат» сөзін,

Шіркін, Аббас зат еді-ау!
Заттың ісі жат еді-ау:
Жұмысы жоқ бір істе,

- деп мінездеу үшін жаңартса, ел билеушілердің бәрінің бірдей мәдениетті бола бермейтіндігін Аббас ханның:

А, құтырған бадырақ құл!
Бұл былшылың қай былшыл!?
Кет! Көрінбе! Шық! Жоғал!

- деп аузынан шыққан дөрекі сөзі арқылы дәлдеп береді. Патшалық Россия тарапынан жасалған қысымға шыдай алмай, оларға білдірген наразылығын «Орал» өлеңінде:

«Ұзын Орал күн мен түн шекарасы,
Бір жағы-күн, бір жағы-түн баласы.
Арғы жағы - көк көзді жын ұясы

- десе, мал баққанға құнарлы жерлерінен ығыстырылғандығына наразылығын «қара-шекпендер» деген күйінішімен білдіреді. «Айда атыңды, Сәрсембай» атты өлеңінде қала еркектерін «Тамақтан басқа тілек жоқ. Қорсылдаған «доңыздар» - деген теңеу арқылы ауыл еркектерінен өзгеше мінездерін мінейді. Оның Мағжан поэзиясындағы көркемдігі жайлы Ж.Аймауытов былай деген: ... Ол жүректің қобызын шерте біледі, жүрегінен жас қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма, бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады». Өзінің тағдыры қыл үстінде тұрғандығына қарамастан Мағжан бейнешілдігіне Ж. Аймауытов осындай әділ, жоғары баға берген еді.
       Оған Мағжанның «Түн айтқызды» деп аталатын өлеңін мысал етуге болады. Символистер түнді жамандықтың образында бейнелейді. Ендеше мұны Мағжанға жамандық жазғызғандығын сеземіз. Өлеңде қазақ елінің басынан өткен қасіреті, қоғамның сырт көзден жасырын отырған саясаты, әлеуметтік-психологиялық күйзелісте беріледі. Байғыз - халқы қырылып иен қалған ауылдар мен қыстақтарды, бос қалған қаланың орындарын мекендейтін - құс. Аңыздарға сенсек, Шыңғыс ханның билігі кезінде, халқы тұтас қырылып қалған қалалардың орындарына, тек байғыздар ғана иелік жасаған екен. Бұдан байғыздардың жаманшылыққа ұшыраған жерлерде жүретін жамандықтың бейнесі екендігіне көз жеткізуге болады. Ақын ұлт трагедиясын бейнелеуде осы көне нанымды 1921-1922 жылғы аштыққа ұрынған халықтың басындағы қаралы жағдаймен байланыстырады. Сол жылдың соңында аман қалғандарына көмекке шыққан отрядтардың бірін, Мағжанның өзі басқарып шыққан болатын. Сонан алған әсерін сапарнамалық өлеңдер топтамасында келтірген. Сол кездегі ақынның ішкі қобалжуы мен күдігі өлең астарында өте әсерлі жазылған. Өлең небәрі сегіз жолдан ғана тұрады. Алдарынан ауыл адамдарының әдеттегідей қуана шықпай, керісінше, байғыздың түнде ауық-ауық үн беруімен ауылдың бүліншілікке ұшырағандығын бейнелейді. Халықтың басына түскен жаманшылық түн образында бейнеленген. Өзі де қараңғы түнде жалғыз келе жатқандай сезінеді. Төңіректегі тылсым тыныштықтың түңлігін түргендей, байғыздың үні ауық-ауық ащы шығып, иесі өзі екендігін сездіргендей болады. Жалғыз атты жолаушы төбесіне құлап кетердей төніп тұрған таудың биік-биік құздарынан қорықпайды, саңқылдап өз өктемдігіне көңілі тойғандай болған байғыз үнінен түршігіп, еркіне бағындырғысы келген даусынан үрейленеді. Қараңғыда сүрініп кетпейін деп қалбаңдап келе жатқан адамның күйін кешеді. «Күңірентіп, қолымды көкке жайдырып жамандықты бере көрме, жақсылық бер» - деп Тәңірге жалбарынады. Ақынның ішінде үміт пен күдік алмасады. Жан-жағын қармалаған түннен де, сол түнді жамылып бұғып, жамандықты хабарлап тұрған байғыздың даусынан да қорқады. Келе жатқан қатерге сенгісі келмей, ішкі күдігін жасырып, бәрін түннің қараңғылығынан көретіндігін:

Тауда түнде үн берген,
Тәңірі ме, әлде байғыз ба?
Үнді естіп жаным күңіренген,

- деп ел басындағы жамандықты қараңғы түнде шыққан байғыздың үнімен, қазақ даласын жайлаған аштықтан кейін қаңырап қалған ауылдар мен далаға иелік жүргізген өктемдігімен бейнелейді. Елге бет алған кезде халық алдымнан басына қара салып шықпай, баяғысындай қуанып қарсы алса екен деп армандайды, солай болуын тілейді. Іштей үміт пен күдіктің жетегінде арпалысады. Бірақ жақсылықты күтуі жоққа шығып, ойран болған ошағын, әр жерде тарыдай болып шашылып жатқан өліктерін көргенде өзі де байғыздың кейпіне кіріп күңіренеді. Бұдан өмірінің не бір ауыр кезеңдерінде де ұлтының мұңыменен өмір сүргендігіне көзіміз жетеді. Қараңғы түнде үн беріп қасына шақырған, Тәңір ме, әлде байғыз ба? - деп елеңдей отырып, Тәңір болсаң, қасыма кел, қолымды көкке жайғыз ба - деп жалбарынады. Тілегімді орында деп, Тәңірден рақым сұрайды. Байғыздың иесіз жерлерді ғана мекендейтін ерекшелігін елдің есіне салады.
       Халықтың оны ежелден жаманшылықтың хабаршысы деп қорқатыны, кеңес өкіметінің кемшілігінен болған қасіреті етіп алынған. Бұл өлеңнің екінші астарында ақынның өз тағдыры бар. Ел дербестігін аңсаған ойын түсіне алмаған ортаны түнгі, ойларына соны салып жүрген өзін қараңғы тау ішінде, түн тыныштығын бұзып, ауық-ауық үн беріп қоятын байғызға балайды. Мағжан «Қанышбай қысасы» поэмасында көне нанымды жаңа ұрпақ санасын тәрбиелеудегі құрал ретінде пайдалануға болатындығын дәлелдеп, нанымды жаңа әдеби әдіс ретінде пайдалануды ұсынады. Сөйтіп көнені тірілту арқылы прогресске жетуге де болады дегенді ойға салады. Ж. Аймауытов айтқандай, «сыртқы түрі бейнешілдік, ішкі түрі күйректік, жылауықтық», сарында жазылған Мағжан өлеңдері екіге бөлінеді. Біріншісі - Мағжанның «Қысқы дала», «Жазғы дала», «Қараңғылық қоюланып келеді» және т.б. өлеңдерінің тақырыптық, сарындық ұқсастығы, халқының мұңын мұңдау көрініс тапқандығы да, екіншісі - Мағжанның түңілу сарында жазылған өлеңдерінің кейбірінің өз басындағы қайғы-қасіретпен ұштасуында. Екінші топтағы өлеңдеріне: «Мені де, өлім әлдиле», «Ой», «Күзді күні», «Алдамшы өмір», «Альбомына», «Жел», «Сағындым», «Сарғайдым», «Түс», «3-ға», «Бүгінгі күн өмір, өлім – менікі» және т.б. жатады. Бұл дүниеден түңіліп, о дүниенің келуін күту сияқты мағынада жазылған өлеңдерінің бірі «Мені де, өлім, әлдиле». Мағжан шығармаларын жинап, бастырушылар: «Сүйікті ұлы Граждан мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін жазылған болса керек, өйткені өлеңде періште күйінде о дүниеге аттанған жас нәресте, жасқа тұншығып өлген. «Бетінен алма қан тамған» жас сұлу образдары бар», - деп, өлеңнің шығу тарихына түсінік береді. Осыған сүйене отырып, ақынның жеке басындағы қайғыдан туған десек те, екінші жағынан Бальмонттың «Әлдиле, өлім, әлдиле» деген өлеңінен бағыт алғандығын жоққа шығаруға болмайды:

Талпынған жаңа нәресте,
Ақ қанатты періште,
Балдырлаған бұлақтай
Көрінген жанды күлдірген,
Жаңа піскен бүлдірген,
Балауса нәзік құрақтай,
Қайтыпты қозы көз тиіп,
Бетінен керіде жел сүйіп,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле...
Әлдиле, өлім, әлдиле!

       Мағжанның бұл өлеңі - символизмнің (бейнешілдіктің) ең биік үлгісінде жазылған өлеңдерінің бірі. Өлеңде нәзік жанды ақынның жақын адамынан айрылған, қайғыдан күйзелген сәті бедерлі бейнелеген. «Сағындым», «Сарғайдым», «Түс», «Анама», «3-ға», «Жел» сияқты өлеңдері Мағжанның түрмеде жазған шығармалары.  «Сарғайдым» деген өлеңінде ақын:

Сарғайдым күннен-күнге қуат кеміп,
Қалың ой - қара жылан жүректі еміп.
Ақырын бітіп барам жанған шамдай,
Көзіме ыстық жастар мөлт-мөлт келіп,
Жасаған! Тез алатын ажал жоқ па?
Қинама, тез өлейін, ұшыр оққа!

- деп, өзінің түрмеде ауыр хал кешіп, темір торға қамалған ақын жанының арпалысын танытады. Ақынның тілегені өлім емес ерлік. Өлім түрмеден де табылады, ақын ондай өлімді місе тұтпайды, ерлік өлімді қалайды. Ол өзінің «Алдамшы өмір» деген өлеңінде осы ойын одан әрі жалғастыра түседі.

Өмір, шіркін бықсып ақырын сөнеді,
Үміт шіркін тотығады өледі.
Өлді үміт, мен де ұзамай өлемін,
Соққы жеген сорлы жүрек біледі.
Өмір шіркін, көз алдымда сөнеді,
Қиял - алыс, келемеж ғып күледі.
Өмір сөнсе, үміт сөнсе, не қалды?
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді

- дейді.
       Бостандықта, елде жүргендегі ой армандарының, ұшқыр қиялдарының орындалмай қалғандығы ақынды қатты налытады. Торыққан көңіл жанына саяны өліммен іздейді. Ақынның табиғатты жырлаған өлеңдері: «Қайық», «Жел», «Толқын», «Көкшетау» және т.б. Ақын «Жел» деген өлеңінде:

Мазасы жоқ жел ерке,
Оянып ап тым ерте.
Жорғалай басып кетеді,
Тыныш жатқан түс көріп
Көлдің бетін кестелеп,
Оны әуре етеді,

- деп отырып, желдің, «еркелігін», ешкімге мойынсұнбау еркіндігін баса жырлайды. Өйткені ақын жаны да сол еркіндікті аңсайды. Ал «Толқын» деген өлеңінде:

Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад,
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен
Жарысып жарға барысад.
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын, тынады

- деп, толқынға адамша жан бітіреді. «Толқынның да өмірі мәңгі емес, олда өледі» деген пікір айтады. Өлеңнің ішкі сырына үңілсек толқын өлімі мәңгілікке жалғасқан өлім, жарына бал беріп, рахат тапқан өлім, ол мың қайталанып, мәңгілікке жалғасып жатар тіршілік. Мағжанның «махабатты жүрекке қуат берер, нәр берер асыл сезім деп бағалауы» азаттық оймен астасып кеткен өзгеше бір түйін. Ақынның осы бағытта жазған өлеңдерінің бірі - «Сүй, жан сәулем» махаббаттың биік мұратынан, әдемі сезімнен жаралған жыр маржаны.

«Сүй, жан, сәулем: тағыда сүй, тағыда!
Жылы тәтті у тарасын қаныма...

       Осы өлеңде ақын махаббаттың қызыққа, ләззатқа толы шағын шынайы, ашық суреттейді де, «Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін, Патша тағы, бүкіл дүние малына» деп үйлесімді де кемел ой айтады. Мағжан қазақ поэзиясының саздылығын, әуезділігін арттырған, соған көңіл бөле отырып, арғысы француз, бергісі орыс символистерінің өлеңдерінен дәстүр тапқан ақын. Европа ақындарының шығармашалығындағы мөлдір бұлақтан сусындай отырып, оны қазақ поэзиясының сұлулығымен үндестіре білген ақын. Мағжан қазақ поэзиясының жарық жұлдызы - ұлы Абайға еліктей отырып, ұлы ұстаз жолын ұстанғанымен, өзінше жол табудан әсте жалықпай, көп іздеген жан. Өлеңдеріндегі табиғат суреттері, оның тылсым шақтары, ақын көңіл күйімен, мұң-қайғысымен, қуаныш-шаттығымен қат-қабат келіп отырады. Осының бәрі тұтаса келіп суреттеп отырған дәуірдің бейнесін толық ашып береді.
       Символистер поэзиясына тән сентименталистік сарын Мағжан поэзиясында да бар. Әсіресе ұлттың ата-бабалары өткен даңқты тарихын ұмыта бастауы сезімтал ақынның поэзиясына күйректік (сентиментализм) сарынын қосты, сондықтан «жылауық ақын» аталды. Ол Мағжанның поэзиясындағы табиғат лирикасынан көрінгенде: мұң-зарына үн қосып, қайғысына ортақтасып қалтырап-дірілдеп тоңып жансызданып, ыстыққа күюі тәрізді, шарасыздықтар арқылы жасалды.
       Ол екі қоғам алмасуындағы өтпелі дәуірде өмір сүрді. Бір одаққа бірігудің нәтижесінде ата-бабалары жүріп өткен тарихы мен салт-дәстүрін, тілін ұмытып, өздерінің қайдан шыққандығын білмей, бөтен тілдің баурында қалып кім екендіктерін ұмытар деп алаңдайды. Сондықтан өздерін іздегенде табар деген ниетпен ұрпақ санасынан ұрланып жатқан тарихын астарлай жазып кетуді мақсат етеді. Біз оны Мағжан ақталғаннан кейін, поэмаларының астарына үңілу барысында іздеп тапқан батыр Баянның тарихымен, бүгінгі күнгі ұрпақтарымыздың көпшілігі біле бермейтін, орыс отарына қарсы 10 жылға созылған күрес жүргізіп, Шығыс Түркістан мен Орта Азия халықтарының басын біріктірген Кенесарының ұлы Садық Кенесариннің тарихын іздедік. Бұдан Мағжан поэзиясындағы көзге жас үйіретін күйінішті күрсініс, тек өткенді аңсау ғана емес, тарихын жазып, болашаққа аманат еткендігін аңғарамыз. Оны «Ертегі» поэмасындағы «Шын хан еді-ау, қорғаны еді-ау қазақтың. Өлді Абылай; солды қазақ даласы» деген күйініші білдіреді. Мағжан поэзиясындағы сентименталдық күрсіністің күш алуына 1921 жылғы қолдан жасалған аштықтың да мол әсері болғандығына «Жаралы жан» өлеңі мысал. «Сәрсембайдың жыры» атты өлеңінде қолына ақ таяғын ұстап қалған Сәрсенбайдың көмілген көз жасына ақын да ыңырана күйзеліп, еңіреп жылайды. Тындаушысын да жылатады. Айлы күннің аманында малынан айрылып жер шұқып қалған Сәрсенбай, қайғысын кімге айтарын, кіммен сырласып, кіммен мұңдасарын білмегендіктен, қолындағы қу таяғын домбыра етіп шертіп, зарланады. Ол оны түсінбейді, өйткені оны ұғар бойында дәрмен жоқ, жансыз. Төңірегінен мұңын түсінер жан адам таба алмай күйініп, ішінен жылап өксиді. Оны Мағжан:

Домбырам менің зарлайды,
Зарламайды, қарғайды.
Мен де бірге зарлаймын
Көзімнен жас парлайды,

- деп бар малынан айрылып зарлап отырған Сәрсенбайдың жоқтаушысына айналып оған пана болғысы келеді. Зарын айтып барар жері қалмаған Сәрсенбай ақынмен ғана мұңдасады. Ақын да шерлі, бірақ оған көмектесер қауқары жоқ. Дәрменсіздіктен құсаланып жылайды. Айлы-күннің аманында қолындағы бар малынан айрылып зарлап отырған Сәрсенбайды да, қазақтың жоғалтқанын түгендеп жүрген Мағжанды да ешкім түсіне алмайды. Сол үшін де «жылауық» ақын, біреуге күлкі, біреуге түрпі. Біреудің жауы. (Оның әр сөзі мен әр қимылынан жамандық іздейді. Тап жауы ретінде қаралап, «ұлтшылсың» деп кінәлайды. Бұл оның маңдайына жазылған қасіреттің қара таңбасы тәрізді. Соданда болар адал ойы лайланып, таза көңілі кірлейді. Ақын соған күйініп, құсаланады. Өзгелер айтуға қорыққан шындықты бейнелегені үшін қысымды күшейткен қоғамға наразылығын өлеңдерінде элегиялық мұң-зармен жазатыны сондықтан. Мағжан поэзиясына сентименталистік сарын беретін себептер де осылар. Сыртынан баға беретін адамдар үшін ол - пессимист. Пессимизм - сентиментализмнің сыңары. Алыстан сағымша бұлдырап, алдап қасына қол бұлғап шақырған үміттің алдамшы екендігін сезгенде көзіне жас үйріледі. Сондықтан артына жиі-жиі мойын бұрып, жас толқынның назарын тарихына аударуға тырысатындығын:

Қарашы төңірекке мойын бұрып,
Алтай, Орал бойында тұрған түрік,
Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,
Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп

- деп өксігі, санадан сырғып бара жатқан бабалар тарихын еске салады.Өткен тарихын еске салу мақсаты, оны білмесе ұрпақ ұлттық болмысы мен мінезін жоғалтады, өзінің қайдан шыққанын біле алмай далбасалайды деген сақтықта болған. Географиялық жер қонысымызды еске түсіруі, әлеуметтік-экономикалық тірлігімізбен таныстыру. Баламбер мен Аттиланың, Альпі тауларын асып Европаға жасаған жорықтарын еске алуы, рухани өліп бара жатқан санасына намыс отын салып қыздырып алу еді. Оны өзін-өзі тану құрып кетуден сақтану деп білді. Тарихты айту арқылы тыдаушысының көңіл күйін көтереді. Санасын болып өткен дүниеге сендіреді, көзін жеткізеді. Болашақ тұманды, өткен айқын. Сондықтан оның ұрпақ санасына тигізер ықпалы мол. Ақын осыны еске алады. Тарихты жазып бермес бұрын бабаларың сондай болған деген бос сөздермен саналарын сендіру қиын. Сондықтан, қазақтың ұлттық дамуын үш деңгейде көрсетеді. Түн жорықтары, көк түріктер кезеңі. Үшінші кезең, қазақтардың Россияның құрамына өз еркімен қосылуға мәжбүр болуы. Патшалық Россияның қазақ даласына Орал және Омбы арқылы кіруі. Этностың ұлттық мінезін жоғалтуы осы кезеңнен басталды дегенге келеді. Сөйте отырып «Батыр Баян» поэмасының кіріспесінде былайша күңіренеді:

Жүрегім, мен зарлымын жарлыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанамын да,
Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,
Толғанып қарауым сол баяғыға.

       Батыр Баян мен Абылайханның қанды жорықтары ел бірлігін сақтаудан шыққандығын еңіреп отырып, келер ұрпақтың есіне салады. Нені ескертіп отырғаным санаңа жетті ме деп ымдайды. Сөйтіп, мемлекет болып қалу үшін халықтың бір тұтас бірлігі мен батылдығы керек деген идеяны астарлап айтуда сентиментализмді тәсіл етіп қолданады. Оны «Қорқыт» поэмасындағы мына сөздер де білдіреді:

Ол күндер көз жетпейтін ерте күн ғой,
Ерте күн ертегідей ерке күн ғой.
Өткен күн - ұстатпайтын сұлу сағым.
Жалғыз-ақ желмен жүйрік жетеді ой.

       Бұдан, кедейдің мұңын тек кедей ғана айта алады деген кереғар пікірдің қателігіне көз жеткіземіз. Ақын үшін тап жоқ, жырлайтыны қазақтың мұң - шері, құнарлы жерінен айрылып шетке ығысқан, өзінің қайдан шыққандығын білмей, тексіз атанып, біреудің қақпайында кетіп бара жатқан бағытсыз-бағдарсыз талапай тағдыры. Голощекиннің қазақ сахарасында «екінші революция» жасауының нәтижесінде аштықтан қырылған қазақтардың трагедиялы тағдыры, ақынның ойын амалсыз кейінге бұрады. Өз билігі қолында болса, осындай күйге түсер ме еді деген ойға келеді де, амалсыз ойына ерік беріп, өткен күндерін аңсайтындығын мына сөздері білдіреді:

Өткен күн ертегімен таласқандай,
Уа, дүние, ол күндерде Алаш қандай?!
Ой-қырдан орғып-қарғып еріккенде,
Алтайда ойнақ салып жүрген аңдай.

       Мағжан поэзиясында ол екі мәнде көрінеді. Алғашқысы, болашақтан түңілушілік, екіншісі, болашаққа оптимистік сарында. Символист ақындардың көпшілігінде кездесе бермейтін оптимистік сарын «Мен жастарға сенемін» өлеңінен байқалады. Ақын аталған өлеңінде жастарға сенім артса, олардың барлық күш-жігерін салып орындайтындығына сенген. Себебі, балалар мен жастар өздеріне жауапты іс жүктелгендігін жақсы көреді. Өздеріне сенгендігін қалайды. Болашаққа өз қадамдарымен жол тауып барғанды жөн көреді. Бұл оларды алдарындағы небір қиын асуларды бұзып - жарып өтулеріне көмектесіп, жігерлерін қоздырап, қандарын ойнатып, бойларына күш, ойларына қуат береді. Бұдан Мағжанның, қазақ әдебиетінде кері тартпа романтизм мен өршіл романтизмді біріктіріп қатар алып жүргендігіне көз жеткіземіз. Өршіл романтик екендігі осы өлеңінен байқалса, кері тартпа романтикалық сарын болашақ ұрпақты өткен тарихымен таныстырамын деген мақсаттан туындаған. Оны «Батыр Баян» поэмасының кіріспесі мен «Қорқыт» поэмасындағы өткен заманға сағынышын білдірген тұстары аңғартады. Ал, жаңашылдығы - ұлттың ұмытылып бара жатқан тарихын еске салуда символдық образдарды ерлікке шақыратын құрал ретінде пайдалануы. «Батыр Баян» поэмасында Баянның інісін не үшін өлтірген себебін өз-өзінен сұрату арқылы оның мәнісін іздеп табуды оқырмандардың өзіне жүктейді. Сөйтіп, тарихы белгісіз атанған қазақтың тегін еске салып, намысын оятып, тәуелсіздік үшін күресуге ымдайды. Жаңа заманның өзі келісе алмайтын солғын тұстарына қарсылығын білдіреді. Бұл арқылы ертеде қандай ел едің деп, жасыған жандарына қуат беріп, рухы өлуге айналған елді «тірілтуге» тырысады. Сол арқылы этнос пен этностың арасында тең еместік деген кедергіні жойып, мәдениет пен тарих алдында тең емес халықтар болмайтындығын дәлелдейді. Бұдан Мағжанның символистік тәсілдері санаға психологиялық сендіру арқылы үстемдігін жүргізуге негізделгені байқалады. Сол арқылы ол өз құдіретіне өзі сенбей жасқанып тұрған халықтың бойына жігер, ойына қуат пен рух беріп, санасындағы күдік пенен күмәннің ара қатынасын үзіп, өз-өзіне баға беруге үйретіп, ұлттық сезімін ояту арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға тәрбиелейді. Біздер үшін Мағжантану мәңгіге жалғаса бермек.


Қанарбаева Б. Мағжан символист: Зерттеу.- Алматы: Экономика, 2007.- 288 б.

| Тағдыры | Мағжан және алаш | Махаббаты | Ақын-символист | Ақын және біз |
Мағжан
жырымен жұртын оятқан