«Қазіргінің талай елін қайран қалдырған осынау байтақ кеңістікті кернеген поэзиялық әлем, - деп атап көрсетті Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында, - тек қана сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Ол жаңашылдықтың жалынын лаулата да білген. Содан да болар, қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады».
       Қазақ халқының философиялық және әлеуметтік ойын зерттеуші ғалымдар осындай ерекшеліктерді ескеріп, ұлттық әдебиетті ұлттық философияның өмір сүру формасы ретінде түсінгені, көркем әдебиет туындыларын салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып зерделегені, жеке тұлғалардың поэтикалық мұрасындағы философиялық мазмұнды ашып көрсету үшін оны философиялық ойлау құралдары көмегімен қайта саралағаны дұрыс болар еді.
       Мағжан Жұмабаев жырларының қазақ халқы, тек қазақ халқы ғана емес-ау, бүкіл түркі әлемі зиялы қауымының санасы мен сезімін жаулап алып, аймақтық, тіпті, әлемдік мәдениеттегі ерекше құбылысқа айналғанын байқаймыз. Шынымен-ақ, Мағжан шығармаларында айтылатын қағидалар мен ойлар, ақын жүрегін мазалаған толғаныстар бүгінгі таңда, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз мәнін жойған жоқ. Керісінше, уақыт озған сайын ұлттық ұлыстық, жалпы адамзаттық философиялық-әлеуметтік проблемалар қатарында алдымыздан қайта шығып отыр.
       Ол қандай ойлар, қандай толғаныстар еді?! Жалпы, қазақтың киіз туырлықты үйінде дүниеге келіп, әлемдік мәдениетке ерекше құбылыс болып қосылған Мағжан Жұмабаев шығармашылығының қайнар бастаулары қайда жатыр?!

ҰЛТТЫҚ ЖӘНЕ ДӘУІР ТЫНЫСЫ

       Мағжан Жұмабаев, ең алдымен, ақын. Ақынды алғашқы өлеңдерінен бастап, соңғы демі үзілгенше туған халқының, бүкіл түркі жұртының, Шығыс мәдениетінің, жалпыадамзаттың тағдыры толғандырады. Ес білгеннен көкжиекке дейін керілген кең байтақ даланы тамашалап, еркін өскен, елінің өткен даңқты тарихы мен ертегі-аңыздарын құлағына құйып ер жеткен Мағжан бойында әуелгіде, өршіл ұлттық рух кемерінен асып төгіледі:

«Шынында менің өзім де - от,
Қысылған кәрі көзім де - от.
Мен оттанмын, от - менен,
Жалынмын мен жанамын
Оттан туған баламын.
Талай зулап ұшқанмын
Альпіге барғам Алтайдан
Балканға барғам Қытайдан...»

       Ақынның «от» деп отырғаны - халықтың ұлы рухы. Ұлттың тарихи және философиялық зердесін оятып, рухын көтеру арқылы ғана бодандықтан құтылуға, ел тәуелсіздігіне қол жеткізуге тіпті, әлем халқына өз өркениетіңді танытуға болады деп есептейді ол:

«Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен - Күн ұлы, көзімде күн нұры бар,
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, ғұннан туған Пайғамбар»

       Жоқ, жоқ, бұл - кезеңде Еуразия құрлығын ат тұяғымен дүбірлеткен, алыс-жақын ұлыстарға мәдениет пен шаруашылықтың жаңа тәсілдерін үйреткен, бірақ кейін тағдырдың жазуымен әлемдік өркениет көшінен кенжелеп қалған өлке перзентінің аспандағы айды алам деп секірген тарпаңдағы емес, бұл - өз халқының бойындағы биік рухқа сенген, сол рух қайта бір дүр сілкінсе, армандаған азаттыққа жеткізеді, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қайта косылуға болады деп үміттенген азаматтың парасатты да мақсатты әрекеті.

«Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген,
Жүрген ескі заңымен.
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген.
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін
Сол елімді сүйемін,»

- деп суреттейді ақын сол замандағы ұлтының болмысы мен тұрмыс-тіршілігі туралы. Ақын «алдындағы малымен», «ескі заңымен» қоңырқай тіршілік кешіп жатқан халқын сүйіп қана қоймайды, оның ертеңгі болашағының жарқын болатынына сенеді. Оның сол жарқын болашаққа тезірек жетуі үшін жанын да, қанын да аямайтынын паш етеді.

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК

       Ұлтты сүю, кісілік деңгейге дейін көтерілу, туған халқының мүддесі үшін құрбандыққа баруға әзірлік - Мағжан Жұмабаевтың өмірлік мұраты. Жас ұрпаққа арналған «Педагогика» оқулығында ол: «Өзінің елін сүю, яғни еліне жауыздық тілемей, ізгілік тілеу, пайда келтіріп зиян келтірмеуді» әрбір адамның қасиетті борышы ретінде атап көрсетеді.
       Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының ұлы шоғырын топтастырған ортақ мұрат - бодандық бұғауында жаншылған елін құлдықтан құтқару өзге өркениетті елдер қатарына қосу болғаны белгілі. Мағжан да осы мұратты жүзеге асырудың жолдарын іздеп, басын тауға да, тасқа да соққан.
       Бірде:

«Кел, қазақ, қолдағыдан құр қалмайық,
Отырайық жиылып, ойланайық.
Мың жылғы өткен қумай ата заңды,
Өнерден кем қалмайық, ойланайық,
Жер қалар біз жиылып қала салсақ,
Қайдағы оңды жерді таңдап алсақ»,

- деп, отырықшы тұрмысқа көшіп, қала салуды, елді, жерді ешкімге бермей, сақтап қалудың бірден бір жолы ретінде ұсынады. Енді бірде:

«Ескіше тұрып егеспе,
Заман - түлкі, тазы бол
Базарша дүкен құр енді,

- деп халықты сауданың тілін білуге, қазіргі тілмен айтқанда, нарықтық экономика заңдарын меңгеруге шақырады. Ал мына өлеңінде ақын:

«Кітап әпер, оқысын, баланың қолына,
Малды аяма оқу-білім жолына.
Өнер алып, басқалармен қатар бол,
Қосыл бірдей азаматтың тобына!»

- деп, қазақ ұлтының әлемдік өркениет көшіне қосылуының жолын өнер-білімнен, жас ұрпақты өзге елдердегі замандастарымен бәсекеге түсе алатындай етіп тәрбиелеу ісінен іздейді.

 

АУЫЛ МЕН ҚАЛА

       Мағжан ақынның осы ойларының қай-қайсысы да дәл бүгінгі заманымыз үшін де маңызды. Мәселен, қазіргі әлемдік қаржы мен ақпарат ағынына шекарамызды ашып, мол мүмкіндік беру, адами аралас-құраластықты ынталандыру өркениетті елдер арасында тең құқықты өмір сүрудің басты шартына айналған жаңа ғасырда кең байтақ жерімізді қалай сақтап қаламыз? Бір жағынан, ұлттық қазақы қалпымызды жоғалтпау, өзге мәдениеттер ықпалымен жұтылып кетпеу, екінші жағынан, әлем елдерімен тығыз саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени қарым-қатынасты дамыту мүмкін бе?
       Дел осы мәселелердің жауабы бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Мағжанды да толғандырыпты. Мағжанның ауылға деген махаббаты қазіргі біздің бойымыздағы сезімнен кем болды деп айта алмаспыз, сірә! Керісінше, қаладағы тұрмыс, қалалықтардың мінез-құлқы әуелгіде ақынды қатты шошындырады емес пе:

«Айналасы - тұман, түн...
Дем алысы - от, түтін.
Жарқ-жұрқ етер көздері.
Сөзі у-шу, ың да жың,
Сасық ауа ауыр тым.
Тұншықтым ғой, құдай-ай!..
Кейін қарап нетеміз?
Ауылға қашан жетеміз?
Айдашы атты, Сәрсембай.
Әйелдері ұятсыз,
Күнде сүйгіш, тұрақсыз,
Қылмыңдасар, кәрілер.
Жүздерінің қаны жоқ,
Көздерінің жаны жоқ,
Еркектері - «перілер».

       Осы Мағжан, қалалықтардың мінез-құлқының бәрінен жасандылықтың белгісін байқаған, далалықтардың табиғи бұла сезімінің ұлылығын асқақтата жырлаған ақын енді келіп «жеріңді сақтағың келсе, қала сал», «бір жерге жиылып, қалада тұр» деп үндеу тастайды халқына.
       Иә, біз - басым көпшілігіміз, күні кеше ғана ауылдан шыққан бүгінгі қазақ зиялылары нарық заманында тоз-тозы шыққан қазіргі қазақ ауылының жәй-күйін ойлап күңіренеміз. Президент ұсынысымен алдағы үш жылдың Ауыл жылы болып жарияланғанына ауылдың әлеуметтік және экономикалық жағдайын көтеруге қомақты қаржы бөлінгеніне бөркімізді аспанға атып қуанып жүрміз. Қаржы да бөлінер, ауылдың аз да болса тынысы кеңейіп, әлеуметтік жағдайы жақсарар. Алайда, онымен мәселе шешілмейді.
       Жалпы қазақтардың «қалалықтануы» немесе қалалардың «қазақылануы» - дербес мемлекеттігін орнатқан ұлт мүддесінің айқын бедерленуіне қажетті шарттардың бірі. Мысалы, еліміз ішіндегі қазіргі саяси кеңістікте, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде, әртүрлі жиындарда қазақ ұлтының мүддесін көздеген топтардың үні неге бәсең? Мұның себебі мынада: кез келген елде, кез келген заманда үлкен саясат үлкен қалаларда жасалады, содан да қалалықтар ең ықпалды әлеуметтік топ болып табылады. Еліміздегі мемлекетті құрушы ұлт болып саналатын қазақ халқы өкілдерінің қалалықтар арасында сандық басымдылыққа ие болмауы ұлттық мүдденің батыл білдірілмеуінің себебі болып отыр. Қазірдің өзінде бел ала бастаған қалалардың «қазақылануы» процесі бұл олқылықтың орнын толтырып, әлемнің барлық мемлекеттері үшін қалыпты жағдайдың біздің елімізде де орнығуына жеткізеді. Бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Мағжан айтқан «жеріңді сақтағың келсе, қала сал, қалаға жинал» деген ойдың мәні, міне, осында.

 

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ МИССИЯСЫ
ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

       Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының өз тарихи миссиясын абыроймен атқарып шыққаны анық. Олар патшалық және кеңестік отарлаушылардың дүлей күші алдында төтеп бере алмағанына қарамастан, сол замандағы қазақ қоғамының ең ықпалды саяси-әлеуметтік күші бола білді. Олар қоғамдағы мұндай беделге қалай ие болған? Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрынғы қазақ зиялылары иеленген тегеурін олардың бүгінгі ізбасарларында неге жоқ? Бұл да - қазіргі қоғамтанушыларымыз назарына әлі күнге дейін іліге қоймаған жаңа мәселелер.
       Жалпы, кез келген қоғамның белгілі бір кезеңдегі даму бағдарын бұқара халық емес, сол бұқараның сенімін иеленген, халық арасынан өсіп шыққан «қоғамның қаймағы сынды» элита айқындайды. Ғалымдар оларды «саясаткерлер (немесе шенеуніктер) элитасы», «әскери элита», «бизнес элита», «интеллектуалдық элита» деп топтап жүр. Бір қызығы, осы топтардың қай елде қандай беделге ие екенін бірден байқауға болады. Мысалға, Түркия немесе Пәкістан сияқты елдерде күні кешеге дейін неге әскери төңкерістер жиі болып, үкімет саясатын қалыптастыруға осы топтың ықпалы жүрді. Себебі, бұл елдерде ежелден «әскери элитаның» беделі мығым, олар халық арасында құрметке ие. Ал, қазіргі Чехияда, Балтық бойы елдерінде неге билік басына жазушылар, музыканттар, т.б. жиі келеді. Бұл да сол қоғамдардағы «интеллектуалдық элитаның» беделіне байланысты. Ал, қазіргі Қазақстанда ше? Қандай элитарлық топ ықпалды күшке ие? Әрине, «саясаткерлер элитасы». Халқымыздың өзіндік діліне байланысты болды ма, әлде заманның ыңғайы солай жасады ма, әйтеуір кеңестік кезеңде-ақ қазақ халқы өкілдері арасында қызметке құмарлық, басқарушы іске бейімділік байқалатын және мұның өзі ықпалды саясаткерлер элитасының қалыптасуына алып келді. Еліміздің тәуелсіздік алуының басы-қасында тұрғандар да, дербес мемлекетіміздің іргесін нығайтуға негізгі үлес қосқандар да осылар болғанын мойындамасқа шарамыз жоқ. Тек соңғы жылдарда ғана еліміздегі әлгі саясаткерлер қамқорлығымен өсіп-жетілген «бизнес элитасының» өз үнін сездіруге тырысуы, халық арасында бедел алуға ұмтылуы байқалады. Ал, еліміздегі «интеллектуалдық элита» ше?! Өткен Парламент сайлауы олардың халық арасындағы беделі мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлы шоғыр беделінің салыстыруға да келмейтінін көрсетіп берді.
       Біздің ойымызша, жиырмасыншы ғасырдың басындағы кәсіби қазақ зиялыларының ел құрметіне бөленуіне, ең алдымен, олардың бойындағы туған халқы үшін құрбандыққа шалынуға даяр шынайы ұлтжандылық пен отаншылдық қасиеттің барлығы және осы қасиетті көпшіліктің анық сезінуі негіз болған. Мағжанның абақтыда жатып:

«Не көрсем де алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім.
Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейөр
Істей берсін қолдарынан келгенін»

- деп жазғанындай, ұлтжандылық, ұлттық мүддеге қалтқысыз адалдық сол замандағы қазақ зиялыларының көпшілігіне тән және оларды топтастыратын қасиет еді. Бұл - бір. Екіншіден, алмағайып тарихи аласапырандар тұсында ғұмыр кешкен ұлы ағаларымыз бір-біріне биік талап та қоя білген, егер ұлт мүддесіне қылаудай көлеңке түсіретін кемшіліктерін байқаса, оны күл білтелемей немесе әлдебір арам ниет көздемей, ашық айтқан. Мысалға, 1921 жылы жиырма төрт жасар М.Әуезов жазған мына пікірдің мәніне ой жүгіртіп көрелікші: «елді мәдениетке жеткізіп, ағарту, өнер-білім таратып, құралдандыру, дүниенің халін көруге көзін ашу, шаруасын туралап, ішінен жетілу. Міне, бұл тілектердің бәрі де азаматтың мойнына қарыз. Егер бұл тілектерді теріс деп, біз бұл міндеттерді атқаруға міндетті емеспіз дейтін азамат болса, ол қазақ жұртының қызметкері емес. Ол елдің басшысы да, уәкілі де емес. Бұл міндеттерді қарызым еді деп, мойнына алмайтын азамат болса... жылы орында жайланып отырмақ болса, оған айтар сөз жоқ.
       Ол құдайдың берген қонағы. Елдің кішкене қазанына ортақ болып, еріксіз кірген еркелері...»
       Қазіргі зиялы қауым өкілдері арасында кеңестік кезеңнен қалған бір түсінік бар: «мен талантпын, ал талант - халық игілігі, сондықтан халқым мені мәпелеп, алақанында ұстауы керек» дейді олар. Өте қате түсінік. Мың жерден ерекше жаратылған жан болсаң да өзіңді халықтың «қонағы», елдің «еркесі» сезінуге болмайды. Қолыңнан келсе, талантыңмен табындыр, ел үшін жасаған еңбегіңмен халық құрметіне бөлен! Ал табынбаса, құрметтемесе, оған халық кінәлі емес. Тіпті, бұған ренжуге де қақың жоқ. «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деп қазақтың тағы бір көрнекті ақыны С.Торайғыров айтпақшы, өзіңді кінәла да, еліңнің қажетіне жарайды-ау деген еңбегіңді үн-түнсіз жалғастыра бер. Бұған баса назар аударғызып отырған себеп: қазіргі қазақ зиялылары арасында «болмай жатып болдым деу, толмай жатып толдым деу», арзан дүниесіне атақ дәметіп, кез келген ортада өзін зорлап құрметтеуге әуестік, өз халқынан өзін жоғары қою, т.б. қылықтар асқынған ауруға айналды. Бұл дерт алпыстан асқандарды қойып, кейінгі жастарды да зақымдай бастады. Мұның бәрі айналып келгенде «зиялы қауым», «зиялылық» деген ұғымдардың бағасын түсіріп, интеллектуалдық элитаның халық арасындағы беделінің азаюына әкеп соқтырды. Басқаша айтқанда, Мағжан ақын кезінде:

«Біреуіне» сен тәңірім деп табынад,
«Біреуіне» мен құлың деп бағынад,
«Біреуіне» садақа бер деп жалынад,
«Біреуіне» құйрық болып тағылад,
Ылғи сорлы соғым қуып сабылад,
Ылғи түссіз бір сұр нәрсе жамылад»,

- деп, зәрін төккен зиялы қауым өкілдерінің қатары біздің заманымызда тым көбейіп кеткені шындық. Ақын бұл өлеңінде зиялы қауым өкілі үшін, ең алдымен, ой тәуелсіздігі қажет екенін айтып отыр. Биліктен де, байлықтан да тәуелсіз болып, өз парасатың мен жүрегіңнің қалауы бойынша халқыңа қызмет ету - зиялылықтың бірінші шарты.
       «Сезінбей өзгенікін, өзінікін Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр», - деп жазады Мағжан алғашқы өлеңдерінің бірінде. Сол кездегі жап жас жігіт қазақ зиялы қауым арасында кейін меңдеген дертке айналар қатерлі құбылысты қалай аңғара білген десеңші?! Иә, «өзінікін өзгенікінен айырмаудың», яғни маргиналдық құбылыстың зиялы қауым ортасынан басталып, бүгінгі күні қазақ қоғамының бірлігіне сызат түсіре бастағаны өтірік емес. Бұл дерттен қалай жазыламыз, іштен қоғам бірлігін қалай сақтап қала аламыз, ол енді басқа мәселе.
       Болашақ қатерді алдын-ала көре білу, артында ғасырлар бойы өшпейтін ұлағатты өсиет қалдыру, сірә, шынайы даналықтың көрінісі болса керек. Мағжан ақынның артында қалған мұрасы арасында бүгінгі біздің заманымыздың қордаланған проблемаларымен астасып жатқан ойлары мол-ақ. Солардың бірі - ана тілінің тағдырына қатысты.

«Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!»

- деп, бұған да шүкіршілік еткен ақын ана тілінің сақталуын ұлттың өмір сүруімен тікелей байланыстырады. Ол тілді, ұлтты бір-бірінен бөлуге болмайтындығын, тіл мен ұлт ажырамас бір тұтас екенін, оның бірінің жойылуы екіншісінің де күйреуіне алып келетіндігін өзінің «Педагогикасында» қадай айтады: «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт, дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт - тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді». Мағжанның ойынша, ұлттық тіл жәй қарым-қатынас құралы ғана емес, ол сол ұлттың, оның тарихы мен мәдениетінің өзіндік және бірегей болмысын танытады. Ол бұл туралы өз ойын былайша тұжырымдайды: «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың...асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі — бәрі көрініп тұр».
       Мағжанның бұл ойларынан қандай қорытындылар шығады? Біріншіден, қазақ тілін білмейтін адамды толыққаңды қазақ ұлтының өкілі деп есептеуге болмайды. Себебі, ол - тек ана тілін ғана емес, өз халқының ділін де, тарихын да, дәстүрін де, бір сөзбен айтқанда, барша болмысын сезінбей өскен жан. Екіншіден, қазақ тілінің елдегі жалғыз мемлекеттік тіл ретіндегі қолданысын қамтамасыз ету міндеті - бүгінгі таңдағы жалаң лингвистикалық проблема емес, болашақта қазақ ұлты сақталып қала ма, қалмай ма? Деген сұраққа жауап беретін өзекті мәселе. Қазіргі басшы шенеуніктер, әсіресе, қазақтар өздерінің баяндамаларын аз ғана қазақша бастап, барлығымызға түсінікті орыс тілінде сөйлеуге рұқсат етіңіздер деп сайрай жөнеледі. Осындай қалыптасқан жаман әдеттен тезірек арылуымыз қажет-ақ. Мемлекеттік тілді қоғамдық өмірдің барлық саласына жүйелі және белгілі бір мерзім ішінде енгізу үшін Тіл туралы заңға жаңа баптар енгізген жөн. Бұл бізге қажет әлеуметтік жаһандану заманының талабы.

БАТЫСТЫҢ АҚЫЛ-ОЙЫ
ЖӘНЕ ШЫҒЫСТЫҢ РУХАНИЛЫҒЫ

       Ұлт тағдыры, ұлыс бірлігі туралы он ойланып, жүз толғанған қазақ  ақыны бірте-бірте әлемдік ойшылдар қатарына көтеріліп, жалпы адамзаттық проблемаларға өзінше үн қатады. Адамдардың жаппай пайда қууы, өнер – білімнің өзін пайда табудың, бреуге зорлық жасаудың құралына айналдыру – адамзатты апатқа соқтыратын жол екенін Мағжан сол кезде-ақ сезінген. Пайдакүнемдік рационалдық ойлауға негізделген ақынды қатты шошындырады. Шығыс философиясындағы сезімдік таным әдіс, пайдалылыққа емес, руханилыққа басымдық беру дәстүрі Мағжанды қатты қызықтырған әлемді апаттан құтқаратын Шығыстағы дәл осы руханилық нұры деп есептейді ақын:

«Көп білем деп бөлуге,
Көп күлем деп өлуге
Жақын қалды күн батыс...

Қысық көзді Күншығыс
Болсын соңғы бұл жүріс
Күн батысқа жүрелік

Гүл қылайық қаласын
Ұл қылайық баласын
Мейірім есігін ашалық.

Мұндайларды адасқан
Айырылып естен шатасқан
Күншығыстың нұрына»

       «Таспен атқанда, аспен ат» деп қатыгез адамның өзін мейірім шуағымен қайта тәрбиелеп алуға болатынына сенетін қазақ халқының ұлы гуманистік рухын бойына сіңіріп өскен Мағжан әлемді мендеген «өзімшілдік» дертін де мейіріммен руханилық нұрымен ғана жеңу қажет дейді.
       Біз қазір төрткүл дүниенің Батысы мен Шығыс, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы тайталастың тым өршіп кеткенінің куәсі болып отырмыз. Не жасаса да пайдалылық принципін ғана ұстанған АҚШ пен Батыс әлем байлығының басым бөлігін бауырына басып қана қоймай, ғылым мен техниканың барша жетістіктермен мұздай жарақаттанып алып, енді жұмыр жер бетіндегі адамзатты бірегейлендіруді көздеген жаһандану процесін бастап кетті.
       Әрине, жер бетіндегі адамзат қауымы біртұтас. Бірақ олардың ұстанатын діни сенімі де ділі де, дүниетанымы да ойлау машығы да сан алуан. Әрбір ұлт пен ұлыс жаһанданудың аранында жұтылып кетпей, өзіндік ерекшелігін сақтап қалғысы келеді. Оған ықпалды да өзімшіл АҚШ пен Батыс бой берер емес. Бүкіл әлемге әлеуметтік құрылымы туралы өз түсінігін, өзіндік ойлау машығын таңғысы келеді мұндай тегеурінге қарсы тұрар қауқары жоқ Шығыс не істей алады? Біреулер күрестің тым ұшқары түрі – жанкештілігі (шаһиттік) пен лаңкестікті (терроршылдық) таңдап алуда. Ал қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев осыдан бір ғасыр бұрын-ақ бұл тайталасатын басты қаруы - Батысты Шығыстың «мейріміне, руханилық нұрына» бөлеу деп айтып кеткен. Мағжан ақынның бүгінгі тәуелсіз Отаны – Қазақстан дәл осы бағыттың, Батыс пен Шығыс арасындағы өркениеттік сұхбат арқылы рухани келісім мен татулық орнату ісінің орталығына айналып келеді.


Нысанбаев Ә. Мағжан Жұмабаев: «Әз Жәнібек сендер бол, мен Асан болып өтейін» // Жас алаш.- 2003.- 12 сәуір.- Б.4

| Тағдыры | Мағжан және алаш | Махаббаты | Ақын-символист | Ақын және біз |
Мағжан
жырымен жұртын оятқан