Қазақ өлеңінің Абайдан кейінгі алыптарының, айтулы алтын діңгектерінің бірі ғана емес, бірегейі - Мағжан Жұмабаев. Жарық дүниеге адам боп туғанмен, азамат боп өмір сүру билігі өзіне тимей, ғұмыр бойы бұғауда, қуғын-сүргінде жүріп, ақыры бас-аяғы қырық бес жасында түрмеде атып өлтірілген Мағжанның мүрдесі қайда қалғаны белгісіз  үшті-күйлі, зым-зыя жоғалып кетіп, есімі жарты ғасыр сарғая сағынған халқына туған елі тәуелсіздік алар қарсаңында ғана әрең қайтып оралды :

«Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар».
                                                        (Мағжан, «Пайғамбар»)

       Мағжанның «пайғамбарлығы» неде?
       Мұның жауабын «Мағжанның ақындығы туралы» деген қысқа да болса нұсқа зерттеуінде Жүсіпбек Аймауытов берген:
       - Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын, ол - түрікшіл, санашыл, дарашыл, уайымшыл, өзімшіл ақын... Мағжан нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны. Ұлт ақыны!
       Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Жұмабаев ауданының Мағжан аулында дүниеге келген. Болашақ ақын 1897 жылы ауыл балаларына арнап әкесі Бекен ашқан мектептен төрт жасында сауат ашып, хат таниды. Содан соң Қызылжар медресесінде төрт жыл оқып, орталау білім көлеміндегі әртүрлі пәндерді игере келе арнайы араб, парсы, түрік тілдерін үйреніп, Шығыс әдебиетімен түпнұсқадан таныса бастайды. Одан әрі 1910 жылдың күзінде Уфаға барып, білім беру деңгейі жөнінен сол кездегі жоғары оқу орны саналатын Медресе-Ғалияға түсіп, онда ұстаздық ететін атақты татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен, медресе шәкірті Бейімбет Майлинмен танысады. Бұлар үлкен-кіші демей бір-бірімен етене ұғысып, өзара пікірлес, мақсаттас, мүдделес тіршілік етіп, ғұмыр кешеді. Мағжанның талантын анық танып, келешегінен үлкен үміт күткен ұстазы Ғалымжан Ибрагимов оған Медресе-Ғалиямен қанағаттанбай оқуын әрі қарай жалғастыруға ақыл-кеңес береді. Мағжан Жұмабаевтың 1912 жылы Қазанда басылып шыққан «Шолпан» атты тұңғыш жинағына демеуші болған да осынау татар әдебиетінің классигі еді. Жас ақынның жас поэзиясын сүйсіне оқып, қабылдағаны сондай, өзінің сол тұста жазып жүрген «Қазақ қызы» атты романына шәкіртінің мына бір шумақ өлеңін эпиграф етіп алады:

«Кең дала, көресің ғой - ана жатқан.
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар –
Әне, сол анам еді мені тапқан».
                                                        («Айға»)

       Айрықша назар аударатын нәрсе: осы өлеңдегі автор «анам» деп емірене толғап отырған «Кең дала» күллі Мағжан поэзиясының бастапқы құлақ күйі, кейін оның өнбойына күннің шуағындай тарап кеткен лейтмотив қана емес, аз ғұмырында көп жырлаған, қайта-қайта жырлаған және жырдың мұңы мен сырына суара сомдап соққан жиынтық бейне, образ-символ! Ақынның ғұмыр бойы діңкесін құртып, оны туған еліне, халқына, ұлтына ессіз ғашық еткен де осы дала - шетсіз, шексіз қазақ даласы. Кейде оқыс ой келеді: қайран ақын жарық дүниеден жендеттер атқан оққа ұшып қана өлген жоқ, өзінің сайын Даласына - аяулы Анасына деген өз кеудесіндегі жалын атқан, ұшқын шашқан мәңгілік құштарлық отына өзі өртеніп кеткен секілденеді.
       Мағжан Жұмабаевтың өз кезіндегі, өз қатар-кұрбыларының арасындағы әдеби оқу-білімі терең, эстетикалық талап-талғамы биік ақын болып қалыптасуына, біріншіден, Медресе-Ғалиядан кейін орыстың Сібір университеті атанған Омбы мұғалімдер семинариясында (1913-1917), одан әрі араға бірнеше жыл салып Мәскеудің әйгілі Валерий Брюсов жетекшілік ететін әдебиет-өнер институтында оқуы (1923-1927) себеп болса, екінші жағынан, 1909 жылы Петербургте жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағымен танысуы, аса білімдар қаламгер әрі қайраткер Міржақып Дулатовтан дәріс алып, үлгі-өнеге үйренуі - орыс әдебиетіне, жалпы Еуропа мәдениетіне қанығуы шешуші себеп болғаны сөзсіз.
       Өзінің «Алтын хакім Абайға» деген өлеңінде Мағжан:

«Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес» -
                                                        («Алтын хакім Абайға »)

дей келіп, ай өтер, жыл өтер, дүние көшін тартып кете берер, ал ел-жұрттың көзін ашып оянған сайын сенің қадірің артып, қасиетіңді халқың ұққан үстіне ұға түсер деп түйіндеуі – «қазақтың бас ақынын» тұп-тура қазақ зиялыларының көсемі Ахмет Байтұрсыновша түсініп, кемеңгер Абайдың қайталанбас талантына бас июі, ақындардың ақынының қаламгерлік жолына түсуі болса, Міржақып Дулатовтың:

«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!» -

деген ғажайып өлеңі Жұмабаевты атажұртына соңғы тынысына дейін тынбастан қызмет ететін қайраткерлікке баулығаны тағы даусыз.
       Сөйтіп, Мағжан Абай үлгісімен өзінің шығармашылық ортасында ақындық бетін айқындап, шеберлігін шыңдай бастаса, Міржақып ықпалымен күллі ел-жұртқа азаматтық келбетін танытып, таза ұлтжанды тұлғаға айналады. Сөйтіп, ақындық өнерін де, азаматтық өмірін де тек қана туған халқының азаттық туының астында өрбітіп, еркіндік-теңдік жолына бағыштайды. Бұл ретте ол тек ұлт шеңберінде ғана шектеліп қалмай, Гете мен Толстой идеяларына қарай өрістеп, Мережковский мен Бальмонт, Брюсов пен Блок діттеген мақсат-мүдделерге дейін барады. Мұның өзі Мағжанның талмай талпыну, оқу, үйрену арқылы жеткен білім деңгейі, кеңіген ой-өрісі, сезім, сыр қалыптастырған көзқарас көкжиегі болатын. Оның өз ортасынан оза шабуы да осындай білімдарлығына байланысты.
       Мағжан дәл осы халде - үздіксіз іздену үстінде 1917 жылғы ақпан революциясына кезігеді. Бұл төңкерісті өзінің ұлт-азаттық жолындағы үлкен мақсаттарын іске асыру үшін қолайлы кезең деп біліп, енді абстракт ойдан нақты іс-әрекетке көшеді. Сол жылдарда дүниеге келіп жатқан «Алашорда» партиясының құрылтай съезіне қатысып, Омбыда құрылған Ақмола облыстық үкіметіне, оның оқу комиссиясына мүше боп сайланады. Алайда көп ұзамай «Үш жүз» партиясының қаһарына ілігіп, тұтқынға алынады да түрмеге жабылады. Мағжанға деген қуғын мен сүргін осыдан басталады. Одан елдегі Чехословак ойраны кезінде босап шыққанмен Колчак үкіметінің қырғынына тап болады. Ақынның таң самалындай тыныстағысы келген азаттық идеясы әдірә қалады. Елім, жұртым, ұлтым деп күңіренген Мағжанның мұңына мұң, зарына зар қосылады. Дей тұрғанмен, қызыл әскерлер ақтарды қуғаннан кейін Бүкілодақтық өкімет 1919 жылдың 4 сәуірінде «Алашорда» партиясына кешірім жариялап, біраз кеңшілік бергендей болады. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов жаңа қоғамдық жүйеден ел игілігі үшін әжептәуір үміт күтіп, коммунист партиясының қатарына өтеді де Орынборда сайланған тұңғыш Қазақ үкіметіне мүшелікке кіріп, оның оқу-ағарту халық комиссары болып тағайындалады. Бұл тұста Мағжан Жұмабаев Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінің редакторы болып істейді. Газетте жүрген кездерінде оның публицистикасы өріс алады: «Бірінші май мейрамы», «Сайлау» сияқты шалқымалары біршама ақындық қуатпен, шабытпен жазылып-жарияланады. Әдеби сын саласындағы «Ақан Сері», «Ақанның өмірі», «Ақан Сері сөздер», «Базар жырау», «Әбубәкір ақсақал Диваев» деген мақалаларының мазмұнында ірі-ірі танымдық деректер тұтасып жатса, жазылу стилінде зерттеушілік сипат, тілінде әдеби көркемдік бар.
       Ахмет Байтұрсыновтың әсерімен ат төбеліндей қазақ зиялылары Қазақ үкіметінің ағарту жұмыстарына белсене араласады. Әсіресе оқу, оқыту мәселелерін көп боп бірігіп шешпек болады. Мәселен, дәрігер Х.Досмұхамедов қазақ халық әдебиетін, Махамбет пен Мұрат ақындығын зерттей келе Ташкентте тіпті «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» туралы зерттеуін кітап етіп шығарса, жазушы Ж.Аймауытов Мәскеуде психология тақырыбына «Жан жүйесі және өнер таңдау» деген оқу кұралын, ақын М.Жұмабаев 1922 жылы Орынборда «Педагогика» оқулығын бастырады... Қазақ оқығандарының мұншалық әмбебаптығы кезінде қазақ жастарының интеллектуалдық дамуында орасан зор роль атқарған. Олар елдің келешегі жастар деп ұғып, оларды оқытып-тәрбиелеуге барлық күш-қабілетін сарыққан. Демек, ақынның «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі де жайдан-жай туып жүрген жоқ.

«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін.
Қажу бар ма тұлпарға
Талу бар ма сұңқарға,
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін.
Алаш айбынды ұраны,
Қасіретті құраны,
Алаштың олар кұрбаны,
Мен жастарға сенемін!..»
                                                        («Мен жастарға сенемін»)

       Бұдан Мағжанның тұрақты ағартушы-демократтық бағытын танимыз. 1922 жылы Бернияз Күлеевтің көмегімен Қазанда басылған Мағжан Жұмабаевтың екінші жинағындағы, 1923 жылы Сұлтанбек Қожановтың қолдауымен Ташкентте басылған үшінші жинағындағы өлеңдер де, негізінен, әлгідей ағартушы-демократтық идеясынан туған шығармалар еді. 1912, 1922, 1923 жылдардағы үш жинақты саусақпен санап отырған себебіміз - Мағжан ақындығы оның көзінің тірісінде жарық көрген тек осынау үш жинақта ғана шоғырланып бізге жеткен. Өзгелері жоқ, 1929 жылдан былайғы өлеңдері мүлде табылар емес. Бәрі жоғалған, немесе ақынға қалам қызметін күшпен тоқтаттырған.
       Поэмаларына келсек, олардың ішіндегі ең бір інжу-маржандары - «Қорқытты» «Шолпан» журналының 1922 жылғы 2-3 сандарынан, «Батыр Баянды» 1923 жылғы 4-5-6-7-8 сандарынан табуға болады. Ал бізге жеткен бірден-бір нұсқалы прозалық шығармасы «Шолпанның күнәсі» де журналдың дәл осы жылғы дәл осы сандарында жарияланған. Бұлайша тәптіштеп отырғанымыздың мәнісі - Мағжанның 1922 жылы Ташкентке келіп «Ақжол» газетінің, «Шолпан», «Сана» журналдарының жұмысына белсене араласқан бірер жылдың санаулы айлары Пушкиннің «Болдино күзі» секілді ақын шығармашылығының аса жемісті шағы болғанын айрықша атап көрсету еді. Осыдан кейін-ақ Мағжан басын тағы да қатердің қара бұлты торлай бастайды. Оған себеп (асылы «қазақтың жауы – қазақ» деген тұжырым рас па, қалай?!) - 1924 жылғы 24 қарашада Мәскеуде оқитын қазақ жастары ақын өлеңдерін талқылап, әсіресе соңғы жинаққа енген «Мағжан өлеңінің көбінде өткенді көксейді, ескілікті іздейді, ұлтшылдықты жырлайды, өзімшілдік, менмендікті дәріптейді» деген қаулы қабылдап, сол кездің өршігелі, өртенгелі тұрған отына май құюы! Осының ізінше ұрынарға қара таппай жүрген ҚазАПП басшылары Мағжанға қарсы ұйымдасқан түрде жаппай шабуылға кіріседі. Ұр да жық, тұрпайы, солақай, «сойып сал» сыншылар Мағжанды «ағаш атқа мінгізіп» қойып «өзімшіл, байшыл, ұлтшыл, түрікшіл» деген айыптар тақты. Ол 1924 жылы амалсыз Ташкентті тастап, Мәскеуге ауысты. Күншығыс баспасына жұмысқа орналасты. Мұнда жүргенде ол М.Горькийдің «Сұңқар жырын», Мамин-Сибиряктың «Ақбоз атын», Всеволод Ивановтың «Қазақ әңгімелерін» аударып бастырды. Өзінің төл туындыларын уақытша үзе тұрып еді, бәрібір, сонда да айыптаулардан арыла алмады. Тағы да амал жоқ, елге оралды. Қызылжардағы Қазақ педагогикалық техникумында, Партия-Кеңес мектебінде дәріс беріп, қырсық-қиғылықтан аулақ аздап бой тасалай жүрді. Бұл кез - Қазақстан өлкелік партия комитетіне басшы боп келген Ф.Голощекиннің «Кіші Қазан» ұранын таратып, жалпы қазақ атаулыға қарсы қандықол зұлымдығын күшейте түскен шағы. ҚазАПП көрсеткен «ұлтшыл», «байшыл» жазушыларға қорқау қасқырдай тиген тұсы... Нәтижесінде 1929 жылы қазақ зиялыларының үш жүзден астамы тұтқынға алынғанда Мағжан солардың ішінде кетіп, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне жабылады. Одан он жылға сотталады. Карелияға айдалады. «Кісендеулі қолымен» Беломор-Балтық каналын қазысады. Сонда жүргенде М.Горький мен Е.Пешковаға хат жазып, солардың көмегімен 1936 жылы аз уақыт азаттық алып, Қызылжарға қайтып келеді де орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. 1937 жылдың 18 наурызында Сәкен Сейфуллиннің шақыруымен Алматыға келген, бірақ мұнда да не баспана, не жұмыс таба алмай сергелдеңге түседі. Ақыр-аяғында қайран ақын сол жылдың 30 желтоқсанында қайтадан қамауға алынады да келер жылы баянсыз ғұмыр біржола үзіледі.

***

       Мағжан - ақын, ақын болғанда, табиғи дарынды, жаратылысынан талантты, тума ақын. Абай ақындық туралы өзінің ой-пікірін айтқанда: «Ол қуат, табиғат сыйы... Ақынның шабыты шын келгенде, адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай, жабайы адам болмайды», - дейді.
       Нағыз ақынның ерекше қасиетін Плеханов былайша сипаттап берген: «Ақын өлең, әңгіме жазса, пернемен жазады. Көзі көргенді, көңілі сезгенді өзінің сол көрген, сезген түрінде жазады. Ақын қарапайым жазушылардай сөзін дәлелдеп, толғап, ойлап тұрмайды. Нағыз ақындар өзінің айтайын дегенін суретті әдемі сөзімен, мұңды күйлі, сырлы жырымен айтады. Алдымен оқушының жүрегін, сезімін қозғайды. Ақынның сөзі ақылға, ойға қонбайды, алдымен адамның сезімін қозғайды. Сезгіш көңіліне қонады».
Біздің данышпан Абай да солай деген:

Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз-
Бар тамырды қуалар.

       Мағжан - көркем сөздің ерен жүйрік зергері. Ол көргенін, сезгенін, айтайын деген ойын салқын ақылға салып, жалаң сөзбен дәлелдеп жатпайды. Көркем бейнелі сөзбен суреттеп, көз алдына әкеліп, көңіліне қондырады. Оның өлеңі сезіміңді қозғап, Абай айтқандай, «жүрекке жылы тиіп», «бар тамырды қуалайды».
       Белинскийді сөйлетіп көрейік: «Егер де ақынның жазғанын ақылмен, оймен жазған деп білсек, онда өнер дегенді жойған болар едік. Онда өнер дегеннің болуына да мүмкіндік қалмас еді. Ақын мен қарапайым пенденің арасында түк айырма болмаса, ақын бола қою қиын болмас еді. Пайда іздеушілер де, күнін көре алмай жүргендер де - жұрттың бәрі де ақындықтан безбес еді. Басында аз-маз ақылы бар адамның кез келгені басындағы ойын күні бұрын даяр тұрған, ойлап, пішіп қойған түрмен жаза салып, оп-оңай ақын бола қалар еді. Бірақ шын ақындар бұлай жаза алмайды. Мұндай болмайды.
       Жаратылысында ақындығы жоқ адам - қандай терең ойлы, қандай мағыналы, қандай қасиетті сөзді өлеңмен жазса да, оның жазғаны, көркем әдемі сөз болмайды - кісіге қонбайды. Өлеңіндегі терең ой қандай шындыққа сүйенген болса да жансыз шығады. Ұсақ сөз болады. Бояма, қолдан жасаған үйреншікті сөз болады», - дейді.
       Өлең жазып жүрген талапкерлердің бәрін бірдей ақын дей алмаймыз. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы», - дейді Абай. «Жүзден жүйрік шығады, мыңнан - тұлпар», - дейді халық даналығы. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан нағыз ақындар тарихта сирек кездеседі. Сондай сирек кездесетін, нағыз табиғи дарынды қазақ ақындарының бірі - Мағжан Жұмабаев.
       Мағжан таудай талантымен қоса жан-жақты терең білімді, жоғары мәдениетті, адамгершілігі зор, жаны таза, биік арлы, өнегелі интеллигент болған. Ол адамзат баласына бірдей бауырмал-гуманист, нәсіліне қарап алаламайтын адал жүрек, ақ көңіл-интернационалист. Осындай қасиеттің бәрі түгел болмаса, Мағжан тарихта мәңгі-бақи қалатын үлкен ақын да болмас еді.
        Сондықтан ұлы Мұхтардың шын жүрегімен, бар махаббатымен шексіз сүйген, ерекше ардақтаған адамы - Абай мен Мағжан.
       «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін... Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европалық мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның шегінен асқандай... Сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай. Бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басы озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білем» - деген Мұхтар Әуезов.
       Мұхтар бұл сыры мен шынын 1929 жылы қаңтар айында айтқан екен. Ол кезде Мағжан 36 жаста, 10 жылға кесіліп, айдауда жүрген кезі болса керек.
       Сөйтіп, Мағжанның алғашқы ақындық сапары басталғанда, оның алдындағы адастырмас Темірқазығы - Абай болды. Жас ақын алғашқы тырнақалды өлеңдерін Абай үлгісімен жазды. Абайды ұлы ұстаз, дана ғалым, философ - хакім (хакім емес) деп таныды. Тұңғыш жинағында «Алтын хакім Абайға» атты өлеңін жариялады.

Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның
Әлемнің құлағынан әні кетпес!
Сөзіңе құлақ салып, баға бермей,
Қисайып, қыңырайды жұртың ниеттес!
Бұртиып, теріс қарап: «Аулақ жүр!» - деп,
Болды ғой жақын туған бәрі кектес - дейді.

       Жас ақынның «Шолпан» жинағында «Жас қыз», «Жас келін» атты өлеңдері, жыл мезгілдеріне арналған табиғат лирикасы, жастық, махаббат жырлары, халық қамы, ой толғаулары, бостандықты аңсап, еркіндікке бой ұратын «Тілегім» сияқты өлең-жырлары жарияланған.
       Жалынды жас ақынның «Мен кім?» деген өлеңін оқығанда, Абайдың «Адамның кейбір кездері» атты ақын шабытын, ақын тұлғасын суреттейтін, атақты өлеңі көз алдына келгендей болады. Мағжанның «Мен кім?» өлеңінен ескі дүниеге қарсы күрес майданына шыққан, жаңа өмірге құлаш ұрған, мақсаты биік, сенімі берік, өршіл ақынның қуатты, құдіретті тұлғасын көреміз.

Өзім - тәңірі, табынамын өзіме,
Сезім - құран, табынамын сөзіме.
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,
Енді ескілік келдің өлер кезіңе!

- дейді сонда жас ақын.
       Мағжан семинарияны бітіргеннен кейін «Қазақ» газетінде (Орынбор) істейді. Шығармаларын сол «Қазақта», «Айқап» журналында (Троицк) жариялап тұрады.
       Қазақ халқының адал ұлы Мағжан өзінің бүкіл саналы өмірін, өнер-білімін, жігер-қайратын  - бойындағы бар жақсы қасиетін туған халқының ерікті ел болып, бақытты өмір сүріп, өркендеп өсу жолына арнайды. Мағжанның ұлы арманы, мұрат-мақсаты - туған халқының бостандығы, ешкімге тәуелсіз дербес мемлекет болуы еді. Сондықтан сол мақсатты көздеген Алашорда жұмысына Мағжан да белсене қатынасып, аянбай ат салысады.
        Мағжан 1922 жылы Ташкентке келеді. Мұнда Халел Досмұхамедұлының басшылығымен ұйымдастырған, «Қазақ-қырғыз білім Комиссиясының» мүшесі болып қызмет атқарады. Ташкентте шығып тұратын газет, журналдарда өзінің шығармаларын жариялайды. 1922 жылы «Ақжол» газетінде әйгілі «Түркістан» өлеңі жарияланады.
       1923 жылы «Сана» журналына «Жұлдызды жүзік, айды алқа ғып берейін», «Сәрсембайдың зары» өлеңдері, «Ақан сері» атты көлемді мақаласы басылды. Мағжан сонымен қатар оқу-ағарту, оқу құралдарын жазу жұмысына ерекше көңіл бөліп, мағыналы еңбек еткен ағартушы-педагог, ірі ғалым болған адам. Оның «Бастауыш мектепте ана тілі», «Педагогика» (Баланы тәрбие қылу жолдары) кітаптары 1923 жылы Ташкентте басылып шықты. Әубәкір Дивайұлы жинаған әдебиет үлгілерінен тізілген «Тарту» оқу кітабы 1924 жылы басылды.
       Өлеңдерінің алғашқы жинағы («Шолпан») 1912 жылы Қазанда басылса, екінші өлеңдер жинағы да 1922 жылы Қазанда басылып шықты.
       Әйгілі «Батыр Баян» поэмасы 1923 жылы «Шолпан» журналының (Ташкент) 4-5 және 6-7-8 сандарында жарияланды. Мағжан балалар әдебиетіне де көп көңіл бөлген ақын. Мысалы, «Балаларға базарлық» деп атап, бір топ өлеңін («Аққала», «Ата, бата», «Сылдырмақ», «Сұрқұлын», «Сал-сал білек, сал білек», «Ана») «Терме» кітабында (Ташкент, 1925) жариялады.
       1923 жылы Ташкентте Мағжанның үшінші өлеңдер жинағы (көлемі 263 бет) басылып шықты.
       Мағжан шығармалары туралы «Еңбекші қазақ» газетінде 20-жылдары жарияланған мақаладан үзінді келтірейік: «...Пікір-идея жағынан Мағжан идеяшыл ақын. Ой, қиял - Мағжанның тәңірісі. Қазаққа келгенде, Мағжанның саяси жолы қазақтың байына қосылып отыр... бұл күнгіден безген, келешегі жоқ, уайымшыл, жылауық ақын. Бірақ бұдан Мағжанның өлеңдерін «өртеп жіберу керек» деген сөз шықпайды», - дей келіп, мақалада тағы былай деп жазады: «Біз Мағжанның жаман жағын айта білсек, жақсы жағын да айта білеміз. Оның жақсысына қол сұқпаймыз. Қазақ әдебиетіне Мағжан кіргізген жаңалықтар жоқ емес. Мағжан күшті ақын, ойын, өз тілегін ұқтыра білетін ақын. Көркемдік, әдемілік жағынан қарағанда, Мағжан өлеңдері (әсіресе «Баян») үлкен олжа. Жүсіпбек айтқандай, «суретті, кестелі, көркем сөз Мағжаннан табылады». Өлеңнің сыртын Мағжандай келтірген (бір Абай болмаса) қазақта әлі ақын жоқ. Аз сөзбен көп ой айтатындық Мағжанда бар. Мағжан сөзге еркін ақын. Күшеншек ақын емес, айтам дегенін оқушының көңіліне қонғандай, сезімін қозғағандай қылып айтады. Кейбір өлеңдерінде «шешендік, толғау, күй төгіліп келетіні» рас.
        Көркемдік, шеберлік, әдемілік, Мағжаннан үлгі қыларлық «қасиет» көп. Біздің еңбекші ақындарымыз - жас ақындарымыз Мағжанның сырты сұлу, әдемі сөздеріне терең ой, тура жол сала білсе, бәйгеден келгені...» («Еңбекші қазақ» газеті, 1925 жыл, № 406).
       1920 жылдардағы әдебиет сынының бір түрі осындай. Қалай болғанда да, Мағжанның ақындық қуатты қасиетін мойындайды.
       Атақты кеңес ақын, жазушы, ғалым, Мәскеу Мемлекетгік университетінің профессоры - Валерий Яковлевич Брюсовтың (1873-1924) талабымен 1921 жылы жазушылардың білімін толықтыру үшін арнаулы институт (высший литературно-художественный институт) ашылады. Институттың ректоры және барлық оқу жұмысын басқаратын Брюсовтың өзі болады.
Мағжан сол институтқа түсу үшін 1924 жылы Мәскеуге келеді.
       Әдебиетші-ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев марқұмның 1970 жылы жазып қалдырған Мағжан туралы естелігінен үзінді келтірейік. Мәскеуде 1922 жылдан бастап Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқығанын айта келіп, ол былай дейді: «...Бірінші курста барлық сабақты өз ана тілімізде оқыдық. Екі жыл бойы негізгі сабақтардың бірі ретінде қазақ тілі мен қазақ әдебиетін үйрендік. Сонда бізге қазақ тілі мен қазақ әдебиетін... бір жыл әйгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев оқытты...
       ...Мағжан сұлу еді: орта бойлы, толық денелі, бұйра қара шашты, аққұба, бидай өңді еді. Бет пішіні Абайдың белгілі суретіндегі бет пішініне ұқсайтын. Жүріс-тұрысы жарасты, сәл маңғаз еді. Осының бәрінің үстіне қыз мінезді де еді.
       Қырқыншы, елуінші жылдары бірге жүргенімізде кейде сөз арасында Мұқаң (Мұхтар Әуезов) айтар еді:
       Баяғыда біз Мағжанға: атың - қыздың аты, мінезің - қыз мінезді, сен қалай қыз болмағансың?.. деп, қалжыңдаушы едік, - дер еді.
       Мағжан ғалым, тәжірибелі шебер оқытушы, асқан методист-педагог еді. Педагогика жайында, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқыту жайында жариялаған кітабы, мақалалары болушы еді...» - дейді Кенжебаев («Лениншіл жас» газеті, №2, 1989).
       Мағжанның Мәскеуде оқып жүрген жылдары жазған, басылып шыққан еңбектерінен біз білетініміз: «Ана тілінің методикасы». Мәскеу, 1925; Ленин. «Париж коммунасы». Аударушы: Жұмабайұлы Мағжан: Мәскеу, 1925, (62-бет), Максим Горький. «Сұңқар жыры». Аударушы: Жұмабаев Мағжан. Мәскеу, 1924. Бұл кітаптағы Мағжан аударған әңгімелер: «Сұңқар жыры», «Жұртын сүйген жүрек», «Ана», «Темірді жұмсатқан ана», «Хан мен ұлы». «Сұңқар жыры» туралы Жүсіпбек Аймауытұлының жазған сын мақаласын келтірейік.

«Сұңқар жыры»
«Жігіттер! Әулиелі ақиқатқа
Бұ жалған жол таппаса, адаспалық.
Тәтті ұйқы лебін ескен адамзатқа
Ең болмаса ессізді мадақталық».
                                                        Беранже.

       XIX ғасырдың аяғында байлар дәуренін жырлап болған орыс ақындары дағдарып, қаламынан жан кеткенде, әдебиетке жан салып, жол «мұндалап» ұрандата, борандата айғайлап шыққан аруақты ақын - Максим Горький. Максим - көк теңіздің исін жұтып, мастанып, жұртты кеңдікке, еркіндікке, нұрлы күнге, ерлікке, тартысқа шақырған, өрттей лаулаған, толқындай тулаған төңкеріс ақыны. Ол жабыларды жан екен демейді, ерді, сұңқарды мадақтайды. Сұм өмірді өмір екен демейді, ерікті, көрікті өмірді көксейді. Пушкин, Лермонтов, Гейне, Беранжелердің отты өлеңдерін жаттап, Максим қуанышқа құлаш ұрған. Адамзатқа тәтті ұйқы лебін ескен жоқ, алыс-жұлысқа шақырған. Әлсіз жүрек, жылан жанды, жорғалаған, қыбырлаған адамдарды жаратпаған.
       Максимді орыс әдебиетінде «Дауыл құсы» деп атайды. Ол 1901 жылы сондай өлең жазып, келешек дауылдан, төңкерістен хабар берген жыл құсы еді. Максим - төңкерісшіл жалшылардың көсемі болған ақын. Социал демократ (бұқарашыл) партиясына кіріп, төңкеріс жолында қызмет еткен. Большевик қанатына тілеулес болып, Ленинмен пікір алысқан. (Лениннің Максимге жазған 33 хаты 24 жылы басылды). Бірақ саяси пікірде айнымалы болған. Мұны өзіне Ленин талай айтқан. 1917 жылғы төңкерістен кейін біресе большевик, біресе меньшевик газеттеріне жазып, шет мемлекетке барған соң, орыс халқының қаталдығын, жамандығын айтып, большевик пікірінен айырылды.
       Жиырма бес жылдық қызметінде 30 том кітап жазған (он мың беттен астам болады). Максим - орыстың барлық төңкерісшіл ақындарының атасы. Бәрін баулыған, баураған, ұйымдастырып, «Білім» атты жинақ кітап шығарып тұрған. Он жылдың ішінде 40 кітабы шыққан. Максим қазір 56-да. Әлі де жазудан босамайды. Ол - жұртын шын сүйген ақын.
       Максимді білмейтін жер жүзі жоқ.
       «Ана» деген жұртшыл пікірде жазылған әңгімесі барлық Европа, Америка тілдеріне аударылып басылған. Оның даңқы зор.
       Максим – идеалист, дарашыл, романтик ақын.
       Өмірі жаумен алысып қан жұтып, жаралы болған Сұңқар - төңкерісшілдер, жылан - жабайы тоғышарлар. «Өрмелеу үшін туған жан ұша алмақ емес!». Сондықтан ақын ерлердің көзсіздігін, ессіздігін жырлайды».
       Максимнің бес әңгімесін Мағжан қазақ тіліне аударған. 24 жылы Мәскеуде басылған. Көлемі 44 бет.
       Әңгімелердің аты: «Сұңқар жыры», «Жұртын сүйген жүрек», «Ана», «Темірді жұмсатқан ана», «Хан мен ұлы».
       Іші батпақ, қараңғы, қалың орманға жау қамап, қырылуға айналған елді бастаған батыр қатерден елін құтқармақ болады. Бірақ жолда көп қиыншылық, азап шегіп, ел батпаққа батып өле береді. Қиналған ел долданып, басшы ерге тап беріп, өлтірмек болады. Қараңғыда жол табылмайды, адасады. Сонда батыр жүрегін суырып алып, көтергенде, күндей жарқырап нұр шашады. Елін беті ашыққа шығарып, ажалдан құтқарады да, батыр өледі. Бұл - «Жұртын сүйген жүрек».
       Көк темір киінген қалың жау бірнеше күн қаланы қамап, қала халқы аштан, оқтан қырылып жатқанда, қаладан «Ана» шығып, жауға барады. Жау әскерінің бастығы «Ананың» ұлы екен. Анасының құрметіне қаланы талқандамай тұр екен. Ұлы атақ іздеген. Ана өлімге қарсы, елін сүйген. Баласын сөзге түсіре алмаған ана алдына алып баласын ұйықтатып, жүрегіне пышақ сұғып өлтіреді. «Ұлт үшін қолымнан келген істі түгел істедім» деп, енді өзінің керексіз екенін біліп, ана өз жүрегіне пышақ салып өледі. Бұл - «Ана».
       Өзгелерін айтпаса да болады. Аударма ұғымды, сұлу жазылған. Тілінде кемдік жоқ («Терме». Ташкент, 1925 жыл, 134-136 бет).
       Мағжан Всеволод Ивановтың әңгімелерін аударып, ол аудармасы «Төрт әңгіме» деп аталып, 1927 жылы Мәскеуде жеке кітап болып басылып шықты, аударған әңгімелері: «Өз өмірімнен әңгіме» («Рассказы о себе»), «Сай» («Лог»), «Темірбай» («Киргиз Темербай»), «Жолығу» («Встреча»).
       Мағжанның «Сауатты бол» (үлкендерге арналған оқу кұралы) кітабы 4-рет 1929 жылы Мәскеуде басылып шықты.
       Мағжан халықтың шаруашылық қамын ескеріп, тұрмыс халін жақсартуды ойлап, пайдалы деген кітаптарды да аударған. Мысалы, Будайский. «Қарыз серіктігі һәм оның қара-шаруаға пайдасы». Аударушы: Жұмабайұлы Мағжан. Мәскеу, 1925 жыл (88 бет). Мағжанның бұл аударма еңбегі туралы жарияланған мақалада былай дейді: «Бұл кітапта ел шаруашылығының мұң-мұқтажы, қарашаруаның мәдениет жүзінде мешеулігі, шаруашылығын көркейту үшін қарыз серіктігінің пайдасы баяндалған. Бірнеше мемлекеттің егін шығымы салыстырылған. Сонда Бельгия, Германия, Австриянікінен Ресей егіні анағұрлым төмен екендігі қазақ оқушыларына көрініп тұр. Ал қазақ орыс шаруасын өзінен қандай артық көреді. Бұдан кейін әр мемлекеттің мал шаруашылығын салыстырады. Бұдан дүние жүзінде Дания деген мемлекет бар екендігі, оның бір сиыры жылына 350 шелектей сүт беретіні, 250 шелектен кем бермейтіні көрінеді. Данияның бір сиыры біздің 4-5 сиырымызға пара-пар.
       Шаруашылықты көңілдегідей көркейту үшін қаражат - ақша керек. Міне, осы ақшаны бірігіп қарыз серіктігін ашу арқасында табуға болады. Қазаққа бұл кітапша пайдакүнемдерге жем болмау жолын, қарыз серіктігін ашу реттерін үйретеді. Кітапшаны қазақ оқығандары, партиядағы қызметкерлер оқып, серіктік, кооперация ашу жөнінде елге көмек берулері керек. Кітапшаны казақшаға аударушы жүйрік жазушыларымыздың бірі» («Книгоноша» журналы, № 1, 1925 жыл).
       Мағжан туралы бұдан жоғарыда келтірілген мақалада айтылғандай, «Бұл күндегіден безген, келешегі жоқ, уайымшыл, жылауық ақын», халқының келешегін, шаруашылық қамын ойлап, еліне пайдалы еңбек етіп, әуре болмаса керек.
       Мағжан Жұмабаев 1927 жылы Мәскеудегі оқуын аяқтап, Қызылжарға келіп, оқытушы қызметіне кіріседі. 1929 жылы негізсіз айыпталып, он жылға түрмеге кесіледі. Астыртын қызметі үшін 1921 жылы «Алқа» атты ұйым құрды-мыс деген жадағай кінә тағылады. Ал шын мәнінде бұл алқаны Сібір халықтарын қазақ республикасы туралы кеңінен хабардар ету үшін Сібір революциялық комитетінің жанындағы Казақ АССР-нің өкілдігі ұйымдастырған еді. Осынау ағартушылық алқа кейін сталиндік репрессия кезінде қазақ ұлтшылдарының құпия контрреволюциялық ұйымы деп танылды. М.Горький мен Е.Пешкованың өтінуі бойынша М.Жұмабаев 1936 жылы тұтқыннан мерзімінен бұрын босатылды. Соған қарамастан келесі жылы қайтадан тұтқындалып, 1938 жылы 19 мартта атылды. 1920 жылдардан бастап Мағжан Жұмабаевқа жабылған жала еш уақыт толастаған емес. Барған сайын өрбіп, өрши түсті. Ол түрмеде отырған кезде де, ол айдауда жүрген жылдары да, тіпті ол атылып, көзі жойылған соң да тоқтамады. Мысалы, 1967 жылы басылып шыққан «Қазақ Совет әдебиетінің тарихы» кітабының бір бетін ғана ашып көрейікші: «1924 жылдың қысында Орынборда Мағжанға әдебиет «сотын» құрып, С.Мұқанов баяндама жасады.
       М. Жұмабаев «Қазіргі қазақ әдебиетінде жаңа дәуір тудырып отыр-мыс, одан көркемдік шеберлікті үйрену керек», - деген сықылды тұжырымдарға С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Тоғжанов, Ә. Байдилдиндер өздерінің мақалаларымен тойтарыс беріп, әдебиеттегі ұлтшылдықты, мағжаншылдықты әшкерелеуге көп септігін тигізді».
       Мағжанды қасақана арандату үшін оған қолданылған небір айла-тәсілге қазір қарап отырсаң, қайран қалып, қапа боласың. Бірер ғана мысал келтірейік. Мағжан айдауда жүрген кезде, 1932 жылы басылып шыққан «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» дейтін кітаптың 230-бетін оқып көрейік: «Тұрмыстың, тартыстың кей кезі жігерден еш нәрсе шығармай қоятын уақыты да болады. Ұраны «Алаш», өзі «Тәңірі» болғанмен, большевиктер «Алаш» пен Колчакты жай қоймаған соң, байшыл ақын бәйгеге басын тікті. Күреске белін буды. «Жарыма» деген өлеңінде:

Жан жарым, ұзын, қиын түстім жолға,
Алдымда түпсіз дария, сор да, ор да.
Бетпақшөл, отсыз, сусыз, қайнаған құм,
Ысқырған жылан-шаян оң мен солда.
Өткелсіз, қарлы, отты таулар асқар,
Мейрімсіз табан тілер қия тастар.
Кім білед, қуат құрып, арып-талып,
Төгетін күндер болар ыстық жастар.
Жол ұзақ, жақын үшін жаннан кештім,
Бауырдың халін көріп, бейнет құштым.
Құшақта, сүй, күй, жыла, қайраттандыр,
Жан жарым, ұзақ, ауыр, жолға түстім,

- деп, алдында тұрған тап тартысының қиындығын айтады», - дейді.
       Бұл өлеңде тап тартысына ешқандай қатысы, байланысы жоқ. Өлеңге талдау жасап жатпаймыз, Мағжанның «Жарыма» атты бұл өлеңі 1915 жылы, апрельдің 22 күні «Қазақ» газетінде жарияланған. Ол кезде «Колчак», «Алаш» дегендер аты-затымен жоқ!
       Енді жаңағы кітаптың 234-235 беттеріне көз жіберейік. Онда былай деп жазылған: «Алаш» пен Колчак құлаған күні Мағжан «Зар» деген өлең жазады:

Күз жетіп, жердің жүзі солғын тартса,
Алтын күн нұры кеміп, салқын артса,
Жер жүзі елім күтіп, тұрса жылап,
Сексенде селкілдеген байғұс қартша.

       Бұдан былай осы өлеңде қыстың (төңкерістің) болуын, бірақ ол қыс етіп (Октябрь құлайды дегені ғой) жаз жететінін сөйлеп кеп:

Жоғалды, батты, кетті, сәулем, күнім,
Жайнаған жүз құлпырып қызыл гүлім.
Сәулесіз, айсыз, күнсіз караңғыда,
Өтермін аһ ұрумен шықпай үнім.
Жалғанның бір көрермін көп пен азын,
Өмірімде енді болмас жылы жазым.
Енді бір жүргенім де, өлгенім де,
Қолымнан ұшқаннан соң қоңыр қазым.

       «Қоңыр қазы», әрине, «Алашорда». Міне, байшыл Мағжан Октябрьге осылай қарады. Мағжанның қазақшыл емес, байшыл екеніне, тегі «қазақшыл» ешкім бола алмайтынына, тап бар дәуірде жалпы ұлтты сүю қолдан келмейтін, болмайтын іс екеніне Мағжанның жоғарғы өлеңдері айқын дәлел», — деп қорытады.
       Мағжанның бұл өлеңі де «Қазақ» газетінің бетінде 1915 жылы, 22 қазан күні басылған, ол жылы Колчак та, «Алаш» та атымен жоқ. Арғы жағын оқушы жұртшылық өзі де түсінетін шығар дейміз.
       Осы да жеткілікті болар. «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» кітабының беттеріндегі Мағжанға жабылған жала мен еріп жүрген өтіріктің бәрін тізе берудің қызығы жоқ шығар. Енді осы кітапта Мағжан ақын туралы айтылған, шындыққа ойысқан кезіне келейік: «Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын казақта жоқ», - деп отырған адам, - Сәбит Мұқанов марқұм.
       «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» кітабының авторы да - Сәбит Мұқанов.
       Мағжанның орыс әдебиеті және Европа әдебиеті классиктерінен аударма еңбектерінің өзі бір төбе. Ол өлең болсын, көркем қарасөздің қай түрі болсын, орыс тілінен мүлтіксіз аудару өнерінің өрен жүйрігі. Оның аудармасын өзінің төл шығармасындай құштарланып оқисың. Мағжанның Гетеден аударған «Орман патшасы» («Лесной царь») деген өлеңін бала күнімізде аса қызығып қайта-қайта оқушы едік, оқып отырғанда үрей туғызып та жіберетін, осы күнге шейін ойдан кетпейді.
       Мағжанның 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 189-санында «Тоқсанның тобы» атты көлемді өлеңі жарияланған. Ол өлеңнің үлкен тарихы бар, оған арналған мақалалар бар. Сол мақалалардың ішінде Шаймарден Тоқжігітовтың екі мақаласы, Ыдырыс Мұстамбаевтың орыс тілінде жазып, «Советская степь» газетінде жарияланған «Джумабаев и «Девяносто» атты мақаласы ерекше көңіл аударады. Мағжанның «Тоқсанның тобы» өлеңі туралы жеке арнаулы мақала жазу керек.
       Мағжан — адамның нәзік сезімін, терең сырын шертіп, жан дүниесін тебірентетін асқан лирик ақын ғана емес, ол — кең құлашты, ұшқыр қиялды, шығанға шырқайтын эпик ақын. Оның тарихи тақырыпта жазған күрделі уақиғалы поэма, дастандары бар. Олар: «Қорқыт», «Жүсіпхан», «Батыр Баян» т.б. Солардың ішінде ерекше атайтыным — «Батыр Баян» поэмасы. Бұл поэманы 1932 жылы «Шолпан» журналынан оқып, көшіріп алып, жаттап жүретін едім.
       1940 жылы Алматыда Мұхтардың (Әуезовтың) үйінде ұзақ уақыт болған кезімде, Мұхаң Мағжан туралы қызықты көп әңгіме айтып еді. Сонда Мағжанның «Батыр Баянды» қалай, қай кезде жазған тарихын және поэманы жазуға бір жағынан Шоқан Уәлихановтың тарихи зерттеу еңбектерінің себеп болған жайын баяндап, бұл — тарихи поэма деген еді. Мұхаңның сол сөзі ойымда жүретін.
       Осы соңғы кезде «Батыр Баян» поэмасының уақиғасын тарихи деректерімен, әсіресе, Шоқанның еңбектеріндегі тарихи мағлұматтармен салыстырып, біраз зерттеу жұмысын жүргізген едім. Сондықтан «Батыр Баян» поэмасы жайында жеке мақала жазбақпын.
       Мағжан ақынымыз қазіргі заманда шыңыраудан шыңға көтерілді. Әділеттің аққұсы қанат қағып, халқымыздың мерейі үстем болып, масайрап, қуанышқа бөленіп отыр. Қуанышымыз қуанышқа ұласып, ұзағынан сүйіндірсе екен.
       Ендігі басты мәселе: Мағжанның өмір тарихын ғылыми тұрғыдан терең зерттеп жазу, оның әдеби асыл мұрасын шырқын бұзбай, толық жариялап, ақынның туған халқына кіршіксіз жеткізу — абыройлы борышымыз.

Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар. Т.2. Сөз өнері: Оқулық монография; Төрт арыс: Мағжан Жұмабаев; 389 б; Үш алып: Оқулыққа барар жол.- Алматы: Санат, 2003.- 528 б.

Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.4. Абай мұрагерлері. - Мағжан Жұмабаев.- 230 б Естеліктер / Шығыс Қазақстан облысының әкімі, Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы.- Алматы: Алаш, 2005.- 328 б.- (Алаш мұрасы)

Мағжанның қай өлеңі болса да қазақ әдебиетінің тарихынан
қалайда сыбағалы орын алуы талассыз хақиқат.

Жүсіпбек Аймауытов
жырымен жұртын оятқан
Мағжан
| Тағдыры | Мағжан және алаш | Махаббаты | Ақын-символист | Ақын және біз |