Құнанбайұлы Абай (Ибрагим) (1845-1904) - ақын, композитор, ағартушы, ойшыл, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиеті мен тілінің негізін қалаған классик.
1845 ж. 10 тамызда Батыс-Сібір генерал-губернаторлығы Семей уезінің (1845 ж. бері Семей облысы) Жидебай бөктерінде (қазір Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының әкімшілік бөлімшесі), Арғын тайпасының Тобықты руының ірі феодалы Құнанбай Өскенбайұлының отбасында дүниеге келген. Абайдың отбасы жергілікті ақсүйектер әулетінен: атасы Өскенбай және арғы атасы Ырғызбай ру басылары, атақты билеп-төстеушілер болған. Абайдың нағыз есімі – Ибрагим, бірақ әжесі Зере қойған Абай есімі («зерделі», «абай болу») мәңгілікке қалды.
Ауыл молдасынан алған білімін Семей медресесінде, кейін приходская училищесінде жалғап, араб, парсы және тағы басқа шығыс тілдерін меңгереді, Шығыстың ұлы ақын-ғалымдары (Науаи, Низами, Сағди, Фердоуси т.б.) шығармаларымен танысады. Осы кезде орыс мектебінен де білім алады. Бес жыл оқыған соң өз өлеңдерін досы Көкбай Жанатаев атынан жаза бастайды. Құнанбай Абайды 13 жасынан ру басы қызметіне әзірлейді. Абай 28 жасында осы басшылық ісінен кетіп, білім алумен айналысады. Тек 40 жасынан бастап өзінің тұңғыш өлеңдерін жазады. Орыстың саяси жер аударылушылары Е. Михаэлис, Н. Долгополов, С. Гросспен жақын танысады.
Сондай-ақ, Абай дүниетанымының қалыптасуына гуманистік көзқарастағы Шығыс ақындары мен ғалымдары (Фирдоуси, Алишер Навои, Низами, Физули, Ибн Сина т.б.), сондай-ақ, орыс классиктерінің шығармалары, еуропа әдебиеті ерекше әсерін тигізді. Абай Крылов, Лермонтов, Пушкин, Гете мен Байронды қазақша сөйлетті.
«Қараңғы түнде тау қалғып» («Горы дремлют в тёмной ночи») халық әнінің өзіндік тарихы бар. Гете «Wanderers Nachtlied» («Ночную песню странника») өлеңін жазды, Лермонтов оны орысшаға келтірді, ал, жарты ғасырдан кейін Абай Құнанбаев ән мазмұнын қазақ тілінде жеткізді.
Абай Құнанбайұлы орыс және еуропа мәдениетінің қазақ арасына таралуына ықпал етті.
Абай біршама уақыт болыс қызметін атқарды.
Кеңес әдебиеттанушыларының Абай ауылдың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін келемеждейді, «әйелдердің адам төзгісіз жағдайына» және «жамандық пен надандыққа қарсы шықты» - деген пікірі қалыптасқан.
Абай Құнанбайұлы қазақ поэзиясына жаңа бетбұрыс әкелді. Қазақша өлең құрылысына жаңа ұйқастар мен үлгілер енгізді: мысалы "Сегіз аяқ" өлеңі.
Абайдың 170 өлеңі және 57 аудармасы, поэмалары, «Қара сөздері» бар.
Сонымен бірге Абай композиторлық қырымен танылды, жиырмадан аса әні бүгінгі күнге жетіп, халық арасына кеңінен таралған. Абай кейбір өлеңдеріне ән жазды, ал, «Көзімнің қарасы» әні халық әніне айналып кеткен.
Абай Құнанбайұлы XIX ғ. басы − XX ғ. аяғында оянған қазақ ұлттық интеллигенциясына ерекше ықпал етті. Алаш-Орда қозғалысының көсемдері Абайды қазақ халқының рухани көшбасшысы деп қабылдады. Әлихан Бөкейханов Абайдың тұңғыш биографы. Сондай-ақ, Абай қайтыс болғанда жазған «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» некрологы 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде басылды. Кейін осы мақаласы 1907 жылы Абайдың портретімен «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического общества» басылымына басылған.
Абай Құнанбайұлы 1904 жылы 23 маусымда (6 шілде) қайтыс болды.
1914 жылы тюрколог В. В. Гордлевский қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Абай Құнанбайұлы пен Міржақып Дулатов шығармаларын шығыстанушы, академик Н.И.Веселовскийдің 70 жылдығына арналып шығарылатын «Восточный сборник» жинағына енгізеді.
Абай мұрасы қазақ әдебиеті мен тілінің өркендеп дамуына жол ашты. Абайдың ағартушылық қызметі бүкіл қазақ, Орта Азия, Шығыс халықтары мәдениетінің дамуына ықпал етті. Абай шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылды. Абайдың музыкалық мұрасы қазақ халқының ұлттық мәдениеті тарихынан ерекше орын алады.
Абайды мәңгілік есте қалдыру үшін Қазақстанның әдебиет саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық белгіленген. Көптеген әкімшілік аудандар көшелер, театрлар, кітапханалар Абай есімімен аталады.
"Біздің Абай" электрондық кітапханасы
Шығыс Қазақстан: танымал есімдер
How to develop a site - Read more