Ақын мұрасы

«Шақырады көктем»

«Шақырады көктем»  жинағында  Тұманбай Молдағалиев заманымыздың кешегі мен бүгінгісін, замандастардың тыныс-тіршілігін, арман –мұратын, адал махаббатын, ел мен отанға деген сүйіспеншілігін нәзік сезіммен, терең оймен толғаған жырлары, сондай-ақ балаларға арналған отты да ойлы өлеңдері топтастырылды. 

«Қар жауып тұр» 

«Қар жауып тұр»  жинағында ақын табиғаттың әсемдігін, адам сезімдерінің нәзіктігін, махаббат пен өмірдің мәнін ерекше әсерлі өлеңдер арқылы суреттеген.

«Ғашық жүрек» 

«Ғашық жүрек» жинағында  өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері қазақтың әйгілі сазгерлерінің әндерімен бірге қалың жұртшылықтың жүрегін терең баурап алған ән- өлеңдері топтастырылып отыр.

Тұманбай Молдағалиевтың «Шығармалары» кітабының I томына

«Дос құшағын жайғанда» атты кітабынан өлеңдер еніп отыр.  Жинаққа енген өлеңдері  назды да сазды, жанға жайлы, жүрекке қонымды келеді. Туындылардың өзегі - адамды жақсы көру, ізгілік пен мейірімге баулу және де дос қадірін түсіндіру болып табылады.

Тұманбай Молдағалиевтың «Шығармалары» кітабының II томына 

«Жадымдасың жастық шақ » атты кітабынан өлеңдер енген. Автордың туындылары қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған асыл қазына болып қала бермек. 

«Мәңгі жас көңіл» 

«Мәңгі жас көңіл» атты  жинаққа ақынның жаңа өлеңдері топтастырылған. Ақын тәуелсіз елдің қуанышын, өмірдегі қилы кезеңнің ауыр сәттерін шынайы бояулармен нәзік жырлайды. 

«Тынық мұхит дәптері» 

«Тынық мұхит дәптері» атты  поэтикалық шығармалар жинағында   Тұманбай Молдағалиев  саяхат кезінде алған әсерлерін, ой-толғамдарын, достық, патриотизм, адамгершілік, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін жырлаған.

«Алыстағы жылдар ұмытылмас жандар»

«Алыстағы жылдар, ұмытылмас жандар» атты Тұманбай Молдағалиевтың жыр жинағында негізінен Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыл өмірін суреттейтін жеті поэмасы енді. Бұл туындылар жас ұрпақты Отан сүйгіштікке тәрбиелей отырып, оларға бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін тереңірек ұғынуына көмектеседі. 

«Әнім сен едің»

«Әнім сен едің» жинағында ақынның жұртшылық жүрегіне жол тапқан белгілі ән-өлеңдері енгізілді. Бүгінгі өскелең өмірімізді жарқын бейнелейтін туындылары ән сүйер, жыр сүйер қауымды қуанышқа бөлейді.

«Жаз да өтіп барады»

Тұманбай  Молдағалиевтың «Жаз да өтіп барады»  атты кітабына лирикалық, философиялық толғамдары кірді. Шиыршық атқан ой оралымдары, сезімнің нәзік сәулелері адамды жақсылыққа, тазалыққа, арманға жетелейді. Өз шығармашылығын ел игілігіне арнаған ақын өлеңдері мәңгілік мұра болып табылады.

«Жүрек жылуы»

Қазақ  поэзиясының дамуына өзіндік үлес қосқан бірегей ақындардың бірі –Тұманбай Молдағалиев. Оның қаламынан туындаған жалынды жырлары бірнеше кітап болып жарық көрген. Соның бірі - «Жүрек жылуы» кітабы. Жазған жырларымен жүрек қылын тербетіп, сезімнің нәзік күйін көркем түрде оқырмандарына жеткізе білген.