Ақын туған ата-анасынан ерте айырылыпты. Алайда өгей шешесі туу туралы куәлігіне «анасы» ретінде түскен. Сол себепті де, ақын ол кісіні «өгей» екенін де білмеген. Қамқа анасы о дүниеге аттанарда, баласын шақырып, өзінен емес, абысынынан туғанын айтып кетіпті. Бұл жайтқа ақын сенгісі келмеген. Себебі, анасы тек мұны емес, ауылдағы барлық балаларды бауырына басып, асқан мейірімділікпен өсірген. «Мені мейірімді жан тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде мейірімді болуым соның арқасы шығар», – дейді ақын бір сөзінде.
Тұманбай Молдағалиевтың дүниесіне, оның жыр әлеміне ентелеген кез келген адам досы Едіге Сапаев есімімен таныс болады. Бұл екеуі өмір бойы достықтың туын биік ұстап, қызғаныш, өзімшілдік, өктемдіктен ада болып, кейде туған бауырларда кездеспейтін бауырмалдықпен ғұмыр кешіпті. Тұманбай Молдағалиев қанша атақ-абырой жинап, ел алдында еңселі болса да, досының қасында қарапайым, ақкөңіл жанға айналып шыға келетін. Бүгінде бәріміз білетін «Жан досым» әні дәл осы досы Едігеге арналыпты. Досының бір естелігінде мектеп бітіріп жатқан уақытта ұстазы Тұманбайдан «Енді қайда оқуға бармақсың?» деп сұрайды, сонда ақын жігіт «Өзімді әдебиет маңынан көремін» деп жауап қатыпты, сосын апайы Едігеге бұрылып, «ал сенің қандай жоспарың бар?» деп сұрағанда, ол жұлып алғандай, «Мен Тұманбайдан қалмаймын» депті. Араларынан қыл өтпестей дос, бауыр болған Едігеге ақын 104 өлең арнаған екен.
11 желтоқсан – Қазақстанның алғашқы әнұранының бекітілген күні. 1992 жылы 11 желтоқсанда байқаудан соң Қазақстан мемлекеттік әнұранын бекітті. Қазақстанның алғашқы әнұранының авторлары - Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева болды.
Ақын көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Орыс және шетел әдебиетінің классиктері Д.Байрон, М.Лермонтов, Т.Шевченко, О.Туманян, С.Капутикян, Г.Гулям, Х.Гулям, Р.Гамзатов және тағы басқалардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Өзі жетімдікте өскен қаламгердің балаларына деген махаббаты ерекше болған. Олардың әрбір жетістігі өлең боп өрілген екен. Әсіресе, тұла бойы тұңғышы Құралайға арнап бір емес, екі жинаққа жетер жыр жазылған. «Құралайым», одан келіп «Құралай және оның бауырлары» деген кітаптары жарық көрген. Әкесінің ақ үмітіне лайық Құралай да өте дарынды болыпты. Алыс Мәскеудегі физикалық инженерия институтына өзі барып, қабылданған. Алайда, Құралайының ғұмыры қапыда шорт үзілген. Қайғыдан көкірегі қарс айырылған ақын, бір сөзінде «бес жапырағым бар еді, оның бірі желге ұшты» дейді. Ақынның алғашқы кітабы 1957 жылы, дәл қызының туған жылында жарыққа шыққан. Соған орай, Молдағалиев ол жинақты «Құралайдың құрдасы» дейді екен.
Тұманбай Молдағалиев қазақ поэзиясында тамаша лирик ретінде ғана емес, өз шығармашылығында балаларға да туындыларын арнады. Мысалы, «Етекбай атам үйінде», «Арман мен бота» кітаптарының және «Алатау», «Қызыл-жасыл көбелек», «Алма бағында», «Мұз айдынында» поэмаларының авторы. Ақын сол жылдардағы ең көп оқылатын балалар журналы «Балдырғанды» басқарды. Ақынға сан қырлы шығармалар жазуда толассыз шабыт легі келе берді.
Өмірінің соңына қарай ақын өзінің әзілкештігін өлеңге өріп, басқа қырынан таныла бастаған. Мұны уақытында байқаған ақын Мұзафар Әлімбаев былай дейді: «Тұманбай өз болмысында әлгі Қадыр секілді сайқымазақ емес қой. Қадыр дегенің жай отырғанның өзінде жырларына юморды қаптатып жібереді. Тұманбайдың соңғы уақыттары юморға ден қойып, қазаққа тән ақ жарқындылықпенен жанының ашықтығын өлеңге сыйдырып, әшекейлеп, парасатты көрсетіп жүргеніне өз басым дән риза болып жүрмін».
Футболды жан-тәнімен жақсы көріпті. Өмірінің соңына дейін ала доптың нағыз жанкүйері болған. Телеарнадан көрсетілетін әрбір ойынды өткізбей қарауға тырысыпты. Жары Күлтай Қасымқызының айтуынша, футбол ойындары басылған көптеген дисктерді жинаған. Ақын жұмыс пен жазудан шаршаған сәттері, сол дискілерді қосып, шын беріле қарап алатын дейді. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі аяқдопшылардың есімін жатқа біліпті. Әсіресе, футбол королі Пеленің ойынын сүйіспеншілікпен қараған. Алматылық «Қайрат» клубына да шын жанкүйерлік танытқан. Балалары мен жан- жарын да футбол матчтарына жиі ертіп барыпты. Тіпті, 2006 жылы Германия елінде жалауы желбіреген әлемдік доданы да арнайы барып көрген екен.
«Мен өмір бойы ақындықты қуалаған адаммын. Бір адамға лайықты қазақтағы ақын жұмысын мен істедім десем де болатындай. Өзімді токқа тығылған шәйнектей сезіндім. Жүріп бара жатқан көлікте де өлең кіреді, тоқтатып ойыма келген жыр шумақтарын қағазға түсірген кездерім де болды. Сосын самолеттің ішіндегі уақытым өлең жазумен өтті» – дейді. Ұшақта бос отырғанды ұнатпайтын ақын әрдайым жазу жазып отырған. Себебі, ол биіктікті сондай қатты жақсы көрген. Молдағалиев ақындық өнерін биіктік деп бағалапты. Өлең жазып болған соң, оның патша көңілі сондай биіктікке шығып, қалықтайтын. «Мен өзімді құстардың ар жағында, жоғарыда ұшып жүргендей сезінетін едім», – дейді.
Ақын өмірінде бірде-бір рет сазгерге барып, өлеңіне ән жазуын өтінбегенін айтады. «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің» секілді әндер Шәмші Қалдаяқовтың тапсырысымен өмірге келген. Молдағалиевтің сөзінше, Шәмші әнін өзі дайындап алып келеді де, екеуі бірнеше рет орындап, көңілге сіңірген соң ғана мәтін жазуға кіріседі. Атақты сазгер Нұрғиса Тілендиевтің өзі ақынды шақырып алып, жаңа әннің сөзін жаздырып алады екен. Көптеген сазгерлер әнге лайықты деп таныған өлеңдерін кітаптан өздері таңдапты. «Қателеспесем, 500-ден аса өлеңіме ән жазылған. Оның көбін әуесқой сазгерлер шығарыпты», – дейді ақын. «Тұманбайдың аса қадірлі көрінетін тағы бір ерекше қыры – ән өлеңдерінің нағыз шебері болуы. Оның сөзіне жазылған көп әндері халық сүйіп тыңдайтын дүниелеріне айналды.