«Шақырады көктем» жинағында Тұманбай Молдағалиев заманымыздың кешегі мен бүгінгісін, замандастардың тыныс-тіршілігін, арман –мұратын, адал махаббатын, ел мен отанға деген сүйіспеншілігін нәзік сезіммен, терең оймен толғаған жырлары, сондай-ақ балаларға арналған отты да ойлы өлеңдері топтастырылды.
«Дос құшағын жайғанда» атты кітабынан өлеңдер еніп отыр. Жинаққа енген өлеңдері назды да сазды, жанға жайлы, жүрекке қонымды келеді. Туындылардың өзегі - адамды жақсы көру, ізгілік пен мейірімге баулу және де дос қадірін түсіндіру болып табылады.
«Алыстағы жылдар, ұмытылмас жандар» атты Тұманбай Молдағалиевтың жыр жинағында негізінен Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыл өмірін суреттейтін жеті поэмасы енді. Бұл туындылар жас ұрпақты Отан сүйгіштікке тәрбиелей отырып, оларға бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін тереңірек ұғынуына көмектеседі.
Тұманбай Молдағалиевтың «Жаз да өтіп барады» атты кітабына лирикалық, философиялық толғамдары кірді. Шиыршық атқан ой оралымдары, сезімнің нәзік сәулелері адамды жақсылыққа, тазалыққа, арманға жетелейді. Өз шығармашылығын ел игілігіне арнаған ақын өлеңдері мәңгілік мұра болып табылады.
Қазақ поэзиясының дамуына өзіндік үлес қосқан бірегей ақындардың бірі –Тұманбай Молдағалиев. Оның қаламынан туындаған жалынды жырлары бірнеше кітап болып жарық көрген. Соның бірі - «Жүрек жылуы» кітабы. Жазған жырларымен жүрек қылын тербетіп, сезімнің нәзік күйін көркем түрде оқырмандарына жеткізе білген.