Ғылым-білім, дүниеге көзқарас, мәдениет пен өркениеттің дамуына мол үлес қосып жүрген мұғалімдердің еңбегі зор екені баршаға аян. Ұстаздарға арналған атаулы күннің шығу тарихы да қызық. Бұл күнге 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз салды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды.
1994 жылы ЮНЕСКО ұсынысымен 5 қазан – Бүкіләлемдік мұғалімдер күні деп жарияланды. Содан бастап 5 қазан – мұғалімдер, оқытушылар және білім саласында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің кәсіби мерекесіне айналды. Біздің мемлекетімізде де бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісіне белгілеген. Дәлірек айтсақ, мұғалімдер күні 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО жоғарғы кеңесі президумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне бекітілді.