Back
Next
Роман әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған.
KZ   RU
Тарих және  халық
Әбілхайыр- хан (1693 - 1748)
Абылай-хан (1711-1781)
Кенесары Қасымов
(1802-1847)
Батырлар: Наурызбай Қобланды
Бөгенбай
Ойшылдар мен Көсемдер:
Төле би
Асан-Қайғы
Бұхар-жырау
Әйелдер образы:
Гауһар сұлу,
Гауһардың ерлігі,
Ақбөкен, Күнімжан
«Көшпенділер» - ұлт мақтанышы!
«Қазақ  мемлекеттілігінің  шежірешісі»
Қозыкөрпеш Есенберлин
«Әке»
Адибаев Х.
Яркий талант
Алимжанов А.
Последняя встреча,
или уроки И. Есенберлина
Есенберлин Р.
Мой главный человек
Журтбаев Т.
Выбравший свою дорогу
Козыбаев М.
Святой хан Кене казахской
литературы
Косенко П.
Силуэт по памяти
Куттыкадамов С.
Лодка, так и не
переплывшая океан
Теракопян Л.
Непреходящие уроки
Мемлекетіміздің 550-жылдық тарихы - І.Есенберлиннің «Көшпенділер» парағында
Наурызбай батыр. Аты аңызға айналған ержүрек батырларымыздың бірі, XVIII ғасырдағы Қазақ елінің жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық соғысындағы көрнекті қаһарман - Шапырашты Наурызбай Құттымбетұлы.
Құттымбетұлы Наурызбай 1706 жылы Жетісу жерінде, Алатаудың баурайында дүниеге келген. Бұл кезде Ӏле, Талас, Алатау мен Қаратау аралығындағы қазақ пен қырғыз жоңғарларға тәуелді еді. Батырдың көзін ашқаннан естігені батырлар тұралы жырлар, аңыз әңгімелер болып, теңдессіз бай рухани ортада өсті.
Екінші жағынан елге үстемдігін жүргізген басқыншы жаудың зорлығы мен зомбылығын да көрді. Мұның өзі жүрегінде оты бар жасты туған елін, атамекенін жаудан азат ету тұралы арманға жетеледі, батыр болуға құлшындырды. Наурызбай батырдың өмірі тұралы бүгінгі күнгі деректерде Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай бабаларымыз Абылай хан айналасындағы бас батырлар қатарында бағаланады.
Бұқар жырау осы үш тұлғаның жанындағы мынадай ірі батырларды атайды: Шақшақұлы Жәнібек, Сіргелі Қара Тілеуке, Қарақалпақ Қылышбек, Текеден шыққан Сатай мен Бөлек, Қаумен, Дәулет, Жәпек, Сеңкібай, Шойбек, Таңсыққожа, Мәмбет, Молдабай, Есенқұл және басқалар. Әдеби-тарихи деректер мен ел есінде сақталған аңыз-әңгімелер Наурызбай батырдың бүкіл халықтың ықыласына бөленіп, мақтанышқа айналуы 1727-1731 жылдардың шамасы екендігіне мензейді. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қатарынан бірнеше рет қатты соққы беріп, ақыры үлкен жеңіске жетуі осы уақытқа сәйкес келеді. Алатау етегінде жоңғарлардың Шамалған, Қаскелең, Боралдай секілді атышулы батырлары өлім табатын сұрапыл шайқастарда Наурызбай бабамыз ересен ерлік көрсетеді. Қозыбасыда қалың қол бастап, бас батыр атағына ие болады.

Карл Миллер күнделігі
Наурызбай батырдың өмірінің бір сәті Ресей патшалығының 1742 жылы күзде жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенге жіберген елшісі Карл Миллердің күнделігінде сақталған. 1742 жылы 6 қыркүйектің кешінде Карл Миллер Қарасу өзенінен өтіп, ертеңіне түске жуық Ұлы жүздің Өтеміс деген батырының ауылына келеді. Қасында Әбілқайыр ханның ұлы Ералы сұлтан бастаған топ пен жоңғардың қазақтарға келген екі жаушысы Қашқа мен Бурун болады. 16 қыркүйекте Ресей елшісі осы тобымен Шапырашты Наурызбай батырдың ауылына ат басын тірейді.
Батыр орыс елшісінің қайдан келе жатқанын, қайда баратынын, не мақсатпен жүргенін, сапарға кімнің жібергенін сұрап, аулына келген жолаушылар тұралы толық білгісі келеді. Карл Миллер Ресей патшасының жарлығы бойынша Орынбордан генерал Неплюевтен Қалдан Серенге хат алып келе жатқанын, онда жоңғарлардың қазақтарға шабуылын тоқтатуы тұралы ақ патшаның талабы жазылғанын баяндайды. Ресей елшісінен Наурызбай батыр Неплюевтің Қалдан Серенге жазған хатын өзіне оқытуды талап етеді. Бұл талапқа байланысты К.Миллер хаттың мөрленген жабық қағазда екенін, оны бұзуға болмайтындығын айтқанда, Наурызбай былай деген екен: - Сенің айтқан сөзіңе сенейін бе, жоқ бастығыңның жазған хатына сенейін бе? Хатталмаған сөзіңе, оқымаған хатыңа қалай сенуге болады?
Абылай ханның тұтқыннан босатылуы
Сол жылғы 18 қыркүйекте Наурызбай батыр К.Миллермен тағы әңгімелеседі. Бұл жолы ол әңгімеге Мәмбетбай мен Келдібай деген екі биін қатыстырады. Ресей елшілігінің мақсаты тұралы әңгіме қайта басталады. Ол И.Неплюевтің қонтайшыға хатында анық көрсетілген-ді. Онда қазақтардың Ресей патшалығының қол астына қарайтыны тұралы мәліметтер де бар болатын. Сонымен бірге жоңғар тұтқынындағы Абылай ханды босатып, еліне қайтару тұралы да талап қойылған болатын. Бұл әңгімелердің мазмұнын Наурызбай батыр да Мәмбетбай мен Келдібай да мақұл көреді. Әңгіме соңында Наурызбай батыр Ресей елшісіне өзінің көңілі толғанын, оны енді жолынан қалдырмайтынын, сапарының сәтті болуын тілейтінін айтып, қанағаттанғандық сезімін білдіреді. 24 қыркүйекте Наурызбай батыр Ресей елшісін өз Ұлысының шекарасына дейін шығарып салады.
К.Миллер бастаған елшіліктің нәтижесінде жоңғар билеушілері Қазақстанның мүддесін Ресей қорғайтынына көздері жетеді. Жоңғардың қазақтармен қарым-қатынас үшін жауапты нояны Сары Манжы К.Миллермен бірге қазақ даласын аралап келген өз адамдары Кашка мен Бурун ақпарын тыңдап, одан елшіліктің сөзіне құлақ қойып, істің жайын қонтайшыға мәлімдейді. Елшіліктің үсыныстары мен талаптары, тұжырымдары жоңғар басшысын ойға қалдырды. Ақырында қонтайшы Ресей талаптарын қабылдайтындықтарын білдіруге бет бұрады. Абылайды тұтқыннан босатып, еліне қайтарады. Осы оқиғадан кейін К.Миллер бастаған елшіліктің Ресей-Қазақстан-Жоңғария қарым-қатынасы аясында қазақтар үшін саяси-әлеуметтік маңызы жоғары келісімге қол жеткізуіне, Абылайдың тұтқыннан босануына Шапырашты Наурызбай батырдың қосқан үлесінің барына көзіміз жетеді.

Шәді төренің мәліметі
Шәді төренің дастанында да Шапырашты Наурызбай батырға қатысты бір мәлімет бар. Ол мәлімет бойынша Абылай хан қалмақтармен бітімге келеді де, Қытайға елші жібереді. Елшінің алдында Шәуешекте екі жаққа ортақ базар ашып, екі ел арасында сауда қарым-қатынасын орнату туралы келісімге қол жеткізу міндеті қойылды. Осы елшілік құрамындағы басты тұлғалардың бірі Шапырашты Наурызбай батыр болады. Шәді төре осы жайды былай сипаттаған: Шапырашты Наурызбай дүр бірісі, Найманнан Барлыбай бар екіншісі. Елшіге Кіші жүзден қосылды кеп, Тамадан Есет батыр деген кісі. Осы сапардан елшіліктің алдына қойған міндеті ойдағыдай жүзеге асып, олжалы оралады. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай - үшеуі Абылай ханның ту ұстаушы бас батырлары болған. Бүгінгі ұрпақтың тарихи танымында Шапырашты Наурызбай батыр - осындай батыр, осындай ер. Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қозыбасы тауында Шапырашты Наурызбай батырға ескерткіш орнатылған. Алматының бір үлкен көшесіне аты берілген. Қазақстан облыстарында, аудандарында Наурызбай батырдың аты көшелерге берілген, Наурызбай батырға арнап ескерткіштер орнатылған.
Наурызбай батыр туралы қазақша реферат, тегін мағлұмат.

Пайдаланған әдебиеттер:
• Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. - Алматы. "Алматыкітап баспасы", 2009 ISBN: 978-601-01-0268-2
• Қазақ энциклопедиясы, 7 том
Дерек көзі:
http://referatkaz.kz/nauryzbaj-batyr/

Наурызбай Кенесарының оң қолы, оң көзі - онсыз ол жарты жан емес пе? Ойлай-ойлай келіп Кенесары Байтабынның көңілін табу, соның дегенін істеу керек деген шешімге тоқтады. Сонда ғана екі ел бүлінбейді. Жоламан бастаған жұрт та Кенесарының жасыл туының астына кіреді. Сұлтан осы шешімге тоқтасымен енді Байтабынның оралуын күтуде болды. Жүсіптің мына ақылы да Кенесарының түпкі ойынан шығып тұр. Әрине бір қыз үшін екі елді алыстатпау керек және соңынан ерген Арқа елі мақұл көрсе Торғай, Ырғыз өзендері бойына қарай көшу жөн-ақ. Бүйту Кенесарының ақ патшамен алысу әдісіне де қолайлы. Бір жерде ұзақ тұруға болмайды, Ұзақ тұрсаң патша әскерінің өзіңді қоршап алуына мүмкіндік бересің... Ал қоршалдым дегенше шаруаңның біткені. Жоқ, жоқ, қайткен күнде де жеріңнің кеңдігін пайдалану керек. Қыс Есілде болсаң, жаз Торғайда бол, қашқан түлкідей, аңдыған жауға із тастап, әр жерден бір көрініп, қақпанына түспе...
Көшпенділер: 3-бөлім, «Қаһар» бөлімінен үзінді

Дәл осы кезде бұлардың жанына Наурызбай келді. Бұл жиырма екіге жаңа шыққан келбетті жігіт. Бір әке, бір шешеден туса да, бітімі Кенесарыға мүлде ұқсамайды. Сұңғақ бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей құлаш жаурын, тіп-тік келген, ат жақты, екі бетінен қаны тамған аққұба түсті. Мұрын, көз, қас-қабақтары қазақ жігіттерінікінен көрі мол пішілген, танадай жалтыраған сопақтау келген үлкен қоңыр көздері адамға ілтипатпен қарайды. Қызылды-жасылды меруерт өрілген айдары самай тұсынан салбырап түсіп тұр. Жаңа тебіндеп келе жатқан қоңыр мұртты. Басында қызыл барқытпен тыстаған құндыз бөркі, үстінде құйыршықтары мен тырнақты аяқтары салбыраған қара қасқа күзен ішік. Ішігінің жағасына, жеңіне, шетіне қара қоңыр құндыз ұстаған. Беліндегі күміс белбеуіне былғары қынды селебе таққан. Наурызбай ұрысқа да осы киімімен шығатын. Білегіне дейін сыбанып түріп алған оң қолында бауыры қорғасын, бес батпан зілдей ауыр қара найзасын тудай көтере ұстап, астындағы сарғылт қылшықты ақбоз атын ойнақтата «Абылайлап!» шапқанда, жан қарсы келе алмайтын. Және зілдей қара найзамен ешкімді қос қолдап шаншып көрген емес. Оң қолында төрт жігіттің күші бар дейтін жұрт.
Көшпенділер: 3-бөлім, «Қаһар» бөлімінен үзінді
Наурызбай асқан найзагер, заманында бұл соғыс қаруынан өзіне пара-пар келетін жан кездестірмеген. Және жауға шапқанда қабағы қарс жабылып, жүзінде ерекше қаһар пайда болатын. Ал жайшылықта Наурызбайдан ақ жарқын жан жоқ. Ол мұндайда әрі әнші, әрі әзілқой.
Көшпенділер: 3-бөлім, «Қаһар» бөлімінен үзінді

Наурызбай соңғы кезде өзі туып-өскен Көкшетау туралы көп ойлайтын болған. Мұндай кездерінде Арқаның жасыл шалғынды, көк майсалы даласы, жақпар-жақпар құз тасты, өн бойы өрби біткен қалың қарағай басқан түйе өркеш шағын таулары, көк толқыны жар кемерін тынбай соғып жатқан шалқар көлдері, мол сулы өзендері оның көз алдында елестейтін. Кенет Бурабайдың көз жасындай көгілдір толқыны шулағандай, кереге қанат қыран бүркіт қалықтай ұшқан Оқжетпестің басында ойнаған ерке жел жылағандай, дымқыл иісі аңқыған Кенесары үңгірі күңіренгендей құлағына бір қайғылы үн келетін. Сол үн өзін шақырғандай болатын. Наурызбай мұндай кезінде көктем сәнін, жұбайы әнін аңсаған жыл құсындай, іші-бауыры елжірей, туып-өскен Көкшетауын сағынатын. Өйткені асыр салған балалық шағы, жігіт болып махаббат дегеннің не екенін білген алғашқы бақытты түні, бәрі де осы Көкшенің көгілдір құшағында өткен. Наурызбайға Көкше деген құр ғана туған жер емес. Ол кейде өзінің жылқұсы болып жаратылмағанына өкінетін. Егер жылқұсы болса сол Көкшені әр көктемде бір шарлап ұшпас па еді! Мұндайда Наурызбайдың жүрегі удай ашып, жанын қоярға жер таба алмайды. Сол
бақыттан, сол қуанышынан айырған сонау темір киген дұшпандарымен алыса түскісі келеді. Әттең не керек, Наурызбай да бір, тұғырда тұрған бала бүркіт те бір, ұшарға қанаты бар, бірақ аяғындағы жібек бау жібермейді, құр қайрат мезеп шаңқ-шаңқ шақыруға ғана дәрмені келеді.
Көшпенділер: 3-бөлім, «Қаһар» бөлімінен үзінді
Батырлар

Наурызбай   Қобыланды   Бөгенбай
Қобыланды батыр, Қарақыпшақ Қобыланды - аты аңызға айналған халық батыры, қолбасшы.
Шамамен XV ғасырда өмір сүрген. Қыпшақ тайпасының қарақыпшақ тармағынан шыққан. Халық жадында сақталған әңгімелерде оны көбіне «Қарақыпшақ Қобыланды» деп атайды. Сондай-ақ, Қобыландының ірі қолбасшысы болып, талай шайқастарға қол бастап барғаны жөнінде де баяндалады. Қобыланды батыр туралы дереккөзі қазақ халқының қаһармандық жырларының бірі - «Қобыланды батыр». «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасының ең көлемдісі - Марабай нұсқасы. Бұл қаһармандық жыр көркем шығарма болғанымен, онда тарихи негіз бар. Ондағы жер-су және кісі аттары осыны айғақтайды. Ерлік жыры, тарихи деректер, шежіре көздері Қобыланды батырдың хас батыр болғанын дәлелдейді. Ол жас кезінде Көшпелі өзбектер мемлекетінің билеушісі Әбілхайыр ханның жанында жүреді. Ханның арандатуымен Қодан тайшының ұлы Дайырқожаны (Ақжол биді) өлтіреді. Бұл оқиға Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайырдан бөлініп 200 мың адаммен бірге Шу өзені бойына көшуіне, сөйтіп, жаңа мемлекет - Қазақ Хандығының пайда болуына алып келеді. Қобыланды батыр Маңғыт (Ноғай) Ордасындағы саяси оқиғаларға да белсене араласқан. Қазан қаласына жасалған жорыққа қатысқан. Едіге бидің төртінші ұрпағы Әлшағырмен соғысқан. Өзі де Әлшағырдың ұлы Орақ батырдың қолынан қаза табады. Бейті қазіргі Ақтөбе облысы аумағында. "Қобыланды батыр" жыры - қазақ халқының қаһармандық жыры. Негізгі мазмұны - шетел басқыншыларынан елді қорғау, осы жолда асқан ерлік көрсеткен ер азаматтардың батырлық істерін көрсету. Көркемдік биік қасиеттері жағынан дүниежүзі халықтарының белгілі батырлық эпостарының қатарында тұрған классикалық шығарма. Жырдың ең көне түрі бізге жетпеген. «Қобыланды батыр» жырын жырлаған ақын, жырау-жыршылар өзі өмір сүрген дәуір тұрғысынан толықтырып, өңдеп, әрлеп отырған. Сондықтан да, «Қобыланды батыр» жыры көп нұсқалы жыр. Бізге талай ғасыр талқысына түсіп, талай ақын-жыраулардың өңдеуінен өткен кейінгі нұсқасы ғана белгілі. «Қобыланды батыр» жырын жинау, хатқа түсіру жайы тек ХІХ ғасырда  ғана қолға алынды. «Қобыланды батыр» жырының бізге 29 нұсқасы жеткен. Оның 26 нұсқасы - Қобыланды батырдың ерлігі жайында, ал 3 нұсқасы Қобыландының балалары Бөкенбай мен Киікбай батырларға арналған. «Қобыланды батыр» жырының заңды жалғасы болып есептелінетін Қарлыға қыздың достығы, махаббаты, ерлік істері жайында тағы бір жыр бар. Бұл нұсқалардың көбісі кейінгі кезде жинақталған. Қай нұсқа болмасын алғаш хатқа түсіріп, оны жырлаған ақын-жыраулардың аттарымен (Мысалы: Марабай, Мергенбай, Біржан, Нұрпейіс, Қабыл, Сүйінішәлі, Дәулетше т.б.) аталған. Бұл нұсқалардың көпшілігі бұрыннан белгілі, халық арасына кең тараған, ғалымдар азды-көпті зерттеген жырлар. Кейінгі кезге дейін белгісіз болып келген - Дәулетше нұсқасы. Бұл - мазмұны жағынан, көркемдік сапасы жөнінен болсын биік, оқшау тұрған жыр. Жыр Марабай нұсқасына ұқсас. Бұл жырдың 1884 жылы араб әрпімен жазылған нұсқасы Қазан мемлекеттік университетінің кітапханасында сақтаулы. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, О.Нұрмағанбетова т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде «Қобыланды батыр» жырының мазмұндық, көркемдік қасиеті жан-жақты қарастырылған. Жеті буынды өлшемнен жырланған эпостың тілі айрықша көркем, эпитет, теңеу, салыстыру, бейнелеу, әсірелеу молынан кездеседі. Жырдың этникалық сипаты да біршама арнайы зерттелген. Ел арасына Қарақыпшақ Қобыланды деген атаумен мәлім жырдың қыпшақ этносының ортасында қалыптасқаны анық (В.Боровков т.б.). М.Тынышбаевтың көрсетуінше, Қобыланды - Әбілхайыр заманында өмір сүрген тарихи тұлға (XV ғ.). Ел аузындағы деректерге қарағанда оның бейіті Қобда өзені бойында. С.П.Толстов болса Қобыландының қарақалпақ жеріндегі Қорғанша деген қамалда тұрғанын айтады. «Қобыланды батыр» жырының күрделілігі жер-су атауларынан байқалады. Жырдағы Көктем, Аймақ, Қызыл ер, Нарқызыл секілді көптеген антропонимдік атаулардың арқауында этнонимдік ұғымдар жатыр. Олардың бірі түркімен, бірі қыпшақ тайпаларына қатысты ұғымдар. Қазір бұл жырлар Мәскеу, Алматы, Орынбор, Қазан, Ташкент, Нөкіс т.б. қалалар мұрағаттарында, Орталық ғылыми кітапхана қоры мен Әдебиет және өнер институтының қолжазба және мәтінтану бөлімінде сақтаулы.

Дерек көзі:
http://ardaktylar.kz/persons/obylandy-batyr/

Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен кейін Жәнібек ханның жарлығы бойынша, хан кеңесінің аз күнге мәжілісі тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді. Дәл осы кезде Қырымды аралап Асан Қайғы жырау оралды. Бастығы Жәнібек боп бүкіл қазақтың ардақты батыр, биі қарт ақынды кілемге көтеріп қарсы алды. Өзіне арналып ақ орда тігіп, ту бие сойылды. Той үстіне той болды. Қыпшақ жағының адамдары Қазтуғанның жырынан делебелері қозып, нақ өздері жүз елу жыл ерлік еткендей у-шу жырауға қошемет көрсетті. Асан Қайғы Қотан қартқа бетін бұрды. - Сөйле, жырау, - деді. Қалың ойға шомып кетіп басын төмен салып үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды. Сол сәтте-ақ қыл қобыздан күй аңырап қоя берді. Ақтарыла сарнаған қобыз үнімен бірге, бір кезде құлаққа жағымды қоңырқай, қазір кәріліктен өңі бұзылған Қотан қарттың қарлыққан даусы да шықты. Ол: - Өлімнен қорықпау ерлік емес, ерлік өмірді қорғау, - деді. Жырау шын батырлық біреудің жерін шауып, елін тонауда емес, өз жеріңді, өз еліңді жаудан қорғаудан туады дей келіп, аз бола тұрып көпке шапқан, Қазтуған мақтаған Қыпшақтың көп бола тұрып аздан қашқан кездерінің болғанын айтты. Жырау таққан кінәні естігенде бастығы Қобыланды батыр болып елеуреп қопаңдай қалды.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» бөлімінен үзінді

Қобыланды батыр бір мезет атының басын кейін бұрып, Қоршауды бұзып шығып, қашып құтылмақ болды. Көксеңгірдің ұрпағы Киіккетпес тұлпарын тебініп қап, жау
шебін үзбек боп кейін шапты. Қобыландының айбарынан сескенген жігіттер қақ айырылды. Қобыланды орталарынан зырғытып өте берді. Бірақ өте алмады, екі жағынан лақтырған арқан мойнынан бірдей түсті. Ырғи жөнелген Киіккетпестің үстінен сыпырып жерге дүңк еткізді. Аспан - көк шыр айналып кетті. Құлап бара жат -қанында құлағына жеткені ат дүбірлері мен «Ақжол! Ақжол!» деген айқай ғана еді. Ар жағында не болғанын өзі де білмеді. Тек көзін ашып, есін жиып, орнынан ақырын түрегелгенінде, алдында күлімсіреп қарап тұрған жас жігіт пен алтын зерлі жұмсақ сауыт киген, құралай көз сұлу келіншекті көрді. Арада сегіз жыл өтсе де, бұл екеуін Қобыланды бірден таныды. Шатыраштанып жасыл төккен мырза қарағай тәрізді сұңғақ бойлы сымбатты жігіт батыр Саян болатын. Ал қасындағы келіншек, оның жұбайы Әбілқайырдың туған қызы Гүлбаһрам - Сұлтан - Бегім еді.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» бөлімінен үзінді

Гүлбаһрамды көріп кәрі жүрек тағы толқып кетсе де, Қобыланды батыр өзін - өзі ақылмен тоқтатты. Бір кезде Өзі өлімге қиған батыры, енді бұны ажалдан алып қалғанын түсініп, күрт өзгерді. «Қоянды - қамыс, ерді намыс өлтірер» болса, да батырдың аңғал бір ұрт мінезіне салып Қобыланды намысын жеңді.
- Қарағым, батыр Саян, ер шекіспей бекіспейді.
- Сен екеуміз шекістік. Айып менен, - деді.
- Егер сен кешірсең, арамызда болған оқиғаны мен кешірдім.
- Мен де кешірдім, - деді батыр Саян күлімсіреп бірінші боп қол беріп. Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен кейін Жәнібек ханның жарлығы бойынша, хан кеңесінің аз күнге мәжілісі тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» бөлімінен үзінді
 
Бөгенбай батыр (1690 - I778).
Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласын қорғауда Бөгенбай батыр қамал бұзар қайратымен көзге түсті. Олжабай, Қабанбай, Малайсары секілді дарабоздармен қоян-қолтық Көксерке атын борбайлап, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы талай қанды айқастарға қатысты. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай әскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кезеңдегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды. 1725-1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген онсон қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын.

1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қыра талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды. XVIII ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары Бөгенбай батыр, көрші елдермен келіссөздер жүргізу мәселесіне етене араласқан. Оның Кіші жүз елімен жиірек қатысуында да бір мән бар. Біріншіден, орыс әкімшілігі арқылы қалмақ-башқұрт елдерінде тұтқында жүрген сарбаздарын қайтарып алу мәселесі болса, екіншіден, Ресей патшасымен одақ құрудың келешегі қалай болар екенін бағдарлау. Бұл тұста қазақ елінде іргелі хан ретінде Әбілқайыр ғана белгілі еді. Оның орыс әкімшілігімен жүргізіп жүрген келіссөздері бірде нәтижелі, бірде аяқсыз қалып келе жатқанын Бөгенбай батыр секілді қолбасшылар бақылап отырды. Бұл кездің тағы бір ерекшелігі - ел ішінен жиналған саңлақ сарбаздарды халық арасында абырой-беделі бар батырлар басқарды. Қолбасы батырлар халықтың ұлы жиын, үлкен кеңесінде жалпы бұқараның ұсынысымен тағайындалды, осындай кеңесте 1710 жылғы Қарақұмда Бөгенбай батырды бүкіл халықтың қалауымен қазақ жасақтарының қолбасы етіп сайлайды. Осы жасақтар әзірлігінің арқасында, қару-жарағы мол жоңғар әскерлеріне тез арада ойсырата соққы беріп жүрді. Бөгенбайдың нағыз толысқан шағы - батырлығына қоса от ауыз, орақ тілді шешен кезі еді. Осы уақыттарда сыртқы жаумен жекелеген ұрыс-шайқастарда бірқатар жеңістерге жетіп, бүкіл алашқа аты шығып, даңқы артқан болатын. Бөгенбай батыр ұрыстарда ұдайы жүрмеген адам, елінің алды-артын болжаған, халқының келешегін көп ойлаған абзал жан. Жас кезінде шайқастарда батырлығымен көзге түссе, өз елінде қолбасшылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен сыйлы болған. Бөгенбай жорықтарын, қоғамдық істерін, негізінен, бес кезеңге бөлуге болады:
1. 1696-1697 жылдары жоңғар қалмақтарымен шайқастары,
2. 1710 жылғы Қарақұмда бүкіл қазақ елі жасағының қолбасы болуы,
3. 1723-29 жылдардағы қазақ елінің жоңғарлардан жаппай жеңілісі мен онан кейінгі халқымыздың сыртқы жауға берген тойтарыстарын ұйымдастыру,
4. 1731-1735 жылдардағы орта жүз бен Ресей қарым-қатынасын ыңғайластыру шараларын жүзеге асыру,
5. 1750-1760 жылдардағы Алтай-Тарбағатай, Жетісу жорықтарын ұйымдастыру. Бөгенбайдың батырлығынан басқа ақылгөй-көрегендігін, мейірбан-адамгершілігі жоғары, бейбіт жан болғандығын байқауға болады. Бұл жағынан ол Төле бимен дәмдес қана болмаған, пікірлес дос болған. «Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгенбайды айт!» деп Тәттіқара жырау жырлағандай, қазақ халқы өзінің даңқты ұлының тұлғасын мәңгі жүрегінде сақтап, ауыздан-ауызға таратуда. Бөгенбай батыр 1761 жылы Абылай ханның ұлы Әділ жүргізген Қытай империясы мен Қазақ хандығы арасындағы келісімге де барған. Қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жоңғар шапқыншыларына қарсы шайқастардағы Бөгенбай батырдың жетістіктері Ресеймен достығымызды нығайтып, біріккен одақ құруға септігін тигізді. Бұл қазақ пен орыс халықтарының арасындағы достық пен бірліктің бастамасы болып табылады

Дерек көзі:
http://bilimkozy.idhost.kz/173-bgenbay-batyr-1690-i778.html

Бөгенбай ат арқасына ерте қонған батыр еді. Осыдан он бес жыл бұрын өзі Үргеніш жақта жорықта жүргенде, жоңғардың бір аламан жасағы аулын шауып, қатын-баласын найзалап өлтіріп кеткен. Содан бері Бөгенбай ер үстінен түскен емес. Елінің жат жауларыменен сан айқасты. Және үнемі жеңіп жүрді. Бұл күнде атағы алты алашқа аян болып, даңқының көтерілгені соншалық, тіпті бұл істемеген ерлікті де қазақ бұған таңды. Бөгенбай аңызға айналды. Халқының осыншама құрметі мен өзінің жеке басының батырлығы арқасында, ол жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ елінің жауына қарсы жалау етіп көтерген көсемдерінің бірі болды. Қандай хан болсын, сұлтан болсын, Бөгенбаймен ақылдаспай майданға шықпайтын күйге жеткен.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Алмас қылыш» романынан үзінді

Бөгенбай батыр қатты толқу үстінде еді. Ол ауыл сыртына шығып, көп жүрді. Қазір, міне, төбе басында отыр. Ой-қиялы сан саққа жүгіріп, көз алдынан Жоңғар шабуылы басталғаннан бергі талай шайқастар елестеп өтті, әсіресе Шұно-Дабоноянмен екеуінің арасындағы айқас есінен кетпеді.
... Құз басына біткен шынардай, мызғымас берік Бөгенбай атының басын кейінбұрып алды. Астындағы омырауы есіктей биік күрең айғыр, орағыта бұрылды датұяғының астындағы құмды ошақтай ойып, қайтадан шапты. Нардай ақ боз текежаумыт мінген Шұно-Дабо ноян да атының басын бұрып үлгірген екен. О да азынатып келе жатыр... Бөгенбай мен Шұно-Дабо аттары үзеңгілесе тақалып кеп қалғанда, қолдарындағы бұзаубас қара шоқпарларын біріне-бірі тағы сілтеді. Бұ жолы шоқпарлардың шойын бастары біріне бірі дәл тиді, аямай ұрған қос батырдың алып күшіне шыдай алмай қыл мойындарынан шорт сынып, екі жаққа ұшып түсті. Аттарының басын қайта бұрып, екі батыр бір-біріне қарсы ұмтылғанда, бұлардың қолдарында енді сала құлаш көк құрыш алдаспандары жарқ-жұрқ ойнады.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Жанталас» бөлімінен үзінді

Төбе басында отырған Бөгенбайдың есіне енді Бұқар жырау айтқан бір әңгіме оралды. «Осы біздің Бұқар шынында әулие ғой!» деп ойлады ішінен. Ол сонау «Ақтабан шұбырынды» кезінің өзінде-ақ: «Біз жоңғарларды түбінде жеңеміз» деп еді. Сол айтқаны дәл келді.  Ұрыс біткеннен кейін, Бөгенбай жігіттерімен Кіші жүз еліне қонаққа барған, Бөгенбайдың батырлығына риза болған Әбілқайыр және бұл секілді батырды өзжағында ұстауды жөн көріп, Сақыпжамалды Бөгенбайға қосты. Бөгенбай сол бетімен осы жақта қалып қойған. Содан бері ол Ұлы жүз бен Кіші жүздің түйіскен жерінен қоныс алып, осы арада бес жылдай отырды. Әбілмәмбетке өкпелі Бөгенбай әлі де осы жақта қала берер ме еді қайтер еді,жақында Абылай сұлтаннан кісі келген. «Қазақ елінің алдында әлі талай асу бар,батыр елге қайтса жөн болар еді» депті Абылай. Оған Бұқар жырау да өтінішін қоса жолдапты. Бұл арада да Бөгенбай абыройсыз болған жоқ. Сан ұрысқа қатынасты. Халқының алғысын алды. Әйтсе де, кіндік кесіп, кір жуған жерін өзі де сағынып жүр еді.
Көшпенділер: 1-бөлім, «Жанталас» бөлімінен үзінді