Кітап аннотациялары  

Mobirise Website Builder
Абай

Қара сөздер = Слова назидания : 1890-1898 / ауд.: Санбаев Сәтімжан. - Алматы : MELOMAN Publishing, 2019. - 310 б.

Осы кітапта ұсынылған атақты «Қара сөздердің» орыс тіліне алғашқы толық аудармасын 1970 жылы қазақ жазушысы Сатимжан Санбаев жасаған. Бұл қазіргі қазақ жазуының ең маңызды кітабы. Эпиграф ретінде оған литвалық ақын Томас Венцловтың: "ең жоғары патриотизм – өз ұлтының кешендерімен күресу" деген сөздері жақындаған болар еді. Басылымды әйгілі суретші Марат Күмеков керемет суреттеген. Абай қазір өте өзекті: көптеген "сөздерде" ол өз халқының ұрылары мен парақорларын қатаң айыптайды.
Әрқайсымыздың ішкі әлемімізде өз Абайымыз бар. Өмір баспалдақтарынан өткен сайын халықтың терең ойлы ұстазы, ақын, ойшыл, хәкім Абайдың өмірлік өсиеттері мен нақылдарына қайта қайтып ораламыз. 

Mobirise Website Builder
Жәлелұлы, Омар.

Харекет адам бол - мал тап / О. Жәлелұлы. - Алматы : BRK Press, 2018. - 552 б.

Кітапқа Абайдың «Адам бол - мал тап» қағидатына негізделген, адамды еңбек етуге жігерлендіретін, адами болмыс-бітімін, ар-абыройын сақтап қалудың жолдарын нұсқайтын «Еңбек - рух» атты монография мен қазақы дүниетанымның қайнарынан қанып ішкен ғұламалар (Яссауи, Бұқар жырау, Абай, Мәшһүр, Жүсіп, Шәкәрім) шығармаларындағы Жаратушы мен пенденің, пенде мен дүниенің, пенденің өз-өзімен қарым-қатынас табиғатын тануға ұмтылған ғылыми мақалалар мен зерттеулер енген.

Mobirise Website Builder
Әліпхан, Мақсат. 

Адамгершілік ілімі және Хакім Абай : өлеңдер мен дастандар / Ғайса-Ғали Сейтақ. - Алматы : Қазақ кітабы, 2020. - 480 б.

Кітап адамзат танымының тарихында қызу талқыланған адамгершілік ұғымының мән-мазмұны мен төркін-тегі Аристотель, Плотин, әль-Фараби, ибн-Сина еңбектерінің негізінде жүйеленіп, айқындалған. Адамгершіліктің ең берісі қайырымдылық пен жан денсаулығы, ең әрісі Игілік пен Бақыт екені түйінделген.

Кемел кісілікке жету жолын нұсқаған еңбекте төркіні де, танымы да терең осы адамгершілік ілімінің қазақ әдебиетінде Ж.Баласағұн, А.Иасауи, Абай, Шәкәрім шығармалары арқылы жүйелі жырланғаны қарастырылады. Адамгершілік ілімі Хакім Абай шығармаларынан бастау алып, тамыр-тегінен тартып таратыла сөз етіледі.
Адамдық борышың, -
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны біл...
Нәпсіңе билетпе, - дейді Шәкәрім 

Mobirise Website Builder
Айталы, Амангелді.

Қазақты намысы қамшыласын : саяси публицистикалық мақалалар мен сұхбаттар /
А. Айталы. - Алматы : Арыс, 2009. - 248 б.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Амангельді Айталы ел өміріне белсенді араласып, ұлт, дін, басқа да әлеуметтік, саяси мәселелер туралы өз ой-пікірлерін ашық айтып, жазып жүрген қайраткер. Автор ұлт мәселелерді жан-жақты саралайды.

Аталмыш кітаптың «Тойымсыздыққа тосқауыл керек» атты III тарауында еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту туралы мәселе бойынша мақалалар жиынтығы топтастырылған. Атап айтқанда, мемлекеттегі, қоғамдағы, мемлекеттік органдардағы жемқорлықпен күрестің нашар деңгейі мен түрлеріне талдау жасалған. 

Mobirise Website Builder
Жаппасұлы, Еркін.

Қымсынбашы, қылықтым : әзіл-сықақ әңгімелер / Е. Жаппасұлы. - Астана : Фолиант, 2001. - 246 б.

Усойқы уытты, тотияйын тілді, ашудас мінезді бұл жинаққа кірген әзіл-сықақ әңгімелерде сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан ұялы қылмыс кейіпкерлері аяусыз шенеледі. Тәуелсіздік Туын тік ұстаған еліміздің экономикасын талан-таражға салушы кейбір теріс пиғылдылар мен қоғамымыздағы қауіпті дерт - маскүнемдік әрекеттер тебінгіні тесе атқан сын жебесіне ілігеді.
Мысалы, «Дәнігу мен құнығу» атты қысқа әңгімесінде «дәніккен» мен «құныққан» сөздерінің өзара сөз сайысынан нақты елдімекендерді атай отыра, ондағы былық пен шылыққа толы жемқорлық фактілерін ашық айтады. Оларды Адалдық, Әділет пен Ар-Ұят атты ұғымдарға жүгіндірмек болып тырысатынын көреміз.

Mobirise Website Builder
Төлепбергенұлы, Нұртан 

Жемқордың жеткен жері : әзіл-оспақ, сын-сықақ, мысқыл-мысалдар, шымыр-шымыр шымшымалар / Н. Төлепбергенұлы. - Алматы : Баспалар үйі, 2015. - 480 б.

Қыршаңқы сөздерімен қыңыр-қисық жандарды тезге салатын, реті келген жерінде «іреп-іреп» алатын елімізге есімі мәшһур сатирик – ақынның бұл кітабына «маңдай терін төгіп» жазған сықақ өлеңдерінің баяғыдан, өткен ғасырдың аяғынан бастап «дүниеге келген» әзіл-оспақ, сын-сықақ, шымыр-шымыр шымшымаларының біразы топтастырылып отыр.  

Mobirise Website Builder
Сәукетаев, Тұрысбек.

Мен - жындымын : әжуа аралас мұңлы роман / Т. Сәукетаев. - Алматы :, 2019. - 288 б.

Траги-комедиялық сарында жазылған бұл роман өзінің көркемдік тосын сипатымен ерекшеленеді. Шындық пен қиял, өң мен түс, әжуә мен мұң, мистика... мидай араласып, оқушыны сан қилы шарпысқан сезімге бөлейді. Күлесіз, күрсінесіз, өмір басқаша бір өң-бояумен құбылып көз алдыңыздан өтіп жатқандай күй кешесіз.
Бас кейіпкер Тауфих - болашағынан зор үміт күттірген білімді азамат, білікті маман. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі кезеңде жұмыссыз қалып, сергелдеңге түседі, қилы уақиғаларды бастан өткереді...
Әділетсіз қоғамның шеңберіне сыймаған шын таланттың шырғалаң тағдыры арқылы жазушы рухани - әлеуметтік болмысымыздың қалтарыс-қатпарына ой сәулесін түсіріп, оқушы көкірегіндегі сан-алуан сауалға түрткі салады. 

Mobirise Website Builder

Айтұлы Н.

Шығармалары : 7 томдық / Айтұлы Н... - Т. 3 : Өлеңдер, толғаулар, поэмалар. - Астана : Фолиант, 2014. - 400 б.

Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлының көп томдық шығармалар жинағының үшінші томына әр жылдары жазылған өлеңдері, толғаулары, поэмалары енгізілген.
Жемқорлық індетінің тамырына түбегейлі балта шаппайынша мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Ол туралы Несіпбек Айтұлы өзінің «Іштен шыққан шұбар жылан» атты өлең жолдарында ашық айтады.

Бір Алланың пәрменінде адамзатты азғырса,
Пендесіне жараспайды жаратқанды жазғырса.
Іштен шыққан шұбар жылан шағып туған шешесін,
Ит қабады өз иесін сары сайтан азғырса.

Буына мас бейшаралар ақша менен алтынның,
Құтырына күл шашады аруағына халқымның.
Шортаңдаған шолақ қайық шамдандырса теңізді,
Қаһарына ұшырайды құдіретті толқынның.

Аспан жерге құламаса аударылып бұл жалған,
Сасық шошқа қырға шықпас өз боғына былғанған.
Болашақтың қиып түсер қылышынан құтылмас
Құнсыздардың қара басы қалтасына құл болған... 

Mobirise Website Builder
Түменбай, Қуандық 

Ар мен дар : көсемсөз кітабы / Қ. Түменбай . - Алматы : Қазығұрт, 2005. - 336 б.

Өмір-өзен секілді. Жер бетінде асыға аққан мың сан арналардың да өзіндік өмірі – сарқырап құйылар сағасы мен айтар сөзі бар.
Белгілі жазушы Қуандық Түменбайдың публицистикалық толғаулардың басын біріктірген бұл кітабында Көк пен Жердің арасындағы алтын сәулеге малынған адамдар тіршілігі сөз болады. Ар мен Дарды қатар ойлайтындар үшін ең керегі – тәубе.