«Ұстаздың оралуы»

Ә. Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты еңбегі орта ғасырларды, Орта Азия мен Таяу Шығыс қалаларын көрсетеді. Кітап әл-Фарабидің өз үніндей мазмұнға ие.

Әнуар Әлімжанов Самарқан, Пәкістан, Шам, Үндістан, Бағдат қалаларына болып, Фараби туралы көптеген аңыздар, әңгімелер естиді. Кітапханаларға барады, университеттерде болып көптеген ғылыми материалдар жинады. Осы ұзақ сапардан келген соң «Ұстаздың оралуы» шығармасын жазды.

Арнайы бөлімінде ойшылдың «Бақытқа жету жолын көрсету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің афоризмдері», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаттар» секілді үзінділер келтірілген. Сонымен қатар, кітапта энциклопедист-ғалымның рухани келбетін ашатын, оның жұмысының қыр-сырын, әл-Фарабидің прогрессивті әлеуметтік-философиялық ойдың дамуындағы маңызы және оның әлемдік мәдениет тарихындағы орны туралы мақалалары келтірілген.

Шығармаға үңілейік: «Қыпшақтан шыққан Мұхаммед әл-Фараби 870 жылы қамал-қала Отырарда дүниеге келді. Арабтар оны Фараба дейтін. Әбу Нәсыр ибн Мұхаммед содан келіп Мұхаммед әл-Фараби атанды. Әкесі Мұхаммед ибн Тархан жаугершілікпен аты шыққан қыпшақ көсемдерінің бірі болатын. Мұхаммедтің тұңғыш мектебі атақты Отырар кітапханасы болды. Баланың жазуы тасқа басқандай әдемі еді. Жастайынан ақын һәм музыкант атанып, өсе келе грек тілін жақсы білетіндіктен Аристотель мен Платон еңбектеріне қанықты, математика мен астрономияға, дәрігер өнеріне ден қойды, музыканың теориялық негіздерін зерттеді. Логика саласындағы тұңғыш трактаттары Бағдад, Мысыр және Халеб ғұламаларына танымал болып, өз заманының аса ірі ғалымы деген даңққа бөледі.

Білімнің өзі де күшке қызмет етеді емес пе. Мұны басқа білмесе де қыпшақ руының басшысы — ол білетін, өйткені одан шаһардың ұлы әміршісінің өзі де именетін-ді. Көктегі Алла мен оның жердегі пайғамбары Мұхаммед солай дейді. Сондықтан ұлы жаугер Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ ат-Түркі өзінің баласын шындық жолына салуды ұйғарды. Ол ұлының әкесіне еріп аңға шықпай қалғанына қатулы еді, енді соны шақырып келуге арнайы адам жіберді. Бұл кезде Әбу Нәсір 24-те болатын. Аң аулап жүрген әкесіне тұтқиылдан жасалған шабуылды Әбу достарымен келгенде бір-ақ білді, бұлардың келгенін көрген жаушылар қашып кетеді. Әбу Нәсырдің әкесі осы жерде ауыр соққыдан көз жұмады. Әкесінің көзі кеткесін, әкеден қалған мұраны, дүние-мүлік, үйіне дейін тартып алады. Бұрынғы достарының өзі бұдан теріс айналады. Тек бұған келіп сырын-мұңын айтып жылайтын кедей шаруаның қызы Әнида ғана болды. Әкесі өлген соң, елден көңілі қалған Әбу Отырардан қашпаққа бел буады. Ол Әниданы сүйетін, туған қарындасындай қорғансыз бір нәзік жаратылыстай сүйетін. Отырардан кетерінде қызға қосыла тұрып өзі де жылаған еді сонда.

Сол кеткеннен бір жылдан кейін бар тапқан ақшасына (дирхемдеріне) Бұқар базарынан сатып алған кітаптарын қапқа салып арқалап, туған жері Отырарға оралады. Келуінің басты себебі, былтыр қимай қоштасқан Әниданы іздеп келген. Бұл кезде Әниданы әкесі сол жердің қасапшысына сатып жіберген еді. Әбу қасапшыдан Әниданы алып қашпақшы болады, алайда қолға түсіп, қамауға алынады, өлім жазасына кесіледі. Кезінде әкесімен дәмдес болған рулас, жүзбасылары шаһар әміршісінен бұрынғы Тархан баласына кешірім жасауын өтініп ара түседі. Әміршінің мейірімі түсіп, әрі жер білетінін, әсіресе тіл білетінін ескеріп, Әбудің өлім жазасын кешіріп, қыпшақ, қаңлы, қоңырат, үйсін, жалайыр руларынан іріктеліп жиналған ірі, мықты жігіттерге бас қылып Бағдатқа жібереді.

…Содан отыз жыл өткеннен кейін ол халиф әл-Мұхтадирдың бұйыруымен саманидтер шахы Нәсір ибн Ахмедтың шақыруымен туған өлкесіне Бұқарға келген болатын. Осы жерде Фарабидің көп жылдардан бергі елге оралу, елді көру, елге деген сағынышы, махаббаты одан сайын оны қамшылай түсті. Алыста қалған балалық шағының ұмытылмас суреттерін ой-көзімен елестетсем деп отырып ол сарайда не болып, не қойып жатқанын аңғарудан қалған. Отырарым міне жақын, қалайда елге бару деген ой мазалаумен болды…

Ол туған жеріне жетуді өмір бойы армандаған. Балалық, жастық шағынан қалған әсерлер тек жарқын сәттерімен ғана сәулеленіп, туған жері бұған дүниедегі ең әсем, сұлу өлке боп елестейтін…»

Әнуар Әлімжанов бұл шығармасын бастарда: «мен педагог та, психолог та, философ та емеспін» деген еді. Бірақ «Ұстаздың оралуын» оқи отырып, оның көркемдік жағынан ғана емес, тарихи-философиялық жағынан де өте құнды еңбек екенін аңғару қиын емес.



Утебаева Б. М. «Ұстаздың оралуы» көркемдік жағынан ғана емес, тарихи-философиялық жағынан да өте құнды еңбек / Б. М. Утебаева // Алматы ақшамы. – 2020. – 5 мамыр.