Әл Фараби

Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки (870 - 950 ж.ш.) - әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Отырар қаласында туған. Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдат шаһарларында білім алған.

Әбу Насыр Әл Фараби — түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама. Оның заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келеді. Әбу Насыр Әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады (Аристотельдің «Метафизика», «Категория», «Бірінші және екінші аналитика» сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған). Арабтың атақты ғалым-географы Ибн-Хаукал өзінің «Китаб Масалик уә мамалик» атты еңбегінде және 13 ғасырлырда өмір сүрген ибн-Халликан өзінің «Уфиат әл-аиан фи әл-Заман» атты еңбегінде Әбу Насыр Әл Фарабидің арғы аталарының аттары (Тархан, Ұзлақ) таза түркі тілінде келтірілген. Болашақ ғалым алғашқы сауатын туған жерінде өз тілімен ашса да, 12 — 16 жас шамасында керуенге ілесіп, білім іздеп Бағдатқа кетеді. Әбу Насыр Әл Фараби дүниеге келгенге дейін 126 жыл бұрын түркілердің үлкен мәдени орталығы болған Фараб қаласы бейбіт жолмен ислам дінін қабылдаған болатын. Ол кез санасы ашық әрбір мұсылманға ислам діні ғылымымен шұғылдануды парыз еткен. Осы кезден бастап Әбу Насыр Әл Фараби араб тілді ғалым болып есептеле бастады.

Әбу Наср Әл Фарабидің жас кезінен Бағдатқа баруының мынадай екі сыры бар. Біріншіден, сол кездегі Бағдат халифатын басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болған. Екіншіден, Бағдат шаһары ғылым мен өнер жолына бет алған адамдарға қақпасын кең ашып, барынша жағдай жасаған. Бағдатта «Баит әл-хакма» атты ғалымдар үйі және әлемдегі ең бай кітапхана болған. Алғашқы кезде Әбу Наср Әл-Фараби өзін ақын, әнші, күйші ретінде танытып, одан соң ежелгі грек ғалымдарының қолжазбаларын оқу арқылы күрделі ғылыми зерттеулермен шұғылдануға кіріскен.

Әбу Наср Әл Фараби дүниетанымы — екі әлемнің: көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі. Әбу Наср Әл Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты.

-