Әнуар Әлімжанов (1930-1993) – Алматы облысы Сарқант ауданының Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Қоғамдық және саяси қайраткер, атақты қазақ жазушысы, журналист. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Дж. Неру атындағы халықаралық сыйлықтың және «Лотостың» лауреаты.
1949 жылы Лепсі педагогика училищесін, 1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін бітірген. Ә. Әлімжановтың қызметі қатардағы журналистен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысына дейін өсті.Жазушы өзінің журналистік қызметін облыстық «АлмаАтинская правда» газетінен бастаған.
1955 жылы наурыз айынан бастап «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, кейінірек «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан және Қырғызстан республикалары бойынша «Правда» газетінің тілшісі, «Қазақфильм» студиясының Бас редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениетті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық Дж. Неру атындағы сыйлықтың лауреаты. «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы ордендерімен марапатталған. Қазақстанның Халық жазушысы.
Шығармаларын орыс тілінде жазады. Оның алғашқы әңгімелері, очерктері, публицистикалық мақалалары 1952 жылы жариялана бастады. Әнуар Әлімжановтың тақырыбы алуан салалы: қазақ халқының өткен дәуірдегі мүшкіл халі, бүгінгі гүлденген Қазақстан, социализмнің белсенді құрылысшылары, жаңа совет адамдары, халықтар достығы, Азия, Африка елдерінің ұлт азаттығы жолындағы жан қиярлық күресі т.б. Әнуар Әлімжановтың тарихи тақырыпқа жазған шығармаларының идеялық мазмұны бүгінгі күннің талап-тілегімен үндес. Оның романдары, повестері, әңгімелері, очерктері әртүрлі тақырыпта және әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Жазушы өткенге де, бүгінге де тоқталады.